Белгілі ғалым, математик Асқар Жұмаділдаевтың: телефон – керек емес дүние.
Уақытымды жейді. оңтайлы дейміз. Елдің телефон бар деп мен пайдалануым керек іздегендер үйіме хабарласады. Асқар анда жүр, мында тауып алады», – дегені айналды. Жөн дедік. Математиктер үшін қағаз бен қалам ғана жеткілікті. Алайда ІТ саласының маманы телефон ұстамайды дегенді естіп пе едіңіз?!.
Дастан Айтбай – солардың бірі. Жас өнертапқыштың Мəскеудегі «Яндекс» компаниясынан шақырту алғаны лезде тарады. Ал кеп Дастанды іздейік. Тіпті пікір қалдырып, құттықтаған адамдардың жекесіне шықтық. Бəрінің айтатыны – «Ол телефон ұстамайды». Қызылордадағы əріптестердің арқасында Дастанның əкесіне хабарластық. «Кездесулерді алдын ала реттеп қоятыным бар. Қалған жұмыстың барлығын компьютер арқылы шешемін. Сіздерден ұят болған екен.
Қазір сұқбаттасуға дайынмын», – деді Дастан телефонның ар жағынан.

Ұлан: Дастан, осы күнге дейін бірнеше жоба жасадың. Идеяны қайдан аласың?

Дастан: Қызылорда облыстық əкімдігі жанында ақпараттық технологиялар бөлімі бар. Осы бөлім мемлекеттің жəне жеке кəсіпкерлердің демеушілігімен инновациялық жобаларға байқау ұйымдастырады. Оған университет, колледж студенттері қатысады. Кафедрамызда хабарландыру ілінеді. Сол арқылы білеміз. Түрлі идеялардың алаңына айналған neupusti_net деген сайт бар. Ол жақта инновациялық жобаларға грант пен оқу бағдарламалары туралы жарияланады. Ғылыми жаңалықтарды содан біліп отырамын. Идея сол парақшаны ашқанда келеді. Одан бөлек қоршаған ортадағы мəселелерге де назар аударамыз. Мысалы, «Құлаққап» жобасы қоғамдағы жасөспірімдердің құлаққап киіп алып, оқыс оқиғаларға тап болуынан туған идея еді. Құлаққаптың ішіне қауіпсіздік сигналы орнатылған. Көпқабатты үйдің подъезіне кіргенде жарық жанады ғой. Ол қауіпсіздік үшін орнатылған құрылғы. Бұл құлаққап та сондай, жол полициясы, жедел жəрдем қызметтерінің сигналы естілгенде құлаққаптағы əуен автоматты түрде тоқтайды. Менің жеке жобам емес, командаммен жасадық. Жастардан құралған ІТ командамыз бар. Мұндай құлаққап 15 метр қашықтықтан көлік дабылын естиді. Сондай-ақ, осындай қашықтықта музыканы да қабылдауға шамасы бар. Əзірге құлаққаптың бір ғана данасы жасалды. Алдағы уақытта оны көбейтуге ұсыныс түсіп жатыр.

Ұлан: Мектеп бітіргеннен кейін Мəскеуде білім алдың. Ол жақтан не үйрендің?

Дастан: 2015 жылы Мəскеудегі болат жəне қорытпа институтына нанотехнология бойынша оқуға түстім. Осы мамандықты игеру арқылы ІТ саласына жол ашылды. Бұл бөлімге ақпараттық технологиялар мен кибер база кіреді. Мəскеуде жан-жақтан келген студент көп. IT мамандардың шоғырланған орны десе де болады. Ағылшын, неміс, орыстармен бірлесе жұмыс істедік. Əр елдің ерекшелігі мен ұтымды идеясы бар. Олармен тəжірибе алмасудың өзі бір бақыт. Ең мықты деген жүйемен жұмыс істеуге болатынына көз жеткіздім. 20 миллион халқы бар қалада ақпараттық шабуыл күнде жасалады. Осыған орай біз де сағат сайын жаңа тəжірибе жинауға күш салдық.

Сингапурдағы қаржы ұйымының қауіпсіздігіне жауаптымын

Ұлан: «Кафка» деп аталатын жобаңды сингапурлық инвесторлар мен шетелдік ІТ мамандар 10 мың долларға бағалапты. Ол қандай жоба еді?

Дастан: Осы күнге дейін екі жоба ойлап таптым. Бірі – «Кафка», екіншісі – safe headphones, яғни қауіпсіз құлаққап. Екеуі де сұранысқа ие болды. Бірақ «Кафка» жобасы көптің көңілінен шықты. «Яндекс» компаниясына осы жобам арқылы шақырды. Биылғы көктемде Alma Мanagement University ұйымдастыруымен өткен сайыста «Кафканы» қорғап, ақпараттық технология саласында өзекті тақырып екенін талдап, өзіндік жүйеге келтіру жайлы ұсыныс айттым. Сөйтіп, ақпараттық қауіпсіздікті сақтаудың жаңа формасын құрастырдық. Франц Кафка – шетелдің классик жазушысы. Даңқты қаламгердің өмірлік ұстанымын негізге алып, жобамды «Кафка» деп атадым. Жобаның басты ерекшелігі – хакерге шабуыл тізбегін кері қайтарып, өзін əлсіздендіреді. Яғни, жіберілген вирус бұрынғы «ұясына» барып, арқалап келген жүгі арқылы өзін-өзі жойып жібереді. Мысалы, кейбір мессенжерді бұзып, қайта қалпына келтіруге болады. Бұл жоба түрлі вирустың таралуына кедергі келтіреді. Елордада Astana Hub ғимаратында сингапурлық инвесторлардың алдында ағылшын тілінде қорғадық. Қазір бұл жоба жұмыс істеп тұр. Сингапурда жалақыға дейінгі ақша беретін онлайн қаржы ұйымы бар. Соның базасының қауіпсіздігіне жауап береді. Қауіпсіз құлаққаптың арқасында 300 мың теңге сыйақы алдым. «Кафка» жобасы Alma Мanagement University грантын жеңіп алды. Шетел жаңалықтарына мəн берсек, «хакерлер 2 миллиард АҚШ долларын ұрлапты» немесе «ЦРУ базасына шабуыл жасалды» дегенді жиі естиміз. Мұның барлығы АҚШ-та хакерлік жүйе жақсы дамығанын аңғартады. Сайттың жұмысына кедергі келтіру немесе жою өнер емес, керісінше, нағыз қылмыс. Тіпті өзге мемлекеттерде хакерді сайтты бұзғаны үшін 3-7 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Біздің жас мемлекетіміз мұндай дəрежеге жеткен жоқ. Өйткені бізде мықты хакерлер жоқтың қасы. Ал біздің мақсат – осындай хакерлік қылмысқа қарсы тұру. Осы тұста C++sharp тілінде бағдарлама негізінде сайт жасаған абзал. Өйткені бұл тіл қауіпсіз əрі қиын тілдің бірі.

Жыл сайын өтетін Нack day, Smart zholy секілді халықаралық жəне республикалық жарыстар бар. Елбасы қорының қолдауымен ашылған Smart zholy бағдарламасы бойынша жас мамандардың жеке жобасы сайысқа түсіп, жүйрік шыққандары шетелге жолдама алады. Кəсіпкерлер палатасы, Байқоңыр start-up ұйымдары көптеген ІТ жобаға демеушілік жасайды. Көп грант бөледі. Гранттың мөлшерін жас өнертапқыштар өздері қояды. Сол бойынша грант жеңіп алып, түрлі жобаларын жүзеге асырады.

Ұлан: «Яндекс» компаниясынан ұсыныс қалай түсті? Ол жаққа қызметкерлер қалай қабылданады?

Дастан: Жоғарыда айтып өткен neupusti _net сайты арқылы таптым. «Яндекс» компаниясы жазғы тəжірибе алмасу мектебіне жас ІТ мамандарын шақырды. Қатарластарымның барлығы тапсырып жатты. Емтихан тапсырып, өтіп кеттім. «Яндекстің» жұмысқа қабылдау туралы жеке парақшасы бар екен. Бекітілген талаптарына сай болсаң, өздері хабарласып жұмыс ұсынады. Мен барлық талабына сай келдім. Программалау тілі мен ағылшын тілін жетік меңгеру секілді талаптарынан сүрінбедім. Сингапурдан алған куəлік пен лицензиямды өткіздім. Маған хабарласып, «дəл сендей мамандарды іздедік» дегенде қатты қуандым. Қазір Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде электронды журналистика факультетінің 4-курс студентімін. Ақпараттың қауіпсіздігіне жауап беремін. Дипломымды алғаннан кейін бір жылға Мəскеуге кетемін. Ол жақ ұнаса, келісімшартты созамын.

Ұлан: Бəрекелді! Ата-анаң шетелде оқуыңа қарсы емес пе?

Дастан: Отбасымда əкем-анам, екі інім бар. Олар əрқашан қолдау білдіреді. Ата-анама айтар алғысым шексіз. Менің ғылым жолына қызығуым атамнан дарыған. Атам жылдар бойы ғылыммен айналысқан.

Əңгімелескен
Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

Ұлан» газеті, №37
10 қыркүйек 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз