Соңғы жылдары бай болып көріну «сәнге» айналды. Қалтасы ақшаға толып тұрмаса да, жүргізіп жатқан бизнесі болмаса да, несиеге белшеден батып, ақшалы адамның кейпіне ену – жанайқай ма, әлде білімсіздік пе? Бай болуға үйрететін тренингтер мен пирамидаларға жиі баратындар «байлық иллюзиясына» алданып, түрлі жағдайларға ұрынғанын көріп жүрміз. «Қалтаңда ақшаң болмаса, білімді болғаныңнан не пайда?» деген қасаң сұрақ та көпшілікті тықсырып барады. Біз бұл мәселенің қаншалықты дұрыс-бұрыс екенін анықтауға тырыстық.

Білімді болған дұрыс па, бай болған дұрыс па?

Сұрақты осылай тікесінен қоймасымызға болмады. Өйткені қазір көпшіліктің оқу-тоқу туралы көзқарасы төмен. «Әйтеуір оқыса болды, базардан бір «төшкі» ашып алады. Сөйтіп күнін көреді», «Осы пәнді оқытқанша, ақшаны қалай табу керек екенін оқытпай ма?» деп өзара тыржыңдап тұрған ата-аналарды жиі көреміз. Ал мектепте сабақты нашар оқитындар: «Марк Цукербергті университеттен шығарып жіберсе де, миллиардер болыпты ғой», «Билл Гейтс сабақты жаман оқыса да дүниедегі ең бай адам атанды емес пе?» деген сөздермен өздерінің кемшіліктерін ақтайтын аргумент тауып алған. Марк Цукербергтің де, Билл Гейтстің де адамзаттың дамуына елеулі үлес қосқан үлкен идеясы болды және идеясын жүзеге асыра алды. Ал осылардың сабаққа келмей қалғанын немесе нашар оқығанын мысалға келтіріп жүрген оқушылардың үлкен арманы, керемет идеясы бар ма? Әлде базардан «төшкі» ашып алса болды ма? Бірақ айтайын дегеніміз бұл емес…

«Бай әке, кедей әке» (Бай ата-аналар балаларын неге үйретеді, кедей ата-аналар балаларын неменеге үйретпейді?) деген қазақшаға аударылған кітап біздің де қолымызға түсті. Ғаламторда сұранысқа ие. Тіпті көпшілік осы кітапты сабылып іздеп жүр десек те болады. Бағасы – 3000-3500 теңге. Кітаптың қысқаша мазмұны мынандай: Бір баланың екі әкесі бар. Біреуі биологиялық әкесі, екіншісі өгей әке. Бірі бай, екіншісі кедей. Биологиялық әкесі оқымысты, ғалым. Баласына «жақсы оқысаң, жоғары баға алсаң, жақсы жерде жұмыс істейсің, қартайғанда зейнетақың жоғары болады» деп ақыл айтады. Ал өгей әкесі – бизнесмен. Қалай бай болу керек екенін үйретеді. Балаға баюдың жолын айтып, үйретіп қана қоймай: «Мектепте бай болуға үйретпейді, ақша табудың жолдарын оқытпайды. Қанша жерден жақсы оқып, керемет қызмет істесең де, соңы баянсыз. Зейнет жасына жеткенде салық төлеп, қарызға батып, айлығың шайлығыңа жетпей, дірілдеп-қалтырап өлесің» дегенге саятын ақыл айтады. Мұндай сарындағы әңгімеге кітаптың әр беті арналған. Бұл бестселлер «оқысам, тоқысам, ғалым болсам» деген үлкен арманы бар адамдардың, оның ішінде жастардың жігерін құм қылып, үмітін үзбей ме? «Осы маған оқу не керек, оданда баюдың жолын іздейін» деп ақшаның соңына түспей ме? Ақшалы болған жақсы, бірақ оқымысты болсаң бай болмай қаласың деген пікірді таңу қаншалықты
дұрыс? Білімнің жолында жүрген отбасылар болашақта қарызға батып, ипотека
төлеп, өмірден жолы болмай өте ме? Біздіңше, бұл кітапта айтылған ойдың өзі қате, әрі шындыққа жанаспайды. Оқып отырып, бай болуға құлшынысың артпақ түгілі, қайтып бетін ашқың келмей қалады. Оның үстіне кітаптың қазақшасы толған қате. Грамматикалық, орфографиялық, стилистикалық қателерді былай қойғанда, кітапты кім аударды, қай баспадан, қай жылы басылып шыққаны туралы да ақпарат жоқ. Соған қарамастан таралымы көп, әрі сұранысқа ие. Бәлкім «төшкісі» барлар көшірмеден өткізіп, түптеп, жарнамасын жасап, сатып жүрген шығар. 51 тілге аударылып, 27 миллион тиражбен әлемнің 109 еліне тарап отырған кітаптың Қазақстандағы жағдайы туралы ақпарат таба алмай пұшайман болдық. Авторлары – Роберт Кийосаки және Шэрон Лектер деген америкалықтар. Роберт – кәсіпкер, ал Шэрон өмірін білім алуға арнаған әйел адам. Сөзіміз құрғақ шықпас үшін бірнеше мәтінді сол күйі салып отырмыз:

«…Ал сіз сол бухгалтерлердің арасында көп кедей адамдардың бар екенін аңғардыңыз ба? Сол сияқты банкирлер, заңгерлер және брокерлер арасында да көп кедейлер аз емес, – деді. Олар көп біледі және олардың дені ақылды, білімді адамдар, бірақ көпшілігі бай емес, баю тәжірибелері жоқ. Себебі: біздің мектептерде, бай адамдардың нені білетіндіктері жөнінде оқытпайды, сондықтан
нақтылы жағдайларда олардың кеңестеріне құлақ салып үйренген жөн»;

«Роберттің сөзі бойынша, балалар жылдар бойы ескілікті мектептерде қажеті
жоқ сабақтарды оқи отырып, сөйтіп әлдеқашан ескірген, әрі дүниеде жоқ, ортада
өмір сүруге дайындала бастайды. Қазіргі кезеңде балаға «мектепке бар, жақсы
бағалар ал және тұрақты жұмыс іздеңдер» деушілік, ақыл-кеңестің ең қауіпті түрі, – дегенді жиі айтады Роберт»;

«Роберттің оқымысты әкесі оның ақылды адам болып өсуін қолдаған. Бай әкесі
ақылды адамдарды қалай жалдап алуды білу керек деп үйреткен».

Өстіп оқымысты адамдарды аңқау әрі ақымақ қылып көрсету кітаптың соңғы парағына дейін жазылыпты. Шынын айтайық, әлемде бұл кітаптың дақпырты жер жарып тұр. Қоғамдағы қалыптасқан түсінікпен қайшы тұстары аз емес. Оны болысқан-толысқан адамдар оқыса, ажырата жатар. Ал болмаған-толмаған бала оқыса қайтеді?

Мына қызықты қараңыз! «Бай әке, кедей әке» деген кітапты оқыған күннің ертесінде қолыма «Көшбасшылық» деген аударма кітап түсті. «Бұл кітапқа
көшбасшылық тақырыбын зерттеген айтулы ғалымдардың таңдамалы он кітабы еніп отыр» деп жазылыпты анықтамасында. Кітап бірінші бетінен бастап-ақ баурап алады. Дәл саған арнап жазылғандай. Білімді бол, өзіңді ізде, өзіңді тап, өз-өзіңмен жұмыс жаса, көп оқы, әлемді таны, айналаңа пайдаңды тигіз, қоғамның дамуына үлес қос, қысқасы адам бол деген үндеу жолдайды. Кітаптың қазақ тіліне аударылуына мұрындық болған Шыңғыс Мұқан Гарвард университетінің түлегі. Кітап жинақы, сауатты түрде басылып шығыпты.

Мақсатымыз «Бай әке, кедей әке» деген кітапты жер қылып, «Көшбасшылық» кітабын аспандату емес. Қазір «айына миллион табыс табамын» деп айта беріңдер деп, аттандап жүргендердің заманы. Оларды қолдап-қолпаштайтындардың көбі жоқ жерден бай болғысы келетіндер. Керісінше «мынандай кітапты оқыңдар, білімдеріңді жетілдіріңдер, саналарыңды оятыңдар, миларыңды жұмыс істетіңдер» деген ешкімді көрмейміз. Елбасы жастарға арналған үндеуінде былай дейді: «Жастардың санасына нақты керек нәрсені сіңіре білу керек. Ең бастысы – адам болу, жақсы білім алу, сізден ешкім тартып ала алмайтын мықты мамандық иесі болу. Иә, ақшаны алып қоюы мүмкін, үйіңді де тартып алуы мүмкін. Бірақ бастағы ілім-білімді, бойыңдағы адамгершілік қасиетті ешкім тартып ала алмайды. Мен жастарды осындай болуға шақырамын. Сонда өмірден адаспай өз орныңызды табасыз».

P.S. Енді бірер айдан соң газет-журналдарға жазылу науқаны басталады. Дәл осы кезде халықтың білімге, яғни оқып-тоқуға деген көзқарасымен бетпе-бет келеміз. «Балам бос кезде газет-журнал оқысын. Көзі ашылсын, білсін!» дейтін ата-аналар бірінші кезекте балалар басылымына жазылады. Ал «Газет-журналмен терезе сүртеміз. Керек болса телефоннан-ақ жаңалықтарды оқып аламыз» дейтін ата-аналарға не дейміз? Бір қызығы, сондай ата-аналар әлгі «Бай әке, кедей әке» деген кітапты көрсе, бас салатын тәрізді елестейді де тұрады.

Б. МҰРАТҚЫЗЫ

Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз