Ақтөбе қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушылары Нұрай Есенжолова мен Айханым Қуандық заманауи ұшақ ойлап тапты. Олар осы жобасының арқасында Ұлыбританияға барып қайтты дегенді естіп, жас өнертапқыштарға хабарласқан едік. «Бірінші күндері авиация сабақтары берілген болса, қалған күндері Bletchley park, Cambridge University секілді жерлерді араладық. Əрине, астанасы Лондон да біздің must visit тізіміне кіріп, назарымыздан тыс қалмады», – дейді Нұрай. Олар заманауи ұшақтың идеясын жасауға бір айдан аса уақыт жұмсаған екен. Тапсырманы алған күннен бастап екеуі əртүрлі ақпарат көздерін қарап, ізденіпті. Ең бастысы, заманауи ұшақ болғандықтан қажеттi есептеулердi орындап, ұшақтың салмағын, отынның мөлшерін жəне құнын есептеп шығарған. Нұрайдың айтуынша, дəстүрлі ұшақпен ұқсастығы көп емес. Ұшақ ыңғайлы болуы үшін формасы мен отын қорын өзгерткен. «Ұшақтың пiшiнiн BWB (Blended Wing Body) концепциясына сүйене отырып орындадық. Өйткенi осы концепция арқылы транспорттың аэродинамикалық сапасы артады. Ал отынға келетiн болсақ, ұшағымыздың отыны – тығыздалған табиғи газ (compressed natural gas). Бағасы да арзан болады», – дейді Айханым.

Қыздар университет өкілдері мен профессорларына алғыс айтады. Бұл сапар тек академиялық жағынан емес, тарихи-мəдени жағынан да біраз мағлұмат бергенін айтады.

Алмабек ИБРАЙЫМОВ

Ұлан» газеті, №38
17 қыркүйек 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз