Мерей Қаштенбай – Атырау өңірінің тумасы. «Қаштенбай» спорт клубының бапкері. Атырау облысының чемпионы. Жекпе-жек сайысы бойынша Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Жас спортшымен жеңісінің құпиясы туралы əңгімелестік.

Ұлан: Спортта жүргеніңізге біраз жыл болды. Талай жеңісті қанжығалап жүрсіз. Спортқа қандай анықтама бересіз?

Мерей: Спорт дегеніміз – сабырлы болумен мəндес. Спорттың қай түрі болса да, еңбек пен ізденісті талап етеді. Жеңіс маңдай термен келеді. Екінің біріне əлем чемпионы болу бұйыра бермейді. Алты батпан ауыр жолда ештеңе де оңайлықпен келмейді. Жеңіске жету бапкерге де байланысты. Шəкірттеріммен ара-қатынасымыз жақсы. Бір-бірімізбен санасамыз, ақылдасамыз деп уəде еттік. Ата-анасының қолдауы да жеңіске жақындатады. Спорттан да жалығатын кез болады. Күнделікті жаттығу адамның күн тəртібін қалыптастырады. Спорт берілгенді ұнатпайтын сала. Ер намысы – ел намысы екенін ұмытпау керек. Əкем Тілек Ағдосов – қазақ күресінің бапкері. КСРО-ның кəсіби спортшысы. Ағаларым да спортта жүр. Маған да қанмен беріліпті.

Ұлан: «Қаштенбай» спорт клубы қалай құрылды?

Мерей: Бірнеше жыл бұрын, он жеті жасымда Серік Ідірісов деген ағаммен таныстым. Неге туған жерден балаларды спортқа дайындайтын мектеп ашпасқа деген ұсыныс айтты. Сол жылдары ауылымызда спорт мектебі жоқ болатын. Серік аға көмектесетінін айтып, іске кірістік. Ол кезде өзіңдей баламын. Достарым да көмекке келді. Айбар Есенғалиев деген бапкер ағамыз керекті заттарды тауып берді. Ғимаратты да Серік аға тауып берді. Биыл жеті жыл толады. Мақсатымыз – жастарды жағымсыз əдеттен алыстату. Барлық баладан чемпион шығару мүмкін емес. Спортқа икемді балаларды жеңіске жетеледік. Жастар – еліміздің ертеңі. Қай сала болса да, оларды қолдау керек. Клубымыздың президенті Асхат аға Досановтың көмегі зор.

Ұлан: Сізді джиу-джитсу арқылы танимыз. Өзіңіз спортқа қалай келдіңіз?

Мерей: Бала кезде еркін күреске қызықтым. Екі жылдай тұрақты айналыстым. Бірақ жеңіске жете алмадым. Ағаларым Азамат пен Мирас джиу-джитсумен айналысты. Олар да бұрын еркін күреспен айналысқан. Джиу-джитсуға келіп, бір аптадан кейін жекпе-жекке шықтым. Облыс чемпионы болдым. Қазақстан чемионатына барғанда тағы да еңбегіме қарай өзімнің салмағымда «Қазақстан чемпионы» атандым. 2014 жылы Дағыстан еліне жекпе-жекке бардым. Сол жақта Хабиб Нұрмагомедовпен кездестім. Үйі мен жаттығу залында болдық. Əлем мойындаған спортшы бізді жақсы қарсы алды. 2017 жылдың үздік жекпе-жек спортшыларының арасынан 13-орынға қол жеткізді. Спорт жұлдызымен жүздесу шəкірттерімді қанаттандырды. Хабибтің өнері мен өмірін үлгі етсек, жаман болмаймыз.

Ұлан: Бапкер қандай болуы керек?

Мерей: Бапкердің екінші аты – психолог. Спортшының барлық көңіл-күйін сезу керек. Ең қиыны – шəкіртіңді түсіну. Барлығына талап бірдей. Спортта талапшылмын, қатал бапкермін. Сол кезде ғана жеңіске жетеді. Менің шаршы алаңға шықпағаныма бір жылдай уақыт болды. «Бойыңыздан күш-қуат кеткен жоқ. Неге жекпе-жекке шықпайсыз?» деп сұрайтындар көп. Өзіме көңіл бөлсем, балаларды кім жаттықтырды?!. Өзімнің жеңісіме күш саламын ғой. Ізімді жалғап келе жатқан шəкірттерімнің жеңісі – менің жеңісім. Жеңілсе де, рухы мықтыны ешкім жеңе алмайды деп қанаттандырамын. Басты тəртіп – жаттығуға кешікпеу. Тəртіпке бағынбағандар жазаланады. Екі есе жаттығу жасайды. Қазір шəкірттерімнің дені өтпелі кезеңде жүр. Олармен көбірек сырласуға тырысамын.

Ұлан: Əңгімеңізге рақмет!

Бетті дайындаған
Алмас БОРИС,
«Ұланның» жас тілшісі.
Атырау қаласы

Ұлан» газеті, №35
27 тамыз 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз