Кеше ғана жадыраған жазды құшақ жая қарсы алып, мәз-майрам боп едік. Бүгін жаз да қол бұлғап, есіктен қимай-қимай қарап тұр… Күз бір өзі келген жоқ. Білім күнін ерте келді. Білім күні – жас үшін де, кәрі үшін де мерейлі мереке, зор қуаныш. Білім күні – жас жүректердің дүрсілі. Бұл күні біреулер мектеп табалдырығын алғаш рет аттап, мектеп атты зәулім ғимаратқа имене көз тастаса, біреулер университет қабырғасына студент болып қонақтап жатыр. Бұл күні балалармен бірге мұғалімдер де, ата-аналар да бір жасап қалады. Әдемі болып киінген халық білім күнінің ажарын ашып, сәнін келтіреді.

Мұқағалиша айтсақ, тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын аяулы мектеп қабырғасы алғашқы махаббаттар мен мектеп жылдарының талай қызықтарын өзіне бұғып жатыр. Бұл қабырғадан аңғал бала білімді бозбалаға, кішкентай қыз білікті бойжеткенге айналып шығады. Мектеп партасындағы шимайлар балалық күннің қолтаңбасындай. Балалығымыздан қалған тәтті естеліктер есімізге мектебімізбен бірге оралады.

Биыл «Балдәурен-Балқаш» республикалық оқу-сауықтыру орталығында да алғашқы қоңырау соғылды. Аталған іс-шара «Мен жастарға сенемін» атты  балаларға шабыт сыйлайтын биіменен басталып, содан соң ұстаз бен оқушылардың қызықты қойылымымен жалғасты. Мұнда ұстазы шәкірттеріне білімнің маңыздылығын айта келе, оқуға қызығушылықтарын арттыратын алтын сөздерімен көрермен жүрегіне жол тапты. Жүргізушілер іс-шараны үш тілде – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүргізді. Алғашқы сөз кезегін   «Балдәурен-Балқаш» республикалық оқу-сауықтыру орталығының директоры Абдуллаев Оразалы Сейітханұлы балалар мен ұстаздар қауымына жылы лебізін білдіре отырып, жаңа оқу жылына табыс тіледі. Алғашқы қоңырауды соғу мәртебесі 5 ауысым президенті мен 1 топ демалушысына берілді. Сонымен қатар, атаулы күнде ұйымдастырушы-ұстаздарымыз оқушыларға әндерінен шашу шашты.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз