Тамыз. Бүгінгі әлемдік күнтізбедегі сегізінші ай. «Күйдіру» деген мағынаны білдіреді. Тамыздық сөзі де осы мағынадан туындаған. Тамыз айында аптап ыстықтан шөптің басы сарғайып, қурай бастайды. Піскен егін орылады. Осы құбылыстарға байланысты бұл айды кейде «сарша-тамыз» деп қосарлап айтады. Яғни «сарша» сөзінің арғы тегі – «сары шақ», ежелгі түркі сөзі.

Ал орысшадағы «август» сөзінің арғы тегі Октавиан Август атты Римнің алғашқы
императорының атынан шыққан. «Август» сөзі латын тілінен аударғанда «қасиетті» деген мағына береді.

1 тамыз

Сырт келбеті төртбұрышты, биіктеу көлік көрсек «джип» дейміз. Біз айтқан сипатқа
ұқсайтын бірнеше автокөлік бар. Бірақ олар джип деп аталмайды. Олардың негізгі
тізбегін көбіне ресейлік, тіпті тереңдесек кеңестік автокөліктер құрайды. «Нива», «УАЗик», «ЛуАз» секілді жол талғамайтын көліктерді джип деп ешкім атамайды. Бұл олардың
көптігінен, әрі бір кездері «отандық» көлік болуымен байланысты шығар.

«Джип» деген сөз қайдан шыққан? Қай кезден бастап қолданыста? Әлемдік автоөнеркәсіптен хабары бар адамдар Jeep автокөлігінің бар екенін, оның атақты «Крайслер» компаниясынан шығатынын біледі.

1939 жылы екінші дүниежүзілік соғыс басталғаннан кейін жол талғамайтын көліктерге сұраныс артты. Осы қажеттілікті қанағаттандыру мақсатында Германияның, Жапонияның және Кеңес өкіметінің автомобиль зауыттары іске кіріскен. Алдыңғы дамыған екі ел мүлде жаңа автокөліктер құрастыруды бастаса, Кеңес өкіметінің «ГАЗ» автозауыты ескі «Газ-М»
автокөлігінің дөңгелектерін үлкейтіп, қозғалтқыш күшін алдыңғы және артқы дөңгелектерге тең бөлетін бөлгіш қана орнатты. Осылай дүниеге «Газ-61» келді.

Жол талғамайтын көліктер шығаруда төңкеріс жасаған Америка болды. Жаңа құрлықтың үш бірдей компаниясы кірісті бұл іске. Олар Ford, American Bantam, Willys-Overland. Ең
танымалы Willys-Overland компаниясы шығарған Willys көлігі болды. Бірақ «джип» атауы Ford зауыты құрастырған GPV (General Purpose Vehicle. Жалпыға арналған көлік) көлігінің
алғашқы екі әрпінен шыққан. Джи-пи. Бұл 1940 жылдары болып жатқан оқиға еді. Ал
1941 жылдың 1 тамызында дүниеге «Jeep» автокөлігі келді.

12 тамыз

Ford-T деген көлікті білесіз бе? Әрине, Ford сізге таныс шығар. Бірақ оның Т деген
моделін білмеуіңіз мүмкін. Бәрін басынан бастайық. ХХ ғасыр басы автомобильдердің даму кезеңі болды. Бірақ темір тұлпарларды екінің бірі сатып ала алмайтын. Бір сөзбен
айтқанда тек ауқатты адамдар ғана автокөлік міне алатын еді. Бірақ адамзаттың
бағына орай Америкада Генри деген азамат өмір сүретін еді. Ол автокөлікке өзгеше қарайтын. Көлік ол үшін бірінші орында қозғалыс құралы еді. Тек екінші кезекте ғана адамдарға жайлылық сыйлауы керек деп білетін. Сондықтан ол өз зауытынан екі түрлі автокөлік шығаратын. Қарапайым халыққа және ауқаттыларға.

Алғашқы кезде зауыт жұмысшыларының 3 айлығын құрап алатын бағада сатылған көлік
бір жыл өтпей-ақ үш есе арзандаған. Бұл көлікті халық арасында «темір Лиззи» деп те атайты. Ол өте төзімді, жөндеуге оңай, қарапайым қозғалыс құралы болуымен халық сүйіктісіне айналған. 1908 жылдың 12 тамызынан бастап құрастырыла бастаған Ford-T моделі айналасы конвейерде 11 жыл тұрған. Сол 11 жыл ішінде 15 миллионнан астам
Ford-T модельді автокөлік құрастырылғаны белгілі. Осы көрсеткішпен аталған автокөлік әлемдегі ең көп сатылған көліктердің ондығына кіреді. Жалпы алғанда, T моделі барша адамзатты автокөлікке отырғызған көлік болды десек қателеспеспіз.

15 тамыз

Әлемдегі ең арзан тасымал су жолдары арқылы жүзеге асырылатыны белгілі. Бір кездері жүк тасуды әуе жолдары арқылы да жүзеге асыруға болатын еді. Ұшақтарды ойлап
отырған шығарсыз. Жоқ. Әуе жүк тасымалдаушылары ретінде дирижабльдер жұмылдырылатын болған. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде олар көп
пайдаланылды. Ол кезеңде дирижабль ұшатын биіктікке атылған ешбір танк, зеңбіректің оғы жетпейтін. Бірақ қару-жарақ дами келе дирижабльдер де қолданыстан шыға бастады.
Оның үстіне оның үлкен шарына жинақталған сутегі өте қауіпті, кез келген уақытта өртеніп кетуі мүмкін еді. Мұндай бірнеше оқиға тіркелген де. Сонымен бүкіл ауыр жүктің барлығы
кемелердің арқасына ауыстырылды. Бірақ теңіз жолдарының кейбір тұстарында бұл да тиімсіздеу еді. Мысалы, Атлант мұхитынан Тынық мұхитына өту үшін Оңтүстік Америка
материгін айналып өту керек. Еуропадан шыққан кеме жүкті Американың батыс
жағалауларына жеткізу үшін Оңтүстік Американы айналып немесе шығыс жағалауына
тоқтап батыс бөлігіне құрлық арқылы тасу керек. Бұл өте тиімсіз. Сондықтан Оңтүстік Америка мен Солтүстік Америка материктерінің арасынан Панам каналы ашылған. Сіз ол жерді картадан оңай тауып аласыз. Біз бұл каналдың салынуы туралы оңай ғана жазып отырмыз. Бірақ оның салынуы 50 жылдан астам уақытқа созылып, 75 мыңнан астам жұмысшы күш салды. 26 мың жұмысшы осы құрылыс кезінде қаза тапқан. 400 миллион доллар жұмсалып, 1914 жылы маусым айында ашылған болатын. Бұл секілді жер бетінде Суэц каналы бар. Бірақ ол өте қысқа, әрі шлюзсіз
Қызыл теңіз бен Жерорта теңізін жалғастыратын канал болатын. Ал Панам екі мұхитты жалғастырушы канал және оның бірнеше шлюзі бар. Сонысымен де ол бүгінгі күнге дейін жер бетіндегі ең ұлы құрылыстардың бірі болып саналады.

Панам каналын Суэц каналын салған Лессепс компаниясы қазып бастаған. Бірақ инженерлік қателіктер мен дұрыс жоспардың жоқтығынан құрылыс жұмыстары тоқтап қала берген. Осы мәселе төңірегінде мыңдаған жұмысшылар көз жұмып жатты. Осы тұста аталған құрылысқа Гюстав Эйфель кіріседі. Атақты Эйфель мұнарасын тұрғызған
компания басшысы бұл. Олар канал бойында шлюздер салу үшін плотина тұрғызу керек болатын. Бірақ оның да компаниясы бұл жерде үлкен кедергілерге ұшыраған. Нәтижесінде 1889 жылы құрылыс толықтай тоқтап, екі компанияның да басшысы сот алдынан бір-ақ шығады. Иә, Панам күллі Францияның символына айналған мұнара тұрғызған адамды да аямай, соттан шығарған.

Жалпы үлкен шығынмен салынған канал арқылы бүгінгі күні тәулігіне 14 000 кеме қатынайды. Ал осы кемелердің ең біріншісі 1914 жылдың 15 тамызы күні өткен болатын. Ол кеме SS Ancon деп аталады.

21 тамыз

Қазір әлемдегі ең танымал музей экспонаты Моно Лиза картинасы болып саналады.
Ең қорғалғаны да сол. Оның беті үш қабатты оқ өткізбейтін әйнекпен жабылған және
картинаға жақындауға болмайды. Атақты Лувр музейінде сақталған Леонардо да Винчидің суреті жер бетіндегі теңдессіз өнер туындыларының қатарында. Яғни бұл сурет ешқашан
сатылымға шығарылмайды. Оның бағасы жоқ. Бірақ осы ең танымал картинаның қалай танымал болғанын білесіз бе?

Леонардо да Винчи өзінің Милан қаласының жанындағы жүзім өсіретін алқабы мен бүгінгі атақты картинасын Салай атты көмекшісіне мұраға қалдырған. Ол өз кезегінде суретті Франция королі бірінші Францизге 1,4 келі алтынға сатып жіберген. Король Моно Лизаны
Фонтенбол сарайындағы ең жақсы көретін орнына ілдіреді. Ал оның жақсы көретін бөлмесі – монша еді. Осылай бүгінгі таңдағы теңдессіз туынды 100 жыл бойы монша қабырғасын
мекен еткен. Осынша жылдан кейін король он төртінші Людовик картинаны Версаль сарайына алдырған. Француз төңкерісінен кейін Моно Лиза бүгінгі мекеніне жөнелтіледі. Ол жерден картинаны Наполеон алдырып, өзінің жатын бөлмесінің төріне орнатып,
біршама уақыттан кейін кері қайтарады. Сол кезден бастап ғасырға тарта уақыт картина Лувр қабырғасында елеусіз ілініп тұра береді. Оны нағыз өнертанушылар ғана бағалап, қарапайым халық бүгінгідей таңғалыс білдірмейтін.

1911 жылдың 21 тамызы күні суретші Луи Беру картинаны жөндеуден өткізу үшін музейге келіп, оның орны бос тұрғанын аңғарған. Міне Джоконданың әлемдік танымалдығы осы күннен басталды десек қателеспейміз. Шаршы залда ілініп тұруы
тиіс картинаның орнынан табылмауы алғашында назарға іліге қойған жоқ. Реставраторларда немесе қосымша қорда болуы мүмкін. Бірақ екеуінен де
табылмады. Есесіне баспалдақ маңынан картинаның рамасы табылады. Күзетші
сол сәтте ғана дабыл қаққан.

Бірінші кезекте Лувр музейінің директоры орнынан қуылды. Музей мен өнертанушылар арасында үлкен шу көтерілді. Әсіресе екінші империя кезеңінде (Наполеон кезеңі)
қалыптасқан өнертанушылар Моно Лизаға табынуға дейін барып, картина жөнінде көптеген мақала жаза бастады. Әсіресе Моно Лизаның жұмбақ күлкісі туралы ерінбегеннің
бәрі жазды. Бұл мәселе журналдар мен газеттер арқылы Франция патшайымының да құлағына жетіп, ол мемлекеттік деңгейде дабыл қаққан.

Жекелеген редакциялар картинаны тауып әкелген адамға 45 мың франктан жоғары сыйақы тағайындап, әкелген адамның атын да сұрамайтынын хабарлап жазып жатты. Бірақ сыйақы алу үшін ешкім келген жоқ. Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін әлі үш жыл
бар еді. Бірақ Еуропа мемлекеттерінің арасы осы кезде-ақ ушыға бастаған болатын. Осы негізде Франция журналистері картинаның ұрлануына Германия үкіметін айыптаған. Ал Германия журналистері «Франция соғыс бастау үшін өз жәдігерін өзі ұрлап, жала
жауып отыр» деп кіжінді.

Сонымен қатар Джокондаға ғашық болған делқұлы туралы да аңыздар тарап жатты. Тіпті бұл ұрлыққа америкалық магнат Джон Морган да кінәлі ретінде қаралды. Сол замандағы
авангард суретшілер, оның ішіндегі Пабло Пикассоға да кінә артылды. Ең қызығы, Моно Лиза картинасын ұрлаған күдікті ретінде бір адам ғана тұтқындалып, 5 күн түрмеге
жабылған. Ол француздың авангард ақыны, поэзияға сұлулықтың бүкіл қалыбын
енгізген Гийом Аполлинер еді. Оның ұсталуына себеп болған: «Өнерді қайта жаңғырту үшін музейлердің барлығын өртеу керек», – деген бірнеше жыл бұрынғы жарияланған сөзі еді.

Осылай Джоконда туралы ақпараттар қайнап жатты. Ұлттық деңгейден көтеріліп, әлемдік проблемаға айналды. Халық санасына бұл нәрсенің сіңірілгені сонша, қала тұрғындары Лувр табалдырығына гүл әкеліп қоятын дәстүр шығарған. Моно Лизаның суреті бар газеттер, журналдар, конверттер сатылымға шығарыла сала таусылып
кетіп, көше әншілері Джоконда туралы ән айтып жүрді. Атақты картина табылған уақытқа дейін ел назарын өзіне сәл ғана аудартқан жалғыз оқиға болған. Ол Титаник кемесінің
айсбергке соғылуы еді.

1913 жылдың 2 желтоқсаны күні Джоконда туралы тұңғыш ақпарат шықты. Альфред
Джерри атты итальяндық антиквар дүкенінің иесіне хат кеп түседі. «Джаконда картинасы менде. Қайтарғым келеді» делінген ол хатта. Жалпы оқиға былай болған:

Ұлты итальяндық Винченцо Перуджа Луврға әйнек ұстасы болып 1909 жылдары орналасады. Сол жерде жұмыс істеп жүріп, Леонардоның жұмыстарымен танысып,
қызығушылық білдіре бастайды және өнерден үлкен хабары жоқ болса да Джаконданың
өзге картиналар ішінде ерекшеленіп тұратынын байқаған. Ол іштей бұл картинаның тарихын білмей, оны Наполеон шапқыншылығы кезінде Италиядан ұрлап алып кеткен
деп топшылап, өз ұлтының қазынасын еліне қайтарғысы келген. Сонымен ХХ ғасырдың ең үлкен қылмысы өз елін сүйетін, патриот әйнек ұстасының қолымен жасалып, картина оның тұрып жатқан қарапайым қонақүйіндегі кереует астындағы шабаданда екі жылдан
астам уақыт жатқан.

Альфред Джериге Винченцо осындай адал ниетпен хат жолдаған болатын. Альфред оның алып келген картинасын алып, өнертанушыларға тексертіп жүріп түпнұсқа екенін анықтайды. Бірақ патриот ұрыны ол құқық қорғау органдарына ұстап береді. ХХ ғасырдағы нағыз отансүйгіштік әрекетті Италия соты жасады десек қателеспейтін шығармыз. Иә,
Винченцо Перуджаны сот еліне, ұлтына деген адалдығы үшін 1 жыл 15 күнге ғана
түрмеге жауып, 7 айдан кейін-ақ босатып жіберген.

Моно Лизаға танымалдық осылай келген. Атышулы картина Луврға әкелінісімен оны көргісі келетіндердің саны күрт өсіп, тіпті өзге өнер туындылары елеусіз қалды десек те болады. Бұл үрдіс бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Луврға кірген адам бірінші кезекте Джаконданы іздейді. Тіпті өнерден, живописьтен мүлде хабары жоқ адамның өзі оны бір көріп кетеді.

Құрметті оқырман!

Біз қызық деп тапқан тамыз айындағы тарихи оқиғалар легі осындай. Біз «Күнтізбе» айдарын 2018 жылдың қыркүйек айынан бастаған едік. Жыл айналып күздің алғашқы айына оралып отырмыз. Сондықтан «Ақ желкен»
журналының «Күнтізбе» айдары сіздермен қоштасады. Әрине, бүкіл айларда
өткен оқиғаларды қамтыдық деп айта алмаймыз. Біз сөз ете алмаған дүниелер
өте көп. Бірақ біз бастыларын ұсынуға тырыстық. Оқырмандар тарапынан сұраныс болып жатса бұл айдарды жалғастыруға, әлемде өткен не түрлі қызықты оқиғаларды сіздердің назарларыңызға кеңінен ұсынуға редакция алқасы дайын. Сіздерден хат күтеміз, құрметті оқырман!

ТӨЛБАСЫ

Ақ желкен» журналы, №7
Шілде, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз