Достар, жаз мезгілін қалай өткіздіңдер? Көңілдеріңнен шығатындай не бітірдіңдер?
Жақында əлеуметтік желіні ақтарып отырып Білім-инновация қорының парақшасындағы жаңалыққа көзім түсті. Еліміздің дарынды балалары жазда қарап жатпай, түрлі халықаралық олимпиадаларға қатысып, білім бəйгесінде топ жарып жүр екен. Қазақ балалары информатикадан халықаралық олимпиадада (IOI) топтық дейгейде 1-орын алыпты. Командада Батыр Сардарбеков (алтын медаль, РФММ), Данияр Закарин (күміс медаль, РФММ), Жан Құрбанбаев (қола медаль, халықаралық Spectrum мектебі) жəне Темірлан Байболов (қола медаль, БИЛ) деген информатиктер болған. Жүлдегерлердің бірі Темірлан Байболовпен сұқбаттасудың сəті түскен еді. Ол Өскемен қаласындағы дарынды ер балаларға арналған Білім-инновация лицейінің 10-сынып оқушысы. Информатикадан халықаралық жарыстарға қатысып жүрген баланың сөзі нық, қазақша ойын еркін жеткізеді. Жетістігімен қатар, қазақшасының тəуір екеніне де ішіміз жылып қалды. Оның сөзін көп редакциялап та керек емес. Ендеше, Темірлан туралы біле жүрейік.

Ұлан: Темірлан, жақында Əзербайжанда информатикадан өткен халықаралық
олимпиадада жүлдегерлер қатарынан көріндің. Құтты болсын! Əуелі сол жарыс
жайлы айтып берші…

Темірлан: 4-11 тамыз аралығында Баку қаласында информатика пəнінен 31-інші
халықаралық олимпиада (IOI) өткізілді. Бұл олимпиадаға 80-нен астам елден 4 оқушыдан қатысады. Олимпиаданың деңгейі өте жоғары деп саналады. Əр ел олимпиадаға ең үздік оқушыларын жіберуге тырысады. Оқушылар бұл олимпиадаға жолдама алу үшін өзара білім жарыстырып, басқа жарыстардағы жетістіктерімен сайысады. Келесі жылы бұл олимпиада Сингапур қаласында өтеді.

Ұлан: Бұдан бұрын да халықаралық жарыстардан жүлде алдың. Ретімен тоқтала кетсең…

Темірлан: Басқа халықаралық олимпиадалардағы жетістіктеріме тоқталар болсам, 2017 жылы Еуразия халықаралық олимпиадасында қола медаль, 2018 жыл «Туймаада» халықаралық олимпиадасында күміс медаль, 2018 жылы Еуразия халықаралық олимпиадасында алтын медаль, 2019 жыл Жəутіков халықаралық олимпиадасында қола медаль алғанмын.

Ұлан: Болашақта кім болуды жоспарлап жүрсің?

Темірлан: Болашақта IT компанияларда программист болуды жоспарлап жүрмін.

Ұлан: Халықаралық олимпиада жүлдегерлерінің көбін оқуға шақырып, алдын ала грант тағайындап жатады. Сені «бізде оқысын» деп ұсыныс жасап жатқандар бар шығар?

Темірлан: Университеттер грантты 11-сынып оқушыларына ғана береді. Ал мен биыл 10-сыныпты бітірдім. Сондықтан ешқандай университеттен ұсыныс түскен жоқ.

Ұлан: Халықаралық олимпиадаларға қатысып жүрсің ғой. Қай елдің қатысушылары мықты? Мықты болудың сыры неде?

Темірлан: Менің ойымша, олимпиадаларда елдің мықтылығы рөл ойнамайды. Информатика пəнінен ең мықты елдердің үздік үштігіне Ресей, Қытай жəне АҚШ кіреді. Осы елдер өздерінің оқушыларына əрдайым қолұшын созып, бүкіл жағдайын жасайды. Оқушы биіктерге жету үшін осы жеткілікті деп ойлаймын.

Ұлан: Ғылымда қандай биікке жеткің келеді?

Темірлан: Мен болашақта Қазақстанда үлкен IT компания ашып, тұтынушылардың өмірін жеңілдетуге арналған бағдарламалар ойлап тапқым келеді.

Ұлан: Кез келген бала жастайынан жаратылыстану бағытына қызығу үшін не істеу керек деп ойлайсың? Мысалы, біздің елімізде жоғары оқу орнына грантқа түсу үшін физика, математика бағытын таңдаған балаларға мүмкіндік көп. Яғни, мемлекет жаратылыстану бағытындағы мамандар дайындауға көп көңіл бөліп жатыр. Бірақ қарапайым мектептердегі түлектердің басым бөлігі таңдау пəні ретінде физика, математиканы таңдай бермейді. Себебі неде деп ойлайсың?

Темірлан: Балалардың физика, математиканы таңдауы проблема емес деп ойлаймын. Əр адамның сүйікті ісі бар. Еліміздің болашағы физика, математика пəндерінен ғалым атанғандар емес, жұмысын жақсы көретін, адал қызмет ететін азаматтар болмақ.

Ұлан: Отбасында жаратылыстану бағытына бейімделуіңе кім ықпал етті? Ата-анаң тарапынан білім алуда талаптар қойыла ма? Мысалы, кейбір ата-аналардың «қайтсең де оқып, грантқа түсіп, мамандық алып шығуың керек», «оқымасаң күн көре алмайсың» деп балаларына талап қойып жататынын байқаймыз.

Темірлан: Оқу үшін маған ешкім ешқандай талап қойған жоқ. Информатика пəніне жан қалауыммен қызығамын. Көп отбасында оқушыға ата-аналарынан қысым бар екенін мен де байқаймын. Меніңше, оқушының болашағы ата-анасының емес, өзінің қолында болуы керек.

Ұлан: Кумирің кім? Қазақстанда жəне əлемде еңбегін, білімін, ашқан жаңалығын қатты бағалайтын адамдарыңды атап айта аласың ба?

Темірлан: Əр адамның жақсы қасиеттерін бойыма сіңіруге тырысамын. Сондықтан мен кумир ретінде нақты бір адамды атай алмаймын. Өмірімде көп адамнан жақсы нəрсе үйрендім. Бұл бір адамның ғана еңбегі емес.

Ұлан: Хоббиің не?

Темірлан: Информатикадан бөлек шахмат ойнауды жақсы көремін. Спорт, музыка жағына қатты қызығушылығым жоқ. Бос уақытымды пайдалы жұмсауға тырысамын. Кітап оқуды да ұнатамын.

Ұлан: Замандастарыңа қандай кітап оқуға, фильм көруге кеңес бересің?..

Темірлан: Замандастарыма міндетті түрде ағылшын тіліндегі Ender’s Game деген
кітапты оқуды ұсынамын. Бұл кітаптың сюжеті қызықты оқиғадан ғана тұрмайды, өмір туралы терең білім береді. Сонымен қатар ағылшын тілін жаттықтырасыздар.

Ұлан: Жазғы демалыс бітуге таяу. Бірақ сен жазда құр жатпадың, білім бəйгелеріне қатысып жүрсің. Кейде «неге оқи бергенше, жұрттың балалары сияқты демалмаймын» дейтін кездерің бола ма? Жалпы, жазғы демалысты оқушылар қалай өткізу керек деп ойлайсың?

Темірлан: Жазғы демалысты өткізудің ең дұрыс жолы жоқ екеніне сенімдімін.
Ең маңызды ереже – бос уақытты кейін өкінбейтіндей өткізу керек.

Ұлан: Əңгімеңе рақмет! Əрқашан сəттілік тілейміз.

Жадыра НАРМАХАНОВА

Ұлан» газеті, №34
20 тамыз 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз