Бокстан 2019 жылғы әлем чемпионаты 8-22 қыркүйек аралығында Ресейдің Екатеринбург қаласында өтеді.

Бас бапкер Ғалымбек Кенжебаев бастаған ұлттық құрама 6 қыркүйек күні Нұр-Сұлтан қаласынан ұшып кетті.

Құрама боксшылары:

52 келі: Сәкен Бибосынов

57 келі: Қайрат Ерәлиев

63 келі: Зәкір Сафиуллин

69 келі: Абылайхан Жүсіпов

75 келі: Тұрсынбай Құлахмет

81 келі: Бекзат Нұрдәулетов

91 келі: Василий Левит

+91 келі: Қамшыбек Қоңқабаев

Жақында ұлттық құрама Нұр-Сұлтан қаласында әлем чемпионатының алдында соңғы дайындықтарын пысықтап, оқу-жаттығу жиынын өткізді. Біз бас бапкермен және боксшылармен кездесіп, чемпионат алдындағы пікірлерін сұрадық және сәт-сапар тілеп қайттық.

Ғалымбек Кенжебаев, бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері:

– Команданың дайындығы жақсы өтті. Барлық боксшылар бабына еніп келеді. Жаттығу жиыны жоспар бойынша өтті. Алға қойған міндеттердің бәрін атқардық. Жарақат алған жігіттер де Алматыда емделді. Бұл жиында барлығы да болды. Жаттығу жақсы әсерін бергені сөзсіз. Одан кейін Нұр-Сұлтанда тағы бір жиын өткізіп, енді, міне, әлем чемпионатына ұшып барамыз.

– Боксшылардың қарсыластары қашан анықталады?

– 8 қыркүйекте әлем чемпионатының жеребесі тартылады, кім кіммен жұдырықтасатыны сол жерде анықталады. Әрине, бәсекелестік өте жоғары. Негізгі қарсыластар – Ресей, Куба, Өзбекстан боксшылары. Сондай-ақ АҚШ, Үндістан, Корея құрамалары да мықтылар қатарында. Еуропа құрамаларынан ағылшындарды ерекше атап өтуге болады. Франция мен Әзербайжан боксшылары да қаражаяу емес. Біздің спортшылар дайын. Кез келгені жоғары нәтиже көрсетуге әзір. Егер жеребе сәтті болып, жарақаттан сырт айналып өтсек, ел намысын абыроймен қорғаймыз деп ойлаймын.

–81 келіде таңдау неліктен Бекзат Нұрдәулетовке түсті?

– Бекзат Нұрдәулетов бұрын 91 келіге дейін салмақта бокстасқан. Бірақ оның қазіргі салмағында бәсекелестік аса жоғары емес. Президент кубогында финалға аса қиналмай шықты. Алайда шешуші сындағы кездесу өткен жоқ. Өйткені бір облыстың екі боксшысы финалда кездесетін болды. Қарсыласының жарақаты болып, жекпе-жектен бас тартты. Жаттықтырушылар кеңесінің шешімімен болашағынан үміт күттіретін жас боксшыға мүмкіндік беруді жөн көрдік. Ол – 2016 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионатының жүлдегері, Қазақстан чемпионатында екінші орын алғаны тағы бар.

– Тағы бір күтпеген шешім – 52 келіде Сәкен Бибосыновтың әлем чемпионатына қатысатындар тізіміне енуі.

– Мен мұны күтпеген жаңалық деп айта алмаймын. Сәкен Бибосынов – ел спартакиадасының жеңімпазы. Оның үстіне, Президент кубогында топ жарған. Дәл сол турнирге Әнуар Мұзапаров та қатысып, Сәкеннен ұтылды. Сондықтан Бибосынов дәл қазір құраманың үздігі болып тұр.

Абылайхан Жүсіпов, 69 келідегі боксшы:

–  Әлем біріншілігіне дайындық деңгейі жоғары. Жаттығу жиынының бірінші кезеңін тауда өткіздік. Тауда күш жинауға арналған жаттығуларға баса назар аударылды. АІВА базасында жалпы физикалық дайындыққа көңіл бөлдік. Бүгінде елордамызда жаттығу жиынының екінші кезеңі өтіп жатыр. Барлық спортшы бабында. Көңіл-күйіміз де тамаша. Ресей шаршы алаңынан жақсы нәтижемен ораламыз деген ойдамыз. Менің мақсатым – жеңіс тұғырынан көріну. Қарсыластарымның қарқыны жақсы. Ресей, Куба, Өзбекстан мен Англия спортшыларынан қауіптену керек.

Қайрат Ералиев, 56 келідегі боксшы:

– Әлем чемпионатына жақсы дайындалдық. Жыл басынан бері бірнеше оқу-жаттығу жиыны кезең-кезеңімен өтті. Биылғы әлем чемпионаты біз үшін өте сәтті болады деп үміттенемін. Жігіттердің бәрі де әлем чемпионатына тыңғылықты дайындық жүргізді. Қарсыластарымыз да осал емес. Негізінен Ресей, Куба, Үндістан, Англия, Украина құрамаларының боксшылары. Жанкүйерлер бізден жақсы нәтиже күтіп отыр. Сол сенімді ақтауға тырысамыз.

Қайрат, құрамадағы әлем чемпионы деген атағы боксшысың. Бұл қосымша жүк артпай ма?

– Әрине, әлем чемпионы болып бару және сол атақты қорғау өте ауыр. Дайындығымыз жақсы, адамның бәрі үмітшіл келеді. Біз де жақсылықтан үміттіміз. Екі жыл бұрынғы жетістігімді қайталасам деп ойлаймын.

– Жақында Қазақстан кубогында жеңіліп қалдыңыз. Жіберген қатеңізден қорытынды шығарған боларсыз?

– Әр жарыстан кейін талдау жасаймыз. Кемшіліктерді, қателіктерді бәрін қараймыз. Президент кубогында жіберген қателігімді білемін. Соны осы дайындықта түзетіп жатырмыз.

Әлем чемпионатының күнтізбесі:

9-17 қыркүйек, іріктеу сыны (Нұр-Сұлтан уақыты көрсетілген)

Күндізгі сессия – 14.00

Кешкі сессия – 19.00

18 қыркүйек, ширек финал

Күндізгі сессия – 17.00

Кешкі сессия – 20.00

19 қыркүйек – демалыс күні

20 қыркүйек, жартылай финал

Күндізгі сессия – 17.00

Кешкі сессия – 20.00

21 қыркүйек

Финал – 17.00-20.30

Сәкен Бибосынов, 52 келідегі боксшы:

– Әлем чемпионатына дайындығымыздың бірінші кезеңі Алматы облысының AIBA кешенінде өткен болатын. Оқу-жаттығу жиындары сәтті өтті деп айтуға болады. Жаттығу барысында біраз күш жинадық. Қазіргі уақытта оқу-жаттығу жиынының екінші кезеңі Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатыр. Чемпионатқа қарқынды түрде дайындалып жүрміз. Ересектер арасындағы әлем чемпионатына алғаш рет қатысқалы тұрмын. Бұйырса, қазақтың көк туын желбіретіп, әнұранын орындатсам деген арманым бар.

– Басты қарсыластарың ретінде кімдерді айтар едің?

–Қарсыластарымыз өте мықты. Менің салмағымда 2016 жылғы Рио Олимпиадасының жеңімпазы, өзбекстандық Шахобиддин Зоиров пен 2017 жылғы әлем чемпионы, кубалық боксшы Йосвани Вейтияның деңгейі өзгелерден жоғары. Сонымен қатар Ресей боксшысы Василий Егоров та бәсекелес. Оның үстіне, жарыс қожайыны.

– Биыл Қазақстан спартакиадасының жеңімпазы атаныпсың. 52 келіде елімізде қандай боксшылар бар?

– Сабырхан Махмудов есімді жас боксшы бар. Өте талантты. Сосын Әнуар Мұзапаровты айта аламын. 2018 жылы Қазақстан чемпионатының финалында Әнуардан ұтылып қалған болатынмын. Сөйтіп ол құраманың бірінші нөмірлі боксшысы ретінде Азия чемпионатына барды. Кейіннен құрлық чемпионатында барғанда спартакиадаға қатысқан жоқ. Екеуміздің жолымыз Қазақстан президентінің кубогында түйісті. Бапкерлер штабы осы жарыста кім жеңсе, сол әлем чемпионатына баратынын айтты. Бұл жолы менің жолым болды.

– Сәл шегініс жасасақ, өзің қай өңірденсің? Бокспен неше жасынан айналысып жүрсің?

– Түркістан облысының Сайрам ауданына қарасты Қарасу ауылында дүниеге келгенмін. Бокспен 12 жасымнан айналысып келемін. Міне, биыл 10 жыл болды. Рет-ретімен нәтижелерге қол жеткізіп жүрмін.

– Алғашқы бапкерің кім?

– Алғашында Қуатбек Қадырбай ағамыз жаттықтырды. Осы күні Мырзағали Айтжановтың қарамағында дайындалып жүрмін. Бұл кісінің тәжірибесі мол, қаншама чемпиондарды шығарды. 2016 жылдан бері Мырза ағаммен біргемін. Әлі талай белестерді бірге бағындырамыз деп ойлаймын.

Бек ТӨЛЕУОВ

Ұлан» газеті, №37
10 қыркүйек 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз