Дананың анасы Мəрзия апайды ақтөбеліктер жақсы таниды. Өңірдегі есту қабілеті бұзылған балалардың қолдаушысы. «Қуаныш – дыбыста» кохлеарлы импланттағы балалар орталығының негізін қалаушы. Бес жылдан бері жүзге жуық баланың анасымен тілдесуіне себепкер болған. Осыдан он жеті жыл бұрын Данасы дүниеге келеді. «Қызыма есту қабілеті бұзылған деген диагноз қойды. Мұндайды естіген кездегі күйзелісті аналар ғана түсінеді», – дейді Мəрзия апай.

– Орталықты ашу идеясы қызым дүниеге келгеннен кейін пайда болды. Бес жасында ота жасалып, бөбегім дауысымды ести бастады. Бұл қуанышты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ауыр күндер артта қалды. Қазір Құрылыс жəне монтаж колледжінде архитектор мамандығы бойынша 2-курста оқып жатыр. Музыкалық аспапта ойнайды. Күй шерткенді жақсы көреді. Өзге балалардан еш айырмашылығы жоқ. Тек жаңбыр жауғанда ғана сыртқы құрылғыға су тимес үшін шешеміз. Ондай жағдайда құлағы естімей қалады.

Қызымызды қатарға қосу үшін əкесі екеуміз көп қиналдық. Түрлі кедергіге тап болдық. Негізгі мамандығым экономика саласын тастап, дефектологияны оқыдым. Есту қабілетінен айырылған балаларға көмек беру мақсатында үйіміздің ішінен орталық аштық. Ата-аналарға тегін кеңес пен бағыт-бағдар бердік. Екі жыл бойы үйімізден адам үзілген жоқ. Қызымыздың құлағындағы аппараттың да тілін үйреніп алдық. Өйткені аппарат бұзылса, жөндеу үшін Алматы мен Астанаға барамыз. Жол алыс. Ауыстыру үшін де біраз уақыт жоғалтамыз. Бір апта бойы бала ештеңе естімейді. Шалғай өңірде осы мəселені шешу үшін арнайы профессор мамандардан сабақ алып, аппаратты жөндеуді үйреніп алдым. Аппараты бұзылып қалса, маған жылап келеді де, «құлағыма кигіз» деп ымдайды. Оларға жөнделген процессор бергенде қуанғандарын көрсеңіз?! Кейде қажетті бөлшек те табылмай қалады. Тіпті түн ішінде хабарласып, көмек сұрайтындар бар. Қалай бетін қайтарасың?! Жөндеп беремін.

Кохлеарлы имплант дегеніміз – есту мүкістігіне шалдыққан науқастарға көмектесетін медициналық аспап. Оны орнату үшін ота жасалады. Ата-аналар отада бас сүйек ашылады деп қорқады. Бірақ теріні ғана кесіп, имплантты орнатады.

Кохлеарлы импланттау операциясы 35 мың доллар тұрады. Аппараттың ішкі бөлігі тері ішіне енгізіліп, бас сүйекке бекітіледі, ал сыртқы бөлігі құлақ тұсына орнатылады. Осы сыртқы бөлікті əр бес жыл сайын ауыстырып тұру керек, оның құны 2 миллион теңге шамасында. Осы кезге дейін ата-аналар оны өз қалталарынан төлеп келді. 2015 жылдан бастап Үкімет тарапынан қаржыландырылатын болды. Бұл бізге үлкен көмек. Кезек те күтпейсіз. Осыдан он бес жыл бұрын мұндай жеңілдік болған емес. Біз Израильде жасау үшін түрлі қиындықтан өттік. Қазір Ақтөбе өңірінде жүзге жуық бала имплант құрылғысымен өмір сүреді. Осы күнге дейін сəтсіз ота тіркелген жоқ. Бірақ көп ата-ана тəуекелге барудан қорқады. Мұндай ота медициналық нұсқаумен жасалады. Саңыраулықтың 4-дəрежесіндегі кішкентай балаларға 3 жасқа дейін ота жасатқан жөн. 3-5 жас аралығында баланың есту-сөйлеу байланысы қалыптасады.

Жарақат алып, саңырау болған ересектерге де жасалады. Мəселен, менингитпен ауырып, есту қабілетінен айырылған 19 жастағы қыз имплант орнатты. 50 жастан асып, біртіндеп есту қабілеті нашарлаған адамдар да кохлеарлы имплантация жасатып жүр, – дейді Мəрзия Сүндетиярқызы.

Демеушіміз ата-аналар мен достарымыз

Ата-ана үшін баласының денсаулығы өте маңызды. Қатарластары секілді
музыка мен табиғат үнін, тіптен қарапайым сөзді ести алмауы кімге болса да ауыр тиеді. Бір күнде бірнеше адамның сырқатын қарау да психологиялық
тұрғыдан соққы. Алайда, балалардың алғысы мен қуанышы көңілге медет. Бүгінде Мəрзия ханымның орталығын іздеп келушілердің саны күрт өскен.

– Үйіміздің ішінен орталық ашуды ойладық. Екі жыл қаражаттан қиналып, ғимарат жалдауға мүмкіндік болмады. Қазір де қаржы жағынан қиындықтар бар, бірақ жағдайымыз тəуір. «Даму» қоғамдық қоры біздің жобамызды қолдап, қаржылай көмек берді. Несие алып бастауға болатын еді, бірақ қорықтық. Өйткені біздің ұйым табыс əкелмейді. Қазір əр ғимараттағы бөлмелерді жалға алып отырмыз, серіктес ұйымдар қаржылай көмектеседі. Серіктес ұйымдардың иесі – достарымыз. Бірі қызметкерлерге жалақы берсе, екіншісі қажетті құрал-жабдықтар əкеліп береді. Ата-аналар да көмектесіп тұрады. Əр өңірден көмек сұрап, хабарласатындар да бар. Павлодар мен Қостанай, Қарағанды, Алматы қаласының тұрғындары көмек сұрайды. Телефонмен ғана тілдесе аламыз. Облыстардағы реабилитация орталықтарының мекенжайын беремін. Қазір іргеміз кеңейіп жатыр. Шағын ұйымымыз оқу-сауықтыру орталығына айналды. Оқу-тəрбие жұмыстарымен мамандар айналысады.

Сурдопедагогтар мен логопед, дефектологтар бар. Өзім техникалық жағын
қадағалаймын. Аппараттың дұрыс-бұрыстығын тексеремін. Бұзылып қалса, лезде жөндеп беруге тырысамын. Əлі де маман тапшы. Логопед пен сурдопедагогтар ауадай қажет. Мақсатымыз – реабилитация орталығы тегін əрі тəулік бойы жұмыс істейтін жүйе қалыптастыру. Қазір реабилитациялық курсты тек үш ай ғана өткізе аламыз, бұл өте аз. Біздің орталықта балалармен педагог, массажист, психологтар жұмыс істейді.

Ресейден маман алдырамыз. Оларға қаражатты демеушілер тауып береді. Оңалту жұмыстарына көп көңіл бөлеміз. Ата-аналармен тренингтер өткіземіз. Тыңдау мен сөйлеуді үйрету оңай емес. Имплант орнатқан соң, ертесіне баласын сөйлеп кетеді деп күтетіндер бар.

Имплантациядан кейін сурдопедагогтың сөздерін жаңылмай қайталаған бала болды. Бірақ, мұндай оқиғалар өте сирек кездеседі. Кейбір ата-аналар тез нəтиже көрсеткенін қалайды. Баланың тілін шығару үздіксіз жүретін процесс. Алдымен ата-аналарға көмектесеміз. Содан кейін баласына көңіл бөлеміз. Мен де өз қызыма ота жасағанда, не істерімді білмедім. Тез сөйлеп кетуін қаладым, – дейді Дананың анасы.

Балалардың сүйікті мекеніне айналған орталық күн сайын дамып келеді. Батыс өңірден жиналған құлағы нашар еститін 48 адамды 15 күндік реабилитация курсын өткізген. Əлі қаншама бала анасымен тілдесу үшін кезек күтіп тұр. Анасының жанарынан көп нəрсені ұғатын Дана да қолғабыс етеді. «Жұлдызай»
халықаралық өнер байқауында «Балбырауын» күйін орындап, жүлдегер атанып, қуанышын еселепті. Орталықта енді ғана ем қабылдай бастаған балалар да күні ертең-ақ осындай қуанышты жаңалықпен бөлісер дестік.

Дайындаған
Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

Ұлан» газеті, №36
3 қыркүйек 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз