КҮНШІЛ ҮЙРЕК

Қара мына ақылы аз үйректі,
Өзі жайлы жақсы ойды күйретті.
– Анау жүрген аққуларды жегін, – деп,
Қу түлкіні жауыздыққа үйретті.

ТҮЛКІ, ТАСБАҚА, КЕНЕ

Алдап соғып тасбақа мен кенені,
Байлыққа бір кенелейін деп еді.
Айлаларын асырды да екі дос,
Қу түлкінің болмай қалды дегені.

МАҚТАҚЫЗ БЕН МЫСЫҚ

Мысық, өзің қандайсың,
Айтқан тілді алмайсың.
Шақырғанда Мақтақыз,
Жылдам неге бармайсың?

ҚАҢБАҚ ШАЛ

Шіркін, өсіп, толсам ғой,
Қаңбақ шалдай болсам ғой.
Самғап, ұшып аспанда,
Жерге қайта қонсам ғой.

ҚАРЛЫҒАШ ПЕН ДӘУІТ

Қарлығаштың шырылдаған, жылаған,
Балапанын құтқарыпты жыланнан.
Қорықпастан басын тіккен қауіпке,
Риза болдым кіп-кішкентай дәуітке.

ЕШКІ МЕН ТҮЛКІ

Ешкі, сенбе түлкіге,
Қалдырады күлкіге.
Самал жел де, су да жоқ,
Ол апанның түбінде.

АҚЫМАҚ ҚАСҚЫР

Тұрмын міне бақылап,
Қасқыр неткен ақымақ.
– Билеймін, – деп ешкі оны,
Алдап кетті жақсылап.

КҮН МЕН АЙ

Бір ананың екі қызы көрікті,
Бірін-бірі өкпелете беріпті.
Болмаған соң Күн мен Айға айналып,
Екеуі де көкке шығып кетіпті.

ӘТЕШ ПЕН ТОТЫ

– Тоты досым айтты ғой, – деп – кетерде,
Аңқау әтеш, айқайлама бекерге.
Оны қанша шақырсаң да келмейді,
Алдап кетті, киіміңді енді бермейді.

АҢҚАУ ЖОЛБАРЫС

Басшысы барлық аңдардың,
Жолбарыс, саған таңғалдым.
Жаужүрек, мықты болсаң да,
Түлкіге сен де алдандың.

ТАПҚЫР ҚОЯН

Орындауға арыстанның жарлығын,
Қоян шықты, таңғалдырып барлығын.
Уақыт созып ыстық суды суытты.
Қайдан, кімнен үйренді екен қулықты?

«Балдырған» журналы, №8
Тамыз, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз