Газеттің өткен санында жарық көрген егіздер туралы материал қатты ұнады. Балалардың шынайы жауабына риза болдым. Егіздердің есімдері де ерекше екен. Менің кейіпкерім де – егіздің сыңары. Сабина Жанзақова – ұлттық нақыштағы киім тігетін ісмер қыз. Өнерді сыңары Карина екеуі би үйірмесінен бастағанымен, Сабина ғана қолөнерді жалғастырған. Ол «Іскер əйелдер қауымдастығының» мүшесі. Түрлі қолөнер байқауының жүлдегері. Сабинамен сəн əлеміне еніп, әсемдіктің құпиясын сұрадық.

– Сыңарым Карина екеуміз Ақтөбеде дүниеге келдік. Өнерден алыс емеспіз. Бала
күнімізден түрлі шараларға қатыстық. Кейін Алматыдағы технологиялық университетке грантқа түстім. Маған қолөнер- мен айналысқан ұнайтын. Қосымша сабақ алып, тігінші болуды мақсат еттім. Биыл қолөнермен айналысқаныма он жыл толады. Бала күнімде анам тігін машинасын сыйлады. Сол кезде-ақ тігінге қызығушылығым оянып, көзіме мата көрінсе болды, көйлек тіккім кеп тұратын. Біз ертегі тыңдап өстік.

Анам шашымды өріп отырып, «Күн астындағы Күнекей қыз» деген ертегіні айтып беретін. Есімде қатты сақталыпты. Қазір «Күнекей» жеке сəн үйім бар. Үш жылдан бері ұлттық нақыштағы киімдерді тігеміз. Авторлық туындыларым да көп. Жаңа бұйым дүниеге келген сайын, əсемдікке құмарлық арта түсіп, шабыттандырады, – дейді сəнгер қыз.

– Сəн үлгісі дегеніміз не? Ол тек жаңа үлгідегі киімді кию ғана емес, сонымен қатар жарасымды киіне білу жəне өзіндік стиль қалыптастыру. Қазір əркім өзіне үйлесімді киім таңдайды. Сəн үлгісі өзіндік стильмен киіну деген мағынаны білдіреді. Адамның талғамы шексіз. Бұрын біз əлемдік сəн үлгісінен екі-үш жылға қалып отыратынбыз. Қазір жастардың көзі ашық. Ғаламтордан кез келген сəнді киімді тауып, жарасымды стиль қалыптастыра алады. Біздің ел сəн əлеміндегі алпауыт елдердің ортасында тұр. Екі жақтың да стилі жарасады.

Еліміздегі жастар өмір сүрудің формуласын жақсы қалыптастырған. Сəнді болу дегеніміз – салауатты өмір салтын ұстанып, бақытты өмір сүру. Синтетикалық киімдердің ешқайсысы сəн үлгісі бола алмайды. Маман ретінде киімнің экологиялық тазалығына назар аударамын. Мен үшін басты нəрсе сол. Киімнің түсіне келер болсақ, өте ашық түсті болғанын қалаймын. «Көңілсіз», қара түсті киімдер мен əртүрлі түстің араласқанын қаламаймын.

Киім адамның көңіл-күйіне тікелей əсер етеді. Бүлдірген түсті, ашық күлгін, қызғылт түстерді ұнатамын. Сонымен қатар, көгілдір түстің сарғыш түспен араласқаны да өте əдемі қосынды. Біз сарғыш түстен бастап қараға дейінгі табиғи түстерді ұсынамыз. Мен қазір мына түс жақсы деуімнің өзі артық болатын сияқты. Себебі ол əркімнің қалауына байланысты. Медицина мамандары көңіл-күйдің денсаулыққа тікелей əсер ететінін айтады.

Сондықтан адамға жақсы көңіл-күй сыйлайтын ашық түсті киімдер киген абзал. Əр
дизайнерде классикалық киім үлгісі, классикамен араласқан спорттық киім үлгісі жəне ұлттық ерекшеліктері бар киім үлгілері болады. Ешкім ешқандай үлкен жаңалық аша алмайды. Велосипед ойлап табудың қажеті жоқ. Барлық сəн үлгісі шығып қойған. Ендігісі тек қана араластыру, барынша сұлуландырып, қолайлы ете білу ғана. Жалпы адам сұлулыққа, əдемілікке ұмтылғаннан бастап ол адам болып санала бастады, – деп ақылымен бөлісті.

Түрік қызына көйлек тіктім

Ұлттық нақышты жандандырып, бүгінгі заман талғамына сай кең етек, бүрмелі көйлектерімен елге танылып жүрген белгілі сəнгердің жетістіктері де аз емес. «Ұлттық өнерді ұлықтағанның мерейі үстем» дегенді көкейіне мықтап түйген
Сабинаның қолынан шыққан дүниелері шетелдіктерді таңғалдырыпты.

– Тіккен киімдерімді бірден танып жатсаңыздар, бұл мен үшін үлкен жетістік. Өзімнің киім үлгі лерім арқылы қазақ қызының бей несін, қазақтың тарихынан сыр шер тетін дəстүрін сомдағым келді. Сондықтан өзіндік қолтаңбамды қалыптастыра алдым деп мақтанышпен айта аламын. Ұлттық құндылықтарымызды шетел сахнасына кеңінен дəріптегім келді.

 

Киімдерімнің ерекшелігі – сəнді əрі ыңғайлы болуында. Біздің матамыз өте қымбат. Баяғыда ата-бабамыз арзан матаға ешқашан ою салмаған. Соны білуіміз керек. Кейбір нəрселерді артық қыламыз деп, тыртық қылып жатамыз. Оюларды жапсырмайтын жерге жапсырып жатқанды көргенде ыңғайсыз жағдайға түсемін. Ол маған ұнамайды. Біздің киім өзінің статусын жоғалтпауы керек. Арзан жасаймыз деп оның қасиетін, қадірін жоғалтып алмауымыз керек. Ою əрдайым қымбат матаға, яғни бетінде түгі бар матаға жапсырылған. Технологиялық процесс сақталуы тиіс. Біздің əжелеріміз оюды түгі үлкендеу, əдемі мақпалға жапсырған ғой баяғыда, ал, мақпалдың сапасы қандай болған?! Оған жапсырылған ою жіңішке болып көрінген, нəзіктігі сақталған. Ал қазір тықыр матаға да, басқаға да оюды басып тастайды. Олай істеуге болмайды. Өйтсек, жалпы балансты жоғалтамыз.

Ұлттық дүниелерімізді алып қарасаңыз, ешнəрсе бекер жасалмаған. Сəнді киіну үшін жалтылдаған көйлек кию міндетті емес. Тігісі жатық қарапайым көйлекпен де əдемі көрінуге болады. Мен ұлттық нақышты пайдалана отырып, қарапайым əрі əсем киім үлгілері арқылы да сəнді болуға болатынын көпшілікке жеткізгім келді. Бүгінгі таңда отандық өнер иелері менің киім үлгілерімді таңдап жатады. Кейде шетелден келген қонақ тар да сəн үйіме бас сұғып, ұлттық ою-өрнектеріміз бедерленген көйлектер мен əшекейлерге таң да нып жатады. Бұл мен үшін мақтаныш. Бір күні Тараз қаласына сəн көрсетіліміне шақырту алдым. Халықаралық сəн апталығы өтті. Қара нəсілді модель қыз авторлық көйлектерімді ұнатып, сахнаға киіп шықты. Сол арқылы менің əлемдік сəн əлеміне жолым ашылды. Сол жерде Түркиядан келген Айдын Асып деген сəнгер жігіт қызының ұзатылу тойына киетін көйлекке тапсырыс берді. Түркияда, Амстердамда «Сырғалым» көрмесін ұйымдастырдым. «Наурыз» коллекциясымен Испания мен Дубайға шақырылдым. Еліміздің біраз қаласында көрме ұйымдастырдым. Ұлттық киімдердің бағасын қалта көтермейді дегенді естіп жатамыз. Қазақстандық дизайнерлердің жұмысына қарағанда, менің тұтынушыларыма ұсынып отырған бағам арзанырақ. Матаны Франция мен Италиядан алдырамыз. Өте қымбатқа түседі. Жақында Алматы қаласынан екінші сəн үйіміз ашылады, – деп сүйіншіледі Сабина.

Аяулым ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА,
Қазанғап атындағы мектептің
8-сынып оқушысы.
Ақтөбе қаласы

Ұлан» газеті, №36
3 қыркүйек 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз