Қазақстан жер көлемі бойынша əлемде 9-орында. Бұл тіркесті бастауыштан бастап жатқа білеміз. Ал осы кең-байтақ жердегі ресурстарды қалай пайдаланып, зерттеп жатқанымыз туралы ойланып көрдіңдер ме? Əлде бұл тек арнайы ғалымдар мен геологтардың шаруасы деп ойлайсың ба? Олай ойласаң, қателесесің. Қазақстан Республикасының азаматы ретінде сен де жер ғылымын зерттеуге үлесіңді қоса аласың. Мысалы, жақында қазақстандық оқушылар жер ғылымы бойынша өткен Халықаралық олимпиадаға қатысып қайтты. Қатысып қана қоймай, қанжығаларын медальға толтырып оралды.

Қазақстандық оқушылар командасы Кореяның Тэгу қаласында жер ғылымы бойынша өткен XIII Халықаралық IESO-2019 олимпиадасына қатысты. Олимпиадаға əлемнің 43 елінен 160-тан астам оқушы келіпті. Халықаралық байқауда 4 оқушыдан тұратын отандық құрама 5 медаль еншілепті.

Академик Ш.Есенов атындағы ғылыми білім беру қоры бағдарламасының үйлестірушісі Нұрсұлтан Нұрмұханов: «Біздің оқушыларымыз бір күміс жəне төрт қола медаль жеңіп алды. Екі қола медальді жеке есепте, тест шешу тапсырмасын жақсы орындаған Рустам Валиев пен Əмір Жолдасбеков иеленді. Ал Айбике
Жағыпарова күміс жəне қола, Рустам Валиев қола медальды қанжығасына байлады. Екеуі халықаралық команда құрамына қабылданды»,
–деп сүйіншіледі.

Ең көп алтын медаль алған оқушылар Оңтүстік Корея мен Жапониядан келген екен. Олар – жер туралы ғылым əуесқойлары. Ал Тайвань оқушылары өңір бойынша көршілерінен біраз артта қалып қойды. Австралия, Қытай, Чехия жəне Румыния командаларында бір-бір алтыннан бар. Қарап отырсақ, Жапония жер көлемі бойынша əлемде 61-орын алатын болса, Оңтүстік Корея 107-орында. Алайда, аталған елдерде жер ғылымы мен геологиялық зерттеулер жақсы жолға қойылғанын, сондай-ақ жаңа технологиялардың жақсы дамығанын байқауға болады.

IESO-2019 байқауы ұйымдастыру комитетінің төрағасы, профессор Чан Джонг Ким қатысушыларға арнаған сөзінде: «Бүгінгі ұйымдастырылып отырған IESO-2019 – əлемнің ең дарынды студенттері үшін жер туралы ғылым саласындағы болашақ мансапқа апарар жолдағы тамаша жəне беделді бастапқы алаң», – деп атап өтті. Демек, Халықаралық құрама сапына ілінген қазақстандық екі оқушыға алдағы уақытта жер ғылымымен айналысуға мүмкіндік бар.

Халықаралық байқауда бір емес, екі медаль жеңіп алған Рустам Валиев байқауда
мүмкіндігімізді толық көрсете алмадық деп отыр.

«Олимпиада қиын болды. АҚШ пен Қытайдан келген қатысушылардың
дайындығы өте жоғары деңгейде екенін байқадық. Негізі мұндай олимпиадаларда олар үнемі жоғары нəтиже көрсетеді. Басқа қатысушылар да жеңіске лайықты болды. Себебі IESO Олимпиадасына əлемнің ең үздік жас ғалымдары келеді. Біздің күн тəртібіміз, кестеміз өте тығыз болды. Сонымен қатар климаттың алмасуы да əсер еткен болар, мүмкіндігімізді толығымен көрсете алмадық. Алдағы уақытта тағы да қызу дайындалып, жер ғылымы туралы біліміміз бен тəжірибемізді толықтырамыз»,
– дейді қазақстандық құрама мүшесі Рустам Валиев.

Айта кетейік, қазақстандық командаға іріктеуді «Жас геолог» қоры жүргізген. Биыл Халықаралық олимпиадаға аттанатын отандық команданың құрамына кіру үшін еліміздің əртүрлі қаласынан 150 оқушы сынға түсті. Іріктеуден өткен 4 оқушы Кореяға аттанған. Олар – Рустам Валиев (Ақтөбе қаласы, Назарбаев зияткерлік мектебі), Алмас Искендиров (Өскемен қаласы, Білім-инновация лицейі), Əмір Жолдасбеков (Астана қаласы, Назарбаев зияткерлік мектебі) жəне Айбике Жағыпарова (Астана қаласы, №4 гимназия).

«Бұл олимпиада алдыңғы олимпиадаларға қарағанда айтарлықтай жоғары деңгейде өтті. Ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. Біздің балаларымыздың
бəсекелестік деңгейі жоғары болды. Іріктеу кезінде біз де бəсекеге қабілетті балаларды Басқа мемлекеттердің де қатаң іріктеу өткізгені байқалады. Мысалы,
Қытайдың атынан келген 4 қатысушы 10 000-нан астам үміткердің арасынан
іріктеліп алынған үздіктер екен»,
– деді қазақстандық команданың тəлімгері, «Жас геолог» қорының қызметкері Жанат Исмаилова.

Оқушылардың іріктеуін «Жас геолог» корпоративтік қоры ұйымдастырса, IESO ұлттық қазақстандық командасының бас демеушісі – Шахмардан Есенов атындағы ғылыми білім беру қоры.

IESO алғаш рет 12 жыл бұрын Кореяда өткен болатын. 2017 жылы Францияда өткен олимпиадада Қазақстанның құрамасы 3 медаль алса, былтыр Таиландта өткен IESO олимпиадасынан қазақстандық оқушылар 6 медаль əкелген. Жер туралы ғылымдар олимпиадасы 2020 Ресейдің Түмен қаласында, ал 2021 жылы Қытайда өтеді деп жоспарланып отыр.

P.S. Балалар, көрдіңдер ме, ғалым болу үшін, еліңе, жеріңе пайдаңды тигізіп, атын шығару үшін жоғары оқу орнын бітірудің, танымал ғалым болудың қажеті жоқ. Ғалым болу үшін, өзің туған жерді зерттеу үшін көзілдірік тағып, тау-тасты аралаудың да қажеті шамалы. Бар болғаны туған жерге деген махаббат, ондағы ресурстарды зерттеуге қызығушылық болса жеткілікті.

Дана МАРАТОВА

Ұлан» газеті, №37
10 қыркүйек 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз