Шымкенттегі физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Қуаныш Мəден өзі құрастырған «Робот-трубочист» жобасын патенттеп алды. Робот тек кəріз құбырын емес, мұнай, газ қалдықтарын да тазалайды. Оқушы роботты екі жылда құрастырыпты. Техникалық реферат жазып, роботтың формуласы мен жобасын құрып, құжаттарын Ұлттық зияткерлік меншік институтына тапсырыпты. Көп ұзамай роботтың патенттелгені жайлы жақсы жаңалық жетіпті.

Қуанышқа хабарласып, құбыр тазалайтын робот жасауға не нəрсе түрткі болғанын сұраған едік.

– Ол кезде 7-сыныпта оқитын едім. Қаладағы ең үлкен Қонаев даңғылының бойымен сабаққа баратынмын. Сол күні құбыр жарылып, кептеліс болды. Ал мен сабаққа кешігіп қалдым. Құбырдың қай жерден жарылғанын ешкім білмейді. Жұмысшылар көшенің бəрін қазып тастаған. Өзімді ойландырған сұрақ болса, қағазға түртіп алатын əдетім бар еді. Үйге келе сала, құбырдың қай бұрышы жарылғанын қалай білуге болатынын іздедім. Өкініштісі, бұл мүмкін емес екен… Назарбаев мектебінде жақсы үрдіс көп екен. Оқушылар ең кемі үш үйірмеге жазылуы тиіс. Робототехника, домбыра жəне спорт үйірмесін таңдадым. Домбыра тарта білу міндетім деп білемін. Спортта суда жүзуді таңдадым. Жүзумен кəсіби түрде айналысқаныма он жыл. Робототехникаға қызығушылықты ұстазым Берік Мырзабаев оята түсті. Құбыр туралы ойымды алғаш рет ағайыма айттым.

Ұлан: Ең бірінші қандай робот құрастырдың?

Қуаныш: Кубик-рубикті құрастыратын робот жасадым. Үйірмеде жоғары сыныптың оқушыларымен бірге отыратынбыз. Олардың бағдарламамен жұмыс істегендеріне қарап, қызығатынмын. Мектепішілік робототехника жарысында жеңіске жетсең, жоғары сыныптың оқушысымен бірге жарыстарға, қосымша сабақтарға жіберетін. Кезекті жарыста жеңіске жетіп, Қостанайға бір айға жарысқа əрі оқуға бардым. 7-сыныпта Робосумо республикалық робототехника жарысында отызға жуық команданың ішінен 3-орын алдым. Сумоның іс-қимылын жасайтын робот құрастырдым. Ресейлік мамандардың дəрісін тыңдадым.

Ұлан: Қазір НЗМ-де оқуды армандайтын балалар көп. Оқуға қалай дайындалдың?

Қуаныш: Əрине, өз еркіммен. Ата-анам күштеп оқытқан жоқ. Интернетке қарсы болатын. «Керек емес сайтқа кіріп, уақытты босқа өткізесің» дейтін. Күні бойы атамның ескі машина сарайында ойнайтынбыз. Май басқан темір құралдардан машина жасап, қиялға ерік беретінбіз. Сүйікті пəнім – математика. Кітапханаға барып, кітап оқыдым, интернет арқылы дайындалдым. Қазақ тілінен қосымшаға бардым. Ата-анама «курсқа баруым керек» деп салмақ салған жоқпын. Робот құрастырып жүргенде кейбір керекті ақпараттар ағылшын тілінде шығатын. Өзімнің білімімді шектемеу үшін ағылшын тілін меңгеруім керек деген мақсат қойдым. Қазір IELTS деңгейім – 7.

Əлемде құбыр тазалайтын роботтар жоқ. Патентті де сол себепті алдым. Қазақстан мұнай өндіруде 2025 жылға қойған мақсатқа осы роботтың көмегімен жете алады. Өйткені біздің мұнай ауыр сутекті, ішінде парафин көп. Сапасы жағынан екінші сұрыпты мұнайға жатады. Cұйық болмағасын құбырда бітеліп қалатын жағдайлары болады. Осылай мұнайдың қуаттылығы төмендейді. Кəріз құбырына да солай түрлі заттар тұрып қалады.

Мектепішілік жарыста жеңіске жеткен соң Астанаға жолдама алдық. Пойызда қалалық су арнасының маманымен таныстым. Ол кісі құбырға қатысты көп нəрсе біледі екен. Маманның пікірін ескере отырып, кейбір тұстарына өзгерту жасадым.

Ұлан: Стартап байқауларға қатысып көрдің бе?

Қуаныш: Иə, «робот-трубочистпен» көптеген жарысқа қатыстым. «3.2.1 СТАРТ» жарысына қатысып, 1 миллион теңге ұтып алдым. Ақша болған соң роботты тағы дамыттым. Биыл ғылыми жобалар бірлестігінің халықаралық орталығы ғылымға ұмтылатын жастар арасында іріктеу жүргізді. Сəті түсіп, іріктеуден өтіп, екі аптаға Қытайға оқуға бардым. CASTIS-2019 халықаралық жарысында инженерлік ғылымдар категориясында 2-орын алдым. Əлемнің алпыс елінен келген алты жүзге жуық талапкер қатысты. Ғарыш кеңістігі, авиамодель туралы оқыдым.

Ұлан: Алға қойған мақсатың қандай?

Қуаныш: Əмбебап құбыр тазалағыш роботты өндіріске енгізсем деймін. Бір құрылғыны жасау үшін шамамен 3-4 миллион теңге қаржы қажет.

Ұлан: Сəттілік тілейміз!

Гүлфарида
ЗЕЙНУЛЛИНА

Ұлан» газеті, №37
10 қыркүйек 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз