Ерте кездің өзінде-ақ алыс сапарға, саяхатқа шыққан адамдар түнде жұлдыздарға, күндіз Күнге қарап жол тапқан. Астрономиялық бақылауға бүгінде уақытты өлшеу, географиялық карталарды жасау, теңізде, əуеде, ғарыш кеңістігінде аспан шырақтары бойынша бағдар алу жатады. Астрономияның мəні бұлармен шектеліп қала алмайды. Ай мен Күн жүйесінің ғаламшарларын зерттеу өзіміздің Жерімізді тануға үндейді. Жер айналасындағы ғарыш кеңістігі мен Жерге жақын маңдағы аспан денелері қазірдің өзінде-ақ адам қызметінің шеңберіне еніп отыр. Болашақта ғарышты игеру адам баласының өмір сүру ортасын кеңейтеді, экологиялық көкейтесті мəселелерді шешуді жеңілдетеді. Астрономия – ғалам сыры. Жаһанда бақыланатын жұлдыздардың саны септиллион шамасында екен. Ғалымдардың айтуынша, жай көзбен аспандағы бес мыңдай ғана жұлдызды көруге болады. Жердің бір жағынан олардың тең жартысы ғана көрінеді. Аспан əлемінің көркі саналатын жұлдыздар туралы деректер қайда бар? Оларды кім зерттейді жəне зерттеу үшін кіммен ақылдасамыз?

Адам мен аспан үйлесімін зерттеген ғалым көп. Солардың бірі – əл-Фараби. Ғұлама əлем мен адамзатты түсіну, əр материяның нүктесін анықтау үшін өмірін ғылымға арнады. Оның 200-дей трактаты бар. «Жұлдыздар ғылымы» трактатына тоқталайық…

Ғылым – баршаға ортақ. Адам ғылымды үйрену арқылы əлемді таниды. «Жұлдыздар үкімі» тарауында Əбу Ысқақ Ибраһим былай деген: «Мен жұлдыздардың үкімін білуге құштар болдым, шын пейіліммен осы ғылымды меңгергім келді. Жұлдыздар туралы кітапты іздеп оқыдым. Ғылымның ақиқат екеніне көз жеткіздім. Кейбір деректердің дұрыс берілмеуі – білімнің таяздығы. Бұл ғылымның түрі болашақтың құпиясын ашады. Ұлы ұстаздың кітабы қолға тигенше
оқуым да, ойым да бір жүйеге тоғыспады. Осы күнге дейінгі іздегенімнің барлығын ұстаздың кітабынан таптым».

«Бір күні ол маған арнайы қолжазба əкелді. Ойымда жүрген біраз сауалдың
жауабын тапқандай қатты қуандым. Аспан əлеміне байланысты құнды
мəліметтер бар екен»,
 
– дейді аспан əлемінің жас зерттеушісі. Қолжазбадағы жазуда екі түрлі ғылым айтылған. Бірі жұлдыздар үкімі туралы ғылым болса, екіншісі –жұлдыздардың математикалық ғылымы. Жұлдыздар үкімі дегеніміз –болашақта жұлдыздардың жойылу қаупі мен өзара қалай араласатынын зерттейтін ғылым. Жұлдыздардың математикалық ғылымы – математика ғылымында қолданатын термин. Орналасу нүктесі мен арақашықтығын, өзара қарым-қатынасын зерттейді. Дəстүрлі жағы да бар. Құстардың ұшқан жолына қарап бал ашу, сəуегейлік жасау секілді наным-сенімдердің де рас-өтірігін зерттейді. Аспан əлеміндегі денелердің қозғалуы мен айдың тұтылуы, күннің шығуы мен батуын да анықтайды. Ғалымдардың көбі алғаш рет жұлдыздар тобына атауды аумағына қарай беріледі деп болжаған. Шумерлер, вавилондықтар мен ассириялықтарда жаратылыстану ғылымдарының негізіне енген астрономия жəне математика жақсы дамыған. Алайда көшпелі малшы мен аңшының тұрмысынан алынған, жұлдызды картаны безендіретін, жұлдыздар тобы мен жұлдыздардың атауы өзінің дала жерінде пайда болғанын құжатсыз-ақ дəлелдейді. Орыс ғалымы Владимир Сурдин: «Жаратылыстану ілімі бойынша астрология – рационалды мазмұны жоқ сабынды көбік секілді. Ғылым болжам жасаудың əдістерін жасайды, тек мистикаға жол бермейді», – деген екен.

Жұлдыз жорамалға сенесіз бе?

Əл-Фараби «Жұлдыздар үкіміндегі дұрыс жəне бұрыс нəрселер» трактатында астрология ғылымы шын ба, əлде жалған ба деген мəселе қозғайды. Мистикалық тұрғыда зерттеген ғалымдардың еңбегін сынады. Оның айтуынша, аспан денелері мен жер беті біте қайнасқан. Оларды бөліп-жармау керегін ескертті. Батыс Еуропада орта ғасырдан кейін астрология ғылымына қызығушылық арта түсті. Кеплер, Браге, Ньютон, Лейбниц сияқты ұлы ғалымдардың еңбегі ұшан-теңіз.

Ұлы ұстаз жұлдызға қарап бал ашатындарды да сынады. «Жұлдызға қарап болашақты болжайтындар – адасқандар. Өз ісінен үкім шығара алмайтындар ғана сенеді. Жұлдызнамасын оқып алып, «бүгін сапарлауға болмайды, менің күнім емес» дейтіндердің сенімі қате», – деп күйінді. Адам сенгісіз мəселе тудырып отыр дейді. Əлем құбылыстары мен ондағы адамның жай-күйі саналуан жəне əрқилы болып келеді. Олардың арасында мейірім де, қатыгездік те бар. Кімде-кім өзінің ісін табиғат құбылыстарына қарсы қоятын болса, табиғат пен адамның байланысына көзі жеткен болар еді.

Ғалымдар жұлдыздардың адам өмірі мен мінезіне ықпал етуші күші бар екенін жоққа шығарды. Дегенмен, жалған ілімнің адам санасына əсері əлдеқайда күштірек екені де даусыз.

Л.Фейербах өзінің еңбегінде: «Ғажайып құбылыс ақыл-ойды билеп алады. Ғаламаттың күші – адам ойының күші. Мұны осылай бағалау керек. Бірақ ұмытпайтын бір жайт бар. Ғажайыпқа сену адамның берекесін кетіріп, құнын түсіреді. Оның дүниені өз қалпында, қандай болса, тап сондай күйінде көруіне кедергі жасайды», – деп атап көрсеткен. Аспан əлемі, сансыз планеталар мен жымыңдаған жұлдыздар бір-бірімен қақтығыспай, өте жіңішке есеппен қозғалады. Бір-бірімен қақтығыспай, жылдар бойы бұзбай тұрған қандай күш?!. «Тартылыс» күші екенін бірден білеміз. Тіпті, барлық планета мен жұлдыздардың үлкенді-кішілі көлемі мен арақашықтығын айқындайтын тартылыс күші бар. Бұл кездейсоқтық емес, табиғаттың тудырған тылсымы екен.

Алмас БОРИС,
«Ұланның» жас тілшісі.
Атырау қаласы

Ұлан» газеті, №36
3 қыркүйек 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз