Қазір жеке кəсіп бастағысы келетін жастар көп. Олар бизнес жоспарын дайындап қойғанымен, жобаны қаржыландыратын инвестор таппай жүргенін жиі айтады. Қазақстанда жас кəсіпкерлердің əлеуметтік бизнесін қайтарымсыз қаржыландыратын zһаs project жобасы бар екенін біреу білсе, біреу білмейді. «Ұланның» тілшісі осы жоба арқылы алғашқы капиталын алып, əлеуметтік кондитерлік дүкен ашқан Айбар Батырханнан жоба туралы сұраған еді. Айбар – 2-курс студенті. Отбасындағы жалғыз ұл бала. Алматы облысының Панфилов
ауданына қарайтын Ынталы ауылында туып-өскен.

Бизнесте ең жақсы ментор – интернет

Айбар Батырxан: Бала күнімнен кəсіпкер болуды армандадым. Түрлі бизнес жоспар құрып, жиі армандайтынмын. Бірақ арманымды осылай жылдам жүзеге асырам деп күтпедім. Əкем, анам, əжем, əпкем жəне екі қарындасым бар. Отбасымда кəсіпке жақын ешкім жоқ. Өзім қазір Сəтбаев университетінің 2-курс студентімін. Жеке кəсібіміздің бастамасы жаман емес. Əлі де болса дамытып, өз ісімізді дөңгелетіп, биік деңгейге шығамыз деген ойдамын.

Ұлан: Кəсіп бастау туралы ой қалай келді? Zһаs project жобасына қалай тап болдыңыз?

Айбар Батырxан: Кездейсоқ тап болдым. Интернеттен Халықаралық банктің жас кəсіпкерлерді қолдауға бағытталған жобасы туралы ақпарат көрдім. Шарттарын оқи келе «Бұл не деген батпан құйрық?» деп ойладым. Желідегі жарнаманың бірі шығар деп ойладым. Кейін осы жоба туралы афишаны қоғамдық көліктерден, көшедегі жарнама тақтайшаларынан көре бердім. Бұл маған беріліп отырған мүмкіндік шығар деп, интернеттен қосымша ақпарат іздеп, жобаға қызығушылық таныта бастадым. Қатарыма екі досым қосылды. Үшеуміз ақылдаса келе бизнес бастауға бел будық.

Ұлан: Жас кəсіпкерлер осы саладағы тəжірибелі мамандардан сабақ алып, ақыл-кеңес сұрайды. Сіздің менторыңыз кім болды?

Айбар Батырxан: Жол нұсқап, бағыт-бағдар беретін нақты тұлға болмады. Əлеуметтік желі арқылы видеолар қарадым. Интернеттен бизнесті қалай басқару керек немесе дағдарысқа ұшырағанда қандай іс-шаралар қолдану қажет деген сұрақтарға жауап іздедім. Ең жақсы ментор – интернет жəне өзің.

Ұлан: Бастаған кəсібіңіз туралы айтып берсеңіз…

Айбар Батырxан: Түрлі тəттілер пісіреміз. Жұмыссыз жастарға тегін шеберлік сабағын
өткіземіз. Жақсы нəтиже көрсеткендерді жұмысқа қабылдаймыз. Алғашқы тегін шеберлік сабағы тамыздың басында болды. Қазір екі адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Шеберлік сабақтары қарашаға дейін жалғасады. Қатысушылардан ешқандай қаражат талап етпейміз. Үйренуге келген жастарға ешқандай міндет те қоймаймыз. Себебі, Zһаs project жобасы да бізге сондай мүмкіндік сыйлады. Біз де басқа жұмыссыз жастарға демеу болғымыз келеді.

Əлеуметтік кондитерлік дүкен ашқанымызға бір ай болды. Қайырымдылықпен айналысамыз. Zһаs project жобасының мақсаты да сол. Жұмыссыз жастарға өз кəсібін бастауға, қоғамды дамытуға мүмкіндік береді. Əлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мен балалар үйінің тəрбиеленушілеріне тегін тəттілер таратамыз.

Кәсіп бастау – оңай, жүргізу – қиын

Ұлан: Нарықтық экономика заманында бизнесте бəсекелестік жоғары. Өз кəсібіңді, тауарыңды ерекшелеу үшін не істеу керек?

Айбар Батырxан: Біздің жобамыз – əлеуметтік кондитерлік дүкен. Zһаs project тек əлеуметтік жобаларға инвестиция құятынын ескерген жөн. Өз басым осы уақытқа дейін əлеуметтік киім-кешек дүкендерін көрдім. Дүкеннің ішінде əлеуметтік бұрыш деген бар. Бірақ, толығымен əлеуметтік кондитерлік дүкен дегенді кездестірмедім. Бұдан артық ерекшелік қажет емес шығар.

Ұлан: Кəсібін бастағысы келетін қатарластарыңыз немесе кəсіпкер болғысы келетін оқушы балаларға қандай мүмкіндік бар?

Айбар Батырxан: 2019 жыл – жастар жылы. Жастарға көп жағдай жасалып, жақсы мүмкіндіктер беріліп отыр. Жеке бизнесін ашқысы келетін жастарда идея мен нақты жоспар болса болды. Қаражат құю, инвестор табуда жеңілдіктер бар. Тек талпыну керек, ойлану керек, іздену керек. Zһаs project-тен басқа да жобалар көп.

Ұлан: Кəсіп бастап, қиындыққа тап болып жатқандар да бар. Олардың басты қателігі не?

Айбар Батырxан: Дұрыс айтасыз. Кəсіп бастау – оңай, оны жүргізу – қиын. Ең бірінші командаңды дұрыс құру керек деп ойлаймын. Білікті мамандар таңдамасаң, ісің алға баспайды. Екінші маңызды мəселе – өнімнің не қызметтің сапасы. Қазір тұтынушылар сауатты жəне оларда таңдау көп. Сондықтан, үздік болу үшін сапалы қызмет көрсете білу керек. Үшінші мəселе – қаржылық сауаттылықтың жетіспеуі. Жарнама, қарым-қатынас, бизнесті басқаруды үйрену керек. Жаңа атап өткенімдей, мұның бəрін үйрену үшін интернетпен дос болсаң жеткілікті.

Ұлан: Кəсібің табысты болу үшін не істеу керек? Сіз қандай ұстанымдасыз?

Айбар Батырxан: Бизнес деген карта ойыны сияқты. Кейде сəтті, кейде сəтсіз.
Құлдырау кезінде қайта тұруға талпыну керек. Бірден беріле салуға болмайды. Мүмкін, ойынның соңына қарай қолыңа сəттілік түсетін шығар. Сосын бизнесте қиын жолды таңдап, сол жолдағы кедергілерді жеңу арқылы жетістікке жетуге болады. Себебі, қиын жолда қарсылас аз болады. Ешкімге ұқсамайтын, бұрын кездеспеген бизнес бастасаң да ұтасың.

Ұлан: Əңгімеңізге рақмет! Ісіңізге сəттілік тілейміз.

P.S. Адамның мүмкіндігі шексіз. Барлығы ниет пен амалға байланысты. Кəсіп бастауда басты нəрсе – идея, капитал емес. Əрбір адам түрлі жобалар арқылы Айбар сияқты өз кəсібін бастап, бір жағынан экономикаға, бір жағынан қоғамға пайдалы іспен айналыса алады.

Дана ҚАНАТҚЫЗЫ

Ұлан» газеті, №34
20 тамыз 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз