Cыныптасым Шынайбек –
Лақпа сөздің шебері.
«Олай емес, былай деп»,
Бөсіп шыға келеді.

– Көшіп жүріп үнемі,
Қазақ қала салмаған.
Мұны көп ел біледі, –
Деді бүгін ол маған.

– Тоқта, – дедім, – сабазым,
Кім айтып жүр бұлай деп,
Бүкіл қазақ даласын
Ел жайлаған, Шынайбек!

Біреу келіп алдаса,
Дереу сеніп қаласың.
Қазақ қала салмаса,
Қайдан шықты Таразың?

Ойлап бәрін жүргейсің,
Болу үшін жан-жақты.
Қалай ғана білмейсің
Қойлық, Талхиз, Қарнақты.

Қыран құстай азатсың,
Еске бәрін тоқып ал.
Қалалары қазақтың –
Құлан, Мерке, Отырар.

Ұлы дала – ен дала –
Бабалардың мекені.
Тарихыңа кең қара,
Еске ал Бозоқ, Текені.

Жан берісіп бабалар,
Талай мәрте жауланды.
Ұмытпа сен қалалар –
Созақ, Сайрам, Сауранды.

Күнбатысқа қарашы,
Арқалаған талай жүк.
Алтын Орда қаласы –
Сайрап жатыр Сарайшық.

Түркістан мен Сығанақ –
Қазақ үшін ырыс-құт.
Тарихтан ал ұлағат,
Тілеп елге тыныштық.

Жалғанды айтып қайдағы,
Бөспе бұлай бал ашып,
Қазақстан қойнауы –
Толып жатқан қалашық, –

Деп тоқтадым, жөн көрді,
Жер шұқыды Шынайбек.
Ант-су ішіп, қол берді,
«Енді айтпаймын бұлай» деп.

«Балдырған» журналы, №8
Тамыз, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз