Ерте заманнан бері білім берудің мұғалім-оқушы əдісі жұмыс істейді. Дегенмен, мұғалімсіз, сабақсыз, бағасыз оқыту жүйесін естіп пе едіңіз? Биыл Астанада дəл осындай жүйемен alem мектебі ашылмақшы. alem school – Болашақтың мектебі. Біз сабақсыз, мұғалімсіз, бағасыз қалай оқытатынын жəне мектептің ашылуы жайлы мектеп мүшелерінің бірі Сакен Мұқановпен сұқбаттасқан едік.

– Мектепті «Болашақтың мектебі» деп атапсыздар. Неліктен?

– Өзімізді бұлай атауымызға себеп бар. Біз қазіргі оқу жүйесі түрленуі керек деп ойлаймыз. Бұл білім беру жүйесі сонау интернет жоқ кезде пайда болып, нарыққа
енгізілген. Сол уақытта білімнің көзі бір адам ғана болатын, яғни көп адамға бір мұғалім еді. Ал қазір ше? Бүгін кез келген адамның қолында шексіз білім көзі бар. Интернетке шыға алады. Білмеген нəрсесін ғаламтордан іздейді. Біз соны белсенді пайдаланып, оқудың жаңа жүйесінде халыққа ІТ саласынан білім бергіміз келеді. Біздің мектепте кəдімгі қарапайым мектептегідей мұғалім, сабақ, баға деген жоқ. Мұғалімсіз, сабақсыз, бағасыз оқытудың жаңа жүйесін қолданатындықтан, өзімізді «Болашақтың мектебі» деп атаймыз.

– Мектептің мақсаты не?

– Ең алдымен қазіргі таңда елімізде жақсы developer саны өте аз екенін айтқым келеді. Мұны нарықтағы ІТ компаниялардың сұранысынан көріп жүрміз. Оған қоса Қазақстанның ІТ саласы көршілес елдерге қарағанда экспорты жоқ деп айтуға болады. Оған дəлел – мына график. Осындай жағдайды көре отырып, біз ІТ саласында білім алғысы келетін, осы салаға қызығатын адамдарды оқытып, білім бергіміз келеді. Ал бағдарламалаудан хабары бар студенттердің білімін жетілдіріп, өздерінің жобаларын жасауға көмектесуді қалаймыз. Мектептің мақсаты – IT саласындағы дарынды азаматтарды оқытып, олардың болашақ проблемаларын шешуге жəрдем беру.

– Кімдер түсе алады? Талапкерлерге қандай талаптар қойылады?

– Біздің оқушыларға қойған жалғыз талабымыз – 18-35 жас аралығында болуы. Бізден ағылшын тілі міндетті ме деп жиі сұрап жатады. Біздің мектепте оқығыңыз келсе, ағылшын тілін білу міндетті емес. Дегенмен, берілетін тапсырмалар ағылшын тілінде əрі IT саласында ақпараттың басым бөлігі ағылшынша екенін ескерсек, тілді білген көп көмегін тигізеді. ІТ саласын оқытамыз деп отырмыз ғой, бағдарламалауды мүлдем білмейтін талапкерлерге де есігіміз ашық. Оқуға ынтасы барлар келіп, өздерін сынап көрсе де болады.

– Мектепте оқу үшін қандай кезеңдерден өту керек?

– Талапкерлер оқуға түсу үшін 3 кезеңнен өтуі тиіс. Бірінші қадам – онлайн ойын.
Бұл кезең адамның жадын жəне логикасын тексеруге арналған. Бұл қадамнан сəтті өту үшін шамамен екі сағат уақыт кетеді. Сол себепті компьютер алдында ұзақ отыратынын алдын ала ескертеміз. Екінші қадам – интервью. Бізде оқығысы келген əр талапкер offline немесе online түрде бізбен сұқбат өткізеді. Олармен əңгімелесу барысында өздері жайлы айтып береді, бағдарламалауда тəжірибесі бар ма, жоқ па, соны сұраймыз жəне жалпы оқуға ынтасы жайлы сөз қозғаймыз. Үшінші қадам – бассейн. Бассейн дегеніміз – төрт апталық емтихан. Ол жерде студенттер күнде жаңа нəрсені үйреніп, сосын сол алған білімінен сынақ тапсырады. Осы кезеңдердің бəрінен сүрінбей өтіп, үздік нəтиже көрсеткен талапкерлерді мектепке қабылдаймыз. Олар толық оқу процесін бастайды.

– Қай уақыттан бастап сабақ бастайсыздар? Оқу ұзақтығы қанша?

– Бірінші бассейнді қыркүйектің 30-ы бастаймыз. Екінші бассейнді қазанның 28-іне жоспарладық. Қыста, яғни желтоқсанның бірінші аптасында мектебімізге қабылданған студенттермен толық оқу процесіне кірісеміз. Оқу бағдарламасы қанша уақытқа созылатыны туралы да айтып кетейін. Оқу бағдарламасының ұзақтығы өте субъективті, яғни əр студенттің өзіне байланысты. Оқудың қанша уақытқа созылатыны студенттің оқуға күніне, аптасына қанша сағат уақыт бөлетініне жəне жаңа нəрсені қаншалықты тез үйренетініне қарай белгілі болады. Біз орташа есептегенде оқудың ұзақтығы 2 жыл болады деп отырмыз.

– Мектеп қанша оқушыға арналған? Бүгінге дейін қанша оқушы қабылдадыңыздар?

– 2019 жылы мектепке 200 оқушы қабылдауды жоспарлап отырмыз. Осы уақытқа дейін əлі оқушы қабылдамадық. Дегенмен, 600 талапкермен интервью өткізіп қойдық. Мектеп EXPO аумағында орналасқан. Сонымен қатар бассейнді жақсы аяқтап мектепке қабылданған, алайда Астанада тұрмайтын студенттерімізге арналған жатақханамыз да бар. Мектеп пен жатақхана арасы жаяу жүргенде 10 минуттық жер.

– Мұғалімсіз, сабақсыз, бағасыз (noteachers, nolectures, nogrades). Сонда
қалай оқытасыздар?

– Студент өз бетінше, мұғалімсіз, сабақсыз жəне бағасыз оқи алатынына біз сенеміз. Əр оқушыға мұғалім бола алатын орын жасауға тырыстық. Шығармашылығыңыз бен қиялыңызға ешқандай шектеу жоқ. Сондықтан да біздің мектепте noteachers, nolectures, nogrades. Noteachers – ақпараттың балама көздері; nolectures – видеоматериал, мəтіндік оқулықтар; nogrades – емтихандар жəне топтық жобалар. Жақсы нəтижеге қол жеткізу үшін практикаға, студенттердің нақты мəселелерді шешуіне жəне топтық жобаларды жүзеге асыруға көп назар аударамыз. Оқу бағдарламасы Challenge-Based Learning инновациялық əдісі негізінде құрылған.

Бұл əдісті Apple компаниясы Apple Developer Academy курсында қолданады. Оның түпкі мақсаты – күнделікті өмірде кездесетін проблемаларды ІТ-дың көмегімен шешу. Оқу процесі компьютерлік ойын секілді бірнеше деңгейге бөлінеді. Əр жобаны сəтті аяқтағанда тəжірибеңізге бірнеше ұпай қосылады. Белгілі бір технологияны меңгеру үшін оқушылар сол технологияға қатысты тапсырмаларды орындап, жобаларды жүзеге асырады. Білмейтін, түсінбеген жерлерін жанында отырған əріптестерінен немесе достарынан сұрайды. Онда да болмаса, интернеттен іздейді. Біздің мектептің бас философиясы – ағылшын тілінде тұрақталған сөз болып кеткен «rtfm» жəне «p2p». Read the fucking manual (rtfm) мағынасын түсіндіріп өтсем. Программистер қолданатын кез келген технологияны бір адам ойлап тапқан. Ол қалай қолдану керектігін құжатында түсіндіріп жазған. Егер программаның ішінде бірдеңе істемей қалса, сол құжатты оқы деген сөз. Ал peer two peer (p2p) деген rtfm көмектеспеген жағдайда, сұрақтың жауабын қасында отырған адамдардан сұра деген мағынаны білдіреді. Жобаларды өткізудің нақты бекітілген мерзімі жоқ. Əр студент өзіне берілген
тапсырманы қалаған уақытында орындай алады. Бұл оқу кестесі 100% əр студенттің өзінің ыңғайына қарай құрастырылған деген сөз. Сондықтан да alem тəулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн жұмыс істейді. Оқушылар берілген тапсырмаларды қашан орындайтынын өздері шешеді.

– Ал енді мектепті құру процесіне ауыссақ. Идея қалай келді?

– Мектеп басқармасының төрағасы Дагар Давлетов 2017 жылы Киев қаласындағы Unit Factory мектебіне қонақ болып барған. Сол кезде мектеп философиясымен жақынырақ танысқан. Unit Factory мектебі де – ешқандай мұғалімсіз, ешқандай дəріссіз білім беретін мектеп. Ол білім алып жатқан студенттерді көріп қызыққан. Олардың болашақтағы мүмкіндіктерін болжап, өз елімізде де ашуды қалаған. Unit Factory мектебі француздың «ecole 42» мектебінің франшизасы, ол Василий Хмельницкий деген кісінің жобасы. Ал біз сол «ecole 42» жобасының негізін қалаушылардың бірі – Николя Садиракпен серіктесе alem мектебін ашқалы жатырмыз. Дегенмен, бізді көбі сол «ecole 42» мектебімен шатастырады. Бəлкім, мектеп философиясы ұқсайтын шығар. Бірақ біз француздық мектептен өз алдына бөлекпіз. Біздің alem мектебі – франшиза емес.

– Мектепті ашамыз деген шешімді қашан қабылдадыңыздар?

– Мектеп басқармасының төрағасы Дагар Давлетов 2017 жылы MethodPro атты
тағылымдаманы жүзеге асырды. Осы тағылымдама 2017-2019 жыл аралығында
студенттерді іріктеп, IT саласында мықты маман болуға мүмкіндік берді. Тағылымдамада студенттер бір ай бойы жаңа технологияны үйреніп, білімдерін толықтырып, өзара жарысады. Сосын келесі бір айда Қазақстанның түрлі компанияларында IT қызметкер ретінде жұмыс істейді. Дагар Давлетов осы тағылымдамада үздік нəтиже көрсеткен студенттерді іріктеп, Киевтегі Unit Factory мектебіне оқуға жіберді. Unit Factory-де тобымыз 1 жылға жуық уақыт бойы «algorithm», «web», «graphics/game dev» жəне «unix» бағыттары бойынша білім алып келді. Сосын мектеп төрағасы осы Киевте білімін жетілдіріп келген студенттермен бірлесе alem мектебін ашудың қамына кірісті. Мектепті ашу барысында еуропалық «01 Platform» жəне қазақстандық «Astana Hub» компанияларымен серіктестік. Мен жоғарыда атап өткен Николя Садирак негізін салған жоба – «01 Platform».

Дүниежүзінде alem секілді мектептерді ашып жатыр, біз солармен серіктестікте жұмыс істей бастадық. Қазіргі уақытта мектептегі жобалардың көпшілігін сол кісі жəне оның командасы құрған. Ал «Astana Hub» жайлы естіген боларсыз, ол IT стартаптарға көмегін тигізіп жүрген керемет жер.

– Мектептің негізін кім қалады? Командада неше адамсыздар?

– Мектептің негізін Umit Fund Non-Profi t Organization қоры қалаған. Бұл қор мектепті қаржыландырады, яғни мектептің толық инвесторы. Сондықтан да мектепте оқу тегін. Қазіргі уақытта мектептің ашылуымен айналысып жүрген тобымыз сегіз адамнан құралған. Жеке-жеке атап өтсем, алдымен, Дагар Давлетов – Iowa State University (АҚШ) оқу орнында computer science мамандығын оқып бітірген. Бұл мектептен бұрын Method бағдарламалау мектебінің негізін қалаған. Қазір «Alem School» басқармасының төрағасы.
Мадина Лаушева – мектептің операциялық директоры, Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің түлегі. Көп жыл Назарбаев Университетінде жұмыс істеген.

Сакен Мұқанов Назарбаев Университетінде оқиды. Еңлік Бокина – Dubai Synergy
University түлегі. Алимухамед Тілекбай мен Абылайхан Зулбухаров екеуі де Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін тəмамдаған. Адилям Тілегенова – СДУ студенті. Дагар мен Мадинадан басқамыз Киев қаласында білім алдық.

– Мектепке қабылданған оқушылардан не күтесіздер?

– Бізде оқып бітірген түлектер web developer, game developer, data scientist, software architect, machine learning specialist деген мамандықтар алып шығады. Мəн беріп қарасаңыз, бəрі дерлік ІТ саласы. Біз студенттеріміздің уақытын тиімді қолданып, қысқа мерзім ішінде өз ісін жетік меңгеріп, жан-жақты IT маман болуын күтеміз.

– Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Алдымен Астанадағы alem мектебін жақсылап құру. Сосын студенттер өздерін жақсы көрсеткен жағдайда мектепке қабылдайтын оқушылар санын арттыруды жоспарлап отырмыз.

– Əңгімеңізге рақмет, істеріңіз оң болсын!

Қания ТАБЫС,
СДУ студенті.

Ұлан» газеті, №37
10 қыркүйек 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз