Əлемде көбелектің 165 мыңға жуық түрі бар екенін білесің бе? Бұрын түрлі-түсті, əдемі көбелекті жиі көретінбіз. Ал қазір сирек… Өйткені, көліктің көбеюі, лас ауа да жəндіктерге əсер етеді.

Алматы қаласындағы сауда орталықтарының бірінде көбелектер көрмесі өткен еді. Əдемі тіршілік иесінің қысқа өмір сүретіні өкінішті. Ал біз көрмеден алыс Амазонкада, орманды алқапта жүретін оншақты көбелекпен таныстық. Бөлмеге жылытқыш пен ауа ылғалдандыратын аппаратты қосып қойыпты. Енді көрмеге саяхатты бірге жасайық…

Үкі көзді

Калиго Амазонка ормандарында өмір сүреді. Бір қарағанда қанатындағы көз үкіге ұқсайды. Содан болар, екінші атауы – көбелек-үкі. Қанаты да біз көріп жүрген күздік көбелекке мүлдем ұқсамайды. Көлемі – 16-17 см. Екі айға жуық өмір сүреді. Қанатындағы көзден кей құстар қорқады. Күндіз көлеңкеде тығылып жатады. Белсенділігі жарты сағатқа созылады. Апельсин, манго, киви сынды жемістермен қоректенеді. Бір қызығы, калиго ультра-дыбыстық толқын таратады. Азық іздеп шыққан жарқанат толқынды сезеді. Бірақ калиго жарқанатқа дұрыс ақпарат таратпайды. Өзі көп ұзамай ұшып кетеді. Жарқанат сан соғып қалады. Көбелек-үкіні үйде өсіруге болады. Иесіне тез үйреніп, ас-су ішетін кезде тұмсығын ары-бері аударады екен.

«Жылан басты» атакус

Солтүстік-Шығыс Үндістанда, Жаңа Гвинеяда тіршілік етеді. Қанатының ұзындығы – 25-30 см. Бір апта өмір сүреді. Ең ірі көбелектің бірі. Қанатының ұшы жыланға ұқсайтындықтан көп жəндік қорқады. Атакус азық емес, тұқым қалдыратын серік іздейді. Аталық аналық атакусты 8-10 шақырым қашықтықтан сезеді. Азықты жейтіндей тұмсығы да жоқ. Майлы жұлдызқұрттың арқасында қарны тоқ. Бұл көбелекті Үнді халқы жақсы көреді. Тайвандықтар ұясынан əмиян жасап алады екен.

Парусник полит, көгілдір морфо, «жасыл үшбұрыш»

Парусник полит Оңтүстік Азия тропигінде 6-12 күн өмір сүреді. Аталық пен аналығын ажырату оңай. Аталық қою қара түсті, қанатының шетінде ақ жолақ бар. Аналықтың ақшыл, сарғыш түсті дақтары əдемі көрінеді.

Көгілдір морфо Амазонканың жаңбырлы ормандарында, Перу, Бразилия, Колумбия жерінде 14-20 күн тіршілік етеді. Үнді халқының түсінігінше, көбелектің атауы «жерге құлаған аспанның бір бөлшегі» деген мағына білдіреді. Морфо – амазонка ормандарының жақұты. Бір қызығы, жерден 6 метр биіктікте ұшады. Хош иісті гүлдерге қызықпайды. Цитрусты жемістер мен ағаштың шырыны болса
болды. Морфоны банан қосылған сироп дейді. Өйткені, шырынды көрсе қолға тез
үйренеді.

Графиумді кейде «жасыл үшбұрыш» деп те атайды. Көрмеге Филиппиннен «келіпті». Қанатының көлемі – 9-10 см. Қанатындағы жасыл нүктелермен ерекшеленеді. Аналығы үлкендеу. Ауа райы өзгерсе, тез-ақ ауырып қалады. Белсенді əрі көңілді жүреді. Үйде күтімі жақсы болса, екі аптаға дейін өмір сүреді.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

Ұлан» газеті, №34
20 тамыз 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз