12-16 тамыз аралығында АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында Technovation Global жарысы өтті. Оған еліміздің атынан Сосо командасы қатысты. Олар осы жылдың көктемінде өткен Technovation Kazakhstan аймақтық байқауында жеңімпаз атанған. Қыздар орын ала алмаса да, əлемдік жарысқа қатысып келді. Еліміздің атын шығарды. Финалға қатысудың өзі жетістік. Сосо командасының құрамында төрт қыз бар: Дана Ерланова, Любовь Дудченко, Ділназ Камалова жəне Малика Бурибаева. Қыздардың бəрі Назарбаев зияткерлік мектебінің
оқушылары. Біз жарыстың қалай өткені мен алған əсерлері жайлы сұқбаттасқан едік.

– Қыздар, Technovation Global жарысына қатысып, финалға дейін жеттіңдер.
Жарайсыңдар! Жарысқа Тесо жобасын ұсындыңдар. Кімнің идеясы?

– Тесо жобасының негізгі мақсаты – адамдарды экология мəселесіне бет бұруға ынталандыру. Тесо – қоқыстарды тастамауға, оның орнына экологиялық заттарды көп сатып алуға жəне əлемдегі экологиялық проблемалармен қалай күресуге болатынын үйрететін ойын. Мұны бастапқыда Люба жай ұсыныс ретінде айтты. Ал қалған үш қыз бұл ұсынысты жан-жақты қарап, солай Тесо идеясына тоқтап, бəріміз бірге дамыттық. Бұл құрылғы қайта өндіруге арналған. Бізде ойын бар. Ол ойынды ойнау арқылы адамдар экологиялық проблемалар мен əлемде болып жатқан экологиялық қауіп-қатерден хабардар болады. Сондай-ақ онымен қалай күресіп, алдын алуға болатынын ойын арқылы біледі. Сонымен қатар, ойынның екінші жартысы қоқыс құрылғысымен тікелей байланысты. Мысалы, сіз пластик өндіретін зауытқа келдіңіз делік. Сол жерде қоқыс құрылғысы орнатылған. Қоқысты, пластикті тастаған кезде телефоныңызда виртуалды əлемдегі жер ғаламшары пайда болады. Əу баста іші-сырты қоқысқа толы,
ластанған жер көрінеді. Одан кейін сол ластанған жер біртіндеп таза, бүлінбеген
жерге айналады да, сізге бір балл беріледі. Жинаған балды театр, кинотеатр секілді мəдени орындарға билет аларда жеңілдік ретінде қолдана аласыз.

– Тесо қандай мағына береді?

– Тесо – технология жəне экология (есо) деген сөздердің қосындысы. Екі қарапайым сөзді алдық. Тес буынын ағылшындар əрдайым технологиямен байланыстырады.

– Жоба жасау барысында қандай кедергілер болды?

– Əрине, жоба жасау барысында кедергілер болмады дей алмаймыз. Командалық жұмыс – бірінші кедергі десек қателеспейміз. Өйткені, команда кейде жиналады, кейде жиналмайды. Мектептегі соңғы оқу жылымыз болғандықтан
емтихандарға дайындалдық. Сондай-ақ барлығымыздың өз алдына жеке жобаларымыз бар. Сол себептен де біріккен жоба бойынша уақыт тауып, талқылау жағы қиынға соқты. Байқасаңыздар, жобамыз өте ауқымды. Оны жасауға көп уақыт кетті. Яғни, екінші кедергіміз – жобаны жасау үшін көп уақыт шығындауымыз.

– Командаларыңның аты – Coco. Бұл қандай мағына береді? Не үшін бұл
атауды таңдадыңдар?

– Бұл атты қалай қойдық? Бəріміз атын қалай қоятынымызды ақылдасып отырғанда, ойымызға ағылшынша сөздер келе бастады. Мысалы: collaboration, cooperation, coding деген сияқты. Бұл сөздер бірігу, бірге жұмыс істеу, бағдарламалау деген мағынаға саяды. Сосын мəн беріп қарағанымызда барлығының басы «со»-дан басталады екен. Сондықтан біз командамызды солай атайық деп шештік. Сондай-ақ «сосо» тілге жеңіл, есте тез сақталатын ат сияқты болып көрінді. Əдетте командалардың аттары қиын болады. Біз керісінше, оңай ат таңдадық. Одан басқа Сосо Сhanel деген əйелді білетін шығарсыздар. Ол дизайн, мода жағынан үнемі бірінші болатын. Бір жағынан осыған сүйеніп те солай атадық.

– Teco жобасы бойынша командада кім не істеді?

– Тесо жобасы бойынша төрт қыз жəне бір ментор бар. Мен, яғни Дана, біріншіден, видео контентке жауап бердім. Қосымша қалай жұмыс істейді, бизнес жоспарымыз қандай, сол жағынан видео түсіруіміз керек болды. Екіншіден, бұл құрылғыны Arduino платформасында жасадым. Любовь Дудченко – ойынды бағдарламалады. Ділназ – бизнес-жоспармен айналысты. Ал дизайн жағынан жауапкершілік Маликаға жүктелді.

– Ал жарысқа қалай тап болдыңдар?

– Бұл жарыстың болатынын біз бұдан бұрын білдік. Люба екеуміз осыдан бір жыл бұрын жарысқа қатысып көргенбіз. Бірақ жеңіске жете алмадық. Ол кезде біз осы салаға жаңадан келген болатынбыз. Біліміміз таяз еді. Сол уақытта бізге қатысудың өзі үлкен жеңіс болды. Дегенмен, келесі жолы қатысқанымызда «мынадай қателердің алдын алуымыз керек екен, мынадай идеяларға басымдық беріледі екен ғой» деген қорытынды жасап, ой түйген едік. Бұл жолғы жарысқа соған сүйене отырып үлкен дайындықпен қатыстық. Жарыс жайлы қайдан білдіңіз десеңіз, өз басым (Дана) бір сайттан көріп қалдым. Мені қызықтырды. Себебі ол кезде бағдарламалауды енді ғана үйреніп жүрген кезім. «Қатысып көрейін» деп шештім.

– Technovation Global деген қандай жарыс? Осы жайлы толығырақ айтып
берсеңдер…

– Technovation Global деген 13 жастан 18 жасқа дейінгі қыздар арасында бағдарламалау, бизнес жоспар, дизайн жағынан өтетін байқау, яғни кішігірім стартап. Жарыстың басты мақсаты – техникалық салаға қыз балалардың қызығушылығын арттыру əрі қоғамдағы əртүрлі əлеуметтік мəселелерге жұрттың назарын аудару. Қыздар бір немесе бес адамнан команда құрады. Сол құрылған командада екі ментор болады. Бірі бизнес ментор болса, екіншісі – бағдарламалау менторы. Бұл жарыста идеяларға қойылатын талап – əлеуметтік мəселеге негізделген əрі сол идея арқылы жасалынған жоба əлеуметтік ортаға пайдасын тигізетін болуы қажет. Яғни, сіздің жобаңыз қандай да бір проблеманы шешетін болуы керек. Қыздар жарысқа қатыспас бұрын ең алдымен идеяны таңдап, нақтылап алады. Одан кейін бизнес жоспарын жазады. Бағдарламалау, яғни мобильді қосымшасын жасайды. Соңында дизайн ретінде плакаттар мен видеолар жасап, ортаға шығып жобамен таныстыру жағын ойластырады.

– Қазылар алқасы жобаларың жайлы не деді?

– Қазылар алқасы басында біздің жобамызды құптаған. Олардың көңілінен шықты деп айта аламыз. Бірінші, стендтерде тұрып əр команда өз жобаларын таныстырады. «Идеясы не мақсатта? Қандай жоба? Ол қалай жұмыс істейді?» деген сияқты сауалдарға жауап береді. «Біздің құрылғымыз мынадай. Біз мынадай нəрселерді жасадық. Бұл құрылғы былай жұмыс істейді?» деп көрсету дема стенд болып саналады. Біз осы дема стендте тұрған кезімізде қазылар алқасы жазған бағдарламамызды, істеген құрылғымызды көріп қатты мақтаған болатын. «Сендер техникалық жағынан мықты дамыпсыңдар. Жобаларың қатты ұнады. Идеясы да өте күшті» деп жақсы пікір білдірді. Таныстырылымға өзімізге сенімді болып кірдік. Бүкіл сұрақтарға дайындалдық. Кім қандай сөз айтады, кім кімнен кейін микрофон алады, кім қай жерде тұрады, соның барлығын қайта-қайта дайындықтан өткіздік. Тіпті айтатын сөзімізді де ішімізден 5-6 рет қайталадық. Онымен қоса төрешілер жобамыз жайлы жақсы пікір айтқан.

– Онда неге орын бермеді? Қалай ойлайсыңдар?

– Жарысқа бізден басқа бес команда қатысты. Демек, алты команда бірінші, екінші, үшінші орынға таластық. Біздің ойымызда өзімізге бəсекелес тек бір команда болды. Ол америкалық қыз, яғни командада бір-ақ қыз. Оның жобасы – машиналық интеллект жасау. Ол жергілікті жердегі негізгі проблемалардың біріне сүйене отырып машиналық интеллект жасаған. Алайда оның машиналық интеллекті соңына дейін жұмыс істемейді. Бірақ сонда да оның жобасы мықты жобалардың бірі болды. Мобильді қосымшасының дизайны əдемі, өзі жасаған. Əрі өзінің бизнес жоспары бар. Бүкіл жұмыстың бəрін жалғыз өзі жасағандықтан біз бəсекелес ретінде тек сол қызды ғана көрдік. Ал өзге командалардың мобильді қосымшасы соңына дейін жасалынбаған. Көбінің идеясы бірдей болды. Олардың идеялары əйелдер жəне олардың құқықтары туралы болатын. Алайда қосымшалар жай ақпараттық күйінде ғана. Яғни, біздікі нақты ойын күйінде болса, олардың жобалары тек жалпы мəлімет қана. «Əйелдердің құқығын қалай қорғаймыз? Ол үшін не істеу керек?» деген сияқты сауалдарға жауап беретін мəтіндер еді. Соларды көріп, біз өзімізге сенімді болып кеткен шығармыз.
Онымен қоса біздің команда мүшесі Любовь Дудченко Қытайдағы жəне басқа да жарыстарға қатысып, бірінші орын алған болатын. Біз өзіміз Google science fair деген жарысқа қатысқанбыз. Бəріміз көптеген жарысқа қатысып, жүлделі орындар алып жүргенбіз. Соның бəрі өзімізге тым қатты сенім берген шығар деп ойлар келеді.

Неліктен орын алмадық? Біз қазылар алқасынан сұрадық. Сонда олар «Сіздер бір проблеманы емес, əртүрлі үш проблеманы шешуге негіздегенсіздер. Адамдарға экологиялық сананы үйрету, қоқыстарды қайта өңдеуге ынталандыру жəне спорттық жақтары да бар. Нақты бір мəселені шешуге ғана бағыттауларыңыз керек еді», – деді. Техновейшннің мақсаты – қыздарды технология мен бизнеске ынталандыру дедік қой. Ал егер біз жеңетін болсақ, келесі қатысушылар біздің мобильді қосымшаға қарап, «осындай қосымшалар жеңсе, онда бізге қатысу үшін өте ақылды бағдарламалаушы болу керек шығар» деген ой келіп, қатыспай қалуы да ғажап емес. Яғни, біз жеңсек, басқалардың жарысқа қызығушылығын басып тастауымыз мүмкін. Үшінші бір теориямыз бар. Қазақстан 2017 жылы 1-орын алған. «Бұл жолы басқа да елдер жеңсін, басқа елдер де қатыссын» деген оймен бермеген шығар деп те пайымдаймыз.

– Байқауға қатысудан қандай əсер алдыңдар?

Малика: Байқау бізге қатты ұнады. Өзге елдің қыздарымен тез тіл табысып, мəдениеттерімен таныстық. Əлемнің түкпір-түкпірінен келген қатысушылардың жобаларын көрдік. Бұл бізге жаңа жобаларды жасауға шабыт берді. Сондай-ақ, АҚШ-та керемет қонақүйге орналастық. Байқауға қатысушы ретінде Сан-Францискода өткізген төрт күнде (12-16 тамыз аралығы) қаланың көптеген əдемі жерін көзбен көрдік (Alcatraz Golden Gate Bridge жəне т.б.). Одан бөлек біз Google Ventures, Uber, Facebook компанияларының кеңсесіне бардық. Естен кетпестей жақсы əсер алдық.

– Кумирлерің бар ма?

Любовь: Менің кумирім – Илон Маск, Марк Цукерберг. Мен оларды қатты сыйлаймын. Себебі олар кішкентай стартаптан үлкен компания жасай алды. Илон Маск – əлемді өзгертіп, болашақтың қамын жасап жатқан тұлға. Мен кеше ғана Facebook-тің кеңсесіне болдым. Іші өте керемет! Қатты ұнады. Біз барған кеңседе 40 мың адам жұмыс істейді екен. Бір кеңседе осыншалық адамның жұмыс істеуі таңғаларлық. Ал ондай жағдайды жасап отырған Цукерберг.

Ділназ: Иə, менің де кумирлерім бар. Солардың ішінен Денис Тенді атап өткім келеді. Себебі ол мен үшін үлкен жүректі тұлға. Мен оны өте қатты құрметтеймін.

– Бос уақытта немен айналысасыңдар?

Дана: Бос уақытымда видео түсіремін. Дана Ерлан деген ютуб арнам бар. Оған 1000-нан астам адам жазылған. Идеяларымды айтып, ой бөлісіп тұрамын. Одан бөлек жүгіргенді жақсы көремін. Осы уақытқа дейін жартылай марафонды (21 шақырым) жүгіріп өткенмін.

– Армандарың қандай?

Дана: Менің арманым – адамдарға ІТ саласы бойынша көмегімді тигізу.

Ділназ: Əрине, арманым көп. Дəл қазіргі уақытта мен үшін ең маңыздысы – жақсы оқу орнына түсіп, өз жолымды табу.

– Қыздар, армандарың орындалып, жетістікке жете берулеріңе тілектеспіз!

Сұқбаттасқан
Қания ТАБЫС,
СДУ студенті.

Ұлан» газеті, №35
27 тамыз 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз