Жақында әлеуметтік желіден «Taza Qala» жобасы туралы мәліметті көзіміз шалып қалды. Желіні ақтарып отырып сұмдық деректі оқыдық. Тұрмыс қалдықтарының қаншалықты зиян екенін естіп жүрсек те, аса қатты мән бермейді екенбіз. Бір ғана пластик өнімдерінің зияны туралы айтсақ та жетіп жатыр. Қазірдің өзінде 800-ге жуық жануар пластик заттарды жеп қою және пластиктен улану салдарынан жойылып кетпек. 2014 жылғы бағалау бойынша мұхит бетінде 268 940 тонна пластик бар деп есептелсе, ал пластикалық қалдықтарының бөлек бөлшектерінің жалпы саны 5,25 триллион тонна. Жоба туралы жақынырақ білу мақсатында осы компанияның бас директоры Аңсар Бақтыбайұлына хабарластық.

– «Таза қала – таза ел» жобасы қандай мақсатта құрылған?

– Бұл жоба 2016 жылы құрылған. Басты мақсатымыз – пластмассадан жасалған заттарды қайта өңдеу. Пластмасса 500 жылға дейін шірімейді. Оның табиғатқа келтірер залалы көп. Қазір GTI зауытының атынан жұмыс істеп жатырмыз. Бүкіл жиналған қалдықтар зауытта қайта өңделеді. Бір жағынан елге пайдасы бар жоба болса, екінші жағынан табыс көзі. Компаниямызда 400-ге жуық адам жұмыс істейді.

Алматыда Медеу, Жетісу, Әуезов аудандарымен бірлесіп жұмыс істейміз. Әкімдік мұның экологиялық жағынан көп пайдасы барын біліп, барынша көмектесіп жатыр. Арнайы қоқыс жәшіктерімізді орнатып қойдық. Тұрғындар да бұрынғыдай емес, соған сай қоқыстың бәрін бөліп-бөліп тастауға біртіндеп үйреніп келеді. Бұл қоршаған ортаның ластанбауы үшін қажет. Бұл үрдіс қалдықтарды екінші рет пайдалануға және қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Қоқысты бөлу қоқыстың ыдырауын, оның шіріп кетуін және полигондарда өрттің алдын алуға көмектеседі. Яғни қалдықтың шикізатқа айналуы, олардан жаңа өнімдердің шығарылуы, жерді ластамауы және полигондарда шіріп кетпеуі өте маңызды.

– Нақты қандай қалдықтарды қабылдайсыздар?

– Шыны бөтелкенің сегіз түрін, дәлірек айтсақ, Coca-Cola, Fanta, Sprite секілді сусындардың және Fairy-дың, сусабындардың құтысын, металдардан аллюминийді, макулатура, полиэтилен пакеттерін, ПНД канистрлерін қабылдаймыз. Модернизация жүрген соң зауытымыз алдағы уақытта жиырмаға жуық шикізат түрін қайта өңдейді. Бүгінде қалдықтардан жаңа заттар жасауға мүмкіндік беретін технологиялар бар. Өкінішке қарай, біздің елде қалдықтардың тек 5%-ы ғана қайта өңделеді. Мұның бірнеше себебі бар. Әрине, ең бірінші себеп – қоқысты сұрыптау мәселесі дұрыс жолға қойылмаған. Сонымен қатар қажетті ресурстың болмауы, күнделікті шығатын қалдықтардың көлемінің үлкендігі және адамдардың қоқыстан келетін залалдың, жалпы экологияға әкелер қаупін толық сезінбеуін айтсақ болады.

– Бұл жоба бүкіл Қазақстанды қамти ма?

– Әрине, мүмкіндігінше еліміздің барлық қаласын қамтуға тырысамыз. Алайда қазір Алматы, Нұр-Сұлтан, Талдықорған, Шымкент, Тараз қалаларынан жиі түседі. Айына шамамен 60 тоннадай шикізатты қайта өңдейміз. Біздің елде қазірдің өзінде қалдықтарды қайта өңдейтін кәсіпорындар бар. Өркениетті елдердегідей қоқысты бөлек жинау жүйесі әр аулада болғанда, тұрғындар да соған үйренеді. Біздің мақсатымыз – халықты соған үйрету. Осы жерде бір нәрсені ашық айтайын. Мұндай жобалар әлемде бар. Бірақ біздің елімізде әлі де болса танылмай, жалпыхалықтық деңгейде қолдауға ие болмай жатыр. Сондықтан әзірге шығынға ұшырап жатырмыз. Алдағы уақытта пайда түседі деп ойлаймыз. Соған нақты әрекет жасауымыз қажет.

Қызықты деректер:

• Шығыс Африкадағы Руанда елі полиэтилен пакеттерін қолдануға тыйым салған әлемдегі ең бірінші ел;

• Жер бетіндегі ең көп таралған пластик – полиэтилен. Ол жасанды материалдан жасалған. Ал целлофан – табиғи. Полиэтилен газ тәрізді көмірсутек этиленін химиялық жолмен синтездеу жолымен алынса, целлофан шикізаты ағаш целлюлозаны өңдеу арқылы алынады;

•Бисфенол А пластиктің құрамындағы қауіпті зат боп есептеледі. 2010 жылы
бисфенол А бар ыдыс қыздырылғанда немесе ұзақ уақыт сақталғанда, ол тағамға еніп, улануға әкеп соғатыны дәлелденді. Қазір бисфенол А тамақ өнеркәсібіне қатысы жоқ пластмассаның үшінші және жетінші класында кездеседі. Бір қызығы, баяндама жарияланғанға дейін Канада мен Жапонияда бисфенолы бар пластмассаны өндіруге тыйым салынған;

• Жылына 6000-ға жуық америкалық пластик қорапты ашу барысында жарақат
алады;

•Австралиялық доллар банкноттары қағаздан емес, арнайы пластиктен жасалған. 1996 жылы Австралия әлемде бірінші болып толықтай пластикалық банкноттарға көшті;

•Жыл сайын әлемде әртүрлі пластмассалар өндірісі шамамен 170 миллион тонна болады. Барлық мұнай өндірісінің 4%-ға жуығы пластмасса бұйымдарын өндіруге кетеді;

• Қоқысты қайта өңдеуден алдыңғы орындағы елдердің бірі – Франция. Олар қоқысты селекциялық жинау әдісімен қайта өңдеу арқылы 30% алюминий, 50% әйнек және дәл сондай газет қағазын өңдіреді;

• Қытайдың Шанхай қаласында мыңдаған қоқыс қабылдау орнында 2,5 миллионнан астам жұмысшы еңбек етеді;

• Жапонияда қоқыс контейнерлері қағаз, пластик, әйнек, темір, жанғыш, жанбайтын, қайта өндірілетін деп іріктеледі. Мысалы, көк дорбаға қағаз қалдықтары, жасыл дорбаға пластик қалдықтары салынады. Егер тұрғын қоқысты шатастырып салатын болса, қомақты айыппұл төлейді;

• Түркияда қоқыс тазалаушының айлығы көп. Тіпті ол банк қызметкерінен көбірек табады. Ол жақта тазалыққа жауапты адамдардың медициналық
сақтандыру, жоғары зейнетақы, қолжетімді баспана алуға мүмкіндігі жоғары.

P.S. Қалай десек те, жыл сайын тұрмыс қалдықтарының саны көбеймесе, азаяр емес. Адамзат барда қоқыс таусылмасы анық. Қазақстанда жылына 5 миллион тоннадан астам қалдық шығарылады екен. Үлкен мегаполис саналатын Алматыда жылдық қоқыстың көлемі 1 миллион тоннаға жетіп жығылады. Қоршаған ортаны қорғау, оны аялау – әр азаматтың қасиетті борышы. Тазалық адамның өзінен басталуы керек. Күнделікті тұратын үйіміздің тазалығынан бастап, айналамыздың тазалығына да мән беру біздің бұлжымас заңымыз іспетті болуы тиіс деп есептейміз.

Жандарбек ЖҰМАҒҰЛОВ

Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз