Достар, кішкентай кездеріңде мұғалімнің рөлін ойнап, өздеріңнен кейінгі іні-сіңлілеріңе сабақ үйреттіңдер ме? Кейбіріміз шын үйретсек, енді біріміз ойындағы рөлімізді ғана сомдадық. Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Аружан Сарбасова, Аяжан Сарбасова, Алима Жаниспаева, Айнель Садуова, Аружан Масалина, Зере Исабай есімді қыздар қазір мұғалім болып жүр. Олар – 9-11-сынып оқушылары. Алайда кəдімгідей жоспар түзіп, сабақ береді. INDIGO қайырымдылық жобасын қолға алған.

Бұл жобаның мақсаты не сонда? Өздерінен сұрап көрген едік. «Жобаның мақсаты – көпбалалы отба- сылардың балаларына ағылшын тілін үйрету. Қазіргі кезде тіл білу өте маңызды. Мысалы, біз сабақты ойын форматында өткіземіз. Себебі бұл балалардың тіл үйренуге құлшынысын арттырады. Сонымен бірге грамматиканы жан-жақты дамыту үшін əртүрлі тақырыптағы мəтіндерді оқимыз. Жобаны өзіміз ғана жүзеге асырып жатқан жоқпыз. «Бақытты отбасы» орталығы бізге барлық жағынан көмектеседі», –дейді қыздар.

Оқушы қыздар үш ай каникулда қарап жатпай, пайдалы іспен айналысуды
мақсат етіпті. Қазіргі уақытқа дейін жиырмадан астам баланы оқытқан. Ары қарай
да жобаны жалғастыруды жоспарлап отыр. Сабақты «Бақытты отбасы» көпбалалы отбасыларға арналған орталығында өткізеді. Онда ағылшын тілін үйренгісі келетін бала көп. Сондықтан жарнама жасамай-ақ тіл үйренемін деген баланы тез тауып алады екен.

Аптасына екі рет екі сағаттан дəріс береді. Қазір əртүрлі жастағы екі топты
оқытып жатыр. «Топқа адамды көп алу дұрыс емес» деп есептейді. Ұжым тату
болғандықтан, алты қыз сабақ жоспарын бірге жасап, қызықты етіп өткізеді.

«Мектепте мұғалімдеріміз мұқтаж адамдарға көмектесу туралы жиі айтады.
Сондықтан, осы жазда «осы əлемді жақсартуға өз үлесімізді қосуымыз керек,
білгенімізбен бөлісейік» деп шештік. Балалар дегенде болашақ көз алдымызға
келеді. Сондықтан соңымызда келе жатқан іні-сіңлілерімізге көмек қолын создық. Өзіміз де əлі бала болғандықтан, оқушылармен тіл табысу оңай болды. Сабақта барынша көп ақпарат беруге тырысамыз. Балалар үшін ең қызықты жəне пайдалы тақырыптарды таңдаймыз. Мысалы, əртүрлі мифтер, ғылыми жаңалықтар, супер қаһармандар жəне футбол туралы дегендей. Тақырып
қызықты болса, тілді де тез үйренуге болады.

Жобаға қатысқан балалардың көпшіл бола бастағанын, сынып алдында
сөйлеуден тартынбайтынын байқадық. Өздеріне деген сенім қалыптасқан соң тіл
үйрену де қиын болмады. Сөйтіп аз уақытта балалардың тілдік деңгейі əлдеқайда
жақсарды. Сабаққа келетін барлық бала көпбалалы отбасынан шыққан.

Бəріміз ерікті болуды жалғастырғымыз келеді. Мысалы, Аяжан балалар үйінің тəрбиеленушілеріне көмектесіп, экскурсия жасап, олармен араласқысы келеді.
Айнель ағылшын тілінде сөйлейтін клуб ашуды ойлап жүр. Алима екеуміз
табиғатқа көмектесеміз жəне қалдықтарды қайта өңдейміз. Бірақ біздің ортақ
мақсатымыз – жобаны кеңейту жəне мүмкіндігінше көп балаға ағылшын тілін
үйрету. Арманымыз – халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнату.

Балаларға сабақ бергенде, ең біріншіден, олармен тең қарым-қатынас жасау
жəне олардың жұмысын ынталандыру керек. Əр сабақтан кейін біз оларға
тəттілер таратып, əр курсты аяқтағанда мереке ұйымдастырамыз», – дейді жоба жетекшісінің бірі Аружан Сарбасова.

Өздері кішкентай болса да, жүректері үлкен қыздарға қатты сүйсіндік. Істерің алға
баса берсін, қайырымды қыздар!

Жадыра НАРМАХАНОВА

Ұлан» газеті, №36
3 қыркүйек 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз