Сібір даласы Ресейдің 77 пайыз территориясын алып жатыр. Яғни оның аумағы 13 000 000 шаршы шақырымды құрайды. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, картадан Канаданы елестетіңізші. Сібір аумағы осы мемлекеттің аумағынан үлкен және бұл жерде
әлемдегі ең терең көл орналасқан. Байкал көлінің тереңдігі – 1642 метр. Ол өзге көлдерден тереңдігімен ғана емес, жер бетіндегі ең үлкен табиғи тұщы су қоймасымен де
ерекшеленеді. Көл атауы түркі тілінен шыққан. Бай және көл сөздерінен құралған деп топшылауға болады.

Сібір – табиғаты жөнінен ең ерекше аумақтардың бірі. Оның шығысында жер бетіндегі ең ұзақ сақталған төменгі температура тіркелген. Сонымен қатар, қардың ең үлкен ұлпалары
да жер шарының дәл осы аймағына құлайды екен.

Сібір даласын картадан қарай отырып, бұл жақтағы жер атауларының орысшаға мүлдем ұқсамайтынын аңғаруға болады. Өйткені, бұл дала славян халықтарының емес, ежелгі түркілердің топырағы. Олардың ұрпақтары бұл жерлерде әлі күнге дейін өмір сүреді. Бірақ өз тілдерін ұмытып, үлкен ұлтқа жұтыла бастаған.

Жалпы Сібір ормандары – Тайга деп аталады. Тайганың аумағы 15 000 000 шаршы
шақырым екені белгілі. Бұл жер бетіндегі ормандардың үштен бірін құрайды. Сонысымен де әлемдегі ең үлкен табиғи экожүйелердің қатарында. Ал енді осынша аумақтың өртеніп кетуін елестетіп көріңізші.

Мұндай жағдайда Ресей Федерациясының жасыл символына айналған Тайга өртінің жылдамдығы сағатына 70 шақырымға дейін жетуі мүмкін. Оның қызуы 700 градусқа көтеріліп, ондағы жануарлар қалаларға қарай қаша бастайды. Өрттен көтерілген түтін жер
шарының төрттен біріне жайылады. Осы есептен ауадағы оттегі азайып, адамдардың ауруға шалдығуы көбейе түседі. 15 000 000 шақырым орманның толықтай өртенуі жер бетіндегі 40 пайыз тұщы суды ластап, оның мүлде іске алғысыз етеді.

Өрт 800-ге тарта өсімдіктің, 300-ге тарта құстың, 32 000-ға жуық жәндіктің және 40-қа
жуық сүтқоректінің жойылып кетуіне апарып соғады. Тіпті олар жойылып кетпеген күннің өзінде, өмір сүру ортасынан айырылады.

Ресейдің орманды алқабы Тайганың өртенуі – дүниежүзілік деңгейдегі проблемаға айналмақ және әлем сол проблеманың шет-жағасын көрді де. Шілде айында Ресейдің шығысын қызыл алау шарпыған еді. Ол 3 000 000 гектар орман алқабын жалмап барып
басылды. Ал одан көтерілген түтін Қазақстанның оңтүстік аймақтарына дейін жайылған болатын. Өрттің шығуы мен оның тоқтатылмау себептерін әркім әртүрлі тарқатады. Бірі «бұл әлемдік проблема» десе, екіншісі «өрттің шығуы – орманның өз-өзін емдеуі» дейді. Ал мемлекет «өртті өшіру экономикалық тұрғыдан тиімсіз» деді. Не болғаны, қандай саяси ойын ойналғаны бізге белгісіз, тек жер шарының «өкпесінің» өртенгенін көру – адамзатқа
ауыр соқты.

ТӨЛБАСЫ

Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз