«Балаға смартфон ұстатамыз ба, ұстатпаймыз ба?» деген сұраққа әлем халқының басы қатты. Ұстатпауға мың себеп бар болса, ұстауға да мың себеп бар. Былтыр Францияда 3 жастан бастап, 15 жасқа дейінгі балаларға смартфон қолдануға тыйым салынғаны Германияда да қызу талқыланған еді. Ол жақтың педагогтары смартфонды балаға ықпал ететін күшті құрал деп есептеп, баланың зейінін төмендетіп, оқу процесіне кері әсер ететінін айтқан. Оның алдында Британияның цифрлы технологиялар министрі мектептерде смартфон қолдануға тыйым салу туралы өтініш білдірген. Кеше Ресейдің ағарту министрлігі де мектептерде смартфон пайдалануға шектеу қою туралы ұсыныс айтты. Бұл бастаманы олар халықаралық тәжірибелерге сараптама жасай отырып, көтеріп отыр екен. Білуімізше, қазір Әзербайжан, Тәжікстан, Грекия, Франция елдері оқушылардың гаджет ұстауына қатаң тыйым салған. Ал қалған елдер бұл
мәселенің бір жағына шыға қоймады.

Технологиялар ғасырында өмір сүріп жатып, ғаламтордан шектелуге әсте болмайды. Сонымен бірге онда қызықты мультфильмдер, танымдық бағдарламалар көп. Ал жасөспірімдер үшін ғаламтор пайдалану, әлеуметтік желілерде отыру өте ыңғайлы. Ол жерде жасөспірімдер өздеріне тән мәселені еш қиындықсыз шешіп, сырласады. Сансыз сұрақтарына жауап таба алады. Көзқарастарын ашық айтып, белсенді бола алады. Бұл олардың тұлға ретінде қалыптасуына оң әсерін тигізетіні анық. Бірақ ескерусіз қалдыруға болмайтын бір қауіп бар. Олар: уақыт жоғалту, тәуелділік, кибершабуылға ұшырау, күйзеліс, тіпті радикализмнің де құрбаны болу тікелей ғаламтордан тарап, туындап отыр.

Смартфонның психика мен денсаулыққа зияны шаш-етектен екенін біле отырып, бір шешімге келе алмай отырған елдің бірі – Қазақстан. Мектептерде смартфон ұстауға рұқсат беру-бермеу мәселесі мектеп басшылығының құзырында. Мектебіне темірдей тәртіп орната алатын директор, сабақ басталарда оқушылардан телефондарын жинап алатын қатал мұғалім көп деп айта алмаймыз. Бірыңғай ереже болмағандықтан, тәртіптің ала-құла болатыны айтпаса да түсінікті.

Білім және ғылым министрлігіне кінә артып, айыптағымыз келіп тұрған жоқ. Бірақ әлем жұртшылығы дәл осы мәселе бойынша дүрлігіп жатқанда, министр Асхат
Аймағамбетовтің: «Әр балада оқулықтың қағаз түрі болу керек. Егер олар
электронды оқулық оқығысы келсе, QR код арқылы оқулықты көшіріп алып, мектепке планшетпен, электронды кітаппен немесе ноутбукпен келуге болады», – деген сөзі пікір таластырып қойды. Кейбір ата-ана «баламыз ауыр сөмке көтермейтін болды» деп қол шапалақтаса, кейбіреулері «баламыз гаджеттерге одан әрі тәуелді болып қалатын болды» деп алаңдайды. Мектептерде оқушылар онсыз да «ажырасқандардың балалары», «толық отбасының балалары» деп бөлініп жүргенде, енді «планшеті барлар», «планшеті жоқтар» деп бөлінетін болды. Мектептерге планшет алып бару ауыр сөмкені алмастыратыны болмаса, басқа тиімділігі айтылмады. Қалам-дәптеріне әрең ие болып жүрген балақайлар планшетіне қайтіп ие болмақ? Бір үйде 3-4 баласы бар отбасылар үшін қиынға соқпай ма? Қанша дегенмен, досының планшетпен оқып отырғанын көрген бала «маған да планшет керек» деп кітабын лақтырмай ма? Дәл осы мәселені көтерер кезде Білім және ғылым министрлігі арнайы зерттеу жүргізді ме? Қазақстандағы ата-аналар мен мұғалімдердің, тіпті оқушылардың пікірі ескерілді ме? Сұрақ көп. Өкінішке қарай, жауап жоқ…

Сіз не дейсіз, құрметті оқырман?

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз