Александр Сонның ұлты – корей. Қазақ тіліне жүйрік. Алматы облысының Қаратал ауданындағы Қалпе ауылында дүниеге келген. Қазіргі таңда І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің гуманитарлық факультетінде Қазақ тілі мен əдебиеті мамандығы бойынша 3-курс студенті. Замандасымыздың қазақ тілін қалай үйренгені бізге де қызық болды. Қандай қиындықтар кездескенін, оларды қалай еңсергенін сұрадық.

«Қазақ тілін достарымнан үйрендім. Төрт жасымнан бастап көршілерімнің барлығы дерлік қазақтілді орта болды. Сол достарыммен тілдесіп, жеті жасыма дейін қазақ тілін толық меңгердім десем болады. Бастапқыда қинала қойған жоқпын. Бірақ үлкен кісілер көнерген сөздерді, диалект сөздерді пайдаланады.

Қазақ халқы астарлап сөйлегенді жақсы көреді ғой. Сондайды естігенде сасқалақтап қалатынмын. Астарлы сөздің мағынасын түсінбей, сəл қиналған
кезім болды. Басқа уақытта аса қинала қоймадым. Қазір астарлап сөйлейтін адамдарды толық түсіне аламын десем болады»,
– дейді Александр. Жоғары оқу
орнындағы ұстаздары мен тобындағы достары қазақшаға жетік екенін көріп, есімін қазақшалаған екен. Бəрі ақылдаса келе оны «Ескендір» деп атауды ұсынған.

Ескендір қазақ режиссерлерінің фильмдері мен қазақ жазушыларының кітаптарын да ерекше талғаммен оқып, тамашалайды екен. «Қазақ тіліндегі «Əміре» мен «Жаужүрек мың бала» фильмдерін көруге кеңес берер едім. Əдеби кітаптардан көп кітапты айтуға болады. Ұл балаларға Əзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат
пен аңыз» кітабын, ал қазақтың тұрмыс-тіршілігі мен тарихын білгісі келетін балаға Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» кітабын оқуға кеңес беремін. Соңғы
оқыған кітабым Роберт Кийосакидің «Бай əке мен кедей əкесі»,
– деп ағынан жарылды. Қазақ «Жігітке жеті өнер де аз» деп жатады. Кейіпкеріміз де жан-жақты болғанды қалайды.

«Хоббиіме келсек, өлең оқығанды ұнатамын. Оны Инстаграм желісінен көріп, тамашаласаңыздар болады. Қазақ жəне орыс тілдеріндегі ұнатқан өлеңді оқи
беремін. Спорт жағынан да өзімді дамытуға тырысамын. Футбол мен волейболға қатты қызығамын. Соңғы уақытта заманауи биге құмартып жүрмін. Негізі адам бір-екі хоббимен шектеліп қалмағаны дұрыс деп есептеймін. Қызығушылығым өте
көп».

Александр домбыра тартуды да үйренген екен. «Мектепте оқып жүргенде домбыра үйірмесіне бір жыл барғанмын. Жиі қайталап тұрмаса, ұмыт бола бастайды. Қазір «Еркем-айды» ғана тарта аламын», – деп жымиды Александр.

«Басқа қандай тілдерді білесің?» деген сауалымызға: «Жетік білетінім – қазақ тілі
мен орыс тілі ғана. Қазір корей тілін үйреніп жүрмін. Неге корей тілін білмейтінімді сұрап жатады. Оның бірнеше себебі бар. Кішкене кезімде əжем корей тіліне емес, қазақ тіліне көп көңіл бөл деп айтқан болатын. Ата-бабамның тілін жартылай білемін. Əрі Оңтүстік Кореядағы корей тілі бұрынғы ата-бабаларымыз сөйлеген
тілден сəл ерекше. Сондықтан корей тілін басынан бастап үйренуге тура келді»,
– деп жауап берді.

Артынан ерген іні-қарындастарына айтар ақылын да сұрап алуды жөн санадық: «Ешқашан алға қойған мақсаттарыңыздан бас тартпаңыздар! Арманға
жету өте қиын екенін түсінемін. Алдыңыздан көптеген кедергі мен сынақ кездеседі. Бірақ сол кедергілер мен сынақтарды жеңген сəтте бізді шынайы
қуаныш пен бақыт күтіп тұр. Құдай біз өте алмайтын сынақты бермейді. Оған тек шыдам керек. Ал болашақ қазақ тілі мен əдебиеті маманы ретінде іні-қарындастарыма айтарым, қазақ тілін үйреніңіздер! Қазақстанда тұрып, қазақ тілін білмеу ұят. Ол тек қана ұят емес, осы ел үшін жанын құрбан еткен кісілерді
құрметтемеу деп ойлаймын. Тілді үйрену ешқашан кеш емес. Не жазсаң да, не айтсаң да өзіңнен баста дейді. Сондықтан қазақ тілін үйренуді өзімнен бастадым. Ары қарай эстафетаны сіздерге жолдаймын»,
– деп сөзін аяқтады.

Александр қазақы екен. Дархан көңіл, қарапайымдылық пен жомарттықты
байқадым.

Алмабек ЕРБОЛАТҰЛЫ,
«Ұланның» жас тілшісі.
Алматы қаласы

Ұлан» газеті, №38
17 қыркүйек 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз