28 тамыз күні Конституция күніне орай Шымкент қаласында республикалық айтыс өтті. Əр өңірден келген 12 ақынның арасында бас жүлдені шымкенттік Қажымұқан Абзал алса, 1-орынды Түркістан облысы, Арыс қаласындағы М.Мəметова атындағы мектептің 11-сынып оқушысы Нұрмахан Жақыпбек иеленді. Жас бөрінің аяқ алысын аңдып, шабысына сүйсінген көрермен «Екінші Бекарыс Шойбегіміз» деп атап жатыр. Əлеуметтік желілерде жас айтыскерге жақсы баға беріп жатқандар да көп. Нұрмаханды əңгімеге тарттық…

– Қай жастан бастап айтысып жүрсің?

– 8-9-сыныпта Шымкент қаласындағы Батырбек Өтеп атындағы дарынды балаларға арналған өнер мектеп-интернатында оқыдым. Сол кезден айтыса бастадым. Оған дейін тек өлең жазып жүргем. Мұхтар Ниязов, Бекарыс Шойбеков секілді ағалардың айтыстарын көріп, солар сияқты болсам деп армандайтынмын. Шымкентте Қажымұқан Абзалов, Бекмұрат Анарбаев, Маржан Есжанова, Анар Жаппарқұлова сияқты аға-əпкелерімнің жанында жүріп, айтысқа бет бұрдым.

– Осы уақытқа дейінгі ең үлкен айтысың Шымкент қаласындағы айтысың ғой?

– Иə, бұл республикалық айтыс болды. Оған дейін облыстық айтыстарға қатысып, бірінші орын, бас жүлде алып жүрдім.

– Республикалық айтыста топ жаруыңа ненің көмегі көп болды?Қалай дайындалдың?

– Өнер мектебіндегі ұстаздарым айтысқа шығуыма себепкер болды дедім ғой, ал Шымкенттегі айтысқа Біржан Байтуов аға шақырды. 5 күн ғана дайындалдым. Ұстаздарым қалада болған соң бұл айтысқа өзім ғана дайындалдым.

– Қандай шумақтарың елдің ықыласына бөленді?

– Қарсыласыма жасаған бірінші шабуылым, сосын ол құлағыма тиіскенде қайтарған жауабымды жақсы қабылдаған сияқты.

– Өзің арыстықсың. Қалада болған оқиғаны жырыңа арқау еткен шығарсың?

– Қарсыласым – Нұр-Сұлтан қаласындағы «Шабыт» ұлттық өнер академиясының студенті Аян Ниязбек болды. Ол маған «Арысты сен жардың» дегендей шумақтарымен «тиісті». Əрине, оған ашына жауап бердім.

…Қаншама отбасыны отқа орады,
Тілсіз жау талайларды тілгіледі.
Шаңырағын түсірді ортасына,
Үйлерін енді ғана «зың» ғып еді.
Қалаға ел оншақты күн кіре алмады,
Оңайлықпен табылмай құрғыр емі.
Сол он күн он жылдай боп созылды ғой,
«Келін» сериалындай үндідегі.
Ал ағам: «Бомбежкамен жардың ба?» – деп,
Болмашы нəрсені айтып дүрлігеді,
Ашынған ел ешкімді аямайды-ау,
Баланың осы боп тұр бір білері.
Егерде жарған болсам расында,
Менің де сау қалмасым шындық еді…
– деп жауап бергенім есімде.

– Қай айтыскерді үлгі тұтасың? Кімнің жанкүйерісің?

– Мұхтар Ниязов ағама ұқсағым келеді. Сол кісінің мақамымен айтпасам да, айтысу мəнері ұнайды.

– Айтыста қандай жаңалық жасағың келеді?

– Айтыскерлердің жолын жалғастырып, өнерді өлтірмей алып жүрсек, соның өзі жаңалық шығар деп ойлаймын.

– Айтыскерге ең басты керегі не деп ойлайсың?

– Ізденіс шығар…

– Ал өзің ізденесің бе?

– Айтыс көремін жəне оларды жаттауға тырысамын. Көркем əдебиетті оқимын.

– Өзіңмен қатарлас айтыскерлердің өнерін қарап тұрасың ба? Замандастарыңның аяқалысы туралы не айтасың?

– Өнер мектебіндебірге оқыған достарым бар. Қазығұрттық Ерасыл Жақсыбектің
суырыпсалмалылығы күшті. Сосын шаяндық Рахат Аманның да аяқалысы жақсы.

– Оқуды бітірген соң басқа салаға барасың ба, əлде айтысты жалғастырасың ба?

– «Шабыт» ұлттық өнер академиясына түскім келеді.

Əңгімелескен
Асылан БІРЖАНҰЛЫ

Ұлан» газеті, №37
10 қыркүйек 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз