Достар, «Асыл арна» телеарнасынан көрсетілетін «Үлкен үй» сериалын көресіңдер ғой? Бірнеше жылдан бері эфирде жүріп жатқан сериалдың ютубтағы көрсетілімінің өзі 15 миллионға жетіпті. Демек, іздеп көретін көрермен де көп. 9 қазаннан бастап сериалдың 5-маусымы басталды. Əр маусым 10 бөлімнен тұрады.

«Үлкен үй», біріншіден, Шымкентте түсіріліп жатыр. Сондықтан да шығар, халықтың жүрегіне жетіп жатқаны. Оңтүстік бала санының көптігімен, отбасында дəстүрді берік сақтауымен, туыстық қарым-қатынастың үйлесімді болуымен ерекшеленетін, кəсіптегі бəсеке секілді жақсы қасиеттерді сіңірген өңір. Сол ортада жүрген актерлар ойнағаннан кейін бе, сериал шынайы, сенімді шығып жатыр. Сериалды Алматыда да түсіруге болатын еді. Бірақ адамдардың
атмосферасы сериалдан сезіліп тұрады. «Асыл арна» соңғы жылдары діни-ағартушылықтан гөрі отбасылық-ұлттық құндылықтарға басымдық беретін болды»,
– дейді телеарна директоры Мұхамеджан Тазабеков.

«Үлкен үйдің» актерлық құрамында «Шымкент шоу», «Шаншар», «Нысана», «Алдараспан» əзіл-сықақ театрларының актерларымен бірге жаңа есімдер танылып үлгерді. Олар, əрине, біздің кішкентай кейіпкерлер. Ендеше, замандастарымызбен жақынырақ таныса отырайық. Жас актерлармен əңгімелескенде, жанымызда үлкен кісілер, яғни ата-ана, аға-əпкелері болған жоқ.
Сондықтан да олардың əңгімесі де шынайы болды.

«Әлімжеттікті екі-ақ жолмен шешесің»

Нұрислам НҰРҒАЛИ:

– 2007 жылы 20 наурызда дүниеге келгенмін. «Үлкен үй» сериалында Мəди деген баланың рөлін ойнаймын. Ол басты рөлдегі Арман деген баланың досы. Екеуіміз ылғи бір-бірімізді құтқарып, көмектесіп жүреміз. Бір сыныпта оқимыз, көршіміз.

– Ал сериалға қалай келдіңдер?

– Мен Алматы қаласында тұрамын. №180 мектептің 7 «А» сыныбында оқимын. Ал Дулат пен Нұртілек Шымкент қаласында тұратын. Екі досым Шымкенттегі кастингке, мен Алматыдағы кастингке қатыстық. Сериалға түсу үшін Алматыдан Шымкентке барып жүрдім.

– Сериалға түсу үшін не істеу керек, кастингке қалай қатысады? Замандастарыңа
айта кетші…

– Мұндай сұрақтар маған көп келеді. Сондай кезде «Инстаграмнан ізде» деймін. Кастинг болып жатқанын анам Инстаграмнан көріп, маған айтты. Кастингтерден өту арқылы көптеген фильмге түстім. «Үлкен үйдің» 1-маусымы алғашқы жұмысым. Одан кейін «Асыл арнаның» роликтеріне түсе бастадым. Біраз сериалдар мен мультфильмдерді дыбыстадым. «Балапандағы» «Тентек», «Шынықсаң шымыр боларсың», «Алғыр алтау» секілді жобаларға түстім.

– «Үлкен үйде» балалар саған əлімжеттік жасайды. Ары қарай сол жағдайдан қалай шығасың?

– Оны өздеріңіз көресіздер. Өте қызық болады.

– Өмірде оқушылар арасында əлімжеттік бар ма?

– Əрине, болып тұрады. Біреу тиіп кетсе, «көзіңе қарасай» дейтіндер бар. Арасында мақтаншақтар өте көп.

– Ондай кезде проблеманы қалай шешесіңдер?

– Оны жəй сөзбен шеше алмайсың. Шешудің екі-ақ жолы бар: төбелесесің немесе
апайға айтып бересің. Мектептің артында саябақ бар. Соған барып төбелесеміз. Қыстыгүні мектептің айналасында төбелесетін.

– Шымыр болу үшін спортқа қатысатын шығарсың?

– Боксқа қатысқанмын. Содан кейін кез келген бала бірдеңе десе, өзіме сенімді болатын болдым. «Бері кел» деп тұра берем.

«Біреудің уақытын алғанға ұялам»

Дулат ИСАХ:

– Жасым 13-те. Қазір Астанада тұрамын. «Үлкен үйдің»1-маусымының кастингі
басталғанда, Шымкент қаласында тұратынмын. Онда №36 мектепте оқығанмын. Қазір Нұр-Сұлтанда №78 гимназияның оқушысымын. Кастингке барғанда «былай істеп көр, мынаны айт» деген сияқты тапсырмалар берді. Бір апта өткенде «қабылдаймыз» деген жауап келді.

Сериалда негізгі отбасының Арман деген баласының рөлін ойнаймын.

Сырт көзге фильмге түсу оңай сияқты көрінуі мүмкін. Алайда олай емес екен. Сценарийді жаттай алмай немесе түсірілім кезінде қателесіп кетсем, қатты қобалжимын. Басқалардың уақытын алдым деген ой мазалайды. Сондайда қатты ұяламын. Түсірілім кезінде қызықты оқиға көп болады. Кейде ұрыс та естіп қаламыз.

– Режиссер ұрса ма?

– Ұрысса жаман болсын демейді ғой. Керісінше, ол кісінің ұрысы, ақылы бізге мотивация береді. Ал былай ұрыспайды. 4-сыныптан бастап сериалға түсуді бастағам. Қазір 8-сынып оқимын. 9-сыныпты бітіргесін Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы мектеп-колледжге түсуге тырысамын. Өнер жолын ары қарай жалғастырғым келді.

– Басқа қандай хоббиің бар?

– Сурет салғанды, баскетбол ойнағанды ұнатамын.

– Отбасында актер бар ма, əлде актер болуды кішкентай кезіңнен армандадың ба?

– Отбасымызда актер жоқ. Анамның інісі «Үлкен үйдің» продюсері. Кастинг туралы алғаш сол ағамнан естідім.

– «Үлкен үйде» көптеген танымал актер ойнайды. Кім ұнады?

– Абай Аязбаев ағай қатты ұнайды. Харизмасы да мықты. Онымен жүрсең, ішің пыспайды. Көңілді. Жігер береді. Актерлық құрам өте қарапайым. Басында мен де олар өзінше боп қалған деп ойлайтынмын. Сөйтсек олар да біз секілді қарапайым адам екен.

«Сувенир жасап сататынмын»

Нұртілек ƏБДІҒАППАРОВ:

– Менің жасым 11-де. Шымкент қаласындағы №26 Жамбыл атындағы гимназияда 6-сыныпта оқимын. Сериалда Əсет деген баланың рөлін ойнаймын. Есет атаның, яғни Жүсіп Ақшораевтың немересімін. Инстаграм қарап отырғанда, кастинг болатынын білдім.

– Инстаграмда көп отырасың ба?

– Ішім пысқанда…

– Саған өмірде не қызық?

– Еңбек сабағы.

– Ол сабақ несімен ұнайды?

– Ағаштан домбыра, бесік жасаймыз. Маған сондай іспен айналысқан ұнайды.

– Теледидардан көргеннен кейін сыныптастарыңның реакциясы қандай болды?

– Олар «шок» болып қалды. 4-5-сыныптарда маған «прикол» тастай бастады. Жеңіс деген жан досым бар. Сол еңбек сабағында: «Жұлдыз», бері келші, көмектесіп жібер», – дейді. Мен оған ренжімеймін.

– Мектептегі қоғамдық шараларға жиі қатысасың ба?

– Иə, əн айтып, ойындар жүргізіп, белсенді атсалысамын. Бұл жағынан бəрі менен кеңес сұрайды.

– Сабақтан жиі қаласың ба?

– Иə. Мысалы, 5-сыныпта 2 айдай ғана мектепке барған шығармын. Қалған уақытым түсірілім алаңында өтті.

– Сонда сабағыңа қалай үлгердің?

– Жеңіс досыма хабарласып, содан сұрап жүрдім.

– Сыныптастардың арасында сабақ білмей қалғанда, ұялып қалмайсың ба?

– Маған түсіністікпен қарайды.

– «Үлкен үйден» басқа қандай фильмдерге түстің?

– «Балапан» арнасындағы «Теңбіл доп», «Астана» арнасындағы «Келіндер» сериалына түстім. Алғаш «Үлкен үйге» түстім ғой. Ол кезде кішкентаймын. Қатты ұяң болдым. Бірақ актерлыққа баулитын үйірмеге қатысатынмын. Сол жерде жаттаған өлеңім бар еді. Соны айтып беріп, кастингтен өтіп кеттім.

– Үлкен актерлардың ішінде қайсысы қатты ұнады? Саған кім көбірек көмектесті?

– Барлық актер көмектесті. Мынау жаман, мынау жақсы деп бөле алмаймын. Бірақ, Жүсіп атаның орны бөлек. Өзім соның немересі болғандықтан ба, екеуміз былайғы өмірде де жақын болып кеттік. Екеуміз күшті ойнаймыз.

– Сериалға түскенде ең қиыны не болды?

– Камераға тіке қарап қоймау қиын. Мəтін жаттау басында қиын болады, кейін үйреніп кетесің. Менің бір тəсілім бар – мəтінге бір қарап шықсам болды, ары қарай импровизация жасаймын.

– Есейгенде актерлық жолды таңдайсың ба?

– Кішкентайымнан камера алдында жүргеніммен, өскенде бизнесмен болғым келеді. Əкем де жеке кəсіпкер. Өзім де кішкентайымнан бизнеспен айналысатынмын.

– Оһо, қандай бизнес?

– Қолдан сувенирлер жасап, сыныптастарыма сататынмын.

– Сонда қыздарға арнап əшекейлер тоқисың ба?

– Жоқ, мен қыздарға сатпаймын. Ұлдар қызығатындай бұйымдар жасап, 100-200 теңгеден сататынмын. Ол кезде ақшаның да, еңбектің де құнын аса түсінбеппін. Маған сол қызық болатын.

– Қазір де қолдан бұйым жасап сатасың ба?

– Жоқ.

– «Жұлдыз» болып кеттің бе?

– Жоқ, ондай ауруым жоқ. Сыныптастарыма да бірдеңеге көмектеспей қойсам, «мə, жұлдыз ауруың ұстап жатыр ма» дейді. Əрине, оның бəрін қалжың ғой.

– Жігіттер, əңгімелеріңе рақмет! Армандарыңа жетіңдер!

Жадыра НАРМАХАНОВА

Ұлан» газеті, №37
10 қыркүйек 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз