Футболдан Қазақстан құрамасы 2020 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясында қыркүйек айында екі кездесу өткізеді. Алдымен Кипрге қонаққа барады, сосын Ресей күтіп тұр.

Құраманың бас бапкері, чехиялық маман Михал Билек осы екі ойынға қатысатын 23 футболшының тізімін жариялады:

Қақпашылар: Дмитро Непогодов («Ордабасы»), Стас Покатилов («Қайрат»), Игорь Щацкий («Шахтер»);

Қорғаушылар: Абзал Бейсебеков, Юрий Логвиненко, Дмитрий Шомко (бәрі де – «Астана»), Ғафуржан Сүйімбаев («Қайрат»), Александр Марочкин («Қайсар»), Темірлан Ерланов, Сергей Малый (екеуі де – «Ордабасы»), Виктор Дмитренко («Тобыл»), Ян Вороговский («Беерсхот», Бельгия);

Жартылай қорғаушылар: Серікжан Мұжықов, Юрий Перцух (екеуі де – «Астана»), Айбол Әбікен, Георгий Жуков, Бауыржан Исламхан, Исламбек Куат (бәрі де – «Қайрат»), Асхат Тағыберген («Қайсар»), Тимур Досмағамбетов («Ордабасы»);

Шабуылшылар: Максим Федин («Тобыл»), Алексей Щеткин («Ордабасы»), Абат Айымбетов («Ақтөбе»);

Резерв: Владимир Плотников, Елдос Ахметов, Еркебұлан Сейдахмет, Еркебұлан Тұңғышбаев (бәрі де – «Қайрат»), Олжас Керімжанов, Аслан Дарабаев (екеуі де – «Жетісу»), Марат Быстров, Тоқтар Жаңғылышбай (екеуі де – «Ордабасы»), Думан Нәрзілдаев («Қайсар»), Руслан Валиуллин, Азат Нұрғалиев, Бауыржан Тұрысбек (бәрі де – «Тобыл»), Роман Муртазаев («Астана»).

Бұл – бас бапкердің жариялаған тізімі. Футболшы үшін ұлттық құрамада абырой саналатын. Бірақ Қазақстан құрамасында ойнаудан бас тартатындар көбейіп барады. Мысалы, Александр Меркель құжаттарына байланысты келе алмаған, Бактиер Зайнутдиновтің жарақаты бар. Ал Беларусь чемпионатындағы Брестің «Динамо» командасында өнер көрсететін Владислав Васильев бас бапкер Михал Билек өзін әзірге мазаламауды сұрапты. Фдерацияның ресми жауабы осындай. Әсіресе, Васильевтің жағдайына қатысты тақырыпты Қазақстанның және Беларусь елінің ақпарат агенттері қызу талқылап жатыр. Өйткені, футболшы азаматтығын ауыстыруды да көздеп жүрген секілді. Васильевтің Беларусь елінде тұрақты тұратынын растайтын ықтиярхаты да бар екен. БАҚ өкілдері футболшының осы жылдың қаңтар айында «Атыраудың» экс-бапкері Владимир Белявскийдің қызына үйленгенін жазып жатыр. Бұл бапкердің қарамағында Владислав бұған дейін «Энергетик-БГУ» командасында ойнаған. Неке куәлігінің арқасында Беларусь азаматтығын алу оңай болады. Сосын Беларусь құрамасында ойнауға мүмкіндік туады.

ФИФА-ның маусым айындағы жарлығында басқа елде туған футболшы сол елде екі жыл тұрақты тұрса құрамасына ойнауына болады. Әрине, азаматтық алғаннан кейін делінген. Васильев Беларусь елінде 2017 жылдың соңынан бері тұрады.

22 жастағы футболшы биылғы маусымда 17 ойында 2 гол соғып, 8 рет нәтижелі бас берген.

Владислав Васильев – 1997 жылдың 10 сәуірінде дүниеге келген. Футболдағы жолын «Шахтердің» мектебінен бастаған. Бұл ойыншыға тоқталып жатқанымыз, ол кезінде мемлекеттің қаржысымен футбол королі Пеленің отанында «Оле Бразил» бағдарламасымен үш жыл тәлім алып келген. Үш жылда бір лектің 26 жас футболшысына мемлекеттің бюджетінен 260 миллион теңге жұмсалған. Яғни, әрбір тоғыз айға 85 миллион теңге бөлінген. Оның арасында Васильев те бар. Енді әнұран орындап, құрама жейдесін киетін тұста бас тартып жатқаннан кейін осы жұмсалған қаржының есебін сұрау керек шығар. Әйтпесе, дәл осы ойыншының арқасында еліміздің құрамасының нәтижесі жақсарып кетпес.

Васильев Қазақстанға келген соң, 2015 жылы «Шахтер» сапында алғашқы ойынын өткізді. Үш жылдың ішінде 23 матчқа қатысып, «Тараз» қақпасына бір гол соққан. Алайда «кеншілер» командасы бұл жас футболшыға аса қатты сенім арта қойған жоқ. Сондықтан ол Беларусь еліне асты.

Оның жағдайы сол жақта түпкілікті өзгерді. Бірінші маусымында 10 гол соғып, «Энергетик-БГУ» командасының екінші бомбардирі атанды. Биыл жазда Бресттің «Динамосына» ауысты.

Васильев өзінің сұхбатында некесі жайлы айтудан бас тартты. Бірақ басқа сұрақтарға жауап берді.

– 3 тамыздағы кубоктың ойынынан кейін Қазақстан құрамасының бас бапкері Михал Билек хабарласты. Ол мені алдағы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіндегі екі ойынға шақырғысы келетінін жеткізді. Егер жақсы ойнап жүрсем, ондай шақыртудың болатынын білгенмін. Сондықтан ешқандай таңғалу болған жоқ.

Билек екеуіміз жақсы сөйлестік. Оған «Динамо» сапына маусым басында емес, чемпионаттың орта кезінде ауысқанымды айттым. Маған қазір команданың ойын стиліне, жаттығу процесіне бейімделу қажет. Мұнда бәрі өзгеше. Тез үйреніп кету үшін командамен көбірек уақыт өткізу қажет. Бас бапкер мені түсінді. Ойымды дұрыс қабылдап, сәттілік тіледі.

– Құрама жиынына бармау жеке қалауың ба? Мүмкін, бұл тақырыпты «Динамо» бапкерімен немесе агентіңмен талқылаған шығарсың?

– Бұл менің қалауым, шешімді өзім қабылдадым. Тағы да қайталап айтамын, жаңа командаға бейімделу қажет. Брест – мен үшін жаңа белес. Клуб алдына үлкен мақсат қойып отыр, чемпиондыққа таласқысы келеді. Ал «Энергетик-БГУ» тек жас таланттарды шыңдаумен ғана айналысады. Олардың дәл қазір бас жүлдеге таласатын қауқары да, мақсаты да жоқ.

 – Команда бапкері  Марцел Лич бұл туралы біле ме?

– Марцелдің хабары бар. Менімен сөйлескен Қазақстан құрамасының бас бапкерімен де таныс. Оған өзім осындай шешім қабылдағанымды айттым.

– Бұл шешімің үшін қорықпайсың ба? Бас тартқаннан кейін алдағы уақытта құрамаға шақырмай да қою мүмкін.

– Федерацияда кәсіби мамандар жұмыс істейді. Сондықтан олар менің қалауымды дұрыс қабылдауы тиіс. Жанкүйерлер ғана түсінбеуі мүмкін. Ал кәсіби мамандар біледі ғой.

– Беларусь мемлекеті тарапынан ұсыныстар болды дейді. Осы қаншалықты рас?

– Бұл шындыққа жанаспайтын ақпарат. Маған азаматтық ауыстыру туралы ешкім ұсыныс жасаған жоқ.

– Ал өзің Беларусь құрамасында ойнағың келе ме?

– Арандатын сұрақ қойып отырсыз, мен қазір бұл сауалға жауап бере алмаймын.

– Қазақстанға қайтып ораласың ба? Әлде Беларусь арқылы Еуропа чемпионатына ауысуды көздеп жүрсің бе?

– Дәл қазір Беларусь чемпионатын таңдадым. Сосын Еуропаға барғым келеді. «Динамомен» бірге өзімді дамытып, алға жылжуды ойлаймын.

– Болашақта Қазақстан құрамасынан тағы да шақырту күтесің бе?

– Бәрі менің көрсеткіштеріме байланысты. Мүмкін, алдағы уақытта Қазақстан құрамасына жарамайтын да шығармын.

Бұл футболшының жауабы. Федерация басшылары енді ойланар. Жалпы, тағы да айтарымыз, мемлекет қаржысы жұмсалған соң сұрауы болуы керек. Онсыз да «Оле Бразил» бағдарламасымен оқып келгендердің жетістіріп жүргені шамалы.

Бек ТӨЛЕУОВ

Ұлан» газеті, №36
3 қыркүйек 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз