Дархан Ділдахан – Алматыдағы Ақсай білім-инновация лицейінің түлегі. Қазір The Chinese University of Hong Kong оқу орнында білім алып жатыр. Мамандығы – computer science. Грантта оқиды. Оқуға өз күшімен түскен. Біз одан шетелге оқуға қалай түскені жəне оқу орны жайлы сұраған едік.

– Дархан, əңгімемізді шетелде оқу жайлы бастасақ. Идея қай уақытта келді? Талпынысты қашан бастадыңыз?

– Өзім қазақ-түрік лицейінде оқығанмын. Онда көбі шетелге түсуге тырысады. Соны көріп менің де шетелде оқығым келді. 11-сыныпта IELTS емтиханына дайындалдым. Жаңа жылға дейін IELTS тапсырып, қажетті балды алдым. Бастапқыда Гонконгтағы университеттер жайлы білмедім. Сынып жетекшім менен екі жыл бұрын бітірген оқушысы Гонконгте оқып жатқанын айтты. Содан Гонконгтағы университеттерге қызығушылығым артып, сол жігітпен байланысып, қалай түсу, қандай құжаттар қажеттігі, жалпы Гонконг жайлы кеңес алдым. Гонконгтағы университеттер жайлы көп білмегендіктен, интернеттен рейтингтерін қарадым.

Алдыңғы қатарлы озық оқу орындарының бар екеніне көзім жетті. Көктемде
университеттерге тапсыруды бастадым. Бірақ бұл уақытта біраз университеттің
тапсыру уақыты жабылып қалған, яғни мерзімі өтіп кеткен. Сондықтан үш университетке ғана тапсырдым. Қажетті құжаттарды өткіздім. Арада бір-екі апта өткеннен кейін өздері сұқбатқа шақырды. Сұқбат Skype-пен өтті. Сұқбатқа факультет бастығы, International Students Office басшысы жəне профессорлар қатысты. Олар тапсырған құжаттарыма байланысты сұрақтар қойды. Содан жазда, яғни маусым айында университеттен «қабылдандыңыз, құттықтаймыз!» деген хат келді. Сол уақытта өзім де күйзелісте жүргем. Себебі ҰБТ тапсырып, Алтын белгімді қорғауға бір балл жетпей қалды… Бұл маған ауыр тиді. Соның уайымымен жүргенімде университеттен хат келіп, көңілім орнына түсті.

– Ал қандай құжаттар тапсырдыңыз?

– Құжаттарға келетін болсам, көптеген университеттің өзінің стандарттары бар. Бірінші, IELTS нəтижесін тапсырдым. Екінші, 9-сыныптан бастап мектептегі табельдерімді, аттестат өткіздім. Үшінші – олар тек білім жағына емес, мектептегі белсенділігіңе де назар аударады. Мектепте жақсы оқып қана қоймай, əртүрлі жарыстарға қатыстым. Химия пəнінен олимпиадаларға бардым. Мəнерлеп оқудан жəне спорт жағынан жарыстарға қатыстым. Осылардан алған грамоталарымды өткіздім. Сондай-ақ мектепте президенттік партияның мүшесі болдым. Оны да атап өттім. Төртінші – мотивациялық хат жазу. Құжаттарды өткізгенде осылардың бəрін ағылшын тіліне аударып жібердім.

– The Chinese University of Hong Kong оқу орнын таңдауыңызға не себеп болды? Бұл университеттің қандай артықшылықтары бар?

– Бірден үш университетке тапсырдым дедім ғой жоғарыда. Соның ішінде The Chinese University of Hong Kong-ты таңдадым. Бұл оқу орны дүниежүзіндегі беделді университеттердің бірі. Рейтинг бойынша əлемде 46-орында. Инженерия факультеті бойынша əлемде 36-орында. Одан бөлек университетімізде колледж жүйесі (college system) қолданылады. Бұл – Кембридж, Оксфорд университеттеріндегі жүйені қолданатын Гонконгтағы жалғыз университет. Бізде тоғыз колледж бар. Оның əрбірінің кітапханасы, асханасы, спорт залы бар. Университетте бакалавр мен магистранттарды, докторанттарды қосқанда барлығы 25 мың студент білім алады.

Университетімізде төрт профессор Нобель сыйлығын алған. Бұдан бөлек Chinese
University of Hong Kong-тың менің мамандығым бойынша жақсы көрсеткіштері болды. Осындай артықшылықтарын біліп, осы университетті таңдадым. Сондай-ақ университет маған толық грант ұсынды. Оқу ақысын төлейді, стипендия береді.

– Бір күндік оқу күніңізді сипаттап бересіз бе?

– Əр күнім əртүрлі өтеді. Шамалап айтсам, таңертең 7:30-да тұрамын. 8:00-8:30
аралығында университетке барамын. Сабақ бар болса сабаққа, болмаса кітапханаға барамын. Сабақтар кейде таңертең, кейде түсте, кейде кешке болады. Кітапханада үй жұмысын орындаймын, алдағы емтихандарға дайындаламын.Түсте университеттегі достарыммен бірге тамақ ішемін. Түстен кейін сабаққа барамын немесе сол кітапханаға барып демаламын. Кітапханада арнайы демалатын орындар бар. Сабақ ең кеш дегенде 6:30-да бітеді. Кешке қайтадан сабақ қараймын. Сабақ аз болып көрінгенімен, үй тапсырмасы көп. Орындап үлгермейсің. Негізінен уақытым сабақ оқумен өтеді. Демалыс күндері демалғанды құп көремін. Достарыммен бірге футбол ойнаймын. Анда-санда тауға шығамын. Жүзуге қатысамын. Жатақханада тұрмаймын, достарыммен бірге пəтер жалдап тұрамыз.

– Оқытушыларыңыз жайлы да толығырақ айта кетсеңіз…

– Гонконгтағы университетте оқытушылардың көбі қытай. Гонконгтық қытайлар.
Олардың ағылшыншасы жақсы емес. Сөйлегенде акценттері бар. Сол себептен кейде не деп айтқанын түсінбей қалуың да мүмкін. Бірақ Гонконгтағы профессорлар əлемнің үздік университтерінде PһD дəрежесін алған. Профессорлар қолжетімді деп айта аламын. Олар студенттерден өздерін жоғары санамайды. Электрон поштасына алдын ала хат жазып, қалаған уақытыңда бара аласың. Əрқашан жылы шыраймен қарсы алады. Ұмытып қалған, білмеген нəрсеңді барып сұрап аласың. Тіпті кейде тек сабақ жайында ғана емес, басқа да проблемаларың болса айтыңдар деп те айтады. Оқытушылар үй жұмыстарын орындауға, жобалар жасауға көмектеседі. Түсінбей жатырмыз десек қосымша сабақтар өтіп, қайтадан түсіндіруге тырысады. Студенттердің
идеяларына кəдімгідей көңіл бөледі. Біз алдында бір профессорды үйге тамаққа шақырғанбыз. Қарсы болмай келіп, бізбен бірге емен-жарқын отырып, риясыз əңгіме айтып кетті. Ол профессор MIT жəне University of California, Berkeley-ді бітірген. Өз саласын жетік меңгерген мықты профессор. Тек тіл жағынан акценттері болғаны болмаса, студенттермен жақсы қарым-қатынас жасайды.

– Дархан, сіз Ұлыбританияда да оқыпсыз …

– Ұлыбританияға Exchange бағдарламасымен барып, University of Liverpool-да бір
семестр оқыдым. Бағдарлама əлемнің кез келген түкпіріне, яғни сонау Америкадан бастап Жаңа Зеландия, Австралияға дейін барып бір жыл немесе алты ай (бір семестр) оқып келуге мүмкіндік береді. Университетіміз жібереді. Неліктен Біріккен Корольдікті таңдадым? Негізі Еуропаны барып көргім келетін. Ұлыбританияға барсам əрі қарай басқа мемлекеттерге барып саяхаттауға мүмкіндігім болады деп ойладым. Бір жағынан футболды жақсы көремін. Ливерпуль қаласы футболды жақсы көретін қала болғандықтан сол жаққа барғым келді. Басында АҚШ-қа да барғым келгенін жасырмаймын. Америка немесе Ұлыбритания деп екіойлы болып жүргенде, Ливерпульдан жауап келді. Сондықтан сол жаққа аттандым. Бір қызығы, Ұлыбританияда оқып жүргенде АҚШ-қа 10 күнге барып келуге мүмкіндік туды. Сол мүмкіндікті пайдаланып, АҚШ-қа бардым, Нью-Йорк қаласын көрдім.

– Гонконг пен Ливерпуль білім беру жүйесінде қандай айырмашылықтар бар?
Толығырақ айта аласыз ба?

– Гонконгта сабақтар қиын. Үй жұмыстары, жобалар, презентациялар көп. Аралық бақылаулар (midterm) жəне соңғы емтихандар (final) бар. Файнал ең көп дегенде бағаға 40-50% əсер етеді. Ал Ливерпульда, керісінше, соңғы емтиханға аса мəн береді. Мен төрт сабақ қана алдым. Соның ішінде бір сабақтың бағасы 100% емтиханға байланысты болса, басқалары 60-80% болды. Ол жақтың өзгешелігі – соңғы емтиханға қатты қарайды. Менің пайымдауымша, тек қана соңғы емтиханға мəн берген дұрыс емес. Мəселен, өзімді айтсам, жоғарыда 100% емтиханға қарайды деп бір сабақты айттым ғой. Сол сабақты семестр бойы онша оқымадым. Үй жұмысын бермеді, жоба да, ештеңе де жоқ. Тек емтиханға 1-2 апта қалғанда ғана сол сабақты қарап, дұрыстап оқи бастадым. Солай емтиханды жақсы жазып шықтым. Бұл кемшілік деп санаймын. Оқымай жүріп соңында емтиханға дайындалмай қалсаң, бір сабақты бір емтихан балы шешкені дұрыс деп санамаймын. Сондай-ақ Гонконгтағы сабақтарда бір семестрге көп ақпарат сыйғызуға тырысады. Бəрін өтіп, түсініп үлгеру керек. Осы жағынан қарағанда аспанасты еліндегі сабақтар біраз қиындау деп айтсам болады. Ал Ливерпульда өте көп тақырып өткен жоқпыз. Соның өзінде ақпараттың қызықты əрі керектісін ғана береді. Мен төрт сабақ алдым деп жоғарыда айттым ғой. Сол төрт сабақтың үшеуінде сабаққа келу, қатысуға аса қатты мəн бермейді. Сабақта мұғалімнің айтқандарының бəрі камераға жазылады. Сосын арнайы жүйеге видеосы жүктеледі. Қалаған уақытыңда үйде отырып сабақты қайталап көруге мүмкіндік бар. Басқа жағынан айтсам, өзім күтпеген жағдай – Ливерпульда қытайлар көп екен. Кейде сыныптың жартысы немесе 30-40% қытайлар болып көрінді (күлді).

– Ливерпуль жəне Гонконг… Сізге қай қала көбірек ұнайды?

– Ливерпуль қаласы өзіме қатты ұнады. Аса үлкен емес, шағын қала. Адамдарының бəрі ашық-жарқын. Басқаша айтсақ, «досым, қалайсың?» деп өздері бірінші сөйлейді. Адамдары ұнады. Жергілікті тұрғындар футбол десе ішкен асын жерге қояды. Футбол ойыны күндері достарыммен бірге барып ойынды тамашаладық. Сол жақтың жігіттерімен футбол ойнадық. Гонконгқа қарағанда адамдарының бəрі ашық екен. Негізі былай бірден үйренісіп кеттім деп айта аламын. Аса бір қиналған жоқпын. Тағы бір қызық жағдай – Ливерпульдағы университетте бірде-бір қазақ көрген жоқпын. Ливерпульда супермаркеттерге, шаштаразға барғанда да «Қай жақтан келдің? Атың кім?» деп сөйлей бастағандары адамға жағымды əсер қалдырады. Гонконгта бұл жағы сəл қиындау. Сен өзің барып сөйлемесең олар өздері сөйлемейді. Дегенмен, əр қаланың өзіне тəн ерекшелігі бар. Гонконг – шетелге шыққан алғашқы қалам. Бастапқыда ауа райының өте ыстық, дымқыл болуы мен үшін қолайсыз болды. Тамақтары да біздікінен мүлдем басқаша. Біздің елден мүлдем басқаша орта. Алғаш келген кезде мəдени шок та болды. Қазақтар да аз болды. Қазір қазақ студенттері көп. Биыл Гонконгта тұрғаныма төрт жылдан асып, бесінші жылға аяқ басады. Достарым да бар. Гонконг ұнайды. Қазір Гонконг қаласы екінші үйім сияқты болып кетті. Мұнда «өсемін» деген адамға мүмкіндік көп.

– Қазіргі уақытта Гонконгта болып жатқан жағдайлар сіздерге, яғни шетелдік студенттерге қандай да бір əсерін тигізіп жатыр ма?

– Иə, наразылық шарасына екі айдай болып қалды. Шынымды айтсам, бізге аса қатты əсер етіп жатқан жоқ. Болатын митингтердің уақыты мен орны алдын ала белгілі. Сол жерге бармасаң болды, ешқандай зияны тимейді. Бір-екі рет метро істемей қалған кездері болды, соны ғана айта аламын. Жеке басыма аса сезілген жоқ. Осы процесті біз жақпен салыстырғанда, кəдімгідей айырмашылық бар екені аңғарылады. Мəселен, бірде 1,5-2 миллион адам алаңға шықты. Соның арасында ұрыс, төбелестер болып жатады. Соны түсіріп жүрген журналистерге полиция я басқа біреу болсын, ештеңе демейді. Ешкімге тиіспейді. Дегенмен, алаңға шыққан жергілікті студенттердің қайсарлығына қарап сабақ алуға болады деп ойлаймын. Өздерінің мемлекеттері үшін аянбайды.

– Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Университет бітірген соң бір жарым немесе екі жыл жұмыс істеп, кейін магистратура оқимын деген ойым бар. Қазақстанға келемін, бұйыртса. Бірақ университет бітіргеннен кейін бірден емес. Алдымен жұмыс істеп, тəжірибе жинақтап алған дұрысырақ деп ойлаймын.

– Əңгімеңізге рақмет! Сəттілік тілеймін!

Қания ТАБЫС,
СДУ студенті.

Ұлан» газеті, №36
3 қыркүйек 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз