Елімізде алғаш рет олимпиадалық күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтеді. Бұл Қазақстан спорт тарихындағы ерекше оқиға деп бағалауға болады.

Нақтырақ айтсақ, 14-22 қыркүйек аралығында Қазақстан астанасында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен әлем чемпионаты өтеді. Дүбірлі додада Токио Олимпиадасына іріктеу жүреді. «Барыс Аренада» өтетін жарыста Олимпиада лицензиясы сарапқа салынады. Сол үшін әлемнің 100 елінен 1002 балуан таласқа түседі. Әр күрес түрінде 10 салмақтан бар. Сондықтан 30 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

2005 жылға дейін күрестің үш түрінен әлем чемпионаты жеке-жеке өткізіліп келген. Алайда халықаралық күрес федерациясы үшеуін біріктіруді бірауыздан қолдады. Біріктіру арқылы әлем чемпионатының мәртебесін арттырып, жанкүйерлерді көптеп тартуды көздеген болатын. Осыдан бастап, балуандардың басты жарысын 4 рет Венгрия астанасы Будапешт қаласы қабылдаған. Атап айтқанда, бұл қалада әлем чемпионаты 2005, 2013, 2016 және 2018 жылдары ұйымдастырылған. Бұл жағынан Будапешт сөзсіз рекордсмен атанып отыр. Күрестің үш түрінен өткен әлем чемпионатын дүниежүзінің мынандай ірі қалалары қабылдаған: Будапешт (Венгрия, 2005), Гуанчжоу (Қытай, 2006), Баку (Әзербайжан, 2007), Хернинг (Дания, 2009), Мәскеу (Ресей, 2010), Ыстамбұл (Түркия, 2011), Будапешт (Венгрия, 2013), Ташкент (Өзбекстан, 2014), Лас-Вегас (АҚШ, 2015) және Париж (Франция, 2017), Будапешт (Венгрия, 2018). Енді, міне, еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласы тарихқа күрестің үш түрінен әлем чемпионатын қабылдайтын оныншы қала ретінде енеді.

Елордадағы әлем чемпионатында талай тартысты кездесулерді тамашалаймыз. Әсіресе, әлемнің  түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлер еркін күрестен 97 келіге дейінгі салмақтағы 2016 жылғы Рио Олимпиадасының чемпионы, америкалық Кайл Снайдер мен ресейлік Абдулрашид Садулаевтың (2016 жылғы Рио Олимпиадасында 86 келіде чемпион атанған кейіннен 97 келіге ауысты – авт.) кездесуін күтіп отыр. Бұл салмақтың жеңімпазы әлем чемпионатының соңғы күні анықталады. Аталған екі балуан арасындағы белдесу жалпы әлем чемпионатының көркін қыздыратын болады.

Грек-рим күресіне келетін болсақ, екі дүркін Олимпиада чемпионы, ресейлік Роман Власов пен Оңтүстік Корея өкілі  Ким Хен У (66 келіде 2012 жылы Лондон Олимпиадасының чемпионы, қазіргі кезде 77 келіде күреседі – авт.) арасындағы белдесу осы чемпионаттың басты белдесулерінің бірі болмақ.

Қазақстан спорты тарихында ешқашан еркін күрестен әлем чемпионатында алтын алып көрмеппіз. Осы жолы сол олқылықтың орнын толтырады деп үміттенеміз. Грек-рим күресінен де алтынның бұйырмағанына 20 жыл болыпты. Соңғы рет 1999 жылы Мхитар Манукян Афиныда жеңіске жеткен.

«Қандай жағдай болсын, жанкүйерлерді ренжіткім келмейді. Өйткені, мен өзімді де солардың арасына қосамын. Қазақстандық жанкүйерлер балуандарымыздан алтын медаль күтіп жүргенін жақсы түсінеміз. Грек-рим күресінен әлем чемпионатында алтын алмағанымызға 20 жыл болды, ал еркін күрестен әлі күнге чемпион шықпаған. Мұндай сәтсіз серия бір күні тоқтау керек қой. Бәріміз күтіп жүрген алтын медаль Нұр-Сұлтанда бұйырып жатса, тіптен керемет болар еді. Әлем чемпионатында отандық балуандар лайықты нәтиже көрсетеді деп ойлаймын. Бірақ алтын медаль болады деп алдын ала уәде ете алмаймын. Алайда өзге жүлденің болатыны анық (күлді). Спортшылар мен бапкерлер штабы қандай жауапкершілік арқалап отырғандарын жақсы түсінетініне сенімдімін.  Ешкім оңайшылықпен жеңіле салмайды, жігіттердің бәрі еліміздің атын өз жерімізде өтетін әлем чемпионатында лайықты түрде қорғау үшін бар күштерін салады деп ойлаймын»,дейді 2019 жылғы әлем чемпионатының ұйымдастыру комитетінің жетекшісі, ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күрес федерациясының вице-президенті Ерлан Қожасбай.

Былтырғы жылы Будапеште еркін күрестен күміс медаль алған Нұрислам Санаев: «Осы жолы арманымдағы алтын медальды иелену үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын. Өйткені әзірге менде әлем чемпионатының күміс жүлдесі бар, Енді күмісті алтынға айырбастау үшін аянып қалмаймын»,деп отыр.

Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының құрамы келесідей:
55 келі. Қорлан Жақанша
60 келі. Мейрамбек Айнағұлов / Айдос Сұлтанғали
63 келі. Алмат Кебісбаев.
67 келі. Мейіржан Шермаханбет
72 келі. Демеу Жадыраев
77 келі. Асхат Ділмұхамедов
82 келі. Мирас Баршылықов / Мақсат Ережепов
87 келі. Азамат Қыстыбаев
97 келі. Ерұлан Ысқақов
130 келі. Дамир Күзембаев

Өз елімізде өтетін əлем чемпионатына қатысатын еркін күрес балуандарының толық тізімі:
57 келі. Нұрислам Санаев
61 келі. Расул Қалиев
65 келі. Дəулет Ниязбеков
70 келі. Нұрқожа Қайпанов
74 келі. Данияр Қайсанов
79 келі. Ғалымжан Өсербаев
86 келі. Əділет Даулымбаев
92 келі. Нұрғали Байтарақов
97 келі. Əлішер Ерғали
125 келі. Олег Болтин

Əйелдер күресінен Қазақстан намысын қорғайтын балуандар:
50 келі. Валентина Исламова
55 келі. Марина Седнева
57 келі. Эмма Тисина
59 келі. Мадина Бақбергенова
62 келі. Аяулым Қасымова
65 келі. Айна Теміртасова
68 келі. Ирина Казюлина
72 келі. Жəмилə Бақбергенова
76 келі. Эльмира Сыздықова

Әлем чемпионатынан ақпарат таратуға 250-ден астам журналист тіркелген. Чемпионатқа келетіндердің арасында 60-тан астам Олимпиада чемпионы мен жүлдегері келе жатыр. Оның ішінде қонақ ретінде тамашалайтын ардагерлер де, медальға таласатын балуандар да бар. Атап айтсақ, қазақстандықтарға етене таныс болып кеткен Александр Карелин, жас америкалық жұлдыз Кайл Снайдер, төрт дүркін әлем чемпионы, Олимпиада чемпионы Джордан Барроуз, жапониялық әйгілі чемпион Каори Итё, Артур Алексанян, Лопес Нуньес, Қазақстанның тумасы Валерий Рязанцев, Беларусь спортшысы Камандар Маджидов, Ираннан әйгілі Расу Хадем келеді.

«Олимпиада лицензияларының ең көбі осы әлем чемпионатында ойнатылады. Лондон мен Рио Олимпиадасында әр салмақ бойынша 18-19 спортшыдан қатысты. Токио Олимпиадасына іріктеу неғұрлым қатаң жүргізіліп жатыр.

Жапония астанасында әрбір салмақта небәрі 16 балуан қатыса алады. Бұл жолы лицензиялар саны алдыңғы олимпиадалық циклдермен салыстырғанда азайды. Сондықтан бәсекелестік бұрынғыдан да арта түседі. Мұны біз елордадағы чемпионатта тамашалайтын боламыз. Әлем чемпионатының ұйымдастару комитетінің жұмысы Біріккен күрес әлемі (UWW) қойған талаптардың бәріне сай келеді. Жарыс өтетін «Барыс Арена» кешенінің дайындығы, көлік, қауіпсіздік және басқа да аспектілері жоғары талаптарға сай. Оның үстіне, Қазақстанның мұндай ірі жарыстарды өткізуге тәжірибесі мол. Өз жерімізде өтетін әлем чемпионатында қазақстандық балуандар күрестің үш түрінен де ең басты мақсаттарын жүзеге асырады деп ойлаймын. Қазақстандық балуандардың алдында тұрған бірінші кезектегі тапсырма – әлем чемпионатында ең көп жолдама жеңіп алу. Ереже бойынша лицензиялар жеке спортшыға емес, мемлекетке беріледі. Олимпиада жолдамасын жеңіп алғаннан кейін әрбір балуан республикалық жарыстарда Токиода ел намысын қорғауға лайықты екендерін тағы бір мәрте дәлелдеулері керек»,дейді Ақтөбе облыстық күрес түрлері федерациясының медиа-офицері Аспандияр Есенжолов.

Бек ТӨЛЕУОВ

Ұлан» газеті, №38
17 қыркүйек 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз