Астанада гандболдан әйелдер арасында өткен Қазақстан біріншілігінде Шымкенттің «Қазығұрт» клубы тарихи нәтижеге қол жеткізді. Оңтүстіктің қыздары алғаш рет Суперлигада қола жүлдеге ие болды. Шешуші ойында Алматыны ұтқан команданың болашағынан зор үміт күттіретін ойыншыларының бірі Таңшолпан Жұмаділованы әңгімеге тартқан едік.

– Таңшолпан, тарихи жүлде құтты болсын!

– Рақмет, біз үшін бұл маңызды. Қола жүлде үшін талас екі күнге жалғасқанын білесіздер. Бастапқыда аса қиналмай жеңеміз деген ойдың болғаны рас. Бірақ қарсыласты бағаламауға болмайтынына тағы бір мәрте көз жеткіздік.

– Турнирдегі ең жас командасыздар. Өзге ойындар қиын өтті ме?

– Қарсыластарымыздың барлығы да тәжірибелі ойыншылар. Ешқайсысы оңай шағылар жаңғақ емес еді. Осының өзі алға ұмтыла түсуге, тыңғылықты дайындық жүргізуге сеп болды.

– Бапкерлеріңіз барынша жігерлендіріп отырды. Оның нұсқауларын естідіңіздер ме?

– Ол кісі біздің басты қолдаушымыз әрі ақылшымыз. Сәл босаңси бастасақ, бапкердің дауысын естіген бойда бойымызды жиып аламыз. Жігерленіп, жеңіске ұмтыламыз. Ол кісінің айтқанын тыңдауға тырысамыз, бірақ ойын барысында айтқанын бұлжытпай орындау мүмкін емес. Оған әртүрлі фактор әсер етеді. Қарсылас та қарап тұрмайды ғой.

– Енді бұл нәтиже бапкердің көңілінен шықты ма?

– Жаттықтырушымыз турнир алдында «сендер тарихтың жаңа парағын аша аласыңдар» деген. Себебі, бұған дейін Шымкенттің әйелдер командасы үздік үштікке іліккен емес. Осы сөз өзімізге деген сенімді арттырғандай. Біз  ұйымшылдық таныттық. Сол үшін лайықты марапатталдық деп ойлаймын.

Әзірге шамамыз осы үшінші орынға ғана жететінін білеміз. Мүмкіндігімізден асып түсе алмаймыз ғой. Бірақ тәжірибе жинаған соң міндетті түрде көшбасшылыққа таласатын боламыз.

– «Қазығұрттың» алдағы жоспары қандай?

–Жоғары лигадан Суперлигаға өттік. Енді осы жақта әбден ысылып, біліктілігімізді арттырамыз. Бұдан былай қыздар демалады. Жарақаты барлар емделеді.

– Үшінші орын үшін таласта ұтылған Алматы командасының қыздары төрешіге қатты ренжігенін байқадым. Сіз бұған не дейсіз?

– Алматылық қыздар да ереже бұзып, бізге қарсы дөрекі ойнағанын көрген шығарсыздар. Ойында біреу ұтылады, біреу ұтады. Ұтылған команда қай кезде де кемшілік іздейді. Төреші бізге жақтасатындай жерлесіміз емес немесе біз Шымкентте ойнап жатқан жоқпыз ғой. Елорда – екі клуб үшін де бейтарап алаң. Сондықтан төреші тарапынан өрескел қателіктер болған жоқ деп ойлаймын. Алматылық қыздардың көңіл-күйі түскені рас, ашулары басылады ғой.

– Қыздар гандболында қандай жарақаттар жиі кездеседі?

– Бізде жарақат өте көп. Соның ішінде ең жиі тарағаны әрі қауіптісі – тобықтың сынуы. Кейде байқаусызда, кейде қарсыластың әдейі шалып құлатуынан жарақат алып жатасың. Лас ойын көрсететіндер шынтақпен де төрешіге байқатпай түртіп қалуы мүмкін. Бірақ біз мұндай ойынға қарсымыз. Бапкеріміз үнемі таза әрі тартымды ойын көрсетіңдер деп айтып отырады.

– Тым артық кетіп жатқан тұстарда ше?

– Өзіміз ешкімге барып соқтығыспаймыз. Десек те артық кетіп жатса, біз де мінез көрсетеміз. Спортта кейбіреулер біліктілікпен емес, лас әрекетпен қорқытамыз деп ойлайды. Ондайларды орнына қойған жөн. Мысалы, біздің қақпашы сауатты қимылдады. Қақпадан саңылау таба алмаған команда допты қақпашының тура бетіне атуы мүмкін. Сондайда өз қыздарымызды қалай қорғамаймыз.

– Қыздардың тырнақтарының ұзын болмауы да қадағаланатын шығар?

– Әрине, матч алдында төрешілер тексереді. Шашты қанша өсірсең де өзің білесің, бірақ талап бойынша шашты темір қыстырғыштармен емес, пластырьмен жинауымыз керек. Аяқ-қолды байлайтын бандаждардың темірлері де сыртқа шығып тұрмауы қатты қадағаланады.

– Қыздарға демалуға уақыт берілетінін айтып қалдыңыз. Өзіңіз қашан демаласыз?

– Бірер күнге созылатын үзілістен соң ұлттық құрамамен бірге оқу-жаттығу жиындарына аттанамын. Менімен бірге клубтан тағы үш қыз барады. Дайындық Алатау бөктерінде өтеді. Алда әлем чемпионаты күтіп тұр.

– Былтырғы жылдың соңында Азия чемпионатында төртінші орынмен шектелдіңіздер. Жүлдеге сынық сүйем қалғанда сүрінуге не себеп деп ойлайсыз?

– Бізге ойын тәжірибесі жетіңкіремейтін секілді. Мысалы, «Қазығұрттағы» командаластарымызбен бір-бірімізді сөзсіз түсінеміз. Босаңсығанын байқасам, кейде ұрсып, кейде тіпті, шымшып та аламын. Оған олар ренжімейді. Бұл командалық ойын ғой. Қара басыңды ғана ойлау дұрыс емес, нәтиже әр ойыншының әрекетіне байланысты. Ал кейбір гандболшылар өздері ғана гол соққысы келеді.

– Мұндайда бапкер жаза қолдануы керек емес пе?

– Бізге ресейлік маманның келгеніне көп бола қойған жоқ. Ол кісі өте талапшыл, тәртіпке қатты мән береді. Қазір құрамадағы ұйымшылдықты нығайту үшін жұмыс істеп жатыр. Егер қатардағы бір қыз кешігіп келсе немесе телефонға көбірек уақыт бөліп қойса, міндетті түрде бәрін жазалайды. Тіпті бір минут кешіксең де команда түгел жазаланады.

– Сонда қандай жаза қолданады?

– Әдетте жүгіртеді. Қанша жүгіретініміз қандай «бұзықтық» жасағанымызға байланысты.

– Кім жиі жазаланады?

– Бұл негізі клубтағы талаптарға тығыз байланысты. Себебі, кейбір клубтар демалуға көбірек уақыт береді. Шымкенттік жаттықтырушы талапшыл болғандықтан шығар, әзірге «Қазығұрттың» өкілдері бірде-бір рет сөгіс естіген жоқ. Дегенмен құрамада барлығы тәжірибелі ойыншылар ғой. Жауапкершілік жүгін сезінеді. Уақыттың құнды екенін біледі. Сондықтан тәртіпке бәрі бағынады. Мұның гандбол ұжымдық ойын екенін сезіну үшін маңызы зор деп ойлаймын.

– Ұлттық құрамамен жиі бірге дайындаласыздар ма?

– Ары кеткенде екі ай, негізі ай сайын жаттығу жасап тұрамыз.

– Былтыр сары құрлық біріншілігінде жүлде ала алмасаңыздар да, әлем чемпионатына жолдама алдыңыздар. Енді қандай мақсат қойып отырсыздар?

– Жеңіс не жеңіліс деген ой жоқ. Басты мақсат – Токио олимпиадасына жолдама алу.

– Өзіңіз гандболға қалай жолыңыз түсіп жүр?

– 5-сыныпта оқып жүргенде құрбыларым гандболға бірге бару туралы ұсыныс жасаған. Ол кезде бас тарттым. Сонда ата-анам «тегін болса, бара бер» деп рұқсатын берді. Сөйтіп бірте-бірте қызығушылығым артты. Міне, кездейсоқ келген спортымнан қол үзбей жүргеніме он жыл болды.

Бапкерлерге ойыным ұнаған болса керек, жаттығуды жалғастыру туралы ұсыныс жасады.

– Бойыңыз ұзын емес, бойшаң гандболшыларға қарсы ойнау қиын емес пе?

– Орта бойлы қыздар көп. Бұған дейін де болған. Мәселе бойда еместігіне дәлел көп. Әлемде менен де кішірек қыздар жойқын соққыларымен ерекшеленіп жатады.

– Бапкерлердің сүйікті ойыншылары бола ма?

– Болады. Көреалмаушылық емес қой, бірақ бір ойыншыны көбірек мақтап немесе қателігін байқамай жатса, кейде ашуланасың. Бірақ жас қыздарды жаттықтырғанда, өзім де сондай жағдайға тап болғаным жасырын емес. Топтың арасында ойынымен, ынтасымен біреуі өзіне тартып тұрады екен.

– Сіз олардың қатарында емессіз бе?

– Жоға, болмай-ақ та қояйын.

– Неге?

– Қолпаштаумен емес, шынайы еңбекпен, маңдай термен жеткен жетістіктің орны бөлек. Ол бірінші кезекте ойыншының әрі қарай дамуына кедергі келтіреді.

– Сонда ерекшеленгенді ұнатпайсыз ғой?

– Дәл солай. Мен команданың ойыншысымын. «Үздік ойыншы» атанып жатсаң, бөлек әңгіме. Ал сұрмерген атануға ұмтылмаймын.

– Өзіңіз қандай ойынды көбірек көресіз: ерлердікін бе, әйелдердікін бе?

– Ерлердің ойыны, әдісі, соққысы, бәрі бөлек. Сондықтан әйелдердікін көремін.

– Ол қандай командалар?

– «Ростов-Дон», Венгрияның «Дьер» клубтарының ойындарын бақылап отырамын. Ал ойыншылардан Нора Мерктің есімін ерекшелеп айтуға болады. «Ростов-Донда» Аня Вяхированың өнері ұнайды.

– Өзіңіз шабуыл шебінде ойнайсыз. Бұл бапкердің шешімі ме?

– Негізі бапкер шешкен. Бірақ оның алдында әбден сынап көрді. Кейде ойының жүрмей жатса, алмастырып, орныңа басқа біреуді шығарады.

– Ал ұлттық құрамаға қалай ілігіп жүрсіз?

– Жасөспірімдер құрамасында ойнап, содан кейін ұлттық құрамаға шақыртылдым. Екі жылдай гандболдан қол үзіп қалғаным бар. Мен де тобықтан жарақат алып, емделуге ұзақ уақыт кетті. Ол кезде жасым 17-де болатын. Ата-анам «спортыңды таста» деді. Үйге бапкерлер келіп гандболдан қол үзбеуім керектігін айтты. Дәрумендер әкеліп беретін. Сосын үйдегілерден қашып жүріп бір жыл бойы жаттығуға барып жүрдім. Мұғалімдер қосымша сабақтарға қалдырады деген сылтау айтамын. Қазір қол добынан жалықтым десем, «бастаған істі орта жолда тастаған жөн болмас, өзің таңдағансың» деп ақылдарын айтып, жігерлендіріп қояды. Ал құрамаға оралған кезде ресейлік маманмен жұмыс істеу қиынға соқты. Себебі, ол кісінің жаттықтыру тәсілі бөлек. Қатты шаршайтынбыз, оған да үйрендік. Соның жемісін, міне, қазір клубтық ойындарда көре бастадық.

– Бос уақытты қалай өткізесіз?

– Демалыста Леңгірге барып, миымды тынықтырамын. Ал қалада болсам кітап оқимын. Көбінде психологиялық кітаптар оқығанды ұнатамын. Соның ішінде америкалық Николас Спарксты ерекше атап өтуге болады.

– Әңгімеңізге рақмет! Сәттілік жолдас болсын!

Сұқбаттасқан Бек ТӨЛЕУОВ

Ұлан» газеті, №35
27 тамыз 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз