Сәкен мектепалды даярлық тобында оқиды. Баратын мектебі қашықтау. Жолда базардан өтеді. Сондықтан күнде әжесі апарып, алып келеді.

Базардан өткен сайын Сәкен сөре толы ойыншықтарға, түрлі-түсті доптарға тамсана қарап өтеді. Көптен бері есіл-дерті ана бір қызыл ала допқа ауған. Мұндай доп бірге оқитын Нұржанда ғана бар. Ол өзі бір қызғаншақ бала. Добын құшақтап алып ешкімге бермейді, ойнатпайды.

Талайдан бері Сәкен әжесіне Нұржандікіндей доп әпер деп қыңқылдап жүрген. Бүгін қайтар жолда әжесін қолынан тартып тоқтатты.

– Әже, доп әперші, – деді торда тұрған түрлі-түсті доптарды нұсқап.

Немересінің көңілін қимаған әже ойыншық сатушыларға жақындады. Немересі ұнатқан доптың бағасын сұрады.

– Екі мың теңге, – деді сатушы торды айналдыра көрсетіп.

Әжесі қалтасынан әмиянын шығарып, ішіне үңілді. Саусағының ұшымен түбіндегі тиындарды арлы-берлі сылдырлатып санады.

– Қап, Құдай-ай! Жетпейді екен, – деді сосын.

Әжесі әмиянын шығарғанда Сәкен қуанып қалып еді. Енді еңсесі түсіп, көздері жасаурап, шарасы жасқа толды.

– Құлыным, ақылың бар ғой сенің. Зейнетақымды алған күні әперем, – деді әжесі сипақтап. – Мә, жарығым, тәтті же, кеше ауызашардан алып едім, – деп Сәкеннің қолына тәтті ұстатты. Еркелетіп басынан сипап, маңдайынан сүйді.

Сәкен тез жұбанып, әжесінің айтқанына көнді.

* * *

Әжесі кешкісін ауызын ашып, намазға тұрды. Артынан қол жайып, ұзақ дұға жасады. Әжесінің: «Шын жүрегіңмен тілесең тілегіңді Алла қабыл етеді» дегенін есіне алған Сәкен жүгіріп келіп әжесінің қасына отыра қалды. Әжесінің істегенін қайталап, қолын жайды. Ішінен күбірлеп: «Е, Алла, менің де Нұржандікі сияқты қызыл ала добым болсын. Достарымның бәрін ойнатар едім. Менің бір тілегімді орындашы», – деп тілек тілеп, бетін сипады.

Дұға жасап отырып немересінің тілегін құлағы шалған әжесі артынан оны емешегі езіле бауырына басты. Мейірін төге маңдайынан өпті.

* * *

Сәкен бүгін де әжесімен бірге мектептен қайтып келеді. Базар шетіне ілінгені сол, кенеттен жел тұрып, құйын ойнап, айнала алай-дүлей болды да кетті. Дәл сол сәтте қайдан ұшқаны белгісіз, бір қызыл доптың дәл алдарына келіп топ ете қалғаны. Сәкен допты ұстай алды. Қуаныштан көздері жайраң қағып, жүзі бал-бұл жанды.

– Әже, доп… қызыл ала доп! – деді дауыстап.

– Құлыным, біреудің затын рұқсатсыз алуға болмайды. Жүр, егесін тауып, қайтарып берейік, – деді әжесі Сәкенді басынан сипап.

Сәкен қолындағы допты қимастықпен әжесіне ұстатты. Сатушыларға жақындап келген әжесі:

– Қарақтарым, мына доп желмен ұшып келді. Сендердікі емес пе? – деді сөреге жақындап келіп. Сатушылар «жоқ» деп бастарын шайқады. Егесі табылмаған соң әжесі:

– Ал енді құлыным! Кешегі тілегің орындалды. Жаратушы да сені бір жарылқайын деген шығар, – деді допты немересіне беріп жатып.

– Алақай! Менің добым бар! – Сәкен әрең жеткен добын құшақтай алды. Қуаныштан екі беті алаулап, жанары жайнап шыға келді.

«Балдырған» журналы, №8
Тамыз, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз