Жыныстық жетілу деген не? Бұл кезең балада қай кезде басталады? Оның бойында, психологиясында қандай өзгеріс байқалады? Ата-ана баламен жыныстық қатынас туралы қалай сөйлесуі керек? Жақында осы тақырыпта балалар урологы Дархан Қуатбековпен жəне психолог Анна Құдияровамен
əңгімелескен едік.

Дархан ҚУАТБЕКОВ, балалар урологы:

Жыныстық жетілу әр балада әртүрлі өтеді

Ұл баланың жыныстық жетілуі 11-12 жастан басталады. Жыныстық жетілудегі негізгі рөлді гормонал жүйе атқарады. Бұл кезде қандағы гонадотроп гормоны азайып, тестостерон көбейеді. Осы гормондардың əсерінен ұл баланың жыныс белгілері дамиды. Жыныстық жетілу кезінде баланың бетіне, денесіне, жыныс мүшесінің айналасына түк шыға бастайды. Сонымен бірге баланың бойы өсіп, салмақ қосылады. Жыныс мүшесі, аяқ-қолдары тез дамып, баланың дауысы жуандайды. Қыз балаға қызығушылығы пайда болады. Оған қоса бала ұйықтап жатқанда өзінің қалауынсыз ұрық бөлінуі мүмкін. Оны медицинада «поллюция» деп атайды.

Ал қыз балада жыныстық жетілу сəл ертерек басталады. Ол 10-12 жас аралығында өтеді. Бұл кезде қыз баланың кеуде тұсы ұлғайып, бойы да өседі. Дене мүшелерінде түк пайда болады. Осындай белгілер байқалған соң 1,5-2 жылдан кейін алғашқы етеккір келе бастайды. Мұны медицинада «менархе» деп атайды.

Əр балада бұл кезең əртүрлі өтеді. Жыныстық даму кезінде кей баланың бетіне бөртпе, безеу шығуы мүмкін. Мұндай безеулер баланың жыныс жағынан жетіліп жатқанын білдіреді. Ал кейбіреуінде мұндай өзгеріс байқалмауы мүмкін. Бірақ орташа мəлімет бойынша 100 баланың 20-сын ғана тері мəселесі мазаламайды екен. 18 жаста баланың бетіндегі безеу, бөртпе біртіндеп кете бастайды. Безеуді көбіне жасөспірім өз қаралып, оның кеңесін алу керек. Əйтпесе баланың бетінде қалып кеткен қандай да бір дақ немесе жара болашақта оның психологиясына əсер етуі мүмкін.

Жыныстық жетілудің ерте немесе кеш басталуы – ағзадағы аурудыңі белгісі

Қазір ұл балада да, қыз балада да жыныстық жетілу екі-үш жылға ерте басталып
жатыр. Оған жасөспірімдердің өмір сүру салтының өзгеруі əсер етуде. Баланың жыныс жағынан жетілуін қадағалау, бұл кезеңнен ойдағыдай өтуіне көмектесу – ата-ана мен дəрігердің міндеті. Жыныстық жетілудің ерте немесе кеш басталуы ағзадағы қандай да бір аурудың белгісі болуы мүмкін. Егер қыз балада 15-16 жасқа дейін, ұл балада 16-17 жасқа дейін жыныстық жетілу байқалмаса, ата-ана дабыл қағуы керек. Міндетті түрде баланы дəрігерге қаратуы тиіс. Эндокринолог, гинеколог, андролог сияқты дəрігерлер балаға көмектесе алады. Осы мамандар қандағы гормондардың деңгейін тексеріп, түрлі анализ алып ағзадағы өзгерісті анықтайды. Баланың жыныс жағынан кеш жетілуі ағзаның ерекшелігіне де байланысты болуы мүмкін. Сонымен бірге ата-ананың бойындағы генетика ақаулары да балаға беріледі. Мұндай кезде ата-ана өзінің жасөспірім кездегі проблемасын есіне түсіріп, балаға көмектескені дұрыс.

Жыныстық жетілу кезіндегі ата-ананың басты міндеті – жасөспірімге əрдайым тіреу болып, оның психологиялық жүктемесін азайтуға көмектесу. Өзіне ұнайтын хобби табуына көмектесіп, спортқа, өнерге баулуы керек. Оған қоса жасөспірім кезде баланың бойында болатын немесе болып жатқан өзгерістерді оған қарапайым тілмен түсіндірсе, мұның өзі балаға психология тұрғысынан үлкен көмек болады.

Анна ҚҰДИЯРОВА, психолог:

Балада жыныстық қызығушылық үш жастан басталады

Бала алты айдан бастап жыныс мүшесін ұстап, уқалауы мүмкін. Бірақ нəрестеге мұны түсіндіре алмайсыз. Тек оның назарын басқа нəрсеге аудару керек. Жыныстық қызығушылық балада үш жастан басталады. Өйткені осы кезде бүйректегі безден гормон бөлінеді екен. Бала дəл осы жастан бастап ыңғайсыз сұрақ қояды. Үлкендер киімін ауыстырып жатқанда кіріп келуі мүмкін. Мұндай кезде балаға айғайламай, «кіруге болмайды» деп жай ғана түсіндіру қажет.

Төсекте де этика болуы керек. Кей бала ата-анасының жанында 9-10 жасқа дейін жатады. Ата-ана баланы ештеңе түсінбейді деп ойлап, жыныстық қатынасқа түсуі мүмкін. Əрине, олар қатынас кезінде түрлі əрекет жасап, дауыс шығаратыны айтпаса да түсінікті. Ал бала мұны дұрыс түсінбей, «əкем анамды ұрып жатыр» деп ұғуы мүмкін. Содан балада жыныстық қатынасқа деген қорқыныш, тіпті, жиіркеніш пайда болады. Соның кесірінен олар осы тақырыпқа қатысты барлық нəрсені қабылдай алмай, болашақта өз жұбын таба алмауы мүмкін.

Қазіргі ата-ана баламен жыныстық қатынас туралы сөйлесуге дайын

Бала үшке толғаннан кейін бəрін түсіне бастайды. Сол кезден бастап оған ақырын
түсіндіруге тырысу керек. Ауылдық жерлердегі балалар мектеп жасына дейін көшеде ішкиімсіз жүре береді. Бірақ қазір бұрынғымен салыстырғанда көп нəрсе
өзгерген сияқты.

Жыныстық қатынас туралы балаға оның тілімен түсіндіру керек. Баланың қалай
дүниеге келгенін түсіндіретін керемет видеороликтер бар. Республикалық арналардың біріндегі бағдарламада қонақ болғанда осы роликті балабақшада көрсету керек деп пікір айттым. Сол кезде бағдарламаға келген қонақтың барлығы маған қарсы шығып, «балаға мұндай нəрсені көрсетуге болмайды, оларда жыныстық қатынас туралы мүлдем ой болмауы керек» деді. Журналистер де менің атымды қаралап, көп мақала жазды. Бірақ балада қызығушылық бар, тыйым салғаннан ол бұл нəрседен тыйылмайды. Керісінше, тыйым салынатын, үнемі айтыла бермейтін нəрсеге баланың қызығушылығы одан сайын артады. Сондықтан баланың осы тақырыптағы сансыз сұрағына жауап беруден қашпау керек. Бұрынғы ата-ана бұл нəрсені ұят деп, тақырыпты жауып тастайтын. Ал қазіргі жас ата-ана бұл тақырыпқа іштей дайын сияқты. Өйткені олар түрлі тренингке, семинарға қатысып, түрлі əдебиетті оқып жатыр. Егер баламен бұл тақырыпта əңгімелесуге қысылсаңыз, əңгіме кезінде өзіңізді жайсыз сезінсеңіз, кішкентай балаға арналған түрлі энциклопедияны оқытыңыз, маманға апарыңыз.

Кішкентай кезде баланың бірі əке, бірі ана болып ойнап жатады. Мұндай ойында олар бір-бірін құшақтап, бір-бірінің жыныс мүшесін қызық көруі мүмкін. Осы кезде балаға ұрыспай, түсіндіру қажет. Өйткені бала қатты ұрысқаннан психологиялық соққы алып, бұл нəрсеге қайта қызықпауы мүмкін.

Мейірман
ҚАЛДЫБЕКҰЛЫ

Ұлан» газеті, №34
20 тамыз 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз