Тамыз айы жерлес жас палуандарымыз үшін өте табысты болды. Ерасыл Бақыт əлем чемпионы Асқар Шайхиевті еске алуға арналған Халықаралық турнирде
самбо күресінен 52 келі салмақта қарсылас шақ келтірмей, жеңімпаз атанды. Тіпті жеңімпаз атанған палуандардың ішінен жалғыз өзі су жаңа автокөлікті иемденді. Жерлес спортшымыздың жетістігін ести сала байланысқа шығып едік, ол Ресей елінде өтетін кезекті жарысқа жол жүріп кеткен екен.

Ал Жалғас Тілекқабылов болса, 8-11 тамыз күндері аралығында Ташкент қаласы маңындағы Алмалы деген жерде өткен «Белбеу» күресінен əлем чемпионатының қола медалін жеңіп алды. Жас палуанмен жүздесудің сəті түсті. Əкесімен бірге келген жас балуанның жүзінен спортшыға тəн мінезді, жастық албыртты байқадық. Спорт жолына қалай келгенін өзі баяндап берді.

– Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданындағы Жаңақала ауылында 2003 жылы шілде айының 11-інде қарапайым отбасында дүниеге келдім. 3-сыныптан бері күреспен айналысамын. Əкем Əділсейт Бижанов та бала күнінде күреспен айналысқан. Анам Əлия Дəулетқалиева əр жарысымда уайымдап, менің жарақат алып қалмауымды тілеп отырады.

Алғашқы бапкерім – Ернар Ғұбайдуллин. Ол кісінің қарауында 3-сыныптан 5-сыныпқа дейін жаттықтым. Одан əрі 9-сыныпқа дейін ауданымыздағы білікті бапкер Замир Батыровтың қоластында дайындалдым. Замир ағай күрестің түрлі əдіс-тəсілдерін үйретті. Спортшыға тəн қасиеттерді, жарыстарда сынып кетпеуді, салмақты дұрыс қууды, нағыз спортшыға тəн тəртіпті сол кісіден сіңірдім, – дейді жас палуан, жарыста жеңіп алған медалін көрсетіп. Осы жарыстың өту барысына қатысты қойған сұрағымызға палуан былайша жауап берді:

– Жарыс «By Belbogli kurash» түрінен жəне «Белбеу» күресінен өтті. Екеуінің айырмашылығы бар. Біріншісінде өзбек елінің дəстүрлі күресінің əдістері қамтылған. Ал екінші түрінде түркі тілдес елдер күрестерінің элементтері жинақталған. Мен екеуіне де күрестім. 45 келіге дейінгі салмақ дəрежесінде өнер көрсеттім. Осы жарысқа 5 келі салмақ қудым. Бірінші қарсыласым өзбек палуаны болды.

Онымен күресім біраз дау-дамай тудырды. 4-5 мəрте таза жеңіс əдісіне түсірсем де, жеңісті бергілері келмеді. Тіл де білмейсің, не айтып жатқандарын да жөнді ұқпайсың. Бірақ бағыма орай бəрі ретімен болды. Ұпай санымен жеңіп, ақырында екінші спортшымен шықтым. Тəжік палуанын да аса көп күш жұмсамай ұттым. Ауғанстан елінен келген палуаннан да айламды асыра білдім. Төртінші мəрте ортаға шыққанымда Ресей елінен келген палуанға есе жіберіп қойдым. Ұпай санымен ұтылып қалдым. Соңғы күшімді қола медаль үшін айқаста салдым. Нəтижесінде Түркіменстан елінің намысын қорғаған палуанды тізе бүктіріп, ІІІ орынның медалін мойныма тағып қайттым.

Жалғас қатысып келген «Белбеу» күресінің ережесі де ерекше екен. Қарсыласыңнан 6 ұпайға алға шықсаң жарысты тоқтатады. Ережеге сай 3 ескерту алған палуан жарыстан шығарылады.

– Жарысқа 24 елден 800-ге тарта спортшы қатысты. 9 салмақ дəрежесінде өнер көрсеттік. Атап айтар болсақ, спортшылар 45, 50, 55, 60, 65, 71, 77, 84, 90, 100, +100 деген салмақтардан бақ сынады. Бұл жарысқа қатысу үшін іріктеу биыл
Татарстан елінде 11 мамырда өтті. Сол турнирде жеңімпаз атандым. Одан кейін жарыстың алдында 15 күн Шымкент қаласындағы «Бəйшешек» оқу-жаттығу лагерінде дайындалдық. Жалпы көңіл-күйіміз де, дайындығымыз да, жарыс та жоғары деңгейде болды. Нəтижеге жетсек, ол жаттықтырушыларымыздың
еңбегінің көрінісі. Сол себепті осы кезге дейін жаттықтырған Замир Батыров ағайға, əрі қазіргі таңда күрестің қыр-сырына баулып жүрген Нұфтолла Түменов, Бірлес Есенғалиев сынды аға-жаттықтырушыларыма дəн ризамын,
–дейді Жалғас бауырымыз. Баласы атқа шапса делебесі қозып, шын жанкүйерлік танытатын əкесі де осы кезде əңгімеге араласты.

– Жарысқа қатысу үшін Елтай Айтқалиев, Саламат Сертеков есімді азаматтар жақсы қолдау білдірді. Оңтүстік өңірінде қызмет бабымен жүрген жерлесіміз Азамат Анешов Шымкент қаласынан Өзбекстанға ұлымның жарысын тамашалауға барыпты. Ол жігітке де риза болдым. Ағалары соңдарынан өсіп келе жатқан інілерінің шашбауын көтерсе мəртебе ғой. Ұлым əлем чемпионатынан қола жүлдемен оралғанда қатты қуандық. Вокзалдан күтіп алуға барғанымызда жастар мен спорт саласының қызметкерлері де күтіп тұр екен. Аз уақыттың ішінде қуанышқа кенеліп, таң-тамаша күйде жүрміз, – деп əсерімен бөлісті.

P.S. Бүгінгі таңда жетістікке жетемін, өзімді көрсетемін, елімнің абыройын асқақтатамын деген жалынды жас спортшыларға жақсы қолдау мен құрмет көрсетіліп жатыр. Жарыстағы оқиғасын айтып, ақтарыла əңгімелеген Жалғас Тілекқабыловқа аудан əкімі көп өтпей халық атынан ат мінгізіп, құрмет көрсетті. Мерейі тасыған спортшының жүзі қуаныштан бал-бұл жайнады. Болашақта Жалғастан еліміздің көк туын байрақты бəсекелерде желбірететін жақсы палуан шығарына сенімдіміз. Тек, табысқа тасымай, жаттығудан қалмай, шын спортшыға тəн сара жолда жүре берсе екен…

Жанайдар БОЛАТБЕКҰЛЫ
Батыс Қазақстан облысы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз