Шіркін, бостандыққа не жетсін! Мәскеу, Санкт-Петербург пен Алматы темір торы (шарбағы) мөлиіп қарайтын түз тағылары: құлан, қаблан, ақ аю, жолбарыс, қасқыр мен қабандарды көргенде қыр баласы маған айрықша әсер ететін. Немерелерім мен жиендерім қайта-қайта қыңқылдап аңдар саябағына апар дегенде соны ойлап тартына беретін едім. Алатау баурайындағы алма иісі бұрқырайтын қаланың оңтүстік-шығысындағы сондай тұрғынжайға барғанда басқаша көңіл-күй биледі. Ауылдағы айтақырда асық атып, тайқар мен тай мінбей, қозы-лақтың асыр салғанын тек теледидар арқылы көретін кішкентайларды аядым, мүсіркедім. Адамзат өркениеті. Өз қолыңды өзің кесе алмай, шақшадай басың шарадай болатыны осындайда. Не жақсы, не жаман?.. Әрине, үдемелі үдерістен қалмаған дұрыс. Бірақ, аттыға ерген жаяудың таңы айырылғандай, біз бірте-бірте өз болмыс-бітімімізден айырылып бара жатқан жоқпыз ба? Бізді мазалайтын кеп аз емес. Кейде олай болмады, былай болмады деп жиі тызақтап қалатынымыз сол себепті. Әкелер мен балалар арасындағы көкейтесті мәселелер әр кезде болған, бола да береді. Соны жете түсінеміз бе? Саябақтың кіреберіс дарбазасында тұрып мен де ұзақ ой кештім…

Айналасы атшаптырым орамды (аумағы 22 гектар, жан-жануардың 375 түрінен 3447 мақұлық бар) аралап жүргенде жұмыр басты пендеге түрлі-түрлі ой келеді: шарбақ пен тордың ар жағындағы аңдарға адам көзімен қарағанда, олар бізге қандай пиғылда болады екен? Ең ғажабы, мұнда келіп тамашалаушылар Алатау аясынан ұзап бармай-ақ алыстағы алты құрлықтағы тілсіз кіші бауырларымен ұшыраса алады. Аптапты Африканың арыстандары, сусиырлары мен түйеқұстарын, Азияның аждаһасы мен пілдерін, егде Еуропаның зубрлары (жабайы өгіз) мен құтандарын, апшыған Американың қолтырауындары мен маймылдарын, көк-жасыл Аустралияның қасқыр иттері (динго) мен қалталы кенгуруларын көре алады. Бір кездері олардың бірсыпырасының кең-байтақ өлкеміз ұлы далада мыңғырып жүргені, жер-су аттарына қойылуы (Маймылтау, Арыстанды, Бұғылы, Аю, Шаян, Құндызды, Жыланды, Құлан, Бұланды, Шошқабұлақ, Жолбарыстоғай, тағы басқа) ақиқаттың айнасындай. Мұндай мекемелер мен саябақтардың негізгі мақсаты да текті түліктердің арасындағы нәзік байланысты барынша айшықтап ашық көрсету емес пе?

Жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын, орда бұзар отыз жасқа келе жатқан жас Қазақстан мемлекеті қыруар қаржы жұмсап, асыл қазыналарымен қоса қисапсыз жан-жануарлар, аңдар, құстар мен өсімдіктерге орасан бай. Өкінішке қарай, солардың қадір-қасиетіне жетіп жүрміз бе? Қоғамда жемқорлық пен парақорлық, көзбе-көз мүләйімсіп, жағымпаздық етек алды.  Бұл дерт хайуанаттар саябағында бар десек артықтау шығар, бірақ жауапсыздық індеті мұнда да жаулап алған ба деген ой туады. Биылдың өзінде арыстанның бауырын жаңа көтерген екі күшігі (теңбілше) Ассоль мен Гера, керік Грация, өлекшін Рада, бұлан Рокки өлді. Саябақтың ғылыми қызметкерлері бәрін сырқат, кәрілік және кездейсоқ жағдайларға сілтеп, жауапкершіліктен жалтарды.

Құдай берген ғазиз ана пәк, таза табиғатты сол мүбәрак күйінде көз қарашығындай сақтап қалу кімге болса да оңай тиіп отырған жоқ. Болашақ ұрпақтарға бізден кейін де ізгілікті нәрселер аманат болса, жаман ба?!

Еліміздегі қорықтар, саябақтар мен орман-тоғайлардың хал-ахуалы онша мәз емес. Алматы хайуанаттар бағы тұрғындарының көбі «Қызыл кітапқа» енген, адамдардан жылы мейірім, жанашырлық пен қамқорлық күтеді. Соңғы ұзақ жыл бойғы көптеген сынақ, тәжірибе жүргізіліп, бәрін соқыр тиын билеген заманда оларға тек тұтынушылықпен қарау обал. Өзара қатігездігіміз аздай, енді оларға ауыз сала бастағанымыз ешқашан кешірілмейтін кінә мен күнә.

Есігін өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының ортасында айқара ашып, жұмыс істеп келе жатқан Алматы хайуанаттар саябағы да осы биік мақсатты көздеп, осы бағыттағы ниеттес өзге де ғылыми зерттеу орталықтары және институттармен қоян-қолтық бірлесіп еңбек етіп келеді. Оның тұңғыш қадасы қағылғалы бері де қызғылықты тарихы жетеді, көкейкесті мәселелері де қордаланып қалғандай. Қазірдің өзінде мұнда 527 түрдің 5331 аң-құсы тіркеліп отыр. Онда жер жүзінің түкпір-түкпірінен әкелінген тіршілік иелерін көруге болады. Басқа әріптестеріміздің базбірімен салыстырғанда бұл жаман көрсеткіш еместей көрінеді. Мәселен, мызғымайтындай көне Мәскеуде 1001 түрден 6094, Солтүстік Пальмирада 416 түрден 2184, Бакыда 104 түрден 463, Латвияда 475 түрден 2925, Ташкентте 332 түрден 2544, Киевте 357 түрден 2220, Брнода 327 түрден 1901 төртаяқты мен қанатты баптап күтіледі. Біздің саябақта әртүрлі мамандығы бар 200-ге тарта кісі еңбек етеді. Аң-құстарды қызықтап тамашалауға тек соңғы жылдары шамамен 200 мыңнан аса адам келіпті. Кілең көрерменнің ынта-ықыласын арттырып, қызығу құштарлығын тудырып отыру кейбір қиындыққа соғады. Дегенмен, ешқайда ақпайтын тоспа судай құр қол қарап отыру лайықсыз. Кейінгі кезде Алматы хайуанаттар саябағы Хартман, Чапман, Бурчелов зебрлері, шимпанзе мен Гиббон тәріздес адамға ұқсайтын маймылдар, Азия пілдері, қарақұйрықтың түр-түрі, мәліндер мен сілеусіндер, жапон тырналары, Куба қолтырауындары, теңіз балықтары және басқа да мақұлық-жәндіктермен толықты. Бұл жүзден аса мемлекет «Биоалуандығы конвенциясы туралы» келісімшартқа қол қойғанның арқасында іске асып отырған жағдай. Жан-жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің тым сирек кездесетін түрлері жер бетінен жойылып кетпеудің қамы тек осындай-осындай шаралармен ғана шектелмейді. Сондықтан да Алматы хайуанаттар бағы саябақтар мен аквариумдардың  Еуропа ассоциациясына қабылдануы тынбай еткен еңбек жемісі.

Саябақтар, қорықтар, демалыс аймақтары мен тапсырыстұрақтар (заказник) – жаратылыстың жанды ағзасы. Ондай орындарда жұртшылыққа мәдени қызмет көрсету күрделі әрі мәртебелі жауапты жұмыс. Бәрі тек билет сатып, таратып, нысандарды аралатумен бітпейді.

Алматы хайуанаттар бағы өздері бейімделіп тіс қағып, өздері маманданған арқарлар өсіріп, жыртқыш құстарды көбейтіп қана қоймай, негізгі бағыт-бағдарды ұстанып, қат-қабат қауырт іс атқарып, үлкен мақсат-межеден шығу үшін саналуан ұйымдастыру-үйлестіру шараларымен айналысуға тура келеді. Алғаш рет өздері өсірген 67 жыртқыш құс (ішінде бөктергі, лашын, тұрымтай, 7 қара қарға, 5 дала бүркіті, 10 үкі бар) жіберіліп, жаңа жағдайдағы олардың тіршілігі зерттеліп, ғалымдарға қолқабыс етіліп жүр. Айта кету артық емес, кезінде марқұм натуралист, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері М.Зверев, табиғаттанушы жазбагер А.Синявский және басқалар қасымызда қатар жүріп, саябақтың ұңғыл-шұңғыл жұмысына терең бойлап еңбек етіп, соған байланысты ауыр тақырыптарға қалам тартты.

Алып КСРО ыдырап, еліміз тәуелсіздік алғалы да біраз жылдан асып барады. Бұл мерзім саябақ ұжымына да зор міндет жүктеді. Сол биік үдеден көріну үшін жаратылысы жаңа кешенді кеңейту мақсатында құрылыс жүріп, игі іс жалғасып жатыр. Адам да, аң да – табиғаттың төл перзенті. Олардың арасындағы нәзік қарым-қатынас барған сайын дамымаса, кемімейді. Сынаптай аққан уақыт бәрімізден соны талап етеді. Ендеше, іске сәт!

Аян-Сейітхан
НЫСАНАЛИН, ақын.
Суреттер Алматы
хайуанаттар бағының ресми
сайтынан алынды.

Ұлан» газеті, №37
10 қыркүйек 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз