Биыл мектеп бітірдім. Ақылы бөлімге оқуға түстім. Көктемде Алматыға форумға барғанда қаланың сұлулығы мен табиғаты қатты ұнаған. Осы қалада білім алуды
армандадым. Бірақ ұпайым аз болып, түсе алмадым. Үлкен қалада оқымасаң, шетелде білім алуға мүмкіндік бола бермейді деп ойладым. Бірақ шағын қалада оқып-ақ шетелді бағындырып жатқан замандастар қатары көп екен. Ару Мұстафа – солардың бірі. Түркістан өңірінің тумасы. Польшаның Лодзь университетінің үздік студенті. Шетелдегі көрген-түйгені жөнінде əңгімелестік.

– Мектепте оқығанда ағылшын тілін ерекше жақсы көрдім. 11-сыныпта күш-жігерімді жинап, ағылшын тілін оқуға ден қойдым. Қожа-Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне түстім. Менің мамандығыма грант болмағандықтан, ақылы бөлімге түстім. Бұл білім ордасы студенттерге көп мүмкіндік береді. Бір жылдан кейін үздік студент болғанымның арқасында ақы төлемейтін бөлімге ауыстым. Қазір халықаралық қатынастар мамандығының 4-курс студентімін. Ата-анам менің таңдауыма қарсы тұрмады. Ақшаны білімге ғана құю керек деп, қолдау көрсетті. Қазақстанның кез келген жеріне жіберуге дайын еді. Үйде жалғыз қыз болғандықтан басқа қалаға оқығым келмеді. Туған жерімдегі оқу орнына тапсырдым, – дейді Ару.

Ол алғаш рет Еуропаға табаны тиген күнді ұмытпайды. «Жақынның қадірін жырақта жүргенде білесің» дейді өзі. Елімізде оқимын деген студентке
мүмкіндіктің көп екенін де айтты.

– Біздің университет – алғашқылардың бірі болып «халықаралық» деген дəреже алған оқу ордасы. Қазақстан мен Түркияның ортақ шешімімен ашылған. Мемлекеттік грантты ала алмаған жағдайда Түркия тарапынан грант бөлінеді. Түркияның 100-ге жуық университеті мен Еуропа елдерімен келісімшарты бар. Жыл сайын студенттер шетелге тəжірибе алмасуға барады. Польшаның Лодзь университетінде білімімді жалғастырдым. Оқу орны мен барған қалам өте қатты ұнады. Қазақ көрсек қатты қуанатын едік.

Бір-бірімізді жақын тартып, бауырдай араластық. Тек тамақтану жағы қиын болды. Жеңіл тамақтануға тырыстық. Біз тұратын ауданда Қазақстаннан көшіп барған поляк отбасы тұрды. Солармен танысып алдық. Күн сайын қазақша ет асып, қонақ етті. Ұлты поляк демесеңіз, қазақтың болмысы сіңіп кеткен шаңырақ екен. Туған жерге сағыныш сол үйге барғанда басылатын.

Түркістандағы университетте отыздан астам ұлт өкілдері білім алады. Бір шаңырақ астындағы балалардай татумыз. Шетелде жүргенде де өзге ұлтты жатырқамадым. Үш тілден өзге түрік тілін жетік меңгердім. Басқа тілдерді үйрену жоспарда тұр. Еуропа елдері бір-бірімен көрші орналасқан. Бос уақытымда Париж, Прага, Амстердам, Берлин қалаларын араладым. Магистратураны осы жақта оқимын деген мақсатпен келдім, – дейді еңбекқор қыз.

«Елдің өркендеуі – жастардың қолында» екенін Ару жиі айтады. Шетелде
оқып келіп, елге қызмет етуді армандайды. Ару дамыған елдерден үйренетін де, жиренетін де дүние бар екенін айтады.

– Шет елде оқыған жастар елге қайтуы қажет. Польша еліндегі білім беру саласының дамуы XІV ғасырдан басталады. Жоғары оқу орнында білім алу осы елдің азаматтары үшін тегін. Арнайы бағдарламадан тыс келіп оқыған барлық шетел студенті ақылы оқиды. Білім беру жүйесі адалдық, тазалық, таңдау еркіндігі мен адам құндылықтарын жоғары қою принциптеріне негізделген. Емтихан тапсыру формасы əрбір саланың, пəннің ерекшеліктеріне қарай белгіленеді.

Таңертеңнен кешке дейін емтихан алған оқытушыларды, дəлізде кітап оқыған студенттерді өте жиі көресің. Емтихан тапсыру ережесі қатты ұнады. Үш ретке дейін дайындалып, қайта тапсыруға болады. Келе алмайтын жағдайда оқытушыға
ескертіп, хат жазса, келесі күні тапсыруға құқығы бар.

Барлығымызға шет елде оқу міндетті емес. Алғашқы жоғары оқу орнын өз елімізде оқуды қолдаймын. Егер армандаған, мақсат еткен мамандығың Қазақстанда болмай жатса, басқа мəселе. Шетелде оқымай-ақ, еліміздің дамуына үлес қосып жатқан адам көп. Шетелде білім алу əдемі қалаларды аралап, əдемі киініп жүріп, суретке түсуден ғана тұрмайды. Шетелде оқу – адамның басқа қырын ашуға көмектеседі, өзің үлкен сынаққа түсесің. Ол жақта мүлдем басқа орта қарсы алады. Қатарластан қалмай оқып, біліміңді дəлелдеу керек. Біздің елді бірі білсе, енді бірі біздің аузымыздан алғаш рет естіді. Алғашында үлкен қалаға келгенде қорқыныш болды. Екі елдің білім беру жүйесі қалай болады жəне дамыған елдің қоғамына араласа аламыз ба деген ой болды. Дамыған ел дегеніміз – көп оқитындар мен бір-бірін сыйлайтындардың мекені. Оған жаңа технология өндіретін, ақшасы көп ел деген анықтама беру қате екен. Ұлттық құндылық пен рухани дүние болмаса, бос əурешілік екенін түсіндім. Шетелде бүкіл болмысыңмен ұлтыңның бейнесіне айналасың. Сені көрген шетелдіктер ұлтыңның қандай екенін жазбай таниды. Ұлтымызға кір келтірмеу үшін үнемі өзімді тəрбиелеп отырамын, – деп əңгімесін аяқтады Ару.

Назерке ӨТЕГЕН,
мектеп түлегі.
Баршақұм ауылы,
Байғанин ауданы,
Ақтөбе облысы

Ұлан» газеті, №34
20 тамыз 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз