Айбек Мырзатаев 11-16 тамыз аралығында математикадан Қытайда өткен Батыс Қытай олимпиадасында алтын медаль иеленіп келді. Ол – Атыраудағы Білім-инновация лицейінің 10-сынып оқушысы. Айбекті жеңісімен құттықтап, хабарласқан едік. Жас математиктің жетістігі мен ойын тыңдау да қызық
болды. Кейбір ақпаратын түртіп алып, қажеттеріңе жаратуға болады, достар!

– Айбек, жақында Батыс Қытай олимпиадасынан алтын медаль алып келдің. Құтты болсын! Бізге осы олимпиада туралы айтып берші. Қанша елден қатысты? Команда болып өнер көрсеттіңдер ме?

– Батыс Қытай олимпиадасы негізінен сол елдегі мықты қатысушыларды анықтайтын олимпиада. Бірақ халықаралық деңгейде өтеді. Біздегі Жəутіков олимпиадасы секілді. Командада менімен бірге тағы бір бала алтын жəне екі бала күміс медаль алды. Халықаралық олимпиадаға барғанның бір жақсы жері – есеп шығарып қана қоймай, өзге елдің мəдениетімен, тыныс-тіршілігімен танысасың. Есептері де қиын болды. Қытайда адам көп болғандықтан, талантты математиктер де көп. Қытайдан басқа оншақты мемлекет қатысты. Біздің негізгі қарсыласымыз сингапурліктер болды.

– Біздің білуімізше, бірнеше халықаралық олимпиаданың жүлдегерісің…

– 1-сыныптан 6-сыныпқа дейін Атыраудағы №3 мектепке оқыдым. Бірде ата-анам: «Балам, қазақ-түрік лицейі дейтін мектеп бар. Білімі мықты. Соған түссеңші», – деді. Əрине, мен ол кезде өзім үшін шешім қабылдай алмайтынмын. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін білмеймін. Ата-анамның айтуымен сол мектепке емтихан тапсырдым. Солай Білім-инновация лицейіне келдім. Ербол Палжанов дейтін ағайым көп көмектесті. Лицейдің білімі ғана емес, тəрбиесі де жақсы екен. Жаңа мектепке ауысып келгенде атмосферасы қатты ұнады. Бəрі бір-біріне көмектесіп тұрады. Жоғары сыныптың балалары ағаң секілді. Өзім Атырауда тұрсам да, жатақханада жатамын. Ол ата-анамның мені жақсы көрмеуінен емес, əрине. Жатақханада жатсаң, уақытың тиімді өтеді. Жан-жағыңның бəрі жетістікке жетуге ұмтылған балалар. Əңгімелесесің, сабаққа бірге дайындаласың. Үйіме демалыс күндері ғана келемін.

7-сыныптан бастап олимпиадаға дайындала бастадым. Бірақ ол кезде көп олимпиадаға қатыспадым. Лицейге түсісімен əр оқушы бағытын айқындайды.
Лагерь болады. Оған əр қаланың балалары сала-сала бойынша жиналады. Мысалы, мен математиктердің тобына түстім. Əр қаладан келген математик балалар бірге дайындалдық. Маған қатты ұнап қалды. Есеп шығару мен үшін ең қызықты іске айналды. Өйткені орта сондай əсер қалыптастырып, мотивация берді.

8-сынып оқып жүргенде облыстық олимпиадаға қатыстым. Қарсыластарым 9-сыныптың балалары болды. Сол кезде 1-орын алдым. Солай республикалық олимпиадаға бардым. Алайда қарсыластардың бір жас үлкендігі əсер етеді екен. Олар менен бір сынып жоғары оқығандықтан менен көп біліп, мықты болды. Солай күміс медальды місе тұттым.

Олимпиадаға қатысу жігерлендірді. Одан əрі қарай жақсы оқуға тырыстым. 9-сыныпта халықаралық Жəутіков олимпиадасынан абсолютті чемпион болдым. Республикалық олимпиадада 1-орын алдым. Сосын мені құрамада жаттығуға шақырды. Онда Қазақстанның ең мықты балалары дайындалады. Шамамен жиырмаға жуық бала болады. Оларды еліміздің атынан халықаралық жарыстарға қатыстырады. Сонда жүргенде өте мықты балаларды көрдім. Олармен тəжірибе алмастық. Кипрда жасөспірімдер арасында өткен Балқан олимпиадасында 1-орын, Якутияда «Туймаада» олимпиадасында 1-орын алдым.

Барлық олимпиадашының бір мақсаты бар. Ол – IMO-дан (Халықаралық математика олимпиадасы) жүлделі болу. Бұл – 1959 жылдан бері өткізіліп келе жатқан олимпиада. Оған дүниежүзінің 100-ден аса елі қатысады. Əр мемлекеттен қатысушының саны 6 адамнан аспауы керек. Құрамада соған іріктеу болды. Өкінішке қарай, мен 7-орын алып қалдым. Өтпегеніме кішкене көңілім құлазыды. Алайда əлі де 10-11-сынып бар деп өзімді жұбаттым. Əдетте IMO-ға қатысу 9-сыныптан басталады.

– Олимпиадаға барарда саған кім демеушілік жасайды?

– Мен қатысқан олимпиадалардың бəріне Білім жəне ғылым министрлігі демеушілік еткен. Өйткені ол олимпиадалардың дəрежесі мемлекет қаржыландыруға тұрарлықтай. Ең бастысы, Қазақстанда нəтижең жақсы болса, мемлекет те халықаралық жарыстарға қатыстыруға мүдделі болады.

– Білім бəйгелеріне қатысып, материалдық сый алуға бола ма? Жалпы,
олимпиадалар атақ-абыройдан басқа не береді? Əдетте спортшыларды,
өнерлі балаларды қаржылай ынталандырып жатады. Ал білімді балаларды ше?

– Олимпиада ұйымдастырушылары сыйлық бермейді. Бірақ елімізде қай салада болсын, жеңімпаз болған олимпиадашыларға сыйақы тағайындайды. Биылдан бастап халықаралық жарыста ұтқан оқушыларға мотивация беру үшін сыйақы беруді қолға алды. Мысалы, IMO-дан қола алсаң – 500 мың, күміске 1 миллион, алтынға 2 миллион теңге сыйақы беретін болды. Тура сондай сыйақы олимпиада жеңімпазымен қатар, дайындаған ұстазына да беріледі. Бірақ біздің алып жатқан біліміміз ақшадан да құнды. Ақша бірде бар, бірде жоқ болатын дүние. Ал басымыздағы білімді ешкім тартып ала алмайды, себебі ол сенде ғана. Сол білім кейін материалдық капитал болып қайтады.

– Кімге қарап бой түзейсің? Замандастарыңа, өзіңнен үлкен аға-əпкелеріңе қарап
«оның қолынан келсе, менің де қолымнан келеді» немесе «осы кісідей болсам» дейтін кездерің бола ма?

– Бір адамды ғана айта алмаймын. Əр адамның жақсы қасиеті бар. Мəселе –түсініп, пайдаңа жаратуыңда. Жетістікке жеткен адамдардың тəжірибесі – сабақ. Бірақ мен ешкімді кумир тұтпайды екенмін. Ерік-жігері мықты адамдарды сыйлаймын. Мысалы, украиналық Игорь Войтенко деген видеоблогерге риза боламын. Неге? Ол тілін білмесе де, Польшаға барады. MacDonalds-та қарапайым жұмысшы болып істейді. Тіл үйренеді. Денсаулығын, сыртқы сымбатын күтіп, өзіне уақыт бөлуді қолға алады. Жаттығу залына баруға ақшасы да болмаған. Сондықтан көшедегі жаттығу құрылғыларын тиімді пайдаланған. Біздің елімізде де қазір үлкен қалаларда спорт алаңқайлары көп, соны тиімді пайдалану керек. Игорь үй жағдайында гантельдің орнына су құйылған баклашка пайдаланған. Жұмысқа қоғамдық көлікпен емес, тек жаяу барады. Жұмысқа жетуге екі сағат уақыты кететін еді. Қысқасы, ол жоқтан бар жасаған адам. Кейін жеке жаттығу методикасын жасайды. Сөйтіп видеоблог түсіріп, интернетке сала бастаған. Оған
қарап қанша адам спортпен айналысты. Жазылушылар саны артып, қазір жеке арнасы арқылы жақсы ақша табады. Ол бəріне өзін дамыту арқылы жетті. Міне, мен осындай адамдарға қызығамын.

– Біздің елде жаратылыстану бағытында жүрген оқушылардың, ғалымдардың
танымал болмауының себебі не деп ойлайсың? Насихаты аз ба, əлде өздері жарнамалағанды ұнатпай ма?

– Адамдардың көбі ғылымға қызықпайды. Ғылыммен айналысатын адамдар да көп емес. Дүниежүзінде солай жəне ол өзгеріп кетеді дегенге де аса сенбеймін.

– Дегенмен білімді жастарды елге танытатын қандай платформа болу керек деп
ойлайсың? Мысалы, біз оқушы кезде теледидардан «XXI көшбасшысы» секілді
интеллектуалдық сайыс-ойындар жүретін. Оған қатысатын балалар өте танымал болатын. Əнші-əртіс балалардан гөрі білімді замандастарымызды жақсырақ
танып, соларға жанкүйер болдық. Мүмкін теледидарда прайм-тайм уақытта
сендерге арналған сондай бағдарламалар болғанын қалайтын шығарсыңдар?

– Өкінішке қарай, біздің қатарластарымыздың көбі қазір теледидар көрмейді. Олар Ютубта, Инстаграмда отырады. Білімді жастарды таныту үшін олардың жобалары мен жетістіктерін интернетке көп жүктеу керек.

– Халықаралық олимпиадаларға қатысудағы мақсатың қандай?

– Мақсатым – шетелдегі топ университетке оқуға түсу. Шетелдің жақсы оқу орындарына біздікіндей ҰБТ тапсырып емес, өзіңнің қызығушылығыңды, жетістігіңді көрсету арқылы ғана түсе аласың. Жақсы білім алып, Қазақстанға қайтып келгім келеді. Өйткені біздің елде шешімін таппай жатқан проблема көп. Қазақстанда жақсы өмір сүруге мүмкіндік мол. Бірақ басқа елдерге қарағанда артта қалып қойған сияқты. Оны дамыту алдымыздағы буынның жəне біздің қолымызда. Əр саланың нағыз маманы болған кезде ғана ел дамиды.

– Болашақта кім боласың?

– Программист болғым келеді. Неге? Себебі, біздің өміріміздің бəрі программаланған. Қарапайым «Оңай» карточкасын алып қараңызшы немесе телефоныңызда қолданып жүрген мобильді қосымшаларға көз жүгіртіңіз. Оның бəрі өмірімізді жеңілдетуге арналған дүниелер. Ал олар сол ІТ саласы мамандарының еңбегінің жемісі. Жақсы программист болу үшін математиканы мықты білу керек. Болашақта бүкіл əлем роботтанады. Мысалы, зауыттар мен фабрикаларда жұмыс істейтін адамның рөлін техника, яғни робот атқарады. Қазақстан халқының саны аз болғанымен, роботтар арқылы өндірісті дамытуға болады. Ал роботты жұмсау үшін оларды жасайтын, басқаратын білімді адамдар болу керек.

– Замандастарыңа қандай кітап оқып, фильм қарауды ұсынасың?

– Шынымды айтсам, фильм қарамайтын адаммын. Ал оқуға ұсынатын кітабым – Джек Лондонның «Мартин Иден» деген романы. Бұл адамның миына төңкеріс жасайтын кітап. Осы уақытқа дейін аз оқысаңыз немесе кітап оқығыңыз келмесе,
онда «Мартин Иденді» қолға алыңыз. Кітапқұмар болуға жол ашатын бірден-бір кітап. Оқуға деген махаббатыңыз ашылады. Өз басымда солай болды. Жылдам оқылады. Қарапайым, ақшасы жоқ теңізші жігіттің байдың оқыған қызына ғашық
болып, өзін-өзі қандай тұлға етіп тəрбиелейтініне тəнті боласыз. Өмірдің мəні не деген сұраққа жауап береді.

– Əңгімеңе рақмет. Тек биіктерден көрейік!

Жадыра АЙМАХАНҚЫЗЫ

Ұлан» газеті, №35
27 тамыз 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз