Биыл – Фариза Оңғарсынованың туғанына 80 жыл. Осыған орай 2019 жылдың 5-6 қыркүйегінде Мұхтар Əуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «Фариза» спектаклі қойылды. Ақын туралы қойылымның
премьерасы екі күнде де аншлагпен өтті.

Өлеңдерімен оқырманның жүрегінен орын алған ақын, журналист, халық жазушысының өмірі мен шығармашылығы туралы пьесаны драматург Роза Мұқанова жазған. Онда Мұқағали мен Фаризаның ақын ретінде бір-бірін мойындауы көрсетілді.

«Мұқағали қазақ поэзиясында қандай ұлы тұлға болса, Фариза да сондай. Мұқағали өмірден өтерінде Фаризаға өлең арнады. Екеуі бір-бірін құрметтеді. Адам əрдайым өзіне жақын, жанын түсінетін адамды іздейді ғой. Мұқағали Фаризаны өзіне жақын тұтты. Ал Фариза Мұқағалидың өзін іздегенде жанына бара алмағанына, онымен кездесе алмағанына өкінді. Оны естелігінде де жазды, өзіме де айтты. «Мұқағали екеумізден жұрт махаббатты көргісі келеді. Бірақ біздің арамызда ешқандай сезім жоқ. Мұқағалиды ағамдай көрдім, ал ол мені «қазақтың қызы» деп сыйлады» дейтін. Автор ретінде екі ұлы ақынның арасындағы қатынастың жұрт ойлайтындай махаббат емес, одан да биік екенін көрсеткім келді», – деді Роза Мұқанова.

Драматург қаламымнан шыққан туындының сахнада қалай қойылатынын ойлап, қатты уайымдапты.

«Фариза Оңғарсынова «Мəңгілік бала бейнені» көрген соң «Роза, шығармаңда депутаттарды, мына біздерді əбден сынапсың ғой» деп айтып еді. Егер ол өзі туралы қойылымның премьерасына келіп, оны көрсе, тағы да маған «Не бүлдіргенсің?» деп айтушы еді. Фариза туралы əлі талай шығарма жазылады. Бірақ дəл осы шығармашылық ұжым сияқты ешкім жұмыс істей алмайды. Неге десеңіз, A+A Idea Fabric продюсерлік орталығы ұжымының, басты жəне қосалқы рөлдерде ойнаған актерлардың əр сəт үшін уайымдап, жан-тəнімен жұмыс істегенін өз көзіммен көрдім. Осындай еңбекті үлкен сахнаға шығарған
шығармашылыққа ұжымға алғыс айтқым келеді»,
– деді Роза Мұқанова.

«Фаризаның» бас продюсері жəне идея авторы – Айнұр Көпбасарова. Фариза
Оңғарсынованы түсінде көріп, ерекше əсерленіп, ақын туралы спектакль қоюға бекініпті. Айнұр Көпбасарованың айтуынша, Фариза шығармашылық адамы ретінде барлық марапатқа лайық. Шығармашылық ұжым жастарға, Фаризаның оқырманы мен замандастарына оның ақын ретінде ғана емес, əйел ретінде не сезінгенін жеткізгісі келген.

«Фариза жүрек түкпірінен төгілген жырларымен, ерекше тағдырымен
дараланады. Дара талант ақындықтан асып, құбылысқа айналды. Ақынның
өлеңінен көбіне біз өзін іздейміз. Кейде мұңды махаббаттан шаршаған, кейде отты сезімге шомылған Фаризаның жырларын оқып, өмірін саралаймыз. Өр мінез, текті тəкаппарлық, қайтпас қайсарлық оның тағдырын оқытпайды. Бұл спектакль арқылы ақынның жанын түсінгіміз келді. Оның ұлылығын – өмір ағысына ілеспей, оған қарсы жүзетін қайсарлығынан, əр тазалығынан, кең жүрегінен, махаббатқа адалдығынан іздедік»,
– дейді ол.

Шығармашылық топ спектакльді биыл қазан айында Ресейде қоюды жоспарлап отыр. Сонымен бірге спектакль Нұр-Сұлтан мен Атырауда да қойылады.

«Фариза Оңғарсынованы тек Қазақстан халқы емес, бүкіл əлем білгенін
қалаймыз. Сол себепті 2019 жылы қазан айында спектакльді Ресейдің
«Современник» Мəскеу театрында қоямыз. Бұл үшін бізге Қазақстанның Ресей Федерациясындағы төтенше жəне өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов қолдау көрсетті, оған алғыс айтқым келеді»,
– деді жоба авторы Айнұр Көпбасарова.

Спектакльді қою үшін белгілі режиссерлар жұмыс істеді, Қазақстанның əртүрлі театрынан актерлар қатысты. Басты рөлдерді актриса, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Назгүл Қарабалина, театр жəне кино актерлары Қуандық Қыстықбаев, Лейло Бекназар-Ханинга жəне Ерлан Кəрібаев ойнады.

«Фаризаның рөлін ойнау туралы ұсынысты бас продюсер жəне идея авторы
Айнұр Көпбасарова 2019 жылдың наурызында жасады. Өзім Фариза апайды
өмірде көрдім, онымен дастарқандас болдым. Ол өте нəзік еді, өз ойын анық жеткізетін. Ешқашан айғайлап сөйлемейтін»,
– деді басты рөлді сомдаған Назгүл
Қарабалина.

Спектакльде композитор, əнші Ренат Гайсиннің композициялары пайдаланылды. Ол музыканы пьеса үшін арнайы жазған.

«Ренат Гайсин де Фариза Оңғарсынованы өмірде көрген. Ол ақынның мінезін,
табиғатын музыка арқылы əдемі жеткізді. Ренат Фариза мен Мұқағалидың (өмірде
көрмесе де) мінезін сезіне алды»,
– деді Айнұр Көпбасарова.

Мейірман
ҚАЛДЫБЕКҰЛЫ
Фото авторы
Ардақ ТӨЛЕУБАЙ

Ұлан» газеті, №37
10 қыркүйек 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз