Көрнекті жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бексұлтан Нұржекеұлы жылда Белжайлауға барады. Жалғыз бармай, атақты қаламгерлер мен белгілі әншілерді ерте барады. Белжайлауға барған адам әйгілі Орбұлаққа атбасын тіремей тағы тұрмайды. Орбұлақ шайқасы осы қаламгер ағамыздың арқасында тарихқа енді. Жақында «Орбұлақ» атты көп сериялы телефильм экранға шығатынынан да хабардар ете кеткіміз келеді.

Игі дәстүр биыл да жалғасып, жастары жетпістен асып, сексенге таяған асыл ағаларымыз биік таудың басынан еңлікгүл теріп, асқар шыңның аясынан алтын тамыр тауып тағы бір таңғалтты. Бұл жолғы сапарды ел ағасы, ақын Әдепхан Төреханұлы ұйымдастырды. Жастарға үлгі ететін-ақ нәрсе екен деп, осы сапардан жазылған жып-жылы жолжазбаны «Ақ желкеннің» оқырмандарына ұсынғанды жөн көрдік.

Қайран қыр, өз ұлыңды
білсейші, сен,
Безермей ол келгенде
күлсейші, сен.
Жасыңды мөлдіретпей
төксейші, сен,
Аймалап кеудесінен
өпсейші, сен!
Ә.Кекілбаев

Шілденің шыжыған ыстығында Көктал ауылындағы Өкіл әкемнің үйіне келіп түстім. Өкіл әке дегенді салтты ұмытқан жастар білер-білмес, ал мен осы жасыма дейін «өкіл әке» деп құрақ ұшып жүрем. Міне, сол өкіл әкем Әдепхан Төреханұлы Алматыдан арнайы келген ғалым баласы Айбынмен бірге жолға дайындық жасап жатыр. Оларға мен келіп қосылдым. Хал-жағдай білісіп тұрғанымызда Айбын ағаның қалта телефоны шыр ете қалды да, телефонды сөндіріп жатып:

– Қонақтар келіп қалды, алдынан шығайық, – деді елгезектік танытып. Асығыс «Нива» көлігіне отыра қалып, үшеуміз Көктал ауылының шетіндегі жол айрығына шықтық. Алыстан келе жатқан жолаушыны кім болса да алдынан шығып қарсы алсаң, көңілі өсіп қалады. Ал бұл келе жатқандар ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Бексұлтан Нұржекеұлы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Кәдірбек Сегізбайұлы, белгілі баспагер Иген Қасенов, өзіміз жақсы білетін кәсіпкер ағамыз Амантай Көдеков болса, неге алдынан шығып құрмет көрсетпеске?! Араларында бір жақ бүйірімізге бүккен белгілі әншіміз Нұржан Жанпейісов тағы бар, керек десеңіз. Жаз жайлауға баратын жолды осылай желдіртіп бастамасаң, сәні кіре ме, тәйірі. Жолай бір ат шалдырып алғаннан кейінгі бағытымыз – Жетісу Алатауының тарихи және көрікті жерлерінің бірі, аймаққа әйгілі Белжайлау, түпкі нысанамыз – бүгінде Алты Алашқа әйгілі болған Орбұлақ.

Китіңнің көкпеңбек суынан өтіп, Үш Шыңырауды артқа тастап, Белбұлақтың басында тағы аял қылдық. Мұның бәрі тоқтамай өтетін жер емес, атадан балаға беріліп келе жатқан шежіресін тыңдауың керек. Одан тағы әріректе Әдепхан ағаның кіші баласы, қарашаңырақ иесі Ақберен көзін ашып, айналасын таспен қалап қойған мөлдір қайнардан су ішіп, демімізді бастық.

Сәл кешігіңкіреп келген қонақтардың екі көлігі ысылдаған қалпы бізден өтіп барып, жоғары таман тоқтады. Көліктен түсіп жан-жақтарына таңдана көз тастаған олар, ұйыған аяқ-қолдарын жазып, бастаудың мөлдір суынан шөл басып, бой сергітті. Айналаны асықпай бір шолып өтіп, сөз бастаған Бексұлтан аға сол қолымен батыс жақтағы үлкен сайды нұсқап:

– Аштық жылдары біздің үй осы маңда отырыпты, аштықтан ісініп қайтыс болған адамдарды да алғаш осы жерде көрген екен, – деп өткен ХХ ғасырдың 1931-33 жылдары қазақтың басынан өткен нәубетті жылдарды есіне алды.

Алдымыздағы дөңнен асып түсіп, Аяқсаздан ары қарай бірде құлдап, бірде өрлей түстік. Сол жақ қапталымызда Құсмұрын, Сырлытам, Суықсай, Басатқарағай қалып барады.
Қазақтың жерінің әрбір атауы ұмытылмас оқиғалармен байланысты әрі жұмбақ сырлы болып келеді. Міне, тарихи орын Үйгентас беліндегі Жоңғардың Батур хонтайшысының 50000 әскеріне 600 сарбазбен қасқайып тұрып қарсы шыққан қазақтың әйгілі қолбасшысы Салқам Жәңгір хан зиратының басындағы ескерткішке келіп тоқтадық. Дәл ортада көлемді болып жаужүрек ханның, ал айналасында елі мен жері үшін жанын қиған қазақ сарбаздарының бейіті орналасыпты. Көліктен жапа тармағай түскен біз ата-баба аруағына құрмет жасап тізе бүктік, Иген аға құран оқыды.

Қос қаламгер Кәдірбек пен Иген ағамыз Белжайлаудың көркіне тамсанып тұрып:

– Әруағыңнан айналайын жарықтықтар-ай!.. Мынадай жер үшін жан қимау сірә да мүмкін емес-ау, – деп, бабалар рухына деген ақжарма ниеттерін білдіріп жатты.

Сөйтіп бір тоқтап, бір жүріп отырып, Аршалы беткейдегі Әдекеңнің балалары әдейілеп бізге арнап тіккен екі ақбоз үйге де ат басын тіредік.

Жайлау деп осыны айт! Солтүстік жағыңа қарасаң қар басқан ақбас шыңдар қол созым жерде ғана тұр, оңтүстігің арша мен қарағайға толы. Көз жетпес зеңгір көк, таза ауа, аялап ескен таудың cалқын самал желі, көз ұшында сағымға араласқан көкжиек, бейне бір жұмақ дерсің… Бірімен бірі іркес-тіркес болып, араласа жайылып жүрген үйірлі жылқы, отарлы қой, табын-табын сиыр. Бәрімізде осынау табиғаттың ғажайып сұлулығы мен тіршілік қам-қарекетінің өзара астасқан кейпіне, олардың бойжеткен бұрымындай өрілген әдемілігіне, көз сүріндірер кереметіне тәнті болып, ертегідегідей күйге бөлендік. Өстіп өң мен түстің арасындағыдай таң-тамаша әсерде тұрғанымызда, малшы жігіт Шалқар семіз бір марқаны жетектеп әкеліп, «Әумин!» деп, бата сұрады. Енді бәріміздің назарымыз солай қарай ауып, тізе бүккен күйі Иген ағаға қарадық, лезде түсіне қойған ағамыз қолын жайып ақ батасын жаудыртты.

Қонақүйге жүгімізді қалдырып, ас ішіп уақытша демалатын екінші ақбоз үйге беттедік. Дастарқанға келіп, жасымызға қарай жайғасқанымыз сол-ақ екен, алдымызға иісі бұрқырап қымыз келді. Жолсоқты болып шаршап, шөлдеп келген біз бал қымыздың кесесін бірінен кейін бірін төңкердік. Бал қымыздың құдіреті көкірек сарайымызды ашып, алпыс екі тамырымызды иітіп, өн бойымызды рақатқа бөледі. Бексұлтан, Иген, Кәдірбек секілді қаламгер ағаларымыздың қағытпа сөздері мен әдемі қалжыңдары бірінен
соң бірі ағытылып жатты. Арада Кәдекеңнің:

– Анамның ақылды етіп туғаны қандай жақсы болған, әйтпесе мен де отырар едім сендерге ұқсап, – деп, екі досын меңзегені бәріміздің ішек-сілемізді қатырды.

Отырысымыз Нұржанның орындауындағы Дәнеш Рақышевтің «Белжайлау», «Жан-жақтағы бауырлар», «Сағындым ғой» атты атақты әндерінен басталып, «Баянауыл» секілді халық әндеріне ұласты. Қызықты әңгімелер мен әдемі әуеннің буында отырып уақыттың түн ортасынан ауғанын да байқамай қалыппыз. Бата жасалып дастарқаннан тұрдық, айтылған тамаша әндердің әсерінен арыла алмаған күйі қонақүйге келіп демалуға жаттық. Жастыққа басымыз тиісімен-ақ қалың ұйқы құшағына ендік.

Кешегі күні ұзақ жол жүріп, кеш ұйықтасақ та ертеңгісін көтеріңкі көңіл-күймен ерте ояндық. Ойпырмай, бұл да болса қазақ жайлауының кереметінің бір қыры болар, өзімізді жеп-жеңіл, сергек сезіндік. Таудың саф таза ауасы көкіректі кернейді, оңтүстіктен соққан самалмен беткейден келген аршаның жұпар иісі бойыңды балқытады. Бір шөкім бұлт жоқ ашық аспан, арайланған алтын табақтай болып атып келе жатқан таң шапағы, жанға жайлы майдақоңыр жел, етекте ағып жатқан өзен салдыры, жан-жағыңды қоршаған қарлы шыңдар. Табиғаттың мұндай ғажайып көрінісі мен рақатын тілмен кестелеп жеткізу мүмкін емес-ау, сірә! Тек көзбен көріп, жанмен сезіну керек!

Ерте оянған меймандарына мейірлене қарап амандасып тұрған Әдепхан ағаның күлімдеген жүзі нұрға толып тұр. Айналасына арқаланып, сүйсіне қарайды. Даурығысып отырып таңғы асымызды ішіп болып, дастарқан басынан әне-міне тұрғалы жатқанымызда сырттан тағы бір дабыр-дұбыр естілді. Әдепхан ағаның Астанада қызмет істейтін кенжесі Барлық кіріп келді де:

– Рұқсат па, ағалар!? – деді жарқын дауыспен. – Біздің Нұрүстем биыл мектепке барады, сол қуанышымызға орай беріліп отырған «Көкпарға» бата беріп жіберсеңіздер, – деп қолын жайды.

«Әумин!» деп, жақсылыққы ниет етіп қол жайған көпшілікке, жүзі бал-бұл жанған Нұрүстем мен іргеде ат ойнатып тұрған көкпаршыларға Бексұлтан аға бар ынтасымен жүрекжарды батасын берді. Ықылас жасалғаннан кейін пышаққа ілінген көксеркені дегбірі қашып, делебесі қозып тұрған көкпаршылар тақымға алған бойы қиқулап тартыса жөнелді.
Сол думен атшаптырым жерге бірінен кейін бірі көкпарды іліп алып тартысқан шабандоз жігіттер кері қарай айнала шауып, біз тұрған ақбоз үйдің алдына келіп алғашқы салымын жасады. Ат тұяғының дүбірі мен ұрандаған айғай-шудан делебесі қозып тұрған көпшіліктің ортасынан суырылып шыққан Бексұлтан аға дереу әмиянын ашып жіберіп, «жолын» берді. Қомақты ақшаны алған көкпаршы жігіт рақметтің ишаратын жасап, жерде жатқан көкпарды ат үстінен иіліп кеп іліп алды да, басқаларға дес бермей тақымына қысқан күйі сайға қарай құйғытып шаба жөнелді.

Өстіп «Әп, бәрекелді!» десіп тұрғанымызда, қасымызға екі атты жігіт шылбырмен алысқан семіз торы құнанды жетектеп таяп келді. Қарашаңырақ иесі Ақберен:

– Ағалар, мынау сіздерге арналған мал еді, ықылас жасасаңыздар! – деді. Бексұлтан ағамыз екі қолын жайған қалпында:

– Игенжан, бата сізден!.. – деп оң жағында тұрған досына бұрылды.

Бәріміз «Әумин!» деп қолымызды жайған күйі көкмайсаға тізе бүгіп отыра кеттік, көзіміз ойнақшып тұрған семіз торыда. Жаңарқаның тумасы, Бекарыстың ұрпағы Иген аға зор ықыласпен: «Алла ниетімізді қабыл етсін! Әдепханның мыңғырған малына мал, жанына жан, бағына бақ қосылсын! Жазушы інілерінің жақсылыққа, елін қорғауға арнаған қаламын Алла тағала ұштай берсін, еліміз аман, жұртымыз тыныштықта болсын!» – деп, ақ батаның тиегін ағытты. Ақберен мен малшы жігіт Шалқар екеуі тізгінмен алысып, көкке шапшыған асау торыны қақпайлап ары алып кетті. Кешелі бері келген қонақтары мен бала-шағасының тірлігіне іштей риза болып, тұла бойы қуаныштан шаттанып тұрған Әдекең жарқын дауыспен:

– Жүріңіздер, құрметті қонақтар! Бүгінгі барар жеріміз – Орбұлақ! – деді.

«Орбұлақ» десе біздің жақта еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін тік тұрады. Екі көлікке бөлініп мініп, еңістегі айдау жолға түсіп алып, батысқа қарай бет түзедік. Кабинадан жан-жаққа тінте көз салып, тау-тасты қызықтап келеміз. Біраз жүріп барып биіктеу дөңеске көтерілгенімізде, бізге сынай қарап отырған Айбын аға алға қарай ұмсынып отырып алды да, айналаны таныстыруды бастап кетті:

– Мынау жатқан дөң Бел деп аталады да, таудан ағып түсіп жатқан сулар осы жерден екіге бөлінеді. Бұған дейінгі сулар Шығысқа қарай ағып барып, Аяқсаздан әрі оңтүстікке бұрылып төмен қарай ағады. Ал, терістік жағындағы сулар керісінше батысқа қарай ағатындықтан Терісаққан дейді. Анау сай табанындағы күмістей болып жарқырап жатқан Ақсу өзені, одан әрі барсаңыз Үшсудың құйғанына тұмсық тірейсіз.

Осы жерде сөзге Әдепхан аға да араласып:

– Үлкендерден бала күннен бергі естіген сөздерімше, мынау алдымыздағы белестегі үйілген тас оба Қабанбай батырдың зираты, – деп қалды. – Жалпы, Қабанбай батырдың бүкіл қазақ жері бойынша 6-7 бейіті бар екен, бірақ солардың қайсысында батырдың денесі жерленгені әлі күнге беймәлім, демек ешкім тап басып айта алмайды.

Жанай өтіп бара жатқан біз ата салтымыз бойынша әдеттегідей батыр рухына дұға жасап бет сипадық. «Әңгіме – жол қысқартады» дегендей, жер-су аттарымен танысқанымызға қызығып отырып әйгілі Орбұлақ ескерткішіне де таяп қалыппыз. Тарихи орынға таяу жол бойындағы тепсеңге көлікті қалдырып, одан әрі жатаған жота арқылы жоғары көтеріліп, ескерткішке де келіп жеттік. Айналасы темірмен қоршалған нән мәрмәр тасқа ұлт тарихындағы ұлы шайқастың шежіресі ойылып жазылған шағын тақта ілініпті, батыс жақ іргесінде қазылған ордың сілемі жатыр.

Заманында қас дұшпандарын тізе бүктіріп, туған жерін жау табанына таптатпаған ата-бабаларымыздың өр рухы мен қайсар батырлығының белгісіндей болған осы тарихи ескерткіштің бастамашысы болған Бексұлтан Нұржекеев ағамыз Орбұлақ шайқасы жайлы кезекті лекциясының тізгінін ағытты. Қазақ – Жоңғар соғысы жайында біраз тарихи оқиға мен әңгіме айтылды, айналаны қызықтап, естелікке суретке түстік. Орбұлақ шайқасының кезінде қазылған оқпанның біткен жеріне былтыр, Орбұлақ шайқасының 375 жылдығына орай «Жастар ұйымының» қолдауымен қойылған екінші ескерткішке қарай жылжыдық. Оған да барып суретке түстік, ескерткіште ұлы шайқастың мәтіні үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) жазылыпты. Ол да біздің заманның бір сипаты шығар, иә, шетелдік туристер келсе де түсінікті. Оңтүстік жағы тік жарқабақты өзен аңғары, шығысында Қызылқия (бұрынғы Отқия), ал, батысындағы сайды қолымен нұсқаған Бекең:

– Ол жерде Жәңгір сұлтан сайдың тасындай таңдаулы атты сарбаздарымен жасырынып тұрған – деп түсінік беріп өтті.

Сонымен қазақ ұлтының өткен ХVІІ ғасыр шежіресінде (1643ж.) алтын әріппен айшықталған тарихи орынға жасаған саяхатымыз аяқталып, үйге қарай қайтуға жиналдық.
Соңымыздан келе жатқан қонақтар жолай Ақсу өзеніне тоқтап, Иген ағаның таңдауымен өзен бойындағы тастардан таңдап жүріп, пышақ жануға арнап майда қайрақтар алды, сөйтіп, асықпай түс ауа үйге де келіп жеттік. Сапырып отырып, иісі танауды жаратын қымызбен шөлімізді бастық, іле-шала буы бұрқырап әлгі торы құнанның еті де келді. Балбырап піскен жас еттің артынан қайта қымыз ішілді, небір қызықты хикаяттар мен естеліктер айтылды. Ас қайырып, бата жасалған соң «тоқ басылсын» деп, далаға серуенге шықтық.

Сүтпісірім уақыт бой жазып жүріп келсек, үй іргесіне және оған жанай екі жерге қос-қосынан кілем төселіпті. Бексұлтан, Кәдірбек аға және мен Орбұлақтан алған әсеріміз әлі де күшінде-ау шамасы, тарих жайындағы деректер мен мәліметтерді айтуға кірістік.
Арғы-бергі туған жер мен ата тарихтан шежіре тартылып, Сақ, Ғұн, Үйсіндерден бастап, Алтын адам, одан бергі Шыңғысхан империясы туралы да, сондай-ақ тарих ғылымының ұлттық рухани құндылығы жайында да біршама дүниенің басын шалдық. Өресі кең, білімі мол адамдармен сұхбаттасқан қандай жақсы, көкірек көзім ашылып, ішкі жан дүнием түлеп сала берді, тынысым кеңіп, көңілім өсіп қалды.

Үй іргесіндегі кілем үстінде Әдекең бастаған топ Нұржанның әуелете салған әнін тамашалап отыр. Дәнеш атамыздың «Саясында алманың», «Соға кет», «Ән салайын» атты әндері, оған қоса халық әні «Қайран заман» нақышына келтіріле шырқалып жатты. Әуезді әннің сиқырына еліткен жұрт мәз-мейрам, «Ой-хой, десеңші!», «Жаса!» деген айқаймен Нұржанға дем беріп, шабытына шабыт қосып отыр. Көп ұзамай-ақ: «…Келіңіздер ағалар!» деп, қымызын көтеріп Шалқар да жетті.

Қақпағын ашып сапырып-сапырып жібергенде денеге қуат берер иісіне сүйсінген біз алқа-қотан отыра қалып, бал қымыздың бір-екі кесесін демалмастан тастап жібердік. Әңгіме одан әрі жалғасып, ән-жырға ұласқан отырысымыз арасында күлдіргі оқиғалардың
айтылуы тіпті шырайымызды кіргізді…

Кеш кіріп, елең-алаңда шам жағылды, қол шайып үлкен-кішіміз жиылып кешкі асқа отырдық. Дәмі таңдайдан кетпес баппен пісірілген кеспе көжені ішіп алған ағалар өткен өмірлерінде бастан кешкен хикаяларын айтумен әңгіменің көрігін одан әрмен қыздырды. «Тырс!» еткен ешкім жоқ, бәрі бұл дүниені ұмытқандай біреулері қымыз, енді бірі қоңыр шайды сораптай отырып қызыға тыңдауда. Бексұлтан аға Аршалы беткейде атасы Тұрғанды жүйрік аты үшін сонау Ақтастыдан қуып келіп, 1881 жылы тұсында Колпаковскийдің екі солдатының қалай атып кеткені жайындағы хикаяны толқи отырып үлкен тебіреніспен айтты. Иген ағаның да жылқы түсінің негізінен екіге: қылаң және баран болып бөлінетінін, кезінде аталарының жүйрік ат ұстағанын, сондай-ақ «Байтал ұзату» жайындағы айтқан әңгімесі өте шынайы да әсерлі болды. Кәдірбек ағаның көп жылдар қызметтес достары болған – қазақтың біртуар тұлғалары Ақселеу Сейдімбек пен Жәнібек Кәрменов жайлы естеліктері мен құлаққа жағымды қоңыр дауысы да көптің есінде қалды. Әсіресе, «…Бұқар базарынан сатып алған шақшасы» жайлы айтқан оқиғасы керемет қызықты екен, көңілімізді көтеріп, кәдімгідей бір желпінтіп тастады.

Сонымен не керек, кезекті Нұржан ініміздің әніне бердік. Ән өнері саласында Иген ағамыз бәрімізден асып түсті. Дәстүрлі ән тарихындағы айшықты тұлғалар Қ.Байсейітов, Ж.Елебеков, тағы да басқа дарындардың ән орындаудағы шеберлігі мен ерекшеліктерін мысалға келтіре отырып, ағамыз әр айтылған әннен кейін Нұржан серіге әуенге қатысты өзінің ақыл-кеңесін беруден бір жалыққан жоқ. Мәселен, ән шырқау барысында дауыс ырғағын сақтап, әннің әуені мен сөзі қабысқан тұста үнді қалай құбылту мен өзіндік әуезді нақыштарды қалай салудың сырларын ортаға салды.

Нұржанға сол айтқандарын орындатып, әннің бір-бір шумағын қайта айтқызуы тіптен керемет болды. Әннің сәтті шыққан жерлерінде бүкіл денесі әнмен бірге алып-ұшып тербеліп, қабағы керіліп-түсіп, көздері ойнақшып жер мен көктің арасында қалқып отырды.
Арада ағалардың кезекпе- кезек «Ой пәлі!», «Жаса!», «Ой деген-ай!» деп қолпаштауы және бар. Иген ағаның айтқан кеңестерін лезде қағып алып, айнытпай орындаушы Нұрекең – Әсеттің «Мақпалы» мен «Қоңыр қазын», халық әні «Қош алмабел жарымды», Дәнештің «Сағынышым ұларымды», Естайдың «Қорланын» нақышына келтіре шырқады. Әуенге елітіп, жүзінде ризашылықтың табы ойнаған ағамыздың әнге сүйсінгені сондай: «Мировой стандарт» деді, басты шайқап тамсанып тұрып. Одан менің кешелі бері қолқалап айтқыза алмай жүрген Дәнеш ағаның «Аңшының әнін» орындағаннан кейін, Нұржан Бексұлтан ағаға бұрылып:

– Аға, рұқсат болса, сіздің «Беу, дүние-ай» әніңізді айтайын, – деді.

Бекең келіскенін білдіріп, көзін жұмып басын изеді. Қазақтың мұңы мен шерін әріден қозғайтын бұл ән жүректі солқ еткізеді екен. Негізі, 1916 жыл оқиғасына қатысты шығарылған, жазушының «Беу, дүние-ай» романымен өзектес. Одан әрі көңіл сергісін деп,
әсем әуен Әдепхан ағаның «Жайлау әніне» ұласты. Әуен бірде жарқ етіп көкке самғаса, енді үзілердей болып жер бауырлайды, ойнақшып құйқылжығаны да ерекше. Ән өнерінің құдіретіне бас иген елге танымал қаламгерлеріміз – Әдекең, Бекең, Иген, Кәдірбек ағаларымыздың алыста, қиянда қалған жастық шақтары елес берді-ау шамасы, бәрі де баяу үнмен әнге қосылып, жанарлары оттай жанып, кей сәтте көздерін жұмып, бастарын шайқап, жан дүниесімен сезініп, әрбір үнді қалт жібермей ұйып тыңдап отырды. Әуелете шырқалған әнге тояттап, рухани ләззаттан әсерленіп елімізге ғана емес, алыс-жақын шетелге де танымал талантты әнші Нұржанға шексіз алғысымызды білдірдік. Осы жайлауда бірге болған күндер ішінде байқағаным: Нұржан нағыз өнердің адамы екен, кішіпейілдігі, адаммен қарым-қатынастағы мәдениеттілігі мен кейде ғана байқалып қалатын бала мінезі, ой-сана мен ішкі рухани дүниесінің әппақ қағаздай тазалығы мені қайран қалдырды. Кәдірбек аға ас қайырды, бәріміз далаға шығып жұлдызды тымық аспанға қарап бой жаздық. Ас денемізге сіңсін деген оймен аспан әлемі, жұлдыздар мен діндер тарихы туралы білетінімізді ортаға салып пікірлесіп, кешкі серуеннен соң қонақүйге келіп ұйқыға жаттық.

Үшінші күні, әдеттегідей таңғы астан соң «…Бүгінгі жоспар қалай?» деген Бекеңе, айналаға ризашылықпен қарап алған Әдепхан аға баппен ғана:

– «Әлі де бірер күн демалыңдар…» деген ағалық ниетін білдірді. Езуіне күлкі иірілген Бексұлтан аға:

– Әлгі менің қасымдағы екі әулие біледі, солардан сұрап көрелік, – деп әріректе тұрған достарына иек қақты.

Сырттай бақылап тұрған Кәдірбек пен Иген ағамыз «Рұқсат болса, енді үйге қайтсақ?!» деген емеурін білдіріп, әуелі десең сөмкелерін жинап-тернеп ала шығыпты. Бірден түсіне қойып бұл әрекеттің алдын алуды ойлаған Әдекең сөзін салмақтап, ағалардың аптығын баса сөйледі, оның ішінде:

– «Бүгін біздің атажұртымыз Басатқарағайды көріп кетіңіздер…» деуі бірден әсер етті-ау, сөз қадірін білетін зерделі жандар емес пе, көп тәжікелеспей екі дос та келісімін беріп райынан қайтты. «Қалай болар екен..?» ортада тұрған Бекеңнің көңілі орнына түскені сонша, қабағы жадырап:

– Менің де басыма достарымды Шыңбұлаққа шығарып, «Алтын тамырды» көрсетсем деген «жаман» ой келіп тұр, – деді қулана жымиып.

Сонымен көп кідірмей көліктерімізге мініп, шығысты бетке ұстап «Басатқарағай, қайдасың?» деп тартып кеттік. Жолды-жолсызға қарамай, бірде тіке, бірде қиялай жүріп отырып, көп ұзамай-ақ діттеген жерімізге де жетіп келдік. Қоржындағы азығымызды аршаның көлеңкесіне қойып, өзен суынан тоспа жасап, сусынды сонда салып қойдық. Ендігі меже – Шыңбұлақ арқылы Басатқарағайдың басына шығу. Арамыздан екі адам бөлініп шығып, Әдекең мен Кәдірбек аға денсаулықтарына байланысты бүгінгі шыңға шығу саяхатынан бас тартты:

– …Әй, біз шыңға шығып қарық қылмаймыз-ау, одан да осында болайық, – дегенді айтып, көрпелерін көтеріп қарағайдың көлеңкесіндегі көк майсаға барып жайғасты.

Біз ескі сүрлеумен қарағай ішіне еніп, одан әрі қиялай жүріп отырып, Шыңбұлақтың арнасына түсіп алып, тауға көтерілдік. Біраз жоғарылаған соң ойламаған жерден тағы бір кереметке тап болдық. Бағанадан бері салдырлап ағып жатқан суымыз аяқасты жоқ болып кетті, тек анықтап тыңдасаң жер астындағы сыбдыры ғана естіледі. Тағы біршама жер жүріп өткеннен кейін салдырлаған суымыз жер бетімен қайта ағып жатты. Міне, қызық! Сөйтіп, Шыңбұлақтың басына дейін біресе жер астымен, бірде үстімен ағып жатқан бұл өзеннің осындай өзіндік ерекшелігі еріксіз таңғалдырды. Суы қандай мөлдір, салқындығы шекеңнен шығады, шіркіннің дәмі де керемет, тіл үйіреді.

Шыңбұлақты қызықтап барар жеріміздің белортасына қалай жеткенімізді де білмей қалыппыз. Осы арада Иген аға сыр беріп айни бастады:

«Жігіттер, белім ауырып болмай тұр, осы арада қала тұрайын…» – деген уәж айтты. Оған бәріміз шу ете қалдық:

«…Ағасы, мұнда аю бар, сізді қалдыра алмаймыз!» дестік бірауыздан. Бекең де қалжыңдап: «Әй, Иген, мына жерді «Игенді аю жеген жер» деп ататқызбайын десең, мұныңды қой», – деді жұқалап. Иген ағамыз да батылданып: «Әй, сен, қазір баспен бір пермей тұрғанда, түс алдыға!» деп саңқ етті. Бексұлтан ағамыз 78 жаста, ал Иген ағамыз 77-де, міне, екі үлкен кісінің Шыңбұлақтың бір биігінде тұрып айтқан әңгімесі осындай!

Бәріміз сыралғы екі достың осынау риясыз әзіліне ду күліп алып, Шыңбұлақтың басына қарай қайта өрмеледік. Көне сүрлеумен жоғары көтеріліп бара жатқан Бекең тоқтай қалып артына бұрылып Иген ағаға: «Толстойдың «Казахиын» оқыдың ба? Мынау сондағы «тартар», – деп, қолындағы шөпті нұсқады. Содан түрлі шөптер жайлы әңгіме айтыла бастады, мұнда Айбын аға бәрімізден көп білетін болып шықты. Жолымызда кездескен – ошаған, балдырған, аюбалдырған, түйешоған, атжалбыз, киікоты, тағы да басқа шөптермен таныстырып өтті. «Жалпы, біздің өңірдегі ешкі малы осы аймақтың 370-ке жуық шөбінің басымен қоректенеді екен», – деп барып сөзін аяқтады. Бексұлтан аға да кез келген шөпті жазбай таниды екен, сөйткенше болмады еңкейіп дәу тастың көлеңкесіндегі бір шөпті жұлып алып:

– Міне, мынау Рауғаш, – деді, – бұл шөл басады, – деп собығын аршып аузына салып шайнап көрді де, – қатқылдау, сонда да болады, – деп, бізге ұсынды, бәріміз дәмін татып көрдік.

Сәл қышқылдау болғанымен, расында таңдайыңды жібітіп, шөліңді басады екен. Бексұлтан аға, Амантай, Нұржан үшеуі тек алдыда жүріп отырды, шаршамайды, тауда жүрудің мықты шебері екен өздері. Иген аға, Айбын, Бекеңнің баласы Бейбіт бәріміз қолымызда бір-бір таяқ, әйтеуір ілбіп келеміз. Иген аға қайтадан:

– Болды жігіттер осыннан қайтайық, – деп отыра кетті, шаршағаны көрініп тұр. Оны ести салып қарқылдап күлген Бекең Шыңбұлақтың батыс беткейінің басына 3-4 қадам қалғанда алдындағы жартасқа отырды да төмендегі бізге қаратып:

– Әй, Иген паша, «Мен сенің аталарың жайлы әңгіме айтып берейін, тезірек мұнда келіңдер» демесі бар ма…

«Жарайды» деп еріксіз келіскен біз, таяқ ұшымен жалғасып, бір-бірімізді жетектеген күйі қастарына жетіп жайғаса қалдық. «Сарыағашқа демалуға барғанымызда Адамбек айтып еді» деп, бір қобызшы жайлы әңгімені бастап кетті:

«…Бірде әлгі қобызшыға көпшілік жиналып қобыз тартып өнер көрсетуін қолқалайды. Қобызшы қылқобызын тарта бастауы мұң екен, көпшілікке беймәлім бір сиқырдың күшімен ақырындап отырған орнынан кереге бойына дейін көтеріледі, одан аспап сарыны күшейген сайын қыза-қыза шаңырақтың бойымен бірдей биіктікте отырып алып қобызын аңыратады ғой. Көргендердің бәрі таң-тамаша болады және де сол қобызымен талай ауруды емдеп жазған екен. Соның бірі «Байқоңырдың ұшқыш орыс жігітін асқынған ауруынан жазыпты» дегені маған қатты ұнады».

Кезек Иген ағаға келді, ол кісі Қойлыбай мен Тіней бақсылар жайлы айта келе, өзінің арғы атасы Ысқақ әжі (әулие) туралы аңызға ойысты. Жарықтық Ысқақ әжі 16-17 жасында бір өліп, қайта тірілген (клиникалық өлім) жан екен. Содан кейін қажылыққа барып келіп, адам емдеумен айналысыпты. Ем-дом жасағаны үшін ешкімнен ақы алмаған адалдығымен қоса, Кеңес өкіметі кезінде халық жауы болып қудаланғаны жайында да кеңінен айтып берді. Әулиенің өліп, қайта тірілген кезінде көрген ғажайыптары, мәселен, қара үңгір ішімен жарыққа қарай жүгіруі, шынжырлы адамдар, жанған от және мүйізі айдай Көксерке туралы әңгімесі тіпті таңғалдырды. Мен де өз тарапымнан ағаларға «Перілер ауылы» туралы аңызды айтып бердім. Жап-жақсы демалып қалдық. Бірінші болып тіл қатқан Бексұлтан аға досына қарап жымиған қалпы:

– Иген паша, ата-бабаң жайында әңгіме айтып сені қуаттандырып алдым, енді алдыға сен түс! – деді, бәріміз ду күлдік.

Орнымыздан қозғалып, жоғарыда айтқан батыс беткейдің төбесіне шықтық. Қиялай тартып оңтүстікке қарай біршама жер жүрдік, жол бағанағыдай емес, қиындады. Бекең, Амантай аға, Нұржан үшеуі бір демде көзден ғайып болып, тіптен жоғарылап кетті. Оларға ілесе алмайтынымызға көзіміз жетіп, қалғанымыз тұрған жерімізден кері қайтып төменге түсе бастадық. «Бүгін «Алтын тамырды» таба алмаймыз-ау» деген күдік ұялады. Шыққандағы қиындық ештеңе емес екен, түскеніміз одан да қиын болды. Әйтеуір бір сүрініп, бір жығылып жүріп, Шыңбұлақтың жағасына да жеттік-ау. Көзіміз жоғары кеткендер жақта, бар дауыспен айғайлап та қоямыз, біршама уақыт өткен соң барып олардың жауап қатып айғайлаған дауысын естідік. Дәу келіскен бір жартастың көлеңкесіне демалуға отырдық. Біршама уақыттан кейін қолдарына ұстаған «Алтын тамыры» бар Амантай аға бастаған топ та келіп жетті. Жүздері қуаныштан бал-бұл жанады, өсіп тұрған тамырды топырағымен қоса қазып алыпты. Қызыл-сарғыш гүлдері бар керемет әдемі шөп екен, әншейін жайқалып тұр. Кешегі күні Орбұлақ жақта Еңлікгүлді көріп жанымыз бір сүйсініп еді, бүгін міне, тағы да табиғаттың аясындағы әдемі өсімдікке таңғалып, мәз болдық.

Басатқарағайдың етегінде Әдепхан мен Кәдірбек ағалар миығынан күлімсіреп қарсы алды. Сөмкедегі туралған ет пен құртты ортаға салып әл жидық. Әсіресе, шаршағанымыз бен шөлден қаталап қалған біз қымызды бірінен кейін бірін сілтедік. Қайтадан қағытпа қалжыңдар, әзілдер, ду-ду әңгіме. Бәрінен бұрын көзі қулана күлімдеген Кәдірбек аға:

– Cіздер тау басына шығып шаршасаңыздар, біз де мына жерде аға екеуміз қымыз іздеп әбден шаршадық, – деп, бәрімізді күлкіге көмді.

Жиналып көтеріңкі көңіл- күймен үйге қайттық. Көлік тізгінінде Бейбіт, батысты бетке алып жүйткіп келеміз. Нұржан әншінің екі көзі бізбен жарысып, тау етегін қиялай шауып келе жатқан көкпаршы жігіттерде. Аттары ауыздықпен алысып ойнақтап келеді шіркіндердің. Күні бойы тауға өрмелеп күнге тотыққан жүзімізге, қымыздың қызуы қосылып алаулаған кейіпте дел-сал болып үйге де жеттік-ау. Етек-жеңімізді жиып болмай жатып-ақ көкпаршылар жетті қиқулап. Көкпардың буына еліріп алған жиырма шақты көкпаршы сол екпінмен ақбоз үйдің алдына көксеркені әкеліп тастай салды. Бұл кезекте көкпардың «жолын» Амантай аға берді. Риза болған жігіттер көкпарларын тақымға алып, қиқулаған қалпы келесі ауылға қарай шауып бара жатты. Бір демде апай-топай жасаған көкпаршылардан кейін, бірер сағат демалғанымыз сол екен, түк болмағандай шаршағанымызды ұмытып қалдық.

Жуынып-шайынып келіп, кешкі салқында төселген кілем үстіне құлай кеттік те салқын қымызға бас қойдық. Иген аға екеуміз кезектесіп қымызды таудың салқын самалына қарсы баппен сапырып, салқындатып құйып отырдық. Бекең әдетінше езуіне күлкі үйірілген күйде екі досына қарап:

– Аттарың кім еді, ұмытып тұрмын, – дейді, Иген аға елең қылмайды, ал, Кәдекең жұлып алғандай тақ-тақ етіп:

– Мен Кәдірбек Сегізбайыш, – дейді, бәріміз ду күлеміз…

Кезек әнге келді, Нұржан сері бар дауысымен әуелете әнге басты. Дәнештің «Ең қызық жастық», халық әндері «Аяулым», «Жанерке», Әсеттің «Үлкен Ардақ», Естайдың «Жай қоңыры» шырқалды. Ағалардың сұрауы бойынша «Саясында алманың» және «Ең қызық жастық» әндері қайталанып орындалды.

– Кешкі асқа жүріңіздер, – деп, Шалқар бәрімізді дастарқанға шақырды.

Біз жайлап тұрып ағаш үйге ендік, әннен алған әсерден әлі арыла алмай келеміз, тіпті Бексұлтан ағаның өзі соңғы айтылған әуеннің екі шумағындағы:

Беу, беу, дүние, Ақылға сонда кім ие! – деген сөздерін ыңылдап бірнеше рет қайталап барып дастарқанға жайғасты. Абай мен Шәкәрімнің өлеңдері, әндері жайлы айтылды. Содан кейін мен де рұқсат сұрап алып, «шешендік сөздер туралы да айтайық» дедім де: «Байдалы шешеннің Уәлихан қайтыс болғанда Айғанымға барып көңіл айтқанын», «Айдабол мен Тайкелтір биді», «Үйсін мен Найман арасында болған жылқышы дауы» жайында әңгімелеп бердім.

Ас желініп болған соң Бексұлтан аға бастаған Алматыдан келген қаламгер-қайраткерлеріміз бізді үлкен меймандостықпен күткен, осы аймақтың қадірлі ақсақалына айналған, қайда барсақ та темірқазықтай қаздиып қасымыздан табылған Әдепхан аға мен балалары Айбын, Ақберендерге ризашылық ниеттерін білдірді.

Ертесі ерте тұрып тамағымызды ішіп алып жолға дайындалдық. Буынып-түйініп «Жаркент, қайдасың?» деп жолға шықтық. Таудың шаңдақ жолымен жүйткіген көліктеріміз жолда еш жерге кідірмеген күйі өткендегі аяқ шалдырып дем басқан аялдамамыз Белбұлаққа келіп ат басын бір-ақ тіреді. Көліктен түсе сала алабұртқан жүзінде ізгіліктің табы бар Бекең, Әдекеңді қасына шақырды да сондай бір қуанышты қалыппен қолын алып тұрып:

– Аға, осы аймақтың сөзұстары өзіңізсіз, мынау атажұрт та, кейінгі өскелең ұрпақ та сіздің қанатыңыздың астында. Жалпы қазақта жайлаудың екі түрі болады екен, бірі Саржайлау, екінші мерекелі, берекелі – Ақжайлау. Мынау бізді құрметтеп көрсеткен қамқорлығыңыз бен Ақжайлауыңыз үшін мың да бір рақмет! – деп ағасын құшағына қысты.

Мынадай көріністің әсерінен жан толқынысын жасыра алмаған Әдепхан аға шабыттанып тұрып, інісі Бекеңді құшақтаған күйі өзінің бір өлеңін жатқа айтты. Екеуі де көздері жасаурап, аға-іні болып бір-біріне елжірей қарап, ақ ниет пен бауырмалдықтың риясыз үлгісін көрсетті. Тегі мен түбі бір, ата-бабалары ғасырлар бойы қатар өмір сүріп, бір жайлауда жылдар бойы көрші отырған есімдері қазаққа танымал бірі жазушы, екіншісі ақын осынау бауырлардың мынау өмір деген шырғалаңда жылдар бойы адасып, бірін-бірі бүгін тауып, ұзақ уақыт бойы қордаланып қалған сағыныштарын басқан секілді. Пендешілік бұғауынан босап, бар дүниені тәрк етіп, руханият бауырластығының көгінде қанаттарын еркін сермеп, асқақтықты пір тұтқан қыран құстай шарықтады. Атамекен мен туысқа деген сүйіспеншіліктің әсерінен бүкіл өн бойлары тебіреніспен толқып тұрған екі ағамыздың көзбен көріп, қолмен ұстауға келмейтін рухани бауырластығы маған қатты әсер еткені сонша, менің де көзімнен жас ыршып кетті. Алдымда жәй ғана тұрған қазақтың қарапайым екі қариясы емес, жапырағы жайқалып өскен, қатпар-қатпар тамырын тереңнен тартқан екі алып бәйтерек тұрғандай елес берді…

Өмірлері сан ғасырлық ұрпаққа үлгі болатын қаршығадай қасқиған екі ағамыздың тебіреніске толы қимастық сәтін біреу біліп сезінсе, біреулер мүлдем бейхабар. Айнала шеңбер құрап тұра қалған меймандар да әзіл-қалжыңды тоқтатпай, бірін-бірі күлкіге көміп жатыр. Байқаймын, Бексұлтан ағаның жүзінде үлкен толқыныс пен алаңдаушылықтың табы бар сияқты. Мүмкін әке-шешесі есіне түскен болар, батыс жаққа қарап елеңдейтін сияқты. Сәл ойланып тез шешімге келе қалды-ау шамасы, көп ішінен Нұржанды тауып ала қойды да, «балам, бір өтініш» дегенде дауысы қарлығыңқырап шықты:

– Менің «Беу, дүние-ай» әнімді орындап жібересің бе? – деді.

– Жарайды, аға, ол не дегеніңіз… – деп, жеңіл қозғалған Нұржан лып етіп домбырасын әкеле қойып, әуелеген дауыспен әнді бастап жіберді.

Сол-ақ екен, «Беу, дүние-айдың» әуені басталысымен-ақ екі көзін тарс жұмған Бексұлтан аға әнге бар жан-тәнімен ұйып берілгені сондай, мен оның жүзінен әуеннің көз көрмес қыл пернесінен ұстап алып, жер мен көктің арасында қалықтап, өткінші өмірдің ең қымбат
асылын тапсам деп, шарқ ұрған шағаланы көрдім. «Жанына медет болар ғажайыпты» жанұшырып ғарыштан, көз жетпес қияннан іздейтіндей әсерді сездім. Ән әуелегенде қабағы түйіліп, төмендегенде жүзі жадырап, өмірге деген құлшыныс пен сүйіспеншілікті, артынша «Әттең-ай!» деген, мынау алдамшы жалғанның опасыздығын меңзеген өкінішті де байқадым.

Әй, дүние-ай, шіркін, өтерсің бір күн, Өтеріңді еске сап тұр дүркін, дүркін…

Өткенге деген сағыныш та өзегін өртеп бара жатқандай ма, қалай ?!.. Осы бір әнге әлдебір құдірет арқылы бар өмірі, қуанышы мен қайғысы, бәрі-бәрі байланып тұрғандай. Жанды қинап, өзекті өртеген ән де бітті-ау, көзін ашып жан-жағына қарап алып:

– Сенің барыңа, Құдайға мың шүкір, тәубә! – деп тебірене келіп Нұржанды құшақтады асыл ағамыз. Жанары жасқа толы, ішкі дүниесі алай-түлей толқып тұр, «Әй, дүние-ай, шіркін…?!». Фәнидің жалғандығына шара бар ма?… Үстінен бір ауыр жүк түскендей, «УҺ!» деп кеудесін кере демалды.

Сәл тыныстап алған Нұржан әнші домбырасын қағып-қағып жіберіп, қол ұстасып бірін-бірі қимай тұрған екі ағасына бір қарап алды да, Әдепхан Төреханұлының «Жайлау әнін» шырқап сала берді, кең тынысты әсем дауыс Белбұлақты әсем әуенмен тербетіп тұр. Бүкіл өн-бойым шымырлап, әсем әннің екпінімен жүрегім бірге соғатындай, әуен жоғарылағанда жүрегім алқымға келіп кеудемді жарып жіберетіндей, әуен төмендегенде тоқтап қалатындай күйдемін. Екі ағамыздың да әндері атажұрт аспанында шарықтай әуелеп, қырандай қалқыды. Кім біледі, мүмкін ата-баба рухы да тебірене тыңдап, ұрпақтарына ризашылығын білдіріп, ақ баталарын берген болар! Ылайым солай болсын! Атадан ғибрат болып келе жатқан «…Ағаның алды «Ақ жайлау…» деген сөздің де құдіреті осы болар…

Қали ИБРАЙЫМЖАНОВ,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі.
Жаркент қаласы

Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз