90 жылдық тарихы бар «Ұлан» газеті талай адамның арманына қанат бітіріп, қаншама оқушыға бағыт-бағдарын анықтауға көмектесті. Қарапайым мысал – менің бала күнгі арманым «Ұлан» газетінде жұмыс істеу болатын. «Ұланның» арқасында мамандық таңдап, орта таптым.

Журналистикаға келгендегі мақсатым – адамдардың өмірін жақсы жаққа өзгерту, оқырмандарды армандай білуге, жоспар құруға үйрету болды. Аталған мақсат-міндеттерді қаншалықты орындап жатқанымызды білмеймін. Бірақ, оқырмандарымыздың тағдыры мен пікірі біз үшін қымбат.

Жақында «Ұлан» газетіндегі курсанттар туралы мақаланы оқып, əскери институтқа оқуға түскен Бекзат Əбдікерім есімді жігітпен таныстық. Оқиға былай болды…

Құрлық əскерлерін дайындайтын институттың оқу-жаттығу орталығына барғанбыз. Мақсатымыз – Құрлық əскерлері Əскери институтының биылғы талапкерлерінің алғашқы əскери сынақтан қалай өтетінін тамашалау. Шамамен 17-18 жастағы 300-ге жуық бозбала мен бойжеткен Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған. Олар бір ай бойы институттың оқу-жаттығу орталығында жалпы əскери дайындықтан өткен. Танк сынағы – сол дайындықтың қорытындысы. Алғашқы сынақта окопта жатқан курсанттардың үстінен танк өтіп, болашақта офицер болам дейтін əр талапкердің психологиялық тұрақтылығы, кез келген жағдайда жауынгерлік тапсырманы орындау қабілеті тексерілді. Сынақтан сүрінбей өткен курсанттарды əңгімеге тартып, өздері «полигон» деп атайтын оқу-жаттығу орталығындағы дайындық кезеңі туралы сұрадық. Біздің «Ұлан» газетінен келгенімізді естіген бір курсант қуанып кетті. «Мен «Ұлан» газетін оқимын. Осы институтқа «Ұланның» арқасында келдім ғой», – деп ағынан жарылды. Аты-жөні – Əбдікерім Бекзат. Түркістан облысының Жетісай ауданынан келіпті.

Әскери институтқа «Ұланның» арқасында келдім

«Бала кезімнен əскери қызметте істеуді армандайтынмын. Алайда, нақты қандай оқу орнына баруға болатынын, Қазақстанда əскери институтқа түсу үшін қандай талаптар қойылатынын толық білмедім. Мектепте бəріміз «Ұлан» газетін жаздырып алатынбыз. Биыл көктемде газеттен Құрлық əскерлерінің əскери институты туралы оқыдым. Оқыдым да, «осында оқимын» деген шешім қабылдадым», – дейді курсант.

Əскери институттағы мамандардың айтуынша, оқу-жаттығу дайындығынан өтіп, институтқа оқуға қабылдану үшін ҰБТ-дан шектік 50 балл жинап, бір ай бойы оқу-жаттығу сабақтарына қатысып, психологиялық сынақтан сүрінбей өту керек екен. «Əскери қызметтің лауазымына, формасына қызығып келетіндер көп, бірақ сынақтың соңына дейін шыдайтындар аз», – дейді олар.

«Əскери адам болу үшін сабақты жақсы оқығаннан бөлек, физикалық, психологиялық тұрғыдан мықты болу керек дегенді жиі еститінмін. Сондықтан, мектепте 7 жыл бойы бокс үйірмесіне қатыстым. Физикалық дайындығым жақсы деп айта аламын. Əскери институтқа оқуға қабылдану үшін ҰБТ-дан шектік 50 балл жинау керек. Мен 108 балл жинадым. Мұндай жоғары көрсеткішпен басқа жоғары оқу орнына түсуге де болады ғой деп үгіттегендер көп болды. Бірақ, мен кішкентайымнан өз таңдауымды жасап қойдым деп жауап бердім. Құрлық əскерлерін дайындайтын институттың оқу-жаттығу орталығына келгенімізге бір ай болды. Əскери өмірге үйреніп қалдым. Өзіме ұнайды. Бір ай бойы тактикалық сабақтар болды. Негізі аса бір қиындыққа тап болмадым. Тек бүгін журналистер келеді деген соң сынақ алдында сəл қобалжыдым. «Ұлан» газетінен де журналистер келеді деген соң сіздермен жолығып, алғыс айтудың сəті түсер ме екен деп күттім», – дейді Бекзат.

Қыздар қалай курсант болады?

Əскери институттың оқу-жаттығу дайындығынан өтіп жүрген қыздар да бар екен. Ең кішкентай курсант қыздың есімі – Гүлзира. 17 жаста. Шығыс Қазақстан облысынан келген.

«Менің аты-жөнім – Исабекова Гүлзира. 8-сыныптан бастап əскери өмірге қызыға бастадым.

Əкем – шахтер, анам – мұғалім. Олар менің таңдауыма қарсы келмеді. Бұл шешімге саналы түрде келгенімді түсінді. Себебі, мен үйде үнемі шешім қабылдамас бұрын көп ойланып, бəрін тыңғылықты зерттеп аламын. Машақаты көп болса да мақсатыма жетемін деп талпынып келемін», – дейді Гүлзира Бақытбекқызы.

Оқу-жаттығу орталығында қыздар физикалық жаттығуларға қарағанда теориялық-тактикалық сабақтарға көбірек көңіл бөледі екен. Алайда, əскерде тəртіп бəріне ортақ. Бір уақытта тұрып, бірге жаттығу жасап, бірдей тамақ ішеді.

«Əскери қызметте саған қыз немесе жігіт деп қарамайды. Бəрі – сарбаз.

Кейде қыз болғасын боянып, көйлек кигіміз келеді. Бірақ, саналы түрде жасаған таңдауымыз болғандықтан өз міндеттерімізді мүлтіксіз орындауға тырысамыз. Сондай-ақ, қыз бала əскерге келген соң өзін лайықты ұстауы керек. Қаталдық, ұстамдылық, шыдамдылық сияқты қасиеттер тəжірибе мен уақыттың арқасында
бойымызға сіңді», – дейді курсант қыз.

Гүлзира Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы А.Ф.Можайский атындағы əскери-ғарыш академиясына байланыс жүйесін есептеу мамандығына оқуға түсіпті. Оқу-жаттығу дайындығынан өтіп, сынақты сəтті тапсырған соң оқуын Ресейде жалғастырады екен.

P.S. Журналистер қауымы окоптың астында жатпасақ та, от пен оқтың ортасында жүрмесек те, күні бойы ашық аспан астында жүріп шаң болып, шөлдеп, шаршап қалдық. Ал курсанттар сынақтан сүрінбей өтуге барын салып, əскери киіммен жүрсе де көңілді. Бір құтыдағы суды командадағы курсанттар көз мөлшермен теңдей бөліп ішіп алды. Бірін-бірі қолдаулары да ерекше екен. Қарап тұрып, сүйсінесің. Үйге шаршап келгеннен бе, əлде еліміздің тыныштығын осындай азаматтарға сеніп тапсыруға болады деген сенімнен бе, тыныш ұйқыға кеттім.

Дана ҚАНАТҚЫЗЫ

Ұлан» газеті, №36
3 қыркүйек 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз