Жер бетінде барлық құбылыс қатар жүреді. Жақсылық пен жамандық, күн мен түн, ақ пен қара, табиғат пен адам егіз деген ұғым қалыптасқан. Тіпті көз бен құлақтың, аяқ пен қолдың қос-қостан болуының өзі өмірдің заңдылығы сияқты. Сол сияқты егіз балалардың өмірге келуі де ерекше жаратылыстың белгісі. Жақында «Балдəурен-Қапшағай» Республикалық оқу-сауықтыру орталығында еліміздің түкпір-түкпіріндегі егіз балалар мен озат оқушылардың басын қосқан ерекше ауысым өтті. Ол «Егіздердің жұлдызды сағаты» деп аталады. 17 жылдық тарихы бар «Балдəурен» РОСО-да алғаш рет өткізіліп отырған ерекше ауысымның идея авторы – орталықтың дамуына үлкен үлес қосқан тəрбие кешені директоры қызметін атқарған Бағлан Батырбекұлы. Ауысымның мақсаты – бір емес, бірнеше баласын тəртіп пен тəрбиеге баулып отырған қоғамның еңбегін таныту.

Ауысымға Қазақстандағы қарапайым балалар емес, шығармашылықта, спортта,
оқуда түрлі жетістікке жетіп жүрген егіздер шақырылған. Олар «Адалдық. Достық. Балдəурен» атты танысу кеші, «Егіз-лебіз» атты топ визиткасын қорғау кеші, «Жастар» педагогикалық тобымен танысу кеші, «Шабыт» шығармашылық байқауы, «Дəлме-дəл» пародиялық байқауы, «Шын көңілден қабыл ал!» атты туған күн иелеріне арналған əн-би кеші, «Екі жұлдыз» байқауы, «Олимпия» спорттық мерекесі, «Егіздер сағаты» зияткерлік ойыны, «Бизнес-сити» бекет бойынша ойын жəне «Қош бол, Балдəурен!» əн-би кешіне қатыса алады. Бұл шаралардың қай-қайсысы да қызық өтеді екен. «Балдəуреннің» бірнеше ауысымында қонақта болған «Ұланның» тілшілері бұл жолы ауысымның ерекше өтіп жатқанын байқадық. Біз де «Егіздердің жұлдызды сағатына» куə болып, шығармашыл егіздермен танысу үшін демалыс күндері «Балдəурен-Қапшағай» РОСО-ға барып, балалармен əңгімелесіп қайттық.

Егіздер бірдей киінуге міндетті емес

Қызылорда облысынан келген Нұрзат пен Бекзат осылай ойлайды. Олар, тіпті, есімдерін шатастырып алғандар адамдарға ренжиді екен. «Он жасқа дейін ата-анамыз бізге бірдей киім əперетін. Үш жылдан бері əртүрлі киініп жүрміз. Бізді онсыз да жиі шатастырып жатады. Сондықтан бірдей киінген ұнамайды. Біздің талғамымыз да, қызығушылығымыз да ұқсамайды. Əрбір адам жеке тұлға ретінде дамуға құқылы деп ойлаймыз», – дейді Бекзат пен Нұрзат. Егіздердің бірі əскери қызметкер болуды армандаса, екіншісі қаржы саласында білім алуды армандайды екен.

Ерекше есімді егіздер

«Балдəурен» – бақытты балалар аралы. «Егіздердің жұлдызды сағаты» ауысымында есімдері ерекше үйлесімді демалушылар да бар екен. Мысалы, Інжу мен Маржан, Арман мен Мақсат сияқты егіздердің есімі сəтті таңдалған екен.

Інжу мен Маржан Ақтау қаласынан келген. Екеуі əн айтып, би билей алады. Інжу
мен Маржанға «Кім бұзық? Кім көп ұйықтайды? Кім көп оқиды? Кім спортқа жақын?» деген қызықты сұрақтар қойып көріп едік, екеуінің қызығушылығы да, мінезі де ұқсас екенін байқадық.

Ақтөбе қаласынан келген Арман мен Мақсаттың есімін атасы қойыпты. Егіздермен болған ойын барысында Мақсаттың мінезі ашық, пысық екенін байқадық. «Кімнің бойы ұзын? Кімнің салмағы көп? Кім бірінші өмірге келген? Кім спортқа жақын? Кім қызға көп барады? Кім көп ұйықтайды?» деген сұрақтар қойылған ойында барлығының жауабы Мақсат болды. Осы ойыннан кейін егіздер арасында алдымен өмірге келгендер бəрібір үлкендігін танытады екен деген ойға қалдық.

Ал Семей қаласынан келген Мəди мен Əлібидің мінездері əртүрлі. Біздің сұрағымызға үйдің кенжесі Мəди жауап берді. «Сыңарым менен сегіз минутқа үлкен болса да ұялшақ. Екеуміз де ағылшын жəне информатика пəндерін сүйіп оқимыз. Үйде бізден үлкен əпкеміз бар. Сыңарың болған сондай жақсы. Үйде барлық шаруаны бөліп істейміз, кейде үй тапсырмасын да бөліп орындаймыз», – дейді Мəди.

Данияр мен Мадияр есімді егіздер Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласынан келіпті. Екеуі де спортпен шұғылданады екен. Болашақта офицер болуды армандайды. Данияр мен Мадиярдың бойынан сабырлы, ұстамды мінез байқадық.

Егіздер әулетінен шыққанбыз

Сандуғаш пен Қарлығаш Маңғыстау облысынан келген. «Балдəурен» лагеріне облыс бойынша 12 бала келдік. 6 жұп. Үш күн жол жүріп келсек те, Қапшағайға келгенде шаршағанымыз бірден басылды», – дейді қыздар. «Үйде 8 баламыз. Бізден кейін Інжу жəне Маржан есімді егіз сіңлілеріміз бар. Екеуміз үнемі бірге жүруге тырысамыз. Біреуіміз алысқа кетсек, қатты сағынамыз», – дейді Сандуғаш пен Қарлығаш.

Егіз екенімізді туу туралы куәлікпен дәлелдейміз

Аружан мен Аяжанның арасы – 10 минут. Олар Тараз қаласында өмірге келген ерекше егіздер. Ерекшелігі сонда – олар мүлде бір-біріне ұқсамайды. «Егіз екенімізді тек туу туралы куəлік арқылы дəлелдейміз. Əйтпесе, адамдар бізге сене бермейді. Тіпті, «Балдəуренде» де егіздердің сыңарын оңай ажыратып алады. Ал бізді егіздерге ұқсатпайды. Сырт келбетіміз, болмысымыз бен мінезімізде де айтарлықтай айырмашылық бар», – дейді егіз қыздар. Қыздардың бірі математика пəнінің мұғалімі болуды армандаса, екіншісі дəрігер немесе химик болғысы келеді екен.

Атырау облысынан келген Альбина мен Алина да ерекше егіздердің қатарында. «Арамыз бес минут болса да, айырмашылығымыз жер мен көктей деп айтуға болады. Үнемі бірге жүреміз, үйге бірге қайтамыз. Бірақ, арамызда жиі келіспеушілік болып қалады. Үйдегілер бізге ренжісіп қалғанда үлкенді сыйлап, кішісі үндемей қалу керек деп үйреткен. Осы тəртіпті ұстанамыз», – дейді егіздер. Альбина болашақта журналист болғысы келеді екен. Ал Алинаның арманы – география пəнінен сабақ беру.

Реалист болуға тырысамыз

Айша мен Мұхамедəли лагерьге Алматы қаласынан келген. Екеуі де 14 жаста. 9-сыныпта оқиды. Айша бимен айналысса, Мұхамедəли футбол мен жеңіл атлетиканы ұнатады екен.

Ұлан: Екеуің бір-біріңе қаншалықты ұқсайсыңдар? Қызығушылықтарың ортақ па?

Айша мен Мұхамедəли: Ұл жəне қыз бала болғандықтан, біздің сырт келбетімізді жиі ұқсата бермейді. Қызығушылықтарымыз да əртүрлі. Бір сыныпта оқысақ та, егіз екенімізді көп адам аңғара бермейді.

Ұлан: Жиі сырласасыңдар ма?

Айша мен Мұхамедəли: Жоқ. Біреуіміз ұл, біреуіміз қыз болғандықтан сырымызды
айта бермейміз. Əркім өзінің досымен сырласқанды жөн санайды. Өскен сайын
сыңарыңа ашық айта алмайтын жағдайлар көбейеді екен.

Ұлан: Қандай армандарың бар?

Айша мен Мұхамедəли: Біз көп армандай бермейміз. Реалист болуға тырысамыз.
Солай өмір сүрген жеңіл сияқты.

Сыңары барлар жалғыздық көрмейді

Ақтөбе облысынан Гүлерке мен Назерке, Қымбат пен Сымбат есімді егіз қыздар келіпті. Бір-бірінен айнымайтын егіз қыздар «егер сыңарың болса, ешқашан жалғыздық көрмейсің» дейді.

Ұлан: Қыздар, егізің болған жақсы ма? Қандай артықшылықтары бар?

Қымбат пен Сымбат: Сыңарың болған керемет сезім. Ол үнемі саған қолдау білдіреді. Қайда барсаң да жаныңнан табылады. Қиын сəтте, сырыңды айтқың келетін сəтте басқа дос іздемейсің.

Гүлерке мен Назерке: Біздің ауылда бізден басқа егіздер жоқ. Сондықтан, біз де басқа адамдар сияқты өмір сүруге тырысамыз. «Балдəуренге» келгенде өзіміз сияқты егіздердің ортасында жүрген ерекше əсер сыйлады. Əлемде, Қазақстанда бізден де басқа егіздер бар екенін түсіндік. Əсіресе, ұл мен қыз немесе егіз ұлдардың өмірі бізге қызық болды.

Ұлан: Сендерді адамдар жиі шатастыратын шығар? Қалай ажыратуға болады?

Сымбат: Иə, алғашында адамдар жиі шатастырады. Бірақ айырмашылығымыз бар. Мысалы, Қымбаттың бойы маған қарағанда ұзын. Себебі, ол 15 минут ерте туған. Сосын екеуіміздің мінезіміз əртүрлі. Жақындарымыз бен достарымыз осы белгілерге қарап ажыратады.

Гүлерке мен Назерке: Көршілер, ұстаздарымыз, достарымыз жиі шатастырады. Бірақ, біз бұған үйреніп кеттік. Кейде өз атымызды атамаса да, жауап беріп жүре береміз.

Ұлан: Қандай армандарың бар?

Қымбат пен Сымбат: Екеуміз де биші болуды армандаймыз. Бір ансамбльде өнер
көрсетсек, бір сахнаға бірге шықсақ деген мақсатымыз бар.

Ұлан: Екеуің бір сыныпта оқисыңдар ма? Сүйікті пəндерің қандай?

Гүлерке мен Назерке: Иə, бірге оқимыз. Екеуміз де физика мен тарихты жақсы көреміз.

Қазақстан егіздерді өмірге əкелу бойынша əлемде 48-орында. Көш басында
Нигерия тұр. Онда əрбір 22 адамға бір егізден келеді екен. Жер шарының төрттен бір бөлігін құрайтын Қытай егіздер саны бойынша соңғы орында. Мəселен, онда 250 қытайға бір егізден келеді. Жер шарында егіздер Еуропа құрлығында көп өмірге келеді. Кəрі құрлықта 1000 баланың сегізі егіз болады екен.

Егіздер туралы аңыз да көп. Үндіеуропа мифологиясында егіз ағайынды жігіттер «Аспан құдайының балалары» деген атауға ие болыпты. Осы сынды «аспан
балалары», «аспан ұлдары» деген бейнелеу Африка елінің нуэр, ньоро, ронга жəне басқа да халық аңыздарында жиі кездеседі.

Дана МАРАТОВА
Суреттерді түсірген
 Айгүл ҚОЖАНТАЕВА

Ұлан» газеті, №35
27 тамыз 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз