Елімізде білім сапасын арттыру үшін жекеменшік мектептер көптеп ашылып жатыр. Бүгін ашылғанына бір жыл толған Astana Garden School оқу орны жайлы əңгіме қозғамақпыз. Astana Garden School – қазақстандық ұстаздардың күшімен
құрылған халықаралық деңгейдегі алғашқы мектеп. Мектеп оқушылары авторлық білім бағдарламасымен оқыту нəтижесінде əлемдік ТОР-100 үздік университетке түсе алады. Біз мектеп жайлы, қалай түсуге болатыны жəне білім бағдарламасы туралы бас директор Нұрмұхаммед Досыбаевпен сұқбаттасқан едік.

– Осындай мектеп ашсақ деген идея қашан келді?

– Astana Garden School идеясы Кембридж университетінде магистратурада оқып жүргенімде келді. Бұл ой тек Astana Garden School ғана емес, білім саласын жетілдіруді қамтыған ауқымды идея болған. Мектеп – сол идеяның тек бір тармағы. Мектептің негізін қалап, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары мен шетелдің озық оқу орындарында оқып келген түлектермен дамытып жатырмын.

– Ашу процесін қысқаша айтсаңыз…

– Үш айдың ішінде құрдық. 2018 жылы қыркүйекте ашылды. Мектепті ашу туралы шешімді 2018 жылдың мамыр айында қабылдадық. Үш ай бойы не істедік? Ғимарат тауып, ішін реттеп, инфрақұрылымын түзедік. Лицензия алдық. Өрт қауіпсіздігі, тазалық сақтау бойынша белгілі мекемелердің келісімін алдық. Оқу процесіне ұстаздарды іріктедік. Білім басқармасымен жұмыс істеп, авторлық оқу бағдарламасын жазып бекіттік. Соңында оқушыларды жинадық.

– Astana Garden School қандай мектеп?

– Astana Garden School – қазақстандық ұстаздардың күшімен құрылған халықаралық деңгейдегі алғашқы мектеп. Өздеріңіз білесіздер, халықаралық мектеп дегенде көбіне шетелдік ұстаздар еске түседі. Біздің мектепте, керісінше, бірде-бір шетелдік мұғалім жұмыс істемейді. Қазіргі таңда «Болашақ» түлектері мен Назарбаев университеті сияқты беделді жоғары оқу орнында оқыған əрі шетелде өз бетінше оқып келген өзіміздің мұғалімдермен сапалы білім беріп жатырмыз. Айтарлықтай жетістіктеріміз де бар. Мектебімізде Қазақстанның 12 облысынан оқушылар білім алады. Тіпті беделді, мықты мектептерден ауысып келіп оқып жатыр. Astana Garden School атына тоқталсам (Garden – ағылшын тілінен аударғанда «бақша» деген мағынаны білдіреді) мектеп – бақша, оқушылар біздің гүліміз, ұстаздар – бағбанымыз. Бəріміз бірлесе жұмыс істеп, əр гүлдің ерекшелігін ескеріп, мүмкіндігінше потенциалын ашып, қоғамды гүлдендіретін тұлғалар тəрбиелейміз деген ойдамыз.

– Мектептің мақсаты қандай?

– Мектептің мақсаты – мықты мамандарды білім саласына көптеп тартып, қазақстандық білім беру саласын брендке айналдыру. Сонымен қатар Astana Garden School түлектері (авторлық мықты білім беру бағдарламасымен жағдай жасалған кезде) əлемнің кез келген үздік университетіне оқуға түсе алатынын дəлелдеу. Түлектеріміздің шетелдік Ivy League (АҚШ), Oxbridge / Russell Group (Ұлыбритания) жəне Аcademic Ranking of World Universities, U.S.News Education Ranking сияқты басқа да əлемдік рейтингте ТОР-100 ЖОО қатарына кіретін университеттерге түсуін мақсат етіп отырмыз. Бірінші жылды аяқтадық. Бес оқушымыз мектеп бітіріп, бесеуі де Швейцария, Америка, Ұлыбританиядағы армандаған оқу орындарына жəне Қазақстандағы Назарбаев университетіне оқуға түсті.

– Мектептің білім беру жүйесі қандай?

– Білім беру жүйесін жасар алдында көптеген елдің білім саласымен таныстық. Атап айтсам, Финляндия, Эстония, Ұлыбритания, Үндістан, Германия, Польша, Ресей елдерінің тəжірибесіне сүйендік. Тек шетелдік тəжірибемен шектелмей, өзіміздегі Білім-инновация лицейлері, Назарбаев зияткерлік мектептері, республикалық физика-математика мектептерінің де тəжірибесін зерттеп, соның ішінен мықтысын қолданып отырмыз. Сонымен қатар, оқу бағдарламамызды үнемі жетілдіріп отырамыз. Жақында Сингапур мен Малайзияға барып қайттық. Мектептің білім беру жүйесінде өзіміздің авторлық оқу бағдарламамызды қолданамыз.

Авторлық оқу бағдарламамыз қандай? Оқу жылының басында диагностикалық тесттер мен кəсіптік бағдар беретін сессиялар арқылы оқушының не нəрсеге қызығатынын, мүмкіншілігі қандай екенін бірден анықтап аламыз. Содан соң анықталған нəтижеге қарай əр оқушының өзіне ғана тəн даму картасын жасаймыз. Əлемнің көш басында тұрған университеттеріне түсу үшін оқу керек модульдер мен пəндерді оқушы осы карта арқылы таңдайды. Оқушыға қай елге бару, қандай университетке тапсыру керек екеніне кураторлар, менторлар мен оқытушылар жəрдемдеседі. Сондай-ақ, университеттерге тапсыру кезінде қандай талаптар қоятынын, қандай сұрақтарға жауап беру керегін, сұқбаттан қалай өту керектігін айтып, мотивациялық хат қалай жазылатынына көмектесеміз. Бір сөзбен айтқанда, университетке түсу үшін толыққанды қамтамасыз етеміз деп айтсақ болады.

Əр баламен жеке жұмыс істейміз. Шетелдік университеттерге түсу үшін сабақтан тыс волонтерлік жұмыспен де айналысуын міндеттейміз. Себебі шетелдік университеттер оқушының елге, ортасына пайдалы болуына да қарайды. Біз соны оқушыларымызға үйретеміз. Community Service деген сабақ бар. Сол сабақта оқушылар қоғамға пайдалы жұмыстар істейді. Мəселен, көпбалалы отбасынан шыққан немесе жетім балаларға ағылшын тілін тегін үйретеді деген сияқты. Енді сабақ жағына тоқталсам, мектепте міндетті сабақтар саны – 10. Қосымша сабақтар саны да – 10. Сабақ ағылшын тілінде өтеді. Ағылшын тілін жетік меңгеруі үшін ағылшындардың классикалық əдебиетін түпнұсқадан оқытамыз. Сонымен қатар, IELTS, TOEFL жəне SAT тесттеріне тəжірибе жүзінде күнделікті дайындық жүргізіледі. Академиялық сабақтардан бөлек оқушының кəсіпкерлік, цифрлық сауаттылық, көшбасшылық, жұрт алдында сөйлеу, презентацияжасау қабілеттерін шыңдайтын дəрістерді де қосқанбыз. Бұл сабақтардың арқасында оқушылар қиын тапсырмаларды қорықпай шешіп, бəсекеге қабілетті тұлға болуы үшін мықты мінез қалыптастырады. Ал бұған жету үшін оқушының кемшін тұстарымен жұмыс істеп, мықты қабілеттерін дамытуға күш саламыз. Astana Garden School білім берумен шектелмей, шетелге оқуға түсуге қадам-қадаммен кеңес береді. Халықаралық сарапшылардың тренингтері, серіктес университеттерге сапар шегу жағын да қарастырғанбыз.

– Мектепке қалай түсуге болады?

– Мектепке түсу үшін www.ags.edu.kz сайтына кіріп, барлық шартпен танысуға болады. Мектеп ақылы, яғни жылына 3 миллион теңге төлейді. Соған қарамастан оқушылар конкурспен қабылданады. Биыл біздің мектепке түсу талаптары жоғары болды. Бір орынға алты баладан келді. Олар ең алдымен ағылшын жəне математика пəндерінен тест тапсырды. Екінші, ағылшын тілінде кемі 300 сөзден тұратын мотивациялық хат (эссе) жазды. Үшінші, психологиялық тесттен өтті. Төртінші кезеңде осылардың бəрінен сүрінбей өткендерді мектептің конкурстық комиссиясы əңгімелесуге шақырды. Сұқбаттан кейін кімнің мектепке түскен-түспегеніне байланысты шешім қабылданды.

– Ал оқушыларға қандай талаптар қойылды?

– Біріншіден, зияткерлігін дəлелдеу, ой ұшқырлығын көрсете білу. Екіншіден, ағылшын жəне қазақ тілдерін жетік меңгеру. Орыс тілін білсе, қосымша ұпай болады. Бізде 10-11-сыныптар білім алады. Сондықтан жалпы білім беретін мектептер мен Білім-инновация лицейлерінде оқитын оқушылар 9-сыныпты, ал НЗМ (НИШ) сияқты 12 жылдық мектептерде 10-сыныпты бітірген болуы керек. Оқу үлгерімі барлық сабақтан үздік немесе жақсы деген бағада болуы керек. Ең маңыздысы, оқушылар өздерінің елді дамытуға деген ниеттерін конкурстық комиссияға дəлелдей білуі қажет. Жайдан-жай абыройлы, мансапты, бай болғысы келіп емес, ертеңгі күні елімнің дамуына пайдамды тигізсем екен деген мақсатпен келгенін дəлелдеу қажет. Мектепте орын саны шектеулі болғандықтан, «елімді көркейтсем екен» деген болашақ ел азаматтарын іріктеп дайындасақ деп мақсат қойдық.

– Баласын жақсы жерде оқытқысы келгенмен ата-ананың бəрі бірдей жылына 3 миллион теңге төлей алмайды. Қалтасы көтермейді. Осы жағынан сіздерде қандай да бір жеңілдіктер бар ма?

– 2019-2020 жылға арнап 3 грант бөліп отырмыз. Қабылдау емтихандарын сəтті тапсырып, эссе, психологиялық тест, сұқбат кезеңдерінде үздік нəтиже көрсеткен оқушыларға грант қарастырылған. Бұдан басқа жылына бір рет жеңілдік ретінде грант жəне жартылай гранттар ойнатамыз.

– Түлектеріңізден не күтесіздер?

– Түлектеріміздің əрқайсысы армандаған университеттеріне түсуін қалаймыз. Сондай-ақ түскенде жайдан-жай емес, «осы салада ертеңгі күні қоғамның белгілі бір мұқтаждықтарын қамтамасыз ететін болам» дегендей алдына нақты мақсат қойып, сол мақсатына жету үшін Кембриджге, Гарвардқа, MIT сияқты озық оқу орындарына түссе деген ойдамыз. Оқуды жақсы оқып, абыроймен
аяқтағаннан кейін халықаралық тəжірибе жинақтап, елге оралып, мемлекетіміздің дамуы үшін еңбек етсе деген ниетіміз бар. Олардың образын абыройлы, зияткер, салауатты, дəулетті жəне де еліне пайдалы азамат болады деп сипаттар едім.

– Мектептің негізін қалаған өзіңіз жайлы да білгіміз келді…

– Түркістан облысының тумасымын. Қазақ-түрік лицейінде оқыдым. Жасым 27-де. Тараз педагогикалық университетін ағылшын тілі мұғалімі мамандығы бойынша бітірдім. «Болашақ» бағдарламасымен Кембридж университетінде (University of Cambridge) білім саласын зерттеу бағыты бойынша магистратура тəмамдадым.

– Болашақтағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз…

– Осы ісімізді дамытып, стандарттарымызды жоғарылатқымыз келеді. Болашақта бір орынға 6 оқушы емес, өзім оқыған Кембридж университетіндегідей бір орынға 20 оқушыдан конкурсқа түсетіндей болса деймін. Сонымен қатар Almaty Garden School ашу, яғни Алматы қаласында да ашу жоспарымызда бар. Біз қазақстандық халықаралық деңгейде білім беретін тəжірибемізді алдағы уақытта еліміздің басқа да мектептерінде бөлісіп, оларды да жетілдірсек дейміз.

– Балаларыңыз зейінді болсын! Іске сəт!

Қания ТАБЫС,
СДУ студенті.

Ұлан» газеті, №38
17 қыркүйек 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз