Торайғыр көлі

Сұлу көл өзі бұл неткен?!
Таба алмайсың жер-көктен.
Осы көлдің жағасында
Сұлтанмахмұт ержеткен.

Ақын бала бата алған,
Ақылы асқан атадан.
Ұлы баба құрметіне
Көл осылай аталған.

Көл Баянауылдағы Ақбет тауының етегінде. Суы өте тұнық, әдемі көл. Ұзындығы 1,8 км., ені 0,6 км. Торайғыр – Сұлтанмахмұттың атасы. Белгілі би, шешен болған.

Ахмет ата мұражайы

Даналығы арқасында
Көп нәрсені білген дәйім.
Алматының ортасында –
Іздесең ата мұражайын.

Қайраткер һәм өзі ғалым,
Ана тілдің жеген қамын.
Алаш үшін арпалысып,
Елі үшін қиған жанын.

А.Байтұрсынның өмірі мен шығармашылығына арналған мәдени-ғылыми мекеме. Бұл үйде 1930 жылдары Ахмет атаның өзі тұрған.

Ысмайыл ата кесенесі

Ысмайыл ата кесенесі –
Жатыр мұнда бабалар.
Сол бабалар нешемесі
Әулие боп саналар.

Жебірейіл, Қошқар ата,
Ысқақ баба да осында.
Әулиелер рухы сіңген
Киелі жер расында.

Кесене қасиетті Қазығұрт жерінде. Ысмайыл ата ХІІІ ғасырда өмір сүрген. Қ.Яссуидің ілімін жалғастырушы. Ислам ілімінің ғұламасы.

Қорғанша қалашығы

Атыраудың Қаракөл –
Ауылында Қорғанша.
Бабалар салған қала ол,
Маңызы оның зор қанша?!

Неше түрлі ол жайлы
Бізге де аңыз жетіпті.
Кезінде Асан қайғы да
Он жыл мекен етіпті.

Қалашықтың орны Қаракөл ауылының маңында. 17-18 ғасырлардың аралығында салынған. Нұралы хан салдырды деген дерек бар.

«Балдырған» журналы, №8
Тамыз, 2019

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз