Өткен маусым айында Мәскеуде тректегі велоспорттан кезекті Гран-при турнирі өтіп, қазақстандық Әлішер Жұмақан қола медаль жеңіп алған болатын. Ал жыл басында Азия чемпионатында күміс медальға қол жеткізген. Талантты қазақ шабандозымен сұқбаттасқан едік.

– Жыл басында Азия чемпионатында команда тұңғыш рет толық құрамда қатысып, нәтижесінде 14 медаль еншілесе, соның ішінде сіз жекелей сында күміс жүлдегер атандыңыз…

– Соңғы жаттығуды елде өткізіп, Джакартаға аттанып кеттік. Командалық сында жеті жылдан бері бірінші рет жүлдеге ілігіп, үшінші орыннан көріндік. Сонан соң өзіме ыңғайлы із кесу сынында күміс жүлдеге қол жеткіздім.

– Сіз шосседе де біраз жетістікке жеттіңіз. Трекке ауысып кетуіңізге не себеп?

– Дәл солай, шосседе жүргенде жасөспірімдер арасында да сары құрлықта екінші орын иеленгенмін. Бір жыл Бельгияның «Льеж» клубында өнер көрсетіп, түрлі жарыстарда алты рет жеңіске жеттім. Елге оралып 23 жасқа дейінгілердің қатарына қосылғанда, «Астана сити» командасына келдім. Бірақ алғашқы жыл өте ауыр соқты. Айтарлықтай жетістік көрсете алмадым. Сондықтан бапкерлер штабы ақылдаса келе мені трекке ауыстыру туралы шешім қабылдаған. Дегенмен 2015 жылы тректе де командалық сында топ жарғаным бар. Бәлкім осы нәтижелердің бәрін ескерген болар, Владимир Бушанский хабарласып, құрамаға қосылу туралы ұсынысын айтты. Мен келістім.

– Ауысу, жаңа жылдамдыққа үйренісу қаншалықты қиын болды?

– Бастапқы жарты жылда әбден қиналдым. Шосседе сен бірқалыпты жылдамдықты ұстап, ара-арасында шабуылдап отырасың, ал мұнда басымдық жылдамдық пен күшке беріледі. Айырмашылық өте үлкен. Әрбір секунд құнды. Әйтеуір командадағы жігіттер қолдап, өзім де біртін-біртін жұмыс барысын, негізгі талаптарды түсіне бастадым.

– Өзіңізге екеуінің қайсысы ыңғайлы?

– Екеуі де ыңғайлы. Мәселе қайсысына назар аударып, білекті сыбана кіріскендікте. Кейбір дарындар болады, оларға бейімделу үшін уақыт қажет емес. Өкінішке қарай, өзімді олардың қатарына жатқыза алмаймын. Сондықтан екеуін қатар алып жүру үшін тынымсыз еңбек ету керек. Шоссесіз трек болмайтынындай, трексіз де шоссе болмайды. Әрқайсысының өз қиындықтары бар. Шосседе сенің көрсеткішіңе ауа райы да әсер етуі мүмкін. Жаңбыр, жел немесе аптап ыстықта сағаттап велосипед айдау төзімді талап етеді. Одан қалды командалас әріптесіңнің нәтижесі үшін жұмыс істеуің де қажет. Ал тректе жарыстар негізінен жабық ғимаратта өтеді, төбесі ашық болған күннің өзінде жауын жауа қалса, турнир кейінге қалдырылады. Бірақ психолиялық қысым өте жоғары. Себебі әлгінде айтқанымдай, әрбір сәт маңызды.

– Еуропа елдерінің велоспортқа қатысты көзқарасы бөлек. Сіз ол жақтан нендей өзгешелік байқадыңыз және не үйрендіңіз?

– Білесіз бе, жетістікке жету үшін жаттығудың өзі аздық етеді. Жарыс жолағында тәуір нәтиже көрсету үшін жарысқа қатысып, сол жолды жүріп өтуің керек. Яғни, тәжірибе қажет. Еуропа үшін велоспорттың орны бөлек. Олар демалысты күтіп отырмайды, жұмыс күндері де түрлі турнирлер ұйымдастырылып жатады. Яғни, жас спортшы үшін бұл шыңдалудың таптырмас мүмкіндігі. Бір жексенбіде 17 дода өткізіліп, сен соның өзіңе ыңғайлысына қатыса аласың. Ең тиімді жаттығу – жарыс. Ал біздің елдегі жағдайдан өзіңіз хабардарсыз. Қазір федерацияның қолдауымен шетелдерге оқу-жаттығу жиындарына қатысып, аз-маз тәжірибе жинауға жағдай жасалып жатыр. Дегенмен кәрі құрлықпен салыстыруға келмейді.

– Ал біздің елде тыңғылықты жаттығу жасауға мүмкіндік бар ма?

– Федерация өкілдері бөлінген бюджеттің аясында, мүмкіндіктері жеткенше көмектесіп жатыр. Пайыздық көрсеткішпен салыстырсақ, шамамен 70% құрайды. Ал қалған 30 пайызы қарыштап дамып кеткен технология мен ғылымға байланысты дүние. Міне, біздің кемшін түсіп жатқан тұсымыз да осы. Қолында барлық мүмкіндігі бар адаммен күресу өте қиын. Соның арқасында Азияда Оңтүстік Корея мен Жапония спортшылары алға шықты. Жапондар өз елінде өтетін Олимпиада ойындарында абыройлы өнер көрсеткісі келетіні сөзсіз. Сондықтан Австралия, Канада мен Британиядан білікті мамандарды шақырып жатыр. Ал Кореяда спортқа өте көп мөлшерде қаржы құяды. Мемлекет пен тұрғындар спортшыларға лайықты құрмет көрсетеді. Бұл – жастардың спортқа қызығушылығын арттырады. Велоспортшыларға деген көзқарастың басқаша болуы мүмкін де емес. Өйткені олар миллиардтардың арасынан іріктеліп, өздерін дәлелдеген адамдар. Әлемде жоғары дивизионда небәрі 400-дей велошабандаз бар. «Астана про тим» өкілдері солардың қатарында. Тарихы ғасырларға ұласқан аламандарға қатысып, үздік шығып жатады, ендеше біз де лайықты құрмет көрсетуіміз қажет. Бельгияда өз елдерінде өтетін айтулы сындарда бақ сынап, мәреге жету үлкен жетістік, зор мақтаныш саналады.

Оның өзіндік себебі бар. Еуропада тарихы ғасырға ұласқан аламандар көп. Ал біздегі «Алматы турының» басталғанына небәрі жеті жылға жуық уақыт болды. Александр Винокуров велоспорт клубын 2006 жылы ғана ашқан. Жүз жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан жүйені он үш жылда құрастыру мүмкін емес. Бұл еуропалықтар үшін дәстүр, ұлттық спорт тәрізді. Футболдан кейін екінші орында тұрады. Футболда жолы болмағаны велоспортқа барады. Ал бізде бокс, күрес түрлерінің тарихы тереңде жатыр. Жекпе-жек түрлері төл спортқа теңеліп келген біз үшін велоспорттың қайдан келгені түсініксіз болуы заңдылық. Өзім де спорттағы алғашқы қадамымды бокстан бастағанмын. Әкем бос жүрмесін деп жеті жасымда бокс үйірмесіне ертіп барды. Ұнатпай тастап кеткен соң, жүзуге апарды. Спорттың бұл түріне де қызықпадым. Бірақ жеті жасымнан бастап теледидардан велоспортты тамашалағанды ұнататынмын. Топырлаған велошабандоздардың арасында немістің «ТМобайл» командасында қазақстандық жейде киген жалғыз спортшыны көріп қалдым. Кейін оның бірнеше рет жеңіске жеткеніне де куә болдым. Бәлкім, осы жайт маған шабыт берген секілді. Бірде үйдің жанынан өтіп бара жатқан велошабандозды тоқтатып, үйірменің қай жақта екенін сұрадым. Алғашында ата-анам мұны да тастап кетеді деп ойлаған екен, бірақ содан бері велосипед өмірімнің бір бөлігіне айналды.

– Сонда сізді бұл спорт түрі несімен баурап алды?

– Ең алдымен әдемілігімен баурап алды. Одан қалды өзім қиындықпен, кедергілермен күрескенді ұнатамын. Табиғатым сондай. Төзімдімін. Ал велоспорт жатқан кедергі. Сондықтан төзімділерді ұнатады.

– Ал велоспортпен шұғылдану қаншалықты қолжетімді?

– Елімізде оннан астам қалада үйірме бар. Алматының өзінде олардың саны төрт-бесеу. Тек жарнамасы жоқ, көпшілік біле бермейді. Бірақ барлығында велосипед беріледі. Соңғы үлгідегі емес, әрине. Мұның өзі ата-аналар үшін үлкен көмек деп ойлаймын, тек киімін сатып алса болғаны. Есесіне балаларға ұмтылуға себеп бар. Яғни, нәтижең жақсарған сайын велосипедің де жаңара түседі. Сондықтан велоспортты қолжетімді спорт деп айтуға болады, үйірмелер де тегін.

– Яғни, сізді алдағы уақытта шосседе де көруіміз әбден мүмкін ғой?

– Дәл солай. Оның үстіне жас ұлғайған сайын жылдамдығың төмендейтіні анық. Есесіне төзімділігің артады. Мүмкіндігім жетсе, қазірдің өзінде екеуін қатар алып жүрсем деймін. Бірақ ол үшін тынымсыз еңбек қажет. Өйткені менің басты мақсатым – жоғары дивизионға өту. Қатардағы маман болып қалғым келмейді.

Биыл Малайзия командасына ауысуым керек болатын. Сары құрлық деңгейін байқап көргім келеді. Өзге елде өнер көрсетудің тиімді тұстары көп. Босаңсуға, еркелеуге, кейінге қалдыруға уақытың жоқ. Жарыс сайын нәтижелеріңді жақсартуға тырысасың. Ал үйде бүгін болмаса, ертең де күн бар деген сияқты оймен жүре беруің мүмкін. Мұның бәрі мақсатқа апарар жолдан тайдырады. Бұған Бельгияда жүріп көз жеткізгенмін. Жүктелген міндет пен тапсырманы бір сәтке де кейінге қалдырғың келмейді. Бөтен елде басыңнан сипап, саған кешіріммен қарайтын адам жоқ. Дұрыс тамақ пен ұйқы, тыңғылықты жаттығу қаншалықты маңызды екенін түсінесің.

– Сіздің сұқбатыңызды оқыған балалардың велоспортқа қызығушылығы артады деп үміттенеміз. Ізбасарларыңызға қандай кеңес берер едіңіз?

– Бәріне бірден қол жеткіземін деп ойлау қате. Сондықтан жаттығуды біртін-біртін үдетіп отырған жөн. Бірақ ағзаңа құлақ асуды ұмытпа. Бапкерлердің ақылын тыңда. Барлығы жүйе бойынша жүзеге асырылуы керек. Тәуекелге барамын деп асығыс қабылданған шешім жақсылыққа апармауы мүмкін. Жаттықтырушылар берген кеңестің бәрі бірдей дұрыс болмауы да мүмкін. Өзіңе керегін алуды, сараптап барып шешім қабылдауды үйрен. Спортшыға керек ең бірінші қасиет – еңбекқорлық. Сонда нәтиже де болады, сұрақтарға да жауап табылады.

Сұқбаттасқан Бек ТӨЛЕУОВ

Ұлан» газеті, №34
20 тамыз 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз