Жақында «Болашақ» бағдарламасымен шет елде білім алған Назерке
Мұратқызымен таныстым. Ағылшын тілін еркін меңгерген, бірнеше елде болған
Назерке болашақ студенттерге көп пайдалы ақпарат айтты.

– Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданы Сегізсай ауылында дүниеге келдім. Тоғызыншы сыныпқа дейін сол жерде оқыдым. Тоғызжылдықты бітіргеннен кейін колледжге барсам деген ойым болған. Бірақ, одан гөрі Алматыға баруды армандадым. Ауылдан кетіп, ҰБТ-ға жақсы дайындайтын гимназияға ауысып, сол жерден мектепті бітірдім. Жоғары ұпай жинап, ҚазҰУ-ға грантқа түстім. Журналистика факультетінің баспа ісі мамандығына қабылдандым, – дейді Назерке.

– Осы уақытқа дейін сегіз мемлекетте болдым. Франция, Италия, Бельгия, Голландия, Англия, Испания, Түркия, Өзбекстан елдеріне бардым. 2014 жылы ҚазҰУ-да магистратурада оқып жүргенде Амстердамға тəжірибеден өтуге бардым. Университетіміздің білім жүйесі бойынша магистратура, докторантурада оқитындар міндетті түрде шетелде тəжірибеден өтуі керек. Біз Мұрат Əуезовтің қызынан шақырту алдық. Еуропаның мəдениетімен танысу мақсатында Париж, Брюссель, Милан қалаларына бардық. Басқа əлемге енгендей күй кештік. Адамдардың сөйлеу мəдениеті, киім киісі, қарым-қатынасы ерекше есте қалды. Содан бастап шет елде оқудың мүмкіндіктерін қарастыра бастадым.

«Болашақ» бағдарламасы жастардың білім алуына салынған даңғыл жол іспетті.
Менің қолымнан келе ме, жоқ па деген қорқыныштан екіойлы болып жүрдім. Алайда, оған дейін шет елде болғаным бар, əрі достарым бірінен соң бірі «Болашақ» бағдарламасымен шет елге кете бастады да, мен де тапсырып көрмекке бел будым. Жұмыс өтілім, құжаттарымның бəрі бағдарламаның категорияларына сəйкес келді. Біз тапсырған жылы ағылшын тілінен емтиханның ең төменгі деңгейі «4» болатын. Мен сол 4 балды алдым. Қалған үш деңгей бойынша өтетін емтиханнан да жоғары көрсеткішке ие болдым. Сөйтіп, бірнеше жыл арман болған бағдарламаның стипендианты атандым. Бағдарламаға енгізілген жаңа жүйеге байланысты ағылшын тілін алты ай астанамызда оқып, қалған алты айды Ұлыбританияның Манчестер қаласында жалғастырдым, – деп еске алады сол күндерді.

Үнемі күліп жүретін халық

Назеркенің ерекшелігі – барған жерінің барлығын туған жерімен салыстырып жүреді. Ұқсастық пен айырмашылықты да жіпке тізгендей етіп айтып берді.

– Тұманды Альбион елінің тұрғындары мен біздің елдің тұрғындарын салыстыру қиын. Ол жақта сөйлеу мəдениеті мен адамдардың бір-біріне қарым-қатынасы жоғары деңгейде. Халқы үнемі күліп жүреді. Мұны əлеуметтік жағдаймен байланыстыратындар да бар. Көшеде кездесіп қалған кез келген адам көмектесуден бас тартпайды. Автобусқа мінген адамдар түсіп бара жатқан кезде міндетті түрде алғыс айтады. Яғни, жол ақысын төлеп қана қоймай, жүргізушіге діттеген жеріне аман-есен жеткізіп тастағаны үшін алғыс айтып түседі. Мен сол жақта ағылшын отбасында тұрдым. Үй иесімен əңгімелесіп отырып елімізде мұндай нəрсенің қалыптаспағанын айттым. Олар қатты таңғалды.

Ағылшындар өте үнемшіл халық. Мысалы, жылу батареясын таңертең екі сағат,
кешке екі сағат қана қосады. Себебі ол жақта жылу қымбат. Мен тұрған үйдің иелері киімді Second hаnd нүктелерінен алатын. Арзан. Олар үшін таза əрі бүтін болса болғаны. Сауда орындарындағы киімдердің бағасы өте қымбат болғандықтан, маған да Second hаnd-тан киінуге кеңес берді. Өйткені мұнда түскен табыс қайырымдылық қорына аударылады екен. Сатушылар да қайырымдылықпен айналысады.

Университетте студенттер үшін барлығы қолжетімді. Барлық ғимаратта су құйып
алуға арналған арнайы крандар орнатылған. Қолыңызда бөтелкеңіз болса, тегін су құйып ала аласыз. Көшеде халқының көбі су ұстап жүреді. Маған ерекше əсер еткен тағы бір жəйт бар. Қоғамдық көліктер 24 сағат жұмыс істейді. Емтихан уақыты жақындаған кезде таңғы төрт-беске дейін кітапханада болатынбыз. Үйге қайтқанда қорқыныш болмайтын. Заңның қаталдығынан болар, ешкім артық əңгіме айтып, мазаны алмайды. Əсіресе, сырттан келгендерге тіпті қауіп жоқ. Студенттік билет те салмағы бар жарамды құжат болып саналады. Студенттік билетіңіз болса, кафе, мейрамхана жəне сауда орындарында жеңілдікке ие боласыз. Бұл да студенттер үшін ең басты ерекшелік деп айтар ем. Сондай-ақ, кішкентай балалары бар студенттер үшін кітапханада бөлек кабинет қарастырылған. Анасы сабақтан шыққанша баласы ойын алаңында болады. Ойыншықтың неше түрі бар. Мені шетелдіктердің еліміз жайлы қаншалықты білетіні қызықтыратын. Бірде қызық жағдай болды. Римнің танымал фонтандарының бірі – Тревидің алдына келіп отырғанмын. Адам өте көп. Бір кезде «қытайсың ба?» деп қытайша амандасты бір жігіт. Қытай емес екенімді айттым.

Корей, жапон, таймен тоқтады. Таба алмады. «Қазақпын» дедім. Қазақстанды білмейтін шығар деп ойладым. Сөйтсем, Алматыда екі рет болған марокколық жігіт екен. Римге астанамыз арқылы ұшып келіпті. Қол сөмкесіндегі «Эйр Астана» деген жазуы бар қағазды көрсетті. Сендім. Əуежайдан «Рахаттың» шоколадын сатып алған, «Қазақстан» деген шоколадтан гөрі осы қатты ұнайды дейді. Көлсайды, Үлкен Алматы көлін, басқа да жерлердің бəрін біліп тұр. Енді келгенде Балқашты көргісі келеді екен. Туған жер туралы жақсы пікір айтқаны үшін қуандым. Кейін жақсы дос болып кеттік.

Шетелдік достарымның барлығымен араласып тұрамын. Қазір түрік тілін үйреніп жүрмін. Болашақта көп тіл білгім келеді. Ал ең бастысы, əрине, ана тілімізді білу жəне оны дəріптеу.

Алтынай
БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
11-сынып оқушысы.
Сарыағаш ауданы,
Түркістан облысы

Ұлан» газеті, №34
20 тамыз 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз