Перизат Шахметова – Атырау өңірінің тумасы. Қытайдың Шанхай қаласында медицина мамандығы бойынша білім алып жүр. Үш жылдан бері қытай медицинасын зерттеуде. Төрт тілде еркін сөйлейтін Перизаттың арманы – отандық медицинаның дамуына үлес қосу.

Перизат: Бала күнімнен дəрігер болуды армандадым. Кішкентай кезімде «Тəуіп Хо Жун» телехикаясын көріп, шығыс медицинасына қатты қызықтым. Басқа салада өзімді елестете алмадым. Қазір Шанхай қаласындағы Медицина университетінің студентімін. Шанхай – Азияның Нью-Йоркі. 25 миллион халық тұрса да, əлемдегі ең қауіпсіз қалалардың біріне жатады.

Ұлан: Қытайдың оқу жүйесі ұнады ма?

Перизат: Бұл елде оқу жүйесі жақсы дамыған. Жаңа технологиямен оқытады. Біздің елде медицинаны он жыл оқисың. Ал Қытайда аз оқып, көп білім алуға болады. Керекті пəндерді ғана оқимыз. Білім беретін ұстаздарымыз жоғары білімді. Жұмысына жауапты мамандар өте көп. Осы уақытқа дейін ренжіп жүрген ұстазды көрмедім. Бəрі де өз ісін махаббатпен істейді.

Ұлан: Үш жылдан бері сыртта жүрсің. Қатарластарыңмен қарым-қатынасың қалай?

Перизат: Біздің елдің жастарымен салыстырсақ, бірақ айырмашылық бар. Біздегі білім жүйесі əлі күнге дейін дұрыс жолға қойылмаған. Қытайда емтиханға қолдануға тыйым салынған заттар алып кіруге ешкімнің жүрегі дауаламайды. Ондай заттар табылса, қылмыс болып саналады. Студент жауапкершілікке тартылады. Сол үшін ол жақтың білімі көшілгері.

Ұлан: Оқу қиын емес пе?

Перизат: Бұрын-соңды табаның тимеген жер болғасын қиналу қалыпты жағдай деп ойлаймын. Өзіңді жақсы жағынан тəрбиелейсің. Заманауи білім аласың,
шетелдіктермен араласып, жаңа достар табасың. Өмірге деген көзқарасың өзгереді. Еліңе де сол өзгерісті алып келесің. Саяхаттауға мүмкіндік көп. Оқу біздің елге қарағанда жеңілірек. Тегін білім алуға жағдай жасалған. Қытайлықтар өте ақкөңіл халық. Бір адамға жақсылық істесеңіз, мың адамнан алғыс аласыз. Жері тар болса да, көңілі дархан халық. Ол жақта үйді қатты сағындым. Тамақтану жағы өте қиын. Қазір ет жемеймін. Тазалық сақтауды əркім əрқалай түсінеді. Автобуста тырнақ алып отырған адамды көргенмін. Темекіні де кез келген жерде шеге береді. Жаяу жүргіншілер жолына қатысты ережені сақтамайтындар көп.

Ұлан: Студенттерге қандай жеңілдік қарастырылған?

Перизат: Студенттердің жағдайы өте керемет. Жатақханасы еліміздегі қонақүйлермен бірдей. Ай сайын 100 мыңнан жоғары стипендия аламыз. Үнемдеу əркімнің ақша жаратуына байланысты. Қосымша жұмыс істеймін.

Бір айда екі миллион табыс түсті

Ұлан: Шетелдегі алғашқы күніңіз есіңізде ме?

Перизат: Алматыға баратын ұшаққа кешіккенім есімнен кетпейді. Атамның батасын алам деп уақытты есептемеппін. Ұшаққа апаратын автобусқа əрең үлгердім. Алматыдан басқа студенттерді күтіп, қытайша білетін бір студентке бізді тапсырып, Үрімшіге ұштық. Жүрек дүрс-дүрс. Он бес жастағы қыздың «арманыма жеттім-ау» деген бейнесі əлі көз алдымда. Сол кезде қаншама қиындық көретінімді сезбедім де… Үрімшіге аман-есен қондық. Бізді алып барған студентті таба алмай қалып, оншақты студент адасып қалдық. Қытай тілінен аздап хабарым бар. Адамдарға барып, «Гуйлинь, Гуйлинь» деп айғайладым. Гуйлиньдегі достарым əлі соны айтып күледі. Қазір бірақ олармен көп араласпаймыз, əркім өз жолымен кетті. Шулап жүріп, іздеген қалаға да жеттік. Жүгімізді алып шықсақ, «Kazakhstan» деген қағаз ұстап алған бала тұр екен, соның жанына балаша қуанып, жүгіріп бардық. Барлығымызды таксиге отырғызып, университетке жіберді. Қанша шаршап тұрсам да, терезеден көз алар емеспін. Табиғаттың сұлулығында шек жоқ. Үш күн бойы не жейтінімізді білмедік. Үшінші күн дегенде сол жақта оқып жатқан қазақ балалары тамақтануға апарды. Таяқша қолға бір ілігіп, бір ілікпей, күріш жегеніміз есімде. Биыл мұнда келгеніме үш жыл толады. Жарты жыл Гуйлиньде оқып, Гуанчжоуға жұмыс істеуге кетіп, екі күн паркте ұйықтағаным бар.

Гуйлиньде жарты жыл оқыдым. Сабаққа 40 баладан тек 3-4 студент қана келетін. Жарты жылда тек «ниxау» (сəлем), «зайджиэн»(сау бол) деген сөздерді үйрендім. Ұнамады. Арманым медицина университетіне түсу еді. Грантқа түспесем ақылы оқимын деп Гуанчжоуға жұмыс іздеуге кеттім. Бір мейрамханаға даяшы керек екенін интернеттен тауып алдым. Көрсетілген мекенжайға барсам, тəжік бала күтіп алды. Ол кезде қытайша да, ағылшынша да білмеймін. Бастық бетіме қарап: «Тіл білмейсің, қалай жұмыс істейсің?» – деді. Екі күн уақыт берсе, жұмысты үйреніп алатынымды айттым. Ұйықтайтын жерім де жоқ. Картадан саябақ тауып алдым да, екі күн бойы сол жерге түнедім. Осы əңгімені тұңғыш рет айтып отырмын. Үйдегілер оқыса, таңғалатын шығар. Бірінші күні өзімді көрсете алмай, көп нəрсе түсінбедім. Ішіндегі қытайлықтар көп көмектесті. Ертесіне шешуші күн болды. Онлайн тапсырыс алуды үйреніп алып, солай қадам жасап көрдім. Бір күнде бірнеше тапсырыс алдық. Бұл əдісім бастығыма ұнап, мені жұмысқа қабылдады. Бір айда мейрамханаға екі миллиондай табыс түсті. Менеджер лауазымына ұсынып, жалақымды көтерді. Жарты жыл жұмыс істеп, оқуға құжат жинадым. «Қытайлықтардан да керемет қабілеттісің» деп мақтағандар көп.

Ұлан: Бəрекелді! Өзің қатарлы жастарға не айтасың? Қазіргі қазақ жастары қандай болуы керек?

Перизат: Қазір мүмкіндік өте көп. Əлеуметтік желідегі парақшамда қай жерде қандай оқу орындары мен гранттар бар екенін жазып отырамын. Ешқашан бір орында тұрмай, дами беру керек. Қыран қонған биікке өрмелеп жылан да шыға алатынын ұмытпаған жөн. Менің арманым – қазақ медицинасына үлес қосу. Оқуды бітіргеннен кейін елге ораламын.

Ұлан: Бос уақытыңда немен айналысасың?

Перизат: Йогамен айналысамын. Зумба биін билеймін. Тіл үйренемін. Саяхаттағанды жақсы көремін. Психологиялық кітап оқимын. Бос уақыт көп қой, тиімді пайдалану керек.

Ұлан: Əңгімеңе рақмет!

Зарина ИГЕНОВА,
11-сынып оқушысы.
Қарағанды қаласы

Ұлан» газеті, №34
20 тамыз 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз