Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары жазғы демалыста бос жатпады. Газетімізде Google-дың штаб-пəтеріне барып қайтқан Дана мен Ділназ туралы, Ұлыбританияның астанасында қола медаль олжалаған Əлібек Оразалин туралы жазған едік. Жазғы демалысында түрлі байқауға қатысып, жоба жасаумен айналысқан оқушыларға тəнті болмай қайтесің?

Жақында тағы бір жақсы жаңалық келіп түсті. Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Əлібек Қалиев Жапонияның Shibaura Institute of Technology жоғары оқу орнында STEM бағыты бойынша өткен халықаралық жазғы тəжірибе байқауында жеңімпаз атаныпты. Халықаралық байқау Жапонияның Токио қаласында өткен. Əлібек Қалиев Токиода жалғыз өзі Қазақстанның намысын қорғады. Бұл байқауға əлемнің түкпір-түкпірінен 61 оқушы қатысыпты. Халықаралық дəрежедегі мектептердің 25 студенті зерттеуге қатысуға, университеттің жетекші профессорларының жетекшілігімен оқып, жапон студенттерімен тəжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Тəжірибе сабақтары 1-31 шілде аралығында өтті.

«Токиода Materials Science and Engineering бағыты бойынша əртүрлі материалдардың құрылымы мен қасиеттерін жаңа қондырғы – электронды микроскоппен зерттеп, сканерлеуді үйрендім. Халықаралық тəжірибе маған осы салада əрі қарай дамуға жол ашты. Соның ішінде жапон мəдениеті мен инновациялық идеяларын енгізу бағытында мол тəжірибе мен мотивация берді. Бір ай бойы басқа халықаралық мектептердің студенттерімен қарым-қатынас жасау жəне тəжірибе алмасу мүмкіндігі болды. Мұндай халықаралық тəжірибе алаңы студенттерді ғылыми-зерттеу жұмыстарын одан əрі дамытуға ынталандыру үшін жақсы мүмкіндік деп ойлаймын. Сонымен қатар, əлемдегі студенттерді өзіне тарту үшін университеттерге де қажет болады», – дейді Əлібек.

Əлібек Materials Science and Engineering (материалтану жəне инжиниринг) бағыты бойынша тəжірибе жинап қайтты. Əлібек тəжірибе жинап қайтқан бұл бағыт – қатты жəне сұйық күйдегі материалдардың қасиеттерін зерттейтін пəнаралық ғылым саласы екен.

«Мұнда заттың құрылымы, электронды жылулық, химиялық, магниттік жəне
оптикалық қасиеттерін анықтау керек. Демек, материалтану – заттың физикалық жəне химиялық қасиеттерін зерттеумен айналысатын ортақ саласы. Өндірісте ғылыми мəліметтерді қажет ететін өнімді шығарған кезде материалдың қасиеттері
мен құрылымы жайлы мəлімет қажет болады. Осы мəселелерді шешу үшін
елімізде материалтану мен инжиниринг саласын дамыту керек», – дейді жас ғалым.

Сондай-ақ Əлібек Қалиев жақында «ЮНИСЕФ-тің жазғы резиденциялық лагері» конкурсында екі айлық IT тағылымдамадан өтіп, Data Science жобасы бойынша сертификатқа ие болыпты.

«Жазғы демалыс мағанөте пайдалы жəне тиімді болды. Мектептегі білімім мен біліктілігімді арттырып, дамыту үшін көп тəжірибе жинадым. Алдағы уақытта
мұны еліміздегі ғылым мен білімді дамыту үшін пайдаланғым келеді», – дейді ол.

P.S. Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушыларына «жарайсыңнан» басқа айтарымыз жоқ. Достар, жазғы демалыс аяқталуға жақын. Ал сендер демалысты қалай өткіздіңдер? Пайдалы іспен айналыстыңдар ма? Қандай нəтижеге қол жеткіздіңдер? Жаңа оқу жылы басталмай тұрып өз-өзімізге есеп беріп алайық, жарай ма?

Дана МАРАТОВА

Ұлан» газеті, №34
20 тамыз 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз