Шынында бұл артық сұрақ секілді көрінуі мүмкін. Себебі теледидардан, сайттарда, жалпы журналистиканың кез келген саласынан барлық ақпаратты қазақ және орыс тілінде көріп, оқып жүрміз. Бір қарағанда дау тудырмайтындай-ақ мәселе көрінеді. Дегенмен, түйткіл көп. Індетіп көрейік…

Қазақстанда қазір бейресми дерек бойынша 12 мыңға жуық сайт бар екен. Әрине, олардың бәрі ақпараттық сайт емес. Дегенмен ақпараттар алдымен интернет, сайт, порталдар арқылы тарайды. Интернетке көбірек жүгінетін болған соң ақпарат таратушы сайттардың саны да күн санап өсе бермек. Елдегі сайттардың алдыңғы шебінде tengrinews.kz пен nur.kz тұр. Осы екеуі liveinternet.ru рейтингі
бойынша бірінші орынға кезек ұмтылып, итжығыс келеді. Яғни ақпараттарды алдымен осы екі сайт арқылы біліп отырамыз. Ал олардың ақпарат таратудағы жұмысына назар аударып көрдік пе?! Мысал ретінде tengrinews.kz сайтының 2019 жылдың 14 тамыз күнгі ақпараттар санына шолу жасап көрейік.

Бұл сайт күн-түн демей ақпарат таратады. Таңғы 9.00 бен 18.00 арасында орыс тілінде 43 ақпарат жарияланыпты. Ал осы уақыт аралығында қазақ тілінде он үш-ақ ақпарат беріліпті. Тіпті маңызды деген кейбір ақпараттың қазақшасы жоқ, орысша ғана берілген. Бұл жағдай бір күнде ғана емес, бір апта уақыт зерделегенде байқағанымыз. Яғни tengrinews.kz күніге 70-75 пайыз орыс тілінде, 25-30 пайыз ғана қазақ тілінде ақпарат таратады деген сөз. Сосын сайтты ашып кеп қалғанда бірінші орыс тіліндегі бөлімі шыға келеді. Сайттың «KZ» деген бөліміне өтіп барып қана қазақша ақпараттарды шола аласыз. Осы мәселе бойынша сайт қызметкерлерін сөзге тартып көрдік.

Ардақ ҚҰЛТАЙ, Тengrinews.kz-тің шығарушы редакторы:

«Журналистерге кінә артпай, қолдау көрсетуіміз керек»

– Қазақ бөлімі орыс редакциясына қарағанда әлсіз екенін байқау қиын емес. Бұған біздің айтар бірінші себебіміз – бизнес. Медиабизнес болсын, басқа бизнес болсын, табыс түсетін жағдайда ғана дамиды. Ал сұраныс жоқта жарнама беруші де бұл платформаға қызықпайды. Ал жарнама жоқ болса, ақша да жоқ, тиісінше мықты журналистерді жалдайтын қаражат та жоқ деген сөз. Кадр мәселесі де осы тұста көрінеді. Орыс бөлімінде 25 адам жазатын болса, қазақ бөлімінде ары кеткенде 3-4 адам бар. Мұны естігендер бар кінәні басшылардан көреді. Бұл қате. Сұраныс жоқ болса, сол өнімді шығаруға қаражат құятын адам бизнесмен емес. Ертең-ақ тақырға отырады да қалады. Егер сұраныс болса, қазақ тіліндегі жаңалықтар көш бастайды, себебі нарық заманында бизнесмендер қарап
қалмайды. Осыдан кейін онсыз да аз, тіл деп күйттеп, бәріне үлгеруге тырысып жүрген журналистерге кінә артпай, қолдау көрсетуіміз керек-ау.

Қазақ тіліндегі контентті тұтынатын аудитория қалаға енді жетіп жатыр. Бұл үрдіс әлі тоқтамайды. Урбанизацияның әсерінен қазақ тіліндегі контентке енді-енді сұраныс туып жатыр. Оған интернеттің ауылға барып жатқанын қосыңыз. Алайда бұл сұраныстың дені жоғары деңгейдегі контент емес, интернетті қызық деп қана көретіндердің сұранысы. Осылайша ойдан-қырдан жиналған ақпаратты жариялайтын, масқара болғанды сенсация көретін басылымдардың дәурені жүріп тұр. Бірақ оларды қай-қайсымыз да «аудитория» дей алмаймыз, ол әлеуметтік желілер мен мессенджерден ілуде бір кіріп қалып, енді аяқ баспайтындар. Байқасаңыз, бұл екінші себеп болды.

Үшінші мәселе – қазіргі аға журналистердің өзі үні бар інілерін ғана қолдап, соларға мақтау айтып, өзгесін өзегінен тебетін әдет тапқан. Мысалы, журналист – ұлтының қамын ойлайтын, халық жағын таңдап, ащы шындық айту деп түсінетін мүйізі қарағайдай журналистер бар. Журналистика, біздіңше – корреспонденция. Бұл – ақпаратты бейтарап әрі нақты, еш лоббисіз беру. «Ащы шындық» деген айғайсыз ақпаратқа әлгі ағаларымыздың оқырмандары «тоя қоймайды». Мәселен, «оның үстіне», «ол аз десеңіз», «тіпті», «пәленше басымен» деп сөйлейтін журналистер өздерінің ішкі танымы мен құндылықтарына негізделе отырып, ақпаратқа өзгеше сипат, көңіл-күй қосып
қоятынын аңғара бермейді. (Әлгіндегі «мүйізі қарағайдай» деген сипаттау сөзімді ақпаратқа қоспаймын). Үлкендер мұны біле тұра істесе, жастар еліктеп солай жазады. Ал бұл – ақпаратты бұрмалау, мағынасын көмескілеу. Бұл журналистика емес. Біздің тап болып отырған проблемамыз да осы – айғай-сүреңсіз тақырып пен мәтініңізді ешкім де әлеуметтік желілерде «шырылдаған шындықтай» таратпайды. Тарайтындары ақылгөйсіген, елге ақыл айтатын, жөнін сілтейтін сауат ашу мақалалары.

Nur.kz-тің де ақпарат таратуы «тенгримен» шамалас. Тақырыптарының көбі «жаға ұстатты» деген соң ба, қазақша ақпараттар орысшасына жетеғабыл. Дегенмен мұнда да орыс тіліндегі ақпараттар бірінші жарияланады. Басын ашып алайық, біз сайттардағы жаңалықтардың мазмұнына шүйлігіп отырған жоқпыз, тек тіл мәселесіне ғана назар аударып отырмыз. Nur.kz-ті де аша қалсаңыз бірден орыс бөліміне сүңгисіз. Бұл – сайттың бетпердесі секілді.

Риза ШАЙҚАҚ, Nur.kz порталының шығарушы редакторы:

«Жаңалықтардың алдымен орыс тілінде шығуына біз жауап бере алмаймыз»

– Nur.kz порталы Қазақстан бойынша ақпараттық немесе басқа да сайттар
арасындағы рейтингте бірінші орында тұрғандықтан, маңызды деген жаңалықтардың барлығын елге бірінші жеткізуге тырысамыз. Ал маңызды деп қандай жаңалықтарды айтуға болады? Мысалы, кез келген аймақта болатын төтенше жағдайлар, кадрлық ауыс-түйістер, қарапайым халықтың өміріне тікелей қатысты шешімдер, жалпыға ортақ мәселелер туралы және үкімет, яғни билік (Ақорда) жаңалықтары. Айта кетерлігі, nur.kz порталы тек ресми органдардың немесе ведомстволардың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып ақпарат таратады.

Яғни тек сенімді дереккөздермен расталған жаңалықтарды ғана халыққа ұсынады. Өкінішке қарай, редакторларымыздың қолына алдымен ақпараттың (пресс-релиз, хабарлама, әртүрлі мәлімет) орысша нұсқасы келеді. Сол себепті порталдың орысша беті тез жаңарып, қазақшасында маңызды жаңалықтар 10-15 минутқа кеш шығарылады. Өйткені, оны аударуға редакторларымыз азды-көпті уақыт жұмсайды. Яғни жаңалықтардың алдымен орыс тілінде шығуына көп жағдайда біз жауап бере алмаймыз. Алайда баспасөз хатшыларымен тілдескенде орысшамен қоса қазақша ақпарат жіберулерін де үнемі сұрап отырамыз. Оны ескеретіндер де, «құлағына ілмейтіндер» де бар.

Liveinternet.ru рейтингі бойынша алдыңғы ондықта тек ақпараттық сайттар ғана емес, 2GIS, Olx.kz және Gismeteo.kz сияқты нұсқаулық сайттар да бар. Оlx.kz-тің қазақ тіліндегі нұсқасы болғанымен, көпшілігі орыс тілі бөлімін қолданатыны белгілі. Ал екі нұсқаушы сайттың қазақша бөлімі де жоқ. Яғни біз күнделікті қолданып жүрген 2GIS-тің қазақша нұсқасы жоқ. Ондағы көше атаулары мен мекен жайлардың бәрі орысша. kz доменін иемдене тұра «тугистің» ағылшын, испан, украин, чех және орыс тілдегі нұсқалары бар екен. Ал қазақшасы жоқ!

Zakon.kz, Vesti.kz және Sputniknews.kz сияқты ақпараттық сайттар да осы ондықтың ішінде. Алайда атауларының өзі орысша айғайлап тұрған соң бұлардан не сұрайсың?! Бұлардың қазақ тіліндегі ақпараттары жоқ емес. Тек қазақ тілінде ғана ақпараттар мен танымдық мақалалар жариялайтын сайттар да көп қазір. Олардың көбі осы ондыққа аратұра еніп тұрады. Яғни бұлар интернет қолданушылардың көбі орыстілді дегенді жоққа шығарады.

«Баспасөз бен бұқаралық ақпарат құралдарының тiлi» жайлы «Тіл туралы» заңның 18-бабында: «Қазақстан Республикасы баспа басылымдары мен бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттiк тiлдiң, басқа да тiлдердiң қолданылуын қамтамасыз етедi. Қажеттi тiлдiк ортаны жасау және мемлекеттiк тiлдiң толыққанды қолданылуы мақсатында, олардың меншiк нысанына қарамастан, телерадио арналары арқылы берiлетiн мемлекеттiк тiлдегi хабарлардың көлемi уақыт жағынан басқа тiлдердегi хабарлардың жиынтық көлемiнен кем болмауға тиiс», – дейді. Ал біз айтып
отырған сайттардың қызметі осыған сәйкес келе ме екен, салыстырып көріңізші?!

Тіл жанашырының бірі саналатын журналист қауымның жұмысы осындай болса, басқадан не сұрамақпыз?! Ендігі кезекте банк жүйелеріндегі тіл мәселесіне назар аударып көрсек дейміз, нөмірді күтіңіздер.

Асылан БІРЖАНҰЛЫ

Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз