Жиырма сегіз жастағы Азамат Сқақовтың мамандығы – заңгер. Жеке кəсіп бастаған. Мүмкіндігі шектеулі жəне жағдайы төмен отбасының балаларына
сазбалшықтан бұйым жасауды үйретіп жүр. Жеке шеберханасы болмаса да, мектепке шақыртумен барады. Əр барған сайын сынып бөлмесінің қабырғасын қыш құмыраларға толтырып кетеді екен.

– Мектепте жүргенде-ақ кəсіпкер болуды армандадым. Бұл саланы таңдау қиын болды. Менің ұстанымым – өзім жасаған өнімді ұсынып, «дайын асқа тік қасық» болмау. Өзге адамның жарқ етуіне жағдай жасағым келді. Бала күнімнен адамдарға көмектескен ұнайтын. Халыққа пайдам тисін деген ниетпен заңгер мамандығын таңдадым. Адамдарға көмектескім келеді. Біреудің қоластында жұмыс істей алмайды екенмін. 2010 жылы əскерден келгеннен кейін, біраз уақыт жұмысқа орналаса алмадым. Күзетші болып, қоймада жүк те тасыдым. 22 жасымда кəсіп ашамын деген ниетім сəтсіздікке ұшырады. Қолымнан көп нəрсе келеді. Қолөнермен айналысқан ұнайтын. Ресейдегі Түмен қазақтарының құрылтайына, Моңғолия мен Өзбекстанға қазақ шеберлері шақырылғанда, бара алмай қалғанмын. Соған ішім ашыды, – дейді Азамат.

2014 жылы қолөнерге кірісе бастадым. Шағын сандықтарға сурет жабыстырдым. 2017 жылы табиғи балшықтан бұйымдар жасауды қолға алдым. Бір жылдан кейін сазбалшық адамның денсаулығына пайдалы екенін естіп, ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс істеуді ұйғардым. Пайдалы іспен айналысу мені шабыттандырды. Үнемі мектептерден шақырту аламын. Оқушыларға саз-терапия жаттығу сабағын өткіземін. Арасында мүмкіндігі шектеулі балалармен де жұмыс істеймін. Оларға бұл емдеу тəсілі өте пайдалы. Бүгінде арт-терапияның маңызды саласына жататын сазбалшық терапиясының адам денсаулығына пайдасы ұшан-теңіз екені ғылымда дəлелденген. Біздің елде əлі де толық, терең зерттеле қоймаған салаға қазір жұртшылық арасында қызығушылық өте жоғары. Мамандардың айтуынша, өнер терапиясы көмегімен жеке тұлғаны мазалайтын өзекті мəселелер шешімін тауып, эмоционалдық қысым, агрессия төмендейді екен. Сонымен қатар, адам физиологиясының кальцийді топырақтан алатынын ескерсек, отандық сазбалшықтың құрамында 60 пайызға дейін кальций элементтері бар. Ендеше, бала алақаны арқылы организмге қажетті қаншама пайдалы дəрумендер тарайтынын өзіңіз-ақ пайымдай беріңіз.

Сондай-ақ бала еңбек етуге үйренеді. Шеберлігін шыңдайды. Ең бастысы, қисық-қыңыр болса да жасаған бұйымын сабақ соңында жинастырғанда бұзып алмай, мұқият жинауын ескеруіміз керек. Көп адам мұндайға көп мəн бермейді. Бірақ осындай əрекеттер баланың азамат болып қалыптасуына оң əсерін тигізетіні сөзсіз. Осылайша, оның ұшқалақ болуының алдын аламыз. Балаға балшық илету арқылы көптеген психо-физиологиялық аурудың алдын алуға да болады. Мысалы, алақанда орналасқан көз, құлақ, мұрын сынды сезу нүктелерінің қабілетін жақсартуға, психологиялық ойлау мен дамуын қалыптастыруға, физиологиялық тұрғыдан қажетті дəрумендер алуын қамтамасыз етеді. Саз-терапия көмегімен адам сезімдерін терең түсініп, жүгендей білуді үйренеді. Бұл оның əлеуметтік ортаға тез бейімделуіне бағыт-бағдар береді. Зағип
жандардың денсаулығына таптырмас ем. Балшықпен жиі пішін жасап тұрса, өмірлік бағытын да анықтай алады, – деп кеңесімен бөлісті.

Екі бағытта жұмыс істегім келеді

Азаматтың айтуынша, Елордада бес мыңға жуық ерекше қажеттілігі бар балалар тұрады екен. Еліміздің əр аймағынан жыл сайын көшіп келетіндер саны өсіпті.
Қазір оларды оқытатын арнайы білім беру мекемелері жетіспейді. Тіпті жабылып
жатқанына алаңдайды.

– Мен диагноз қоятын дəрігер емеспін. Сүйікті кəсібіммен ғана айналысып жүрмін. Ем де жүргізбеймін. Денсаулыққа пайдасы бар ем түрін халыққа ұсынып, медициналық сауатын арттырғым келеді. Сазбалшықты кəдеге жарату ата-бабамыздан қалған. Қаланың қым-қуыт тіршілігінің қамымен жүргенде біз нағыз құндылықтарымызды ұмыт қалдырып жатамыз. Кез келген үйдің, кеңсенің көркін ашатын осындай қышқұмыралар арқылы ұмыт қалған ұлттық мəдениетімізді қайта жаңғыртқым келді. Байлық – қымбат дүние-мүлік емес, бала. Біздің еліміздің, жеріміздің болашағы – балалар. Солардың еңбегін халыққа көрсеткім келеді. Қазір ғана оңалту орталығынан ұсыныс түсті. Ол жақта да күтіп
отырған балаларды естіп қуандым. Болашақта ұлттық аспаптарды жасау да жоспарда бар. Барлық баланы тізіп қойып, сазбалшықты ұстата салуға да болмайды. Оларды қызықтыратын бұйым жасау керек. Қазір кəсібімді дамыту үшін күні-түні ізденістемін.

Екі бағытты қамтығым келеді. Бірі – қыш бұйымдар жасау, екіншісі – мүмкіндігі шектеулі балаларды еңбекке баулу.

Азаматтың жасаған бұйымдарына таңғалмау мүмкін емес. Бір күнде бірнеше баланың алғысын алатын қолөнершінің арманы көп. Оны біз əлеуметтік
желідегі парақшасына жазылған лебіздерден де байқадық.

Гүлдана
НҰРЛЫХАНОВА

Ұлан» газеті, №34
20 тамыз 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз