Нұржан әжесімен бірге хайуанаттар бағына барды. Ол жерден арыстанды, пілді көрді. Мұндағы аңдар қызық-ақ. Ақ аю маңғаз. Аптап ыстықта салқындап, судан шықпайды екен. Ал маймылдар ағаштан ағашқа секіріп, әйнек қабырғаның аржағында асыр салып жүр.

Нұржанға бәрінен де керік ұнады. Оны көргенде әжесін қолынан тартқылап:

– Қараңызшы! Бойын-ай!.. Бойы неткен ұзын! – деп ерекше тамсанды.

Нұржан маңдайында әп-әдемі мүйізі бар ұзынтұра жануарға ұзақ қарады. Ішінен «шіркін, менің де бойым осындай болса ғой» деп қояды.

Осылай ойлаған Нұржан өзінің керіктей болғанын көзіне елестетіп, қиялдап кетті.

Мінеки, ол әжесі екеуі сауда орталығына – киноға бара жатыр. Кенет тура ертегідегідей оның бойы өсе бастады. Мұны көрген әжесі:

– Астапыралла! Нұржантай, бұл сен бе? Бойыңа… Бойыңа не болды! – деп шошып кетті.

Ал Нұржанның бойы өсе берді. Жол жиегіндегі ағаштармен теңесті.

– Қорықпаңыз, әже! – деді Нұржан төбеден қарап. – Менің бойым керіктей ғана болады. Одан артық өспейді.

Жұрттың бәрі керіктей балаға қызыға қарады.

– Міне, ғажап!

– «Бой» деп осыны айт!

– Екі қабатты үйдей ме өзі?!.. – деген дауыстар жан-жағынан естіледі.

Әп-сәтте айналасына адамдар үймелеп, сыртылдатып суретке түсіре бастады. Көліктер де жүрістерін баяулатып, көшеде аяқ астынан кептеліс пайда болды.

Жұртты осыншама әбігерге түсіргеніне қысылған Нұржан:

– Әже, асығайық! Әйтпесе, кино басталып кетеді! – деп жүрісін сәл ғана жылдамдатты.

– Нұржантай, ақырын жүрші! Мен ілесе алмай қалдым! – деді әжесі ентігіп.

– Түу, әжетай! Мен онсызда ақырын жүріп келем! Қатты жүрсем, әне тұрған сауда орталығына екі-ақ аттап жетем ғой! – деді оған Нұржан.

Сәлден соң бұлар сауда орталығына да жетті. Осы жерде қызық болды. Сауда орталығының айқара ашылатын есігінен бойы керіктей Нұржан өте алмай қалды. Енді не істеу керек? Нұржан дереу бір амал тапты. Жерге тізерлеп отыра қалды да, есіктен еңбектеп өтпекке бекінді. Бірақ іше ене бергенде, күзетші жолын кесті.

– Қайда? Қайда барасың? – деді ол қатқыл үнмен.

– Киноға! – деді Нұржан.

– Қайдағы кино?! Сені кіргізе алмаймын. Мұндай боймен кинозалға қалай сыймақсың? – деді күзетші.

Осы сәтте Нұржанның басына: «Керіктей боп нем бар еді? Енді мен еш жерге сыймаймын. Мектепке қалай барам? Үйге қалай кіремін?» деген ой келді. Көңілі босап, көздері боталай бастады.

Кенет әжесінің:

– Нұржантай, саған не болды? Неге жыладың? – деген дауысы селт еткізді.

Қараса, хайуанатар бағында, әжесінің қасында тұр. Бойы да керіктей емес, өз бойы.

Нұржан қуанып кетті. Дереу әжесінің құшағына еніп:

– Менің керіктей болғым келмейді! – дей берді.

«Балдырған» журналы, №8
Шілде, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз