«Қанша жастасың?» деген сұраққа сұрақпен жауап бергенді қызық көреміз. Қыздар қауымы өз жасынан кіші болуды қаласа, ерлер үлкен көрінсем екен дейтіні рас. Біздің өз жасымыздан бөлек биологиялық және психикалық жасымыз бар екенін білесіз бе? Сондай-ақ, әйелдер үшін репродуктивті жастың маңызының зор екенін де айта кетейік. Сонымен біз айтып отырған «жасты» қалай анықтаймыз? Мұның адам өмірі үшін маңызы қаншалықты? Бұл сұрақтарға отбасылық дәрігер Алтынай Жүнісқанқызы жауап берді.

– Биологиялық жас дегеніміз – ағзаның физиологиялық және морфологиялық жағынан көрінісі. Яғни адам денсаулығының сапасы және оның қызмет етуі. Адамның денсаулық жағдайы, еңбекке қабілеттігі өзінің нақты жасына сәйкес келмеуі мүмкін. Мысалы, әлеуметтік жағдайы жоғары және төмен екі адамды алайық. Біреуі спортпен шұғылданады, дұрыс тамақтанады, жұмысы аса ауыр емес.

Екіншісі керісінше, дұрыс тамақтанбайды, жұмысы өте ауыр. Бірінші жағдайда адам өз жасынан жас көрінуі және көбірек өмір сүруі мүмкін.

Биологиялық жасты анықтайтын тесттер бар. Соның ішінде артериялық қан қысымы, демді ұстау ұзақтығын анықтау, өзін-өзі бағалауына қарап адамның биологиялық жасын анықтаймыз. Егер биологиялық жас күнтізбелік жастан артта қалса, адам ұзақ өмір сүреді. Ал керісінше болса, өмір жасы қысқа болуы мүмкін. Мысалы, сіздің биологиялық жасыңыз – 13-те. Ал күнтізбелік жасыңыз – 23-те. Демек, ұзақ өмір сүру мүмкіндігіңіз мол.

Репродуктивті жастың маңызы қандай?

Репродуктивті жас деп әйелдің жүкті болып, бала тууға мүмкіндігі бар жасын айтады. Яғни бұл 15-49 жас аралығы. Бірақ қыз бала 15 жасқа толғаннан соң жүкті болуға дайын деген сөз емес. Қыз бала психологиялық, физиологиялық жағынан ана болуға дайын болу керек. Сонда ғана репродуктивті жасына сай болады. Негізінен қыз баланың ағзасы ана болуға 20 жастан бастап дайын болады. Дені сау ұрпақ сүйгісі келген кез келген ата-ана өз денсаулығымен қатар сәбиінің де денсаулығын ойлағаны абзал. Алдын ала тексеріліп, қажет болса емделіп, дәрігердің қадағалауымен баланы жоспарлауы саналы түрде болғаны дұрыс.

Репродуктивті жасқа толған қыз, ана боламын деп дайындалса, толық медициналық тексеруден өтуі керек. Жүктілікке алдын ала дайындалғаны дұрыс. Ал тұрмыс құрып, бір жылдың көлемінде бала көтере алмай жатса маманға қаралып, ем алғаны жөн. Кейбір жағдайларда ерімен бірге тексерілгені нәтиже береді.

Баланы қай жаста жоспарлаған дұрыс?

Кәмелеттік жасқа толмай жүкті болатын қыздар да бар. Ол өзінің және баланың
денсаулығына өте қауіпті. Дәл сол сияқты 35 жастан кейін де дәрігердің тексеруінен өтіп, баланы жоспарлағаны дұрыс. Себебі балада әртүрлі патология болуы мүмкін.

Ана мен баланың денсаулығын сақтау мақсатында әртүрлі патологияның алдын алу, түсік тастау қаупі мен ана мен бала өлімін төмендету мақсатында үнемі дәрігердің назарында
болған жөн.

Репродуктивті кезеңнің аяқталуы климакс деп аталады. Климакс – әйел ағзасындағы гормондардың өзгеруі, соның салдарынан етеккір циклы тоқтап, әйел адам жүкті бола алмайды. Бұл көбінесе 45-50 жас аралығында басталады.

Репродуктивті жас пен биологиялық жасты ұзарту үшін спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын сақтау керек. Сол кезде қартаю процесі болмайды.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, адамның іс-әрекеті, сөйлеу мәнері, қарым-қатынасы психикалық жасына байланысты. Психикалық жасты қалай
анықтауға болады, қалай қалыптасатыны туралы психоаналитик Жанар
Оспановадан сұраған едік.

Психикалық жас бәріне әсер етеді

Бала дүниеге келгеннен кейін 5 жасқа дейін қандай тәрбие берсеңіз, өмір бойы соның жемісін көресіз. Психикалық жас – адамның 5 жасқа дейін өсіп-өнуі. Мәселен, жұмысы, отбасы бар адам – екі қанаты бар деген сөз. Ол жақсы көруді, сүюді білетін және
жауапкершілігі бар адам болып есептеледі. Біздің тілмен айтқанда «невротик» деп аталады. Невротик – 3-5 жастағы баланың қалыптасатын жағдайы. «Невротиктер» өзін үнемі «мен кінәлімін-ау» деп тұрады. Қандай да бір жағдайда олар өзінің кінәсін біледі, мойындайды. Олар реалист болып келеді. Бірақ психикалық жағынан 2,5-3 жас бере аламыз.

Екінші тип бар. Олар – психотиктар. Бұл типтің екі қанаты да болмайды. Біз айтып отырған тип шынайылықты білмейді. Мысалы, бәленбай жылдан кейін президент болам деуі мүмкін. Бірақ әрекет жасамайды. Өздері үшін биік мақсаттар қояды да, әрекет етпейді. Туғаннан бастап 1,5 жасқа дейінгі деңгейде психикалық жасты бастан кешіреді. Ауырып қалса, «маған көз тиді, сөз тиді» деп айтады. Олар күйзеліске тез түскіш болады.

Ал үшінші тип бар. Бұл тип болған оқиғаға елді кінәлайды. 40-60 жастағы үлкен кісілер «бәріне жастар кінәлі, үкімет кінәлі, теледидарда өтірік айтып жатыр» дейді. Олардың
психикалық жасы – 1,5-2,5 жастағы баланың психикасы. Елдің бәрі жаман дейтін
адамдар невротик пен психотиктердің ортасындағы адамдар. Шындық бар екенін біледі, өзіне жауапкершілік алмайды, өзінен басқаның бәрін кінәлі санайды. Мұндай балалар
да бар. Мысалы, балаларды қарасаңыз, олар ойыншығын лақтырады, агрессивті
болады. Бала үшін бұл дұрыс, ал үлкен кісінің агрессивті болғаны жаман. Өйткені, ол
бала кезінде бұл эмоциясын тежеп қалған деген сөз.

Қазіргі адамдардың өмір сүру жасы ұзарды

Біразға дейін балалы болмаған ерлі-зайыптылар келеді. Сонда байқағанымыз, олардың психикалық жастары кішкентай күйінде қалып қояды. Ал кішкентай бала «бала» тумайды ғой. Кімге күйеуге тиген, ол қандай адамды іздеген, мүмкін әкесін іздеген шығар, осындай сұрақтар туындайды. Қыз-келіншектерден сұрасам, «маған қамқорлық керек» деп жатады. Ал кімге қамқорлық керек? Әрине, кішкентай балаға.

Жасынан ересек болатындар өте жақсы. Оларда жауапкершілік пен өзіне сенімділік болады, кінәсін сезінеді. Ал білімді, интеллекті жоғары адамдардың психикалық жағдайы төмен болады. Білгенін айта алмайды, біреудің алдында сөйлей алмайды. Бұл психотикалық жағдай болып есептеледі. Ал қандай адам сөйлей алмайды? Кішкентай бала сөйлей алмайды. Көп аурушаң болатын адамдардың психикасы ішіндегі ренішін, сырын біреуге айта алмағаннан болады.

P.S. Екі маманның пікірінен соң бала кездегі кез келген оқиға санада белгілі бір «ереже» қалыптастыратынын білдім. Тіпті 60-қа келсе де сол санаңдағы «ереже» жаңармауы мүмкін. Адамның өз жасынан кіші не үлкен көрінуін осымен
байланыстырамыз. Ал сіз жасыңыздың нешеде екенін білесіз бе?

Айзада ЖАЙЫҚҚЫЗЫ

Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз